12 тамыз – әйгілі Алаш қайраткері Отыншы Әлжанұлының туған күніне орай, оның ата-бабасы, шежіресі мен туыстары туралы мақаланы портал оқырмандарына арнайы ұсынамыз. Мұнда біз архивтік мәліметтер мен ел аузындағы шежірелерді пайдалана отырып, Отыншының арғы аталарының қоғамдағы орны, Құнанбай әулетімен құдандалық қатынасы, білім мен ағартушылыққа мән берген дәстүрі жайында әңгіме қозғаймыз. Сондай-ақ тұлғаның текті әулеттен шыққаны, Алаш қозғалысындағы орнына ықпал еткен отбасы тәрбиесі мен әлеуметтік ортасы айқындалады.
Басын бәйгеге тігіп, кеудесін оққа төсеген Ер Отыншы қалың найманның қаракерей руынан шыққан. Қаракерейіңіз – қай заманнан батырлар туған, алыптар шыққан сой еді! «Тегімді менің сұрасаң, қалың найман нуынан», - деп Дулат ақын жырлағандай, Қаракерейден тарайтын бес Байыс елдің ішінде Сарымырза дейтін атадан тарайды. Шежіре дәстүрімен тізбектеп таратсақ, Найман – Қаракерей – Мұрын – Жолымбет – Назар – Тоқабай – Жомарт – Бәйел – Нұран – Сақау (азан шақырып қойған аты Мұхамеджан) – Әлжан, одан Отыншы. Халық жадында сақталып жеткен дерекке қарасақ, Отыншының арғы аталары бай, ауқатты болғаны, өз заманының айтулы адамдары екені белгілі.
Тоқабайдың ұлы Жомарт – батыр адам, көп ерлік көрсеткен тұлға, ол қазіргі Көкпекті кентінен Ақсуатқа қарай шыққанда Көкжайық ауылының тұсында жерленген. Одан кейінгі ата Бәйел мен Кегенбай – екеуі де би болған, елдің дау-жанжалын шешіп, қызмет сіңірген адамдар, Бәйелден Отыншы тараса, Кегенбай биден әйгілі Биахмет Сәрсенұлы шыққан. Шығыстың қос жұлдызындай болған екі арыстың – Алаш қайраткерлерінің төртінші аталары бірге туысады (тарих ғылымдарының кандидаты әрі Отыншы Әлжанұлының туысы Қанат Еңсеновтің бізге ұсынған ата-тек шежіресінде өлке тарихы мен тұлғаларына қатысты тың деректер баршылық).
Отыншының ұлы атасы Нұран аса ауқатты, ірі бай болған, ол оқу-білімнің қажеттілігін терең түсінген сұңғыла жан болуынан балаларының сауатын аштыру үшін арнайы молда жалдап оқытқан.
Отыншының атасы Мұхамеджанды ағайын-туыстары, онда да жеңгелері тілінің кемістігіне бола «Сақау» деп атап кеткен. Сақау Нұранұлы Зайсан уезіне аты шыққан, белгілі де беделді тұлға болады. Әке жолын қуып, мұрасын жалғаған Сақау да ұрпақты оқытуды есінен шығармаған. Тіпті оның балалары ескіше хат танып қоймай, арабша әліпбиді оқумен шектелмей, орысша оқуды да ықтияттап отырады. Сақаудың тоғыз баласы бар: Мұхаметжан, Қожахмет, Құдайберді, Тұрымтай, Дөненбай, Сүлеймен, Бақбай (Ізғұтты), Шибай, Қибай болып, біреуден артық, біреуден кем оқу оқып, кәсіп қуып, ер жеткен еңсегей ерлерге айналады. Нұран бай жаз жайлауда Қызылсу мен Шар бойын жайласа, осы кезде Өскенбай Ырғызбайұлыменен бесік құда болып сөз байласыпты, Құнанбайдың жалғыз қарындасын әкесі Нұранның ұлы Сақауға ұзатады.
Қарт Нұран байдың зираты қазіргі Ақсуат пен Екпін ауылының арасында Тарбағатай тауына қарай Төртоба, Қабдеке деген жерде тұр. Мұны да бізге айтып жеткізген – өлке тарихының білгірі, белгілі тарихшы Қанат Еңсенов. Ғалымның айтуынша, үлкен қорымның шетінде, оқшау тұрған дөңгелек зират Бәйел би ұлы Нұран атамызға тиесілі. Қорымда бір емес, бірнеше кісі жатыр, бәрі осы қормалы әулеттен, яғни Нұран балалары жерленген: Мұхаметжан, Қожахмет, Тұрымтай, Дөненбай және тағы басқалары.

Нұран баласы Сақаудың атақты аға сұлтан, үлкен қайраткер Құнанбай Өскенбайұлы әулетіне туыс болғаны туралы деректер белгілі архивтанушы Бейсенбай Байғалиевтің жазбаларында жарияланды. Сақаудың жамағаты Тайбала – Құнанбайдың туған қарындасы еді. Ал біздің назарымызды аударған – Ізғұттымен байланысы болатын.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы кесек образдардың бірі Ізғұтты – тарихи тұлға. Атасының өмірбаянын тірнектеп жиып жүрген замандасымыз, журналист Медетжан Ізғұтты бізге ұсынған дерегінде: «Кезінде Тобықты мен Найманның Мұрын елі жер шалғайлығына қарамай құдандалы, алыс-берісті жекжат болған. Өскенбай мен Нұран байдың арасында осындай бауырластық, достық бесік құдалыққа көшіп, Өскенбайдың Тайбала есімді қызын Сақауға айттырады. Атақ-даңқы өлкеге жайыла бастаған Құнанбай старшын қарындасының тоқалдыққа баруын жақтырмай, ризалық келісімін бермейді. Алайда «бесік құдаларымен» құдаласпауды дәстүр бұзушылық, сүйекке таңба салу деп, сөкеттікке санаған пайғамбар жастағы Өскенбай би мен дана Зере әжесі Тайбаланы оңтайлы сәтінде ұзатып жібереді.
Арада ұзақ жылдар өтеді. Аға қарындасын, қарындас төркінін көре алмай қатты сағыныса бастайды. Уақыт емші ашу-ызаны тарқатады. Осындай бір кездері Құнанбай найман еліндегі құдаларына, қарындасы Тайбалаға амандасуға барады. Құнанбай құдасы Нұран байға келгенде салт атпен емес, күймелі трашмөңкемен келеді. Аягөздің үстін басып ылғи кенере жолмен жүрген. Келер жолында алдымен жолшыбай мырзас Шәкі бидің ауылында болады. Сол арада Құнанбайды Тана мырза, Нұран бай, елдің басқа да игі жақсылары қарсы алады. Одан Шәкі бидің ауылынан шығып Ащылының күнгейіндегі Тана мырзаның ауылында болады.
Тана мырза мен Қоқаш қажыларда бірнеше күн болған Құнанбай Тарбағатай бөктерінің Жылытау аталатын қонысындағы Нұранның ауылына келген. Сол жерде бүкіл Жолымбеттің игі жақсылары бас қосып, Құнанбайдың келу құрметіне үлкен той жасап, ат жарысы бәйге, көкпар, ақ сүйек, күрес сияқты ойын-сауыққа ұласқан. Құдасында жиырма шақты күн болған Құнанбайға қайтарында қара нар, қалы кілем, тай-тұяқ алтын жамбы, оған қоса тегінде бір үйір жылқы беріп алған атақты Торжорға атты алтын күміспен зерленген ер-тоқымымен әкеледі.
Бұл сыйлықтарды алдына тартқанда Құнанбай: «Бұлардың бәрі өзімде де бар. Мен басқа бір бұйымтай шаруа айтайын, егер келіссеңдер», – депті. Құдалары: «Құнанжан, сенің сұрағаныңды неге бермейік, айтыңыз бұйымтайыңызды», – десіпті. Сонда Құнанбай: «Мына жүгіріп жүрген жиенімнің біреуін маған беріңіздер», – дейді. «Сұрағыңыз аса қымбат, қиын шаруа болды, бірақ бердік, алыңыз», – деп келіседі.
Сонда Құнанбай екі жиенінің біреуін өзі қолынан ұстап, көтеріп алыпты. Сол кезде елдің шешен биі Жомарт: «Құнеке, қолыңа қонған құсың құтты болсын! Тірі жүрсе, бұл бала екі елдің де атын шығарады. Алла өмірлі, бақытты етсін деп тілейміз!» – деп батасын беріпті.
Міне, Бақтыбай (Бақбай-Ізғұтты) осылайша Құнанбай ауылына аттанады. Оның Шыңғыстауға қалай барғаны жайлы пікірлер де әртүрлі. Көбінде «Мұрын еліне қыдырып барған Манастан баланы беріп жіберіпті» деген қате дерек келтіріледі. Дегенмен, Манас батырдың Тоқабай еліне жай қыдырып барып, Тайбала апасымен көрісіп қайтуы әбден мүмкін.
Сонымен Бақтыбай жиенін Құнекең өз баласындай еркелетіп өсіреді, қабағына қарайды. Соған сай бала да ақылды, қайратты, пысық, әрі батыр тұлғалы жігіт болып өседі», - деп мол танымдық деректер келтіреді.
***
...Сақау балаларының ішіндегі Әлжаннан белгілі Алаш қайраткері, Алаш милициясын құрушы тұлға – Отыншы туғанын білсек, тұңғышы Мұхаметжаннан белгілі жазушы, атақты «Шыңғысхан» романын қазақ тіліне тәржімалаған әйгілі аудармашы Жағыпар Мұхаметжанов туғаны жайлы мағлұматты да біз Медетжанның мақаласынан алып қосып отырмыз (Ізғұтты М. Ізғұтты. – Астана, 2011).
Бұдан өзге бір деректі Отыншының немересі Сәуле Әлжанова мен Гүлфариза Төлемісованың «Отыншы Альжанов – беркут Алаш-Орды» кітабынан кезіктірдік. Ізғұттының Құнанбай ауылына келуінің жайы, оның Ырғызбай ұрпағы емес, шеттен келгені туралы үнемі айтылуы, ауыздан-ауызға көшуі Ізғұттыдан қалған ұрпақтарының санасын жиі толғандырғанға ұқсайды. Ізғұттының ұлы Қажығайдар Абайдың немере інісі, бәрімізге өте белгілі ойшыл Шәкәріммен көп сырлас, мұраттас болған. Екеуінің Алаш қозғалысына қатысы, бірінің сот, екіншісінің әскер болуы көп нәрседен хабар береді. Ақыры Қажығайдар шыдай алмай Шәкәрімнен шыққан тегі туралы сұрады.
Ассалаумағалейкум, Қажы ағамыз!
Тірлікте Мекке көрген көп бағаңыз.
Кешеде сөз естідім найман деген,
Ізғұтты менің әкем қайдан келген?
Найман деген бар ма еді қаперімде,
Бұл сөзді естіп қалдым қатерімде.
Найман шыққан соң күн-күн сайын.
Енді мен тобықты боп жүре алмаймын.
Қажеке-ау, туралығын айтып берсең,
Басымның аманында ел табайын, – дегенде Шәкерім дана:
Енді расын айтайын, балам, саған,
Айтпасам обалыңыз қалар маған.
Көрінген Қалба тауы – сонау тұрған,
Сұрасаң үлкен әкең – аты Нұран.
Нұранның ең үлкені Сақау дейді.
Ізғұтты, сенің әкең содан туған.
Жайлауы сол ауылдың Талды дейді,
Әзіке бір баласы малды дейді,
Сүлейменнің сол баласы Әзіке бай,
Іздеп барып, тауып алсаң, көңілің жай, – деп өлеңмен жауап беріп, Отыншының арғы аталарынан бастап бергі әкелері, әке бауырлары, яғни ағаларының жайынан сөз етеді.
Әлжан Сақауұлының шаңырағында 1873 жылдың 12 тамызында дүниеге келген сәбиге Отыншы деп ат қойылады. Бала есімінің түбірі – «от», дүниеге оттай болып келіп, дүниеден оттай жанып кеткені де тағдырдың жазмышындай көрінеді.
Тайбала анамыз құрсақ көтермеген, сонда да елден де, ерден де кетпеген, керісінше елде жоқ сауатымен, ерекше білімімен «молда апа» атанған көзі ашық, саналы жан болыпты. Әлжан осы кісінің тәрбиесін көріп, үлкен азамат болып өседі.
Отыншы ұрпақтарының шежіре дерегінде Әлжанның Мұхамедқасым, Бықия, Отыншы деген екі ұлы, бір қызы болғаны жазылған. Үлкен ұлы Мұхамедқасым Петербург университетінде оқыды (кейін өкпе дертінен қайтыс болды), әпкесі Бықия ауылда тұрды (Альжанова С. Тулемисова Г. Отыншы Альжанов – «Беркут Алаш-Орды». – Алматы: Фонд Алтынбека Сарсенбайулы, 2008. 180 б. – 8-б.).
Отыншы Әлжанұлының шежіресі қазақтың дәстүрлі тарихында маңызды орын алады, ол кісінің ата-бабаларының өмірін, әлеуметтік статусын және қоғамдағы рөлін сипаттайды. Қазақ шежіресінде отбасылардың шыққан жерлері, әлеуметтік жағдайлары және тарихи оқиғалар туралы ақпарат жинақталады. Отыншы Әлжанұлының шежіресі оның отбасылық тарихының және қазақ қоғамындағы орнының құнды дереккөзін ұсынады.
Отыншы Әлжанұлының ата-бабалары мен шежіресі туралы мәліметтер қазіргі зерттеушілер мен тарихшылар тарапынан зерттеліп келеді. Бізге деректер ұсынған тарихшы Қ. Еңсеновтің мәліметтері соның айғағы.
Отыншының ататек шежіресі қазақ тарихы мен мәдениетінің маңызды бөлігі екені түсінікті жайт. Жалпы кез келген қазақ шежіресі халықтың дәстүрлі қоғамындағы әлеуметтік құрылымын, отбасы тарихын және ата-баба мұрасын зерттеуге көмектесетіні белгілі нәрсе ғой.
Осындай дүмді, текті әулетте туған Отыншының сәбилік, балалық шағы бар, бақуатты өтті. Не ішемін, не жеймін деп ашыққан жоқ, не киемін, нем жоқ деп тарыққан емес – сол кезеңдегі қазақтың бай-бағландарының шаңырағындай байлықта, тоқтықта өсіп жетілді.
Бала да болса Отыншының арманы Хабарасу шыңындай биік, Нарынның суындай мөлдір, Ақсуаттың даласындай кең еді, көп еді…