Теннис добы бір қарағанда жай ғана сары түсті, серпімді, қарапайым спорттық құрал сияқты көрінеді. Алайда оның артында мыңжылдықтарды қамтитын таңғаларлық тарих, түрлі өркениеттердің ізі, ғылыми-технологиялық жаңалықтар мен спорт мәдениетінің эволюциясы жатыр. Қазіргі заманда кәсіпқой да, әуесқой да кортта қолданатын бұл кішкентай доп қалай пайда болды? Уақыт өте келе неліктен дәл осындай пішін мен түрге ие болды? Жауабын тарих қойнауынан іздеп көрейік.
Алғашқы доптар жөнінде деректер көне Египеттен табылған. Онда терімен қапталған қарапайым ойын құралдары болғаны анықталған. Грек тарихшысы Геродот бұл доптарды Анатолия түбегіндегі лидиялықтар ойлап тапқан деп жазады. Орта ғасырларда Францияда кең тараған «Jeu-de-Paume» атты ойын үшін қой жүнінен жасалған доптар пайдаланылды. Жүн қымбат болғандықтан, қарапайым халық оның орнына шүберек қиындысын, ағаш жаңқасын немесе құмды пайдаланып, оларды жіппен орап, домалақ пішін берген. Ал Англияда доптар әртүрлі ұзындықтағы қылмен толтырылып, сырты жұқа терімен қапталған. Допқа деген сұраныс артқан сәтте Франция королі Людовик XI 1480 жылы арнайы бұйрық шығарып, барлық доптар тек қой жүнінен жасалуы тиіс деп бекітті. Бұл кезде доптардың түсіне қатысты нақты талап болмаған еді.
XVIII ғасырда теннис доптары ағаштан жасалып, сырты жүн немесе киізбен оралған. Мұндай доптың салмағы шамамен 85 грамм болған. Ауыр салмақты бұл ойын құралы қатты соққы жасағандықтан, көрермендер қауіпсіздігі үшін корттарға арнайы торлар орнатылған. Тек XIX ғасырдың ортасында ғана резеңке доптар қолданыла бастады. Бірақ бұл жаңалық ежелгі өркениеттерде де кездескен. Мысалы, Орталық Америкада мекендеген ацтек пен майя тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі 1600 жылдары гевея ағашының шырынынан каучук алып, серпімді доптар жасаған. Ал Еуропаға каучук Христофор Колумб арқылы жеткен.
1870 жылдары Англияда лаун-теннис деп аталатын жаңа ойын түрі пайда болды. Бұл ойында серпімді доптар қажет еді. Сол себепті Германияда алғашқы іші бос резеңке доптар жасалып, кейін олар ақ түсті матаға оралды. Бұл идеяны ағылшын Джон Мойер ұсынған. 1902 жылдан бастап әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі Уимблдон турнирінде ағайынды Шлезенгерлер негізін қалаған британдық Slazenger компаниясының теннис доптары ресми түрде қолданыла бастады. Бұл ынтымақтастық әлі күнге дейін жалғасып келеді және теннис тарихындағы ең ұзақ мерзімді коммерциялық әріптестік болып саналады.
Теннис доптары бастапқыда тек ақ түсті болды. Алайда 1972 жылы Халықаралық теннис федерациясы жарықта жақсы көрінетін сары түсті доптарды қолдануға рұқсат берді. Бұл шешім теледидардағы түрлі-түсті трансляциялармен байланысты болды. Себебі сары доп экранда анық көрінетін. Уимблдон дәстүрге берік турнир болғандықтан, сары допты тек 1986 жылдан бастап қабылдады.
Бүгінде ресми теннис добының диаметрі – 6,54–6,86 см, салмағы – 56–59,4 г. Доптың сырты қалың сукномен қапталып, ішіне азот секілді газ толтырылады, соның арқасында ол жоғары серпімділікке ие болады. Жарыстарда қолданылатын доптар арнайы қысымды контейнерлерде сақталады. Бұл оның сапасын бірнеше жыл бойы сақтап тұруға көмектеседі. Сырты «түкті» болатын бұл жабын жай сән үшін емес. Оның негізгі мақсаты – доптың траекториясын тұрақтандыру, ауада дұрыс ұшуын қамтамасыз ету және соққы сәтінде сырғып кетпеуіне мүмкіндік жасау.
Бүгінде теннис добы – жай ғана спорттық құрал емес, мыңдаған жылдық тарихты, адамзаттың тапқырлығы мен техникалық шеберлігін, сондай-ақ спортқа деген шынайы ықыласы мен ұмтылысын бойына сіңірген ерекше бұйым. Уақыт өткен сайын доптың пішіні, материалы мен сапасы жетілдіріліп, заманауи технологиялардың көмегімен жаңа деңгейге көтерілді. Спорт тарихындағы осы бір кішкентай зат – үлкен мәдени, ғылыми және тарихи жетістіктің көрінісі.