Қазақ қоғамында әйелдің орны қашан да айрықша болғанымен, бір ғасыр бұрынғы дәуірде білім мен ғылымға ден қойғандар көбіне ер азаматтар еді. Соған қарамастан, сол уақыттың салт-санасына қарамай, ғылым жолын таңдаған қайсар қыздар шықты. Солардың алдыңғы шебінде тұрған тұлға – тұңғыш қазақ акушері әрі медицина ғылымдарының әйелдер арасынан шыққан алғашқы докторы Гүлбаһрам Имамбекқызы Тарабаева.
Гүлбаһрам Имамбекқызы Тарабаева 1908 жылы 4 қазанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қойгелді елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі – Имамбек Тарабаев (1863–1932), Балқаш өңірінің тумасы, Омбы мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ол қазақ даласында алғашқы мектептердің ашылуына атсалысып, Қарқаралы мен Семей өңірінде ағартушылық қызмет атқарған. Кейін халық ағарту ісінде, сот органдарында еңбек етіп, 1920 жылдары Қарқаралы уезінде халық судьясы әрі оқу-ағарту бөлімінің қызметкері болды. Сол кезеңде ел ішіндегі беделді ағартушы азаматтардың бірі ретінде Құлжановтар әулетімен де тығыз араласқан. Әулеттен шыққан өзге де ғалымдар бар. Иманбек Тарабаевтың қызы Бибі Тарабаева – биология ғылымдарының кандидаты, доцент, университетте ұзақ жыл ұстаздық еткен. Екінші қызы Жанна Тарабаева да биология ғылымдарының кандидаты, доцент атанып, микробиология пәнінен дәріс оқыған. Алайда ауыр дертке шалдығып, дүниеден ерте өтті.
1925 жылы Гүлбаһрам Имамбекқызы Қарқаралыдағы мектепті тәмамдап, 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түсті. 1931 жылы оқу орнын үздік аяқтап, аспирантурада білімін жалғастырды. Алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырған ол 1930–1960 жылдары Қарағанды, Лениногорск (қазіргі Риддер) және Алматы қалаларындағы емдеу мекемелерінде дәрігер болып еңбек етті.
Гүлбаһрам Тарабаева – республикада алғаш рет перзентханаларда толғақты жеңілдету әдісін және қорғасыннан уланған жағдайда қан құю тәсілін қолданған дәрігер. Оның ғылыми ізденістері негізінен кәсіби аурулардың алдын алу мен емдеу мәселелеріне арналды. Ғалым еңбек гигиенасы, эндокриндік бездердегі өзгерістерді зерттеу бағытында қыруар жұмыс атқарды. Сондай-ақ Шымкенттегі қорғасын зауытында және Қарағанды көмір бассейнінде өндірістік улану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Гүлбаһрам Тарабаева 60-тан астам ғылыми еңбек жариялап, кәсіби патология саласына тың әдістер енгізді. Оның ішінде ерекше жаңалық ретінде бағаланған «Применение препаратов из цитварной полыни для лечение туберкулеза легких» атты зерттеуіне авторлық куәлік берілді. Бұл еңбегінде ғалым дерменеден дайындалған дәрілерді өкпе туберкулезін емдеуде қолданудың тиімділігін дәлелдеп, медициналық тәжірибеге енгізді. Дерменені медицинада пайдалану – сол кезең үшін үлкен жаңалық болып, кеңес медицинасының маңызды жетістігі ретінде танылды. Сонымен қатар, ол эндокриндік бездерде силикоз кезінде туындайтын өзгерістерді алғаш сипаттап, бұл дерттің алдын алу жолдарын көрсетті. Ғалымның кәсіби аурулардың алдын алу және емдеу тәсілдеріне арналған зерттеулері еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік медицина саласының дамуына айрықша үлес қосты. Гүлбаһрам Имамбекқызының «Қорғасынның организмге әсері және профилактикалық шаралары» (1961), «Дермене – халық медицинасының қажеттілігі» (1961), «Адам ағзасына мырыштың әсер етуі және емдік қасиеттері» атты еңбектері бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Бұл еңбектер кәсіби патология, токсикология және еңбек гигиенасы саласында әлі күнге дейін маңызды ғылыми дереккөз болып есептеледі.1958 жылы ол кеңес дәрігерлері делегациясының құрамында Бельгияда өткен халықаралық көрмеге қатысып, шетелдік әріптестеріне өз еңбектерін таныстырды. Оның докторлық диссертациясы негізінде шыққан ғылыми жұмыстары Азия мен Еуропаның 35 еліндегі 445 денсаулық сақтау мекемесіне таратылды.
Гүлбаһрам Имамбекқызының өмірлік серігі – Сұлтанбекұлы Жағыпар (1898–1937), көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол жасынан ағарту ісіне араласып, Қостанайдан бастап Ақтөбе мен Ақмола өңірлерінде халық ағарту, жер-су басқармасы саласында еңбек етті. Әрі қарай губерниялық және республикалық деңгейде жауапты қызметтер атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Қазақ ауыл шаруашылығы мен жер мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, ұлттық мүддені қорғауға күш салды. Алайда 1937 жылы сталиндік қуғын-сүргін кезінде жазықсыз атылып, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.
Гүлбаһрам Имамбекқызы Тарабаева 1966 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Тау-кен институтында аға ғылыми қызметкер әрі ғылыми кеңесші болып еңбек етті. Белгілі ғалым 1981 жылы 73 жасында өмірден озды. Артында ғылымға қосқан жаңалықтары мен ізденістері, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған құнды еңбектері қалды. Оның еңбектері тек медицина тарихында ғана емес, қазақ қоғамындағы әйелдер тағдырын жаңа қырынан көрсеткен тарихи мұра болып саналады.