Бүгін Астанада қазақ руханияты үшін айрықша тарихи-мәдени шара өтті. Елорданың төрінде жазушы, абайтанушы, мұхтартанушы, майдангер, ұлағатты ұстаз Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық роман-трилогиясының тұсауы кесілді.
Іс-шара жазушының туғанына 105 жыл толуына және Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Ұлттық академиялық кітапханасындағы таныстырылым Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті. Қаламгердің рухани мұрасын ұлықтауға арналған бұл кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет зерттеушілері, зиялы қауым өкілдері мен Алаш рухын ардақ тұтатын оқырман қауым қатысты.
Салтанатты рәсім барысында кітаптың лентасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Нығметоллаұлы Негимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов, жазушы Бауыржан Бабажанұлы, ақын Қалқаман Сарин және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова қиды.

Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» трилогиясы – қазақ халқының ұлт ретінде ұйысу, тәуелсіздікке ұмтылу кезеңін көркем тілмен өрнектеген тағдырлы туынды. Романда ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы мен сол дәуірдегі тарихи оқиғалар, ел тағдырына алаңдаған ұлт зиялыларының күресі кеңінен суреттеледі. Кітапта Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының бейнелері тарихи деректер мен көркемдік тәсілдердің шебер үйлесімі арқылы өріледі.
Туындыда Абайдың ұлы Мекайіл, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғалар да оқиғалар желісінде көрініс табады. Айрықша бір тұсы – Алаш үкіметінің Орынбордан Семейге көшіп келу сәтінің көркем сипатта жазылуы. Бұл бөлімде Алаш азаматтарын қазіргі Абай ауданының Шаған өзенінің бойында жергілікті халық қарсы алып, салтанатты түрде құрмет көрсеткендігі баяндалады. Осы көрініс арқылы жазушы ұлттың тұтастығы мен азаттыққа деген ортақ арманын бейнелейді.
Романның әр тарауы – қазақ халқының күрескерлік тарихының көркем куәгері іспетті. Жазушы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы қоғамдық пікірді, сол уақыттағы саяси шындықты, рухани дағдарыс пен ұлттық серпілісті көрсетуге ден қойған. Бұл жайлы салтанатты жиында сөйлеген белгілі әдебиеттанушы, профессор Тұрсын Жұртбай атап өтті:

«Мынау ұлы Абайға тағзым басталған күні және Ұлттық кітапханада сол Абайдың тұлғасы, Абайдың ХХ ғасырдағы діңгектерінің бірі әрі тамырын елден үзбеген, осы отырғандардың көпшілігінің ұстазы – Кәмен ағамыздың үш томдық «Абайдан соңғы арыстар» атты кітабының тұсаукесерінің өтуі – Алаш қайраткерлеріне, Мұхтарға, Абайға және қазақ еліне жасалған құрмет. Бұл кітап – ұлттық рухтың, тарихи әділеттің салтанаты», – деді ол өз сөзінде.
Жазушы «Абайдан соңғы арыстар» трилогиясын өмірінің соңғы жылдарында жазып бітіріп, оны оқырманға аманат еткен. Бұл туынды – егемен ел тарихына айналған, ерлікпен өрілген рухани ескерткіш. Тұсаукесер барысында қатысушылар еңбектің тарихи, танымдық, тәрбиелік маңызын ерекше атап өтті. Романның қолжазбаларын автордың ұрпақтары мұқият сақтап, бүгінге жеткізген.

Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейнесюжет көрсетілді. Онда Кәмен Оразалиннің шәкірттерінің бірі, ардагер ұстаз Төлеген Жанғалиев қаламгер туралы естелігімен бөлісті:
«Менің ұғымымда Абайлардан кейін, Мұхтарлардан кейінгі үлкен, дарынды тұлғаның бірі – менің ұлы ұстазым Кәмен Оразалин еді. Мектеп қабырғасына енді аяқ басқан кезімізден бастап, Кәмен мұғалімді тани бастадық. Алтыншы-жетінші сыныптарда біз түгелдей оның тәрбиесіне көштік. Жазушылық шеберлігі, шежірешілігі, алаштанушы, мұхтартанушы ретінде біліктілігін былай қойғанда, оның маңдайға біткен ұстаздық болмысы ерекше еді. Абайдың өлеңдерін жаттату – сол кісінің басты ұстанымдарының бірі болатын. Соның арқасында қазір Абайдың көптеген өлеңдерін жатқа білеміз. Өйткені сабақ үнемі Абайдың бір шумағымен басталатын. «Абай елінде тұрып, Абайдың жүз өлеңін білмеген оқушы болмайды» дейтін. Бізге Абайдың кім екенін түсініп оқытты. Бұл – кез келген ұстаздың қолынан келе бермейтін, пешенеге жазылған бақыт. Меніңше, Кәмен Оразалиннің ұстаз ретіндегі бақытты тағдыры – ұрпағына осыны сіңіре алғандығында», – деді Төлеген Жанғалиев бейнесюжетте.

Кәмен Оразалин – қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер. 1920 жылдың 16 маусымында Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. 1939 жылы орта мектепті аяқтап, Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Ол өмір бойы Абай мен Мұхтар Әуезовтің мұрасын халыққа кеңінен насихаттауға атсалысты. Майданнан жаралы оралған соң, Абай атындағы орта мектепте 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, талай шәкірттің жүрегіне Абайдың жырын, Мұхтардың даналығын сіңірді. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі. «Октябрь революциясы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Отан соғысы» орденінің, «Парасат» орденінің иегері.

Жазушының алғашқы өлеңі 1938 жылы «Екпінді» газетінде жарық көрген. Сол кезден бастап шығармашылығы Абай әлемінен алыстамаған. Көзі тірісінде-ақ Кәмен Оразалин Мұхтар Әуезовтің ең жақын рухани шәкірттерінің бірі саналды. Өз естеліктерінде ол: «Мен Абайды, оны халыққа танытқан Мұхаңды жазбай тұра алмадым. Қаламымның тоқтамауына Абай аруағы дем бергендей еді», – деп сыр шертеді. Кәмен Оразалин Мұхтардың тікелей қамқорлығымен бірнеше роман жазған. «Абай ауылына саяхат», «Мұхтар жолы» секілді шығармаларында ол қазақ даласының рухани тамырын тереңнен қозғады. Ұстаздық пен жазушылықты қатар алып жүрген қаламгер үшін әдебиет – ұлтқа қызмет етудің жолы болды.
Оның шәкірттерінің қатарында педагогика ғылымдарының докторы С.Қалиев, тарихшы А.Еспенбетов, жазушы Р.Сейсенбаев, ақындар Т.Әбдікәкімов, Т.Жанғалиев, өнер қайраткерлері мен қоғам белсенділері бар.
Қорыта айтқанда, Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» атты үш томдық тарихи роман-трилогиясының тұсаукесері – ұлт руханияты мен тарихи зерденің жаңғыруына бағытталған маңызды мәдени оқиға. Бұл тек бір қаламгердің кітабының таныстырылымы емес, Алаш мұрасына, Абай мен Мұхтар дәстүріне, ұстаздық пен қаламгерлікке көрсетілген тағзым болды.

Жиында айтылған әрбір сөз, ұсынылған ой – Кәмен Оразалин тұлғасының ел жадындағы орны мен оның қалдырған әдеби, педагогикалық мұрасының тереңдігін айқындай түсті. Ұлттың азаттығы жолында күрескен арыстардың рухын көркем шежіреге айналдырып, оны келешек ұрпаққа аманаттаған жазушы еңбегі – тарих алдындағы адалдықтың, ел алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Кәмен Оразалин шығармашылығы – ұлттық болмысты, тарихи әділеттілікті, рухани сабақтастықты қалпына келтіру жолындағы биік үлгі. Бұл мұраны насихаттау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағыт.