Әнмен тербелген ғұмыр

Автор:
11.08.2025
1228
Әнмен тербелген ғұмыр - e-history.kz

Қазақ сахнасының алғашқы жұлдыздарының бірі, халықтың сүйікті әншісі Жамал Омарова – табиғат сыйлаған сирек дауыс иесі. Ол кәсіби музыкалық білім алмай-ақ өнердің биік шыңына көтерілді, қазақ әнін Мәскеу сахнасында, майдан шебінде, түрлі халықтар алдында шырқап, ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтерді. Оның даусында даланың кең тынысы мен халық жанының нәзік үні тоғысты.

Жамал Омарова 1912 жылы Түркістан облысы, Жаңажол ауданының Қауыншы ауылында дәулетімен, тұрмыс жағдайымен өңірге танылған ауқатты отбасында дүниеге келді. Әкесі – жергілікті фабрикант, өңірде қант, кірпіш және күнбағыс майын өндіретін үш зауыт ұстаған іскер адам. Атасы Кожамқұл – ел ішінде беделі жоғары, әділдігімен танылған би, ал анасы дәулетті шаңырақтан шыққан, сауатты, көзі ашық жан еді.

Жамалдың балалық шағы берекелі, тұрмысы тоқ заманда өтті. Шаңырақта қонақ үзілмейтін, бала тәрбиесіне, білім мен өнерге мән берілетін. Отбасы балаларын жақсы білімге баулып, қыздарын да ұлдармен қатар оқытуға тырысқан. Алайда бұл бейбіт өмір ұзаққа созылмады. 1928 жылы Кеңес өкіметінің байларды тәркілеу науқаны басталып, бір сәтте әулетінің бар дәулеті – зауыттары, мал-мүлкі, тіпті үй жиһазына дейін тартып алынды. Үй-іші бір түнде баспанасыз қалды. Әкесі, атасы, ағалары және нағашы туыстары «халық жауы» ретінде қуғынға ұшырап, жер аударылды. Бұл оқиғадан кейін отбасы мүшелері жан-жаққа тентіреп, күнкөріс қамымен әркім әр жаққа кетуге мәжбүр болды. Жамалдың өзі де тағдырдың ауыр сынағын ерте сезініп, бір мезетте балалық шақтан айрылды.

Жамал небәрі он алты жасында тағдырдың ауыр салмағын сезінді. Әкесі мен туыстары қуғындалып, шаңырақтағы бар жауапкершілік оның иығына түсті. Ең үлкені өзі болғандықтан, бес бауыры мен қарт анасын аштық пен жоқшылықтан аман алып қалу үшін ол тұрмысқа шығуға мәжбүр болды. Болашақ жары қарапайым отбасынан шыққан, «әлеуметтік тегі дұрыс» деп саналатын жігіт еді. Бұл неке Жамалдың өз отбасын қуғыннан қорғап қалуына мүмкіндік берді.Жас жұбайлар өмір сүру үшін барын салды. Күндіз базарда сауда жасап, қолда барын өткізіп, күнкөріс қамын жасаса, түнде шам жарығында тігін тігіп, тапсырыс бойынша киім-кешек, төсек жабдықтарын дайындайтын. 

Дегенмен, осындай қиын кезеңдерде де Жамалдың жанын ән ғана жұбатты. Үйдің қоңыр түтінге толы шағын бөлмесінде ол кейде анасы мен бауырларына арнап баяу ғана қазақтың халық әндерін шырқайтын. Ән Жамал үшін үміт пен өмірдің мәнін сақтап тұрған жалғыз қуат көзі болды. Бала күнінен әнге құмар Жамал ауылдағы кештер мен той-думандарда, мектептегі мерекелік шараларда сахнаға шығып, қазақтың халық әндерін орындап жүрді. Оның дауысы ерекше жұмсақ, кең тынысты, әрі табиғи мәнермен шырқалғандықтан, тыңдаған жанды бірден баурап алатын. Әншілік қабілетімен ел көзіне түскен жас Жамалға 1925 жылы тағдыр үлкен мүмкіндік сыйлады. Белгілі актер әрі әнші, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Құрманбек Жандарбеков оны Ташкентте өтетін Орта Азиялық балалар олимпиадасына қатысуға шақырады. Алғашында сахнаға шығудан жасқанып, қобалжыған Жамалды Құрманбек қолынан жетектеп, сахнаға өзі алып шығады. Жұпар Омарованың естелігіне сүйенсек, сол сәтте Жамал қазақтың бірнеше халық әнін нық сеніммен орындап, қазылар алқасының да, көрерменнің де ықыласына бөленген. Нәтижесінде ол бас жүлдені иеленіп, бүкіл залдың қошеметіне бөленеді. Бұл жеңіс оның өміріндегі алғашқы үлкен сахналық жетістік, әрі болашақ өнер жолын айқындап берген шешуші сәт болды.

1934 жылы Жамал Омарова Алматыға қоныс аударып, сол кездегі Қазақ музыкалық-драма театрының труппасына қабылданды. Бұл театр кейін Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрына айналды. Театр сахнасында ол бірден бірнеше басты рөлді орындады. Бейімбет Майлиннің «Шұға» пьесасының негізінде қойылған музыкалық драмадағы Мақпал, Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Қамқа, Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпанындағы» Айман бейнелері оның сахналық шеберлігін танытқан алғашқы қадамдар болды. 

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің тұңғыш онкүндігі Жамалдың шығармашылық тағдырын түбегейлі өзгертті. Бұл қазақ өнерінің тарихында аса маңызды оқиға еді. Себебі алғаш рет ұлттық музыка мен театр өнері КСРО астанасының басты сахналарында, соның ішінде Үлкен театрда таныстырылды. Сол онкүндікте Жамал Омарова қазақтың үш белгілі әні «Ертіс», «Қараторғай» және «Ләтипаны» орындады. Көрермендердің ықыласы ерекше болғандығы сондай әр әнін екі реттен қайталап орындатты. Ал КСРО Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Михаил Калининболса «Қараторғайды» үшінші мәрте шырқап беруін сұраған. Ол Жамалдың орындауын бұған дейін 1935 жылы Қазақ КСР-інің 15 жылдық мерейтойына Алматыға келген сапарында тыңдаған.

Бұл кезде Жамалдың арнайы музыкалық білімі жоқ еді. Ол ешқандай консерваторияда немесе музыка мектебінде оқымаған. Нотаны да кәсіби деңгейде білмейтін. Бірақ табиғат оған кең тынысты, тембрі мақпалдай жұмсақ, жүрекке жылы дауыс сыйлады. Сахнада ол аса сабырлы, сенімді, артық қимылсыз тұратын, ал әнді еш боямасыз, табиғи мәнерде жеткізетін. Дәл осы қасиеттері оны бірден халықтың сүйікті әншісіне айналдырды.

1937 жылдан бастап Жамал Омарова жаңадан құрылған Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі атанды. Бұл оның шығармашылық өміріндегі маңызды кезең еді, себебі дәл осы жылдары ол елге кеңінен таныла бастады. Репертуарында қазақтың халық әндері «Ақ дариға», «Бипыл», «Қорлан», «Кәмила», «Екі жирен», «Жалғыз арша», «Ой, көк» сияқты туындылар басты орын алды. Сонымен қатар, ол тек ұлттық әндермен шектелмей, орыс, украин, беларус, өзбек, татар, қырғыз, грузин, армян және басқа да халықтардың әндерін өз мәнерімен шебер орындады. Осындай кең репертуар оған түрлі ұлт өкілдерінің жүрегіне жол табуға мүмкіндік берді.

Жамал Омарованың шығармашылық жолында қазақ музыка өнерінің ірі тұлғалары композитор Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов, Ахмет Жұбанов және Шәмші Қалдаяқовпен тығыз байланысы болды. Бұл сазгерлердің әрқайсысы оның орындаушылық мүмкіндігін жақсы біліп, арнайы әндер жазды.Евгений Брусиловский Жамалдың дауыс тембрін, кең тынысын ескеріп, оған арнап «Алтай», «Гүлденген Қазақстан» сияқты салтанаттышығармалар сыйлады. Латиф Хамидидің сыршыл, әуезді әндері оның орындауында ерекше нәзік естілетін. Бақытжан Байқадамовтың «Бөбегім», «Досыма» әндері Жамалдың репертуарында тұрақты орын алды. Алайда оның өнер жолындағы ең ерекше, жүрекке жылы тарауы Шәмші Қалдаяқовпен шығармашылық достығы болды. Жұпар Омарованың естелігіне сүйенсек, дәл осы Жамал Омарованың ұсынысымен қазақтың Мемлекеттік Гимніне айналған «Менің Қазақстаным» әні дүниеге келген. Ол Шәмшіге: «Патриоттық рухы бар, халықтың жүрегін бірден жаулайтын, соңында салтанатты аккордпен аяқталатын ән жазып бер», – деп өтініш айтқан. Шәмші бірнеше күннен кейін дайын әуенін алып келеді. Кейін бұл әнге ақын Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазып, туынды халық арасына тез тарап кетті. Жамалдың орындауындағы «Менің Қазақстаным» елдің рухын көтерген шынайы әнұранға айналды.

Ұлы Отан соғысы басталғанда, Жамал Омарова өзге өнерпаздар секілді туған елін, майдандағы жауынгерлерді қолдау үшін алдыңғы шепке аттанды. Ол мәдениет майданының бір сарбазы ретінде тек сахнада емес, соғыс өрті шарпыған окоптарда, далалық госпитальдарда ән шырқады.Солтүстік-Батыс майданына барған сапарында жауынгерлердің ортасында отырып, оқ пен оттың арасында өнер көрсетті. Кей кездері снаряд жарылысы мен пулемет үнінің арасында әнін тоқтатпай, одан сайын жігерлі шырқайтын. Мұндай сәттерде оның дауысы жай ғана өнер емес, алдыңғы шепке жеткен туған жердің амандық сәлеміндей, ауылдағы анасының, бауырларының жүрек жылуындай сезілетін.

1942 жылы Жамал Омароваға Қазақ КСР-нің халық әртісі атағы берілді. Бұл оның өнер жолындағы табанды еңбегінің, халық жүрегін баураған дауысымен ұлттық мәдениетке сіңірген зор үлесінің мойындалуы еді. Ол сонымен қатар Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері атанды. Кеңестік мәдениет жүйесінде аса жоғары бағаланатын «Мәдениеттің озық қызметкері» төсбелгісін үш мәрте иеленуі де Жамал Омарованың сахнадағы орнын, оның өнердегі биік беделін көрсетеді. Бұл марапаттар тек атақ емес, бүкіл шығармашылық ғұмырында халыққа қызмет еткенінің белгісі.

1976 жылы Жамал Омарова Алматыда өмірденөтті. Өнерден қол үзбей, өмірінің соңына дейінсахнада, концерттер мен гастрольдік сапарлардажүрді. Артында ұрпаққа мол мұра қалдырды. Оның дауысы жазылған таспалар мен радиожазбаларқазақ музыкасының алтын қазынасы саналады.

Бүгінде Жамал Омарованың орындауындағы «Қараторғай», «Ертіс», «Бипыл», «Ақ дариға», «Кәмила» сияқты әндер әлі күнге дейін тыңдарман жүрегінен орын табуда. Оның әрбір әні – жай ғана музыкалық шығарма емес, қазақ халқының өмірі мен мінезін, қуанышы мен мұңын, салты мен дәстүрін жеткізетін шынайы өнер туындысы. Ол осы туындыларды орындау арқылы ұлттық өнердің аясын кеңейтіп, қазақ әнін кәсіби сахнаға шығарды, оны одақтық және халықаралық деңгейде танытты.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз