Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ руханияты тағы екі құнды кітапппен толықты.
Нақты айтар болсақ, бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» және «Абай. Стихи и поэмы» атты қос кітаптың таныстырылымы өтті. Қос кітап та Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
«Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман- эпопеясы — көркем әдебиеттің ішіндегі ең көп кейіпкері бар, жер-су аттары мен ру атаулары молынан
берілген күрделі шығарма. Әлемге кеңінен тараған әйгілі роман-эпопеядағы кейіпкерлердің аты-жөндерін тек қана тізіп шығумен шектелмей, әр кейіпкердің туысқандық, достық, рулық байланысы, тарихи оқиғаларға қатысы, өзектес, сабақтастығын анықтау - осы күнге дейін толық зерттелмеген тақырып болып келді», - дейді «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» кітабының авторы жазушы Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Айтуынша, бұл кітапқа автор өзінің 30 жыл уақытын арнаған.

«Абайдың туысқандық айналасы – 84 болса, Құнанбай заманындағы кейіпкерлер 187, Абай заманындағы кейіпкерлер – 534, Үш бөлімге бөлген кейіпкерлердің жалпы жиыны – 805, Абайға қатысты жыр-дастан кейіпкерлері – 128, Табиғат құбылыстары – 5, Ру атаулары – 76, Жер-су атаулары – 337, Атақ-даңқ, лауазымдар – 132, Ұлттық киім түрлері – 138, Мата түрлері – 51, Көш-қон жолында тігілген үйлер, баспана түрлері – 52, Ит-құс атаулары – 29, Қол қару түрлері – 37, Жылқы атаулары – 163, Абай мінген арғымақтар – 18. Барлығының жалпы саны – 1970 болып отыр.
Әлемге кеңінен тараған әйгілі роман-эпопеядағы кейіпкерлердің аты-жөндерін тек қана тізіп шығумен шектелмей, әр кейіпкердің тұлғалық, достық, рулық байланысы, тарихи оқиғаларға қатысы, өзектес, сабақтастығын анықтап жаздым. Нәтижесінде роман кейіпкерлерін зерттеу, көркем образдар мен тарихи тұлғалардың байланысын анықтап көрдім. Романдағы жер-су атауларын түгендеп отырып Құнанбай әулетінің 15-17 қыстау-қонысы болғаны да белгілі болды.
Тек кейіпкерлер ғана емес, Абай жолы романындағы жер-су аттары, сол кездегі киім үлгілері, тіпті лауазымның өзінің жүз елу бір түрі бар екен. Олардың көбі қазір тілімізден қалып қойған дүниелер. Сол секілді Абай жолын оқып отырып, ру атауларының өзінің қаншалықты жаңаоыр, өзгеріп, ұмытылып кеткеніне көз жеткіздім. Қаншама көне сөздерімізден айырылып қалыппыз» дейді ол.
«Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» атты жаңа жинағы роман кейіпкерлерін зерттеу, көркем образдар мен тарихи тұлғалардың байланысын анықтау, көркем фильмдер мен сахналық қойылымдар үшін өте қолайлы жүйелі әдістемелік тәсілге қолдануға бағыт беретін еңбек болып отыр. Шығарма мектеп оқушылары мен ұстаздарға, студенттерге көмекші құрал ретінде пайдалануға арналған.
Сондай-ақ, «Абай. Стихи и поэмы» атты жаңа басылымда Абай Құнанбайұлының өлеңдері орыс тілінде жарық көрген. Жинақ Мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, аудармашы Орынбай Күленұлы Жанайдартың аудармасы.
Ол Абай шығармаларының мәні мен музыкалылығын, терең философиясын бейнелі әрі дәл сипаттап, оқырманға Абайдың рухын шынайы сезінуге мүмкіндік береді.
«Алмаханның кітабы Абай жолын қайтадан бір зерделеп, ұмытып кеткен жерлерді нүктемен қарағандай етіп түртіп, яғни үлкен кілемнің ішіндегі ине қай жерге қадалды соны үрлеп, сол тұсын ашып көрсеткен сияқты. Орынбайдың кітабы да бүгінгі қазақ үшін, оның ішіндегі қазақша білмейтін қазақ жастары үшін қажет», - дейді Тұрсын Жұртбай.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли дің айтуынша, ұлы Абайдың 180 жылдығы өз деңгейінде өтіп жатыр.
«Мемлекет басшысының Абайдың 180 жылдығын жариялағаннан бастап министрлік өзі ғана емес, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, үлкен жұмыс жоспарын әзірледі. Жоспар Үкіметке бекітілді. Онда ұзын-саны үш жүзден астам іс-шара қамтылған. заман талабына сәйкес жастардың ұсыныстарына сай өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, өңірлерде, орталықтарда, әр мекемеде, ғылыми-мәдени орталықтарда іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі қос кітаптың таныстырылымы да сол жоспарлы шараның бірі», - дейді ол.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өткен рухани шараға абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы Бәкір Әбдіжәлел,ақын, жыршы-жырау, манасшы, Баянғали Әлімжанов сынды зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты.