«Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар...»

Автор:
09.08.2025
620
«Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар...» - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Адамзаттың алыбы – Хәкім Абайдың мұрасы қазақ қоғамы үшін қай заманда да өзекті.

Ақынның қайтыс болуына 10 жыл толуына орай жарияланған «Абай» атты мақаласында Міржақып Дулатұлы: «...Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындарымыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. "Бірінші ақынымыз" деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» деп, жазған [1].

Міржақып Дулатұлының көрегендікпен айтылған бұл ойлары, шын мәнінде, бүгінгі таңда іске асып отыр. Абайды ұлықтауға ғана емес, оның өлеңдері мен қарасөздерінің мәнін ұғуға, тереңірек түсінуге деген халықтың пейілін Алаш ардақтысының рухы сезіп, қуанып жатқан болар... 

Абайдың мұрасын зерделеу мен насихаттау ісі ХХ ғ. басында ақынның шәкірттері [2] мен Алаш зиялылары арқылы басталып, [3] бүгінгі күнге дейін үздіксіз жалғасып келеді, әлі де жалғаса бермек...

Ұлы ойшыл-ақын Абай мұрасының құндылығы – әрбір адамның өзіне сын көзбен қарауына, қоғамның жасампаздық жолға түсуіне, ұлттың жаңғыруына бағыттайды. Ақынның өзі «Түзетпек ем заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып» деп айтқандай, халық үшін ненің дұшпан, ненің дос екенін айқындап берді. Ең маңыздысы – ізгілікке, жалпыадамзат құндылықтарына бағыттап қана қоймайды, «толық адам» деңгейіне жетудің һәм елдің өркениетке бетбұрыс жасауының жолын сілтейді.

Абай тұлғасы мен мұрасы кеңес дәуірінде де ерекше назарда болды. Кеңестік идеология аясында Абайдың ғұмырбаяны мен шығармашылық мұрасын зерделеу институционалдық деңгейде ғылыми жолға қойылды. 1930-1940 жылдары оны жүзеге асырған негізгі ғылыми-шығармашылық орталықтар – Кеңестер Одағы Ғылым Академиясы Қазақстандық филиалының Тіл, әдебиет және тарих институты, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты, С. Киров атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан кеңестік жазушылар одағы және басқа да мекемелер болды. Жүйелі әрі көлемді жұмыстар екі бағытта жүргізілді: 

1. Абай мұрасын жинақтау, жүйелеу, қалпына келтіру, зерделеу, жариялау және оны халық арасында насихаттау. 

2. Абайтану: ақын тұлғасы мен шығармашылық мұрасына, оның қалыптасуы мен кемелденуіне ықпал еткен тарихи тұлғаларға, ақындық мектебіне арналған ғылыми зерттеулер, өлең-жыр, проза, музыка, ескерткіш орнату, портретін салу, музейлерін дамыту және т.б.

Бұл тарихи кезеңде Абайдың тұлғасы мен оның мұрасын жаңа сапалық деңгейге көтерген, әлбетте, М. Әуезовтың «Абай» романы мен оның Абайтануға қатысты ғылыми-зерттеу еңбектері болып табылады. Академик М. Қозыбаев атап көрсеткендей, «Әлем тұғырына Абай бабамызды қондырып кеткен тек Мұхтар Әуезов» [4] 

М.Әуезовтың туындылары мен ғылыми-шығармашылық мектебі Абай мен оның мұрасын әр қырынан зерттеп-зерделеуге тың серпін берді.

Абай тұлғасы мен мұрасына ерекше назар аударылған кезеңдер – мерейтойлық даталар мен еске алу іс-шаралары. Бұл кеңінен таралған жаһандық тәжірибе болғандықтан оның әрбір мерейтойлық кезең аралығында «Не тындырылды? Қандай олқылықтар орын алды? Алдағы уақытта қандай істер атқарылуы тиіс? Қандай бағыттарға басымдықтар берілуі керек?» деген сауалдарды талдап-саралауға, нақты іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе Абайдың мерейтойлары мен еске алу іс-шараларын ұйымдастыру кезеңдерінде айқын көрініс тапты. Оған дәлел Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған құжаттар бола алады. Әр кезеңдерде Абайдың мерейтойларын өткізу бойынша бірқатар тарихи құнды құжаттар белгілі. Солардың қатарында Абай Құнанбайұлының республикалық деңгейде мерейтойларын өткізуге дайындық, шығармаларын жариялау, оларды орыс және басқа тілдерге аудару, М.Әуезовтың «Абай» романын талқылау мен баспадан шығару, «Абай» кинофильмін түсіру және тағы басқа да мәселелер бойынша архив құжаттары сақталған.

Президент Архивіндегі тарихи құндылығы ерекше құжаттардың бірі – Абайдың 100 жылдығын өткізу бойынша Үкіметтік мерейтойлық комитеттің (әрі қарай - Комитет) ғалым-хатшысы Ғабиден Мұстафиннің баянхат жазбасы (докладная записка) [5]. Бұл ресми құжат орыс тілінде 1944 жылы 3-ші ақпанда Қазақстан коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетіне (әрі қарай - ҚКП(б) ОК) жолданған. Жазба ҚКП(б) ОК хатшысы М. Абдыхалықовқа қарастыруға ұсынылған.

Бұл тарихи кезеңде бүкіл Кеңестер Одағы, соның ішінде Қазақстан да соғыс жағдайында өмір сүргені, майдан мен тыл жұмысының салмағы, тауқыметі мемлекет үшін тағдыршешті фактор болғаны белгілі. Әлбетте, соғыстың ауыртпалығы Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізу жоспарына да елеулі әсер еткені түсінікті. Дегенмен, аталған елдік маңызы бар іс-шараға арналған қаржыландыру сақталған әрі Комитет жұмысы баяулап, бірқатар қиындықтар орын алса да, толық тоқтатылмаған.

Бұл құжаттың маңызды тұстарына зер салатын болсақ, біріншіден, Ғ.Мұстафин Өзбекстанда Ә. Науаидің мерейтойын ұйымдастыру, оның әдеби мұрасын жинақтау мен зерттеу жұмыстарының тәжірибесімен танысып, атқарылған маңызды іс-шараларға  сипаттама берген. 

Екіншіден, Абайдың есімін халық жадында мәңгіге қалдыру мен мерейтойын өткізу дайындығы бойынша 44 (қырық төрт) айда жүзеге асырылған жұмыстарды сыни тұрғыда талдап, жоспарланған істердің орындалмаған бағыттарына биліктің назарын аудартқан. Сондай-ақ, Комитет жұмысын жандандыру бойынша нақты ұсыныстар жасалған. Оның ішінде, «Ә. Науаи комитетінің» тәжірибесін негізге ала отырып, Абай мерейтойын жалпыұлттық ауқымда атап өту үшін партия мен үкімет органдарын жұмылдыру мәселесін көтереді. 

Үшіншіден, Ғ.Мұстафин Комитет жұмысын жандандыру мақсатында ғалым-хатшы ретінде өз орнына білімі зор, елге абыройлы әрі қабілетті азамат ретінде мінездей отырып, Мұқтар Әуезовты ұсынған.

Аталған құжаттағы Ғ.Мұстафиннің республика басшылығына жолдаған нақты ұсыныстары Абайдың 100 жылдық мерейтойының белгіленген мерзімде, яғни  1945 жылы 10-шы тамызда өткізілуіне шешуші ықпалы болғаны анық. Себебі, ҚКП (б) ОК 1945 жылы 7-ші  наурызда өткен Бюросының Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай дайындалатын және өткізілетін іс-шаралар туралы қаулысында: «Үкіметтік мерейтойлық комитет Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу, оның еңбектерін және ол туралы әдеби-музыкалық шығармаларды баспадан шығару бойынша елеулі жұмыс атқарды» деп баға берген [6].

Түйіндей айтқанда, Абай әлемі тұңғыйық, шығармашылық мұрасы санқырлы. Сондықтан Абайдың өмірі мен заманына, мұрасы мен қызметіне қатысты құжаттық деректерді жинақтау бағытындағы ізденістер мен оларды ғылыми айналымға енгізу ісі (архивтік құжаттар жинағын жариялау, құжаттық көрмелер ұйымдастыру және т.б.) жалғаса береді.   

Пайдаланылған деректер:

1.Міржақып Дулатовтың 1914 ж. «Қазақ» газетінің № 67 санында Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына орай жарияланған «Абай» атты мақаласы. 1914 ж. (Ж. Ысмағұловтың жеке қорынан) ҚР ПА. 271-НЛ  Қ.  2 Т. 167 іс. 1–33 п.

2.Абайдың ақын шәкірттері. Дайын. Қ.Мұхамедханұлы.- Алматы. «Дәуір», 1993.- 224 б. (12, 213-220 бб.)

3. Ә. Бөкейхановтың Абайдың немере інісі Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың естеліктері бойынша «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» тақырыбында «Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбалары» атты журналда жарияланған мақаласы. 1907 ж. ҚР ПА. 811 Қ. 25 Т. 25 іс. 1–12 п.

4. Академик М. Қ. Қозыбаевтың Абайдың 150 жылдығына арналған «Абай және оның заманы» атты мақаласы. 1995 ж.(М. Қозыбаевтың жеке қорынан) // ҚР ПА. 163-НЛ  Қ.  1 Т. 299 іс. 91–99 п.

5. ҚР ПА 708 қ., 9 т., 1383-іс. 61-64 п.

6. ҚР ПА. 708 Қ. 9 Т. 15 іс. 146–147 п.

Нұрбек Шаяхмет

ҚР Президентінің Архиві Ғылыми және қолданбалы 

зерттеулер орталығының басшысы   

Гаухар Бекішева

ҚР Президентінің Архиві Сақтауды қамтамасыз ету 

және мемлекеттік есепке алу қызметінің басшысы 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз