Қазақстан теміржолының тарихы

Автор:
31.07.2025
1523
Қазақстан теміржолының тарихы - e-history.kz

Қазақстанда кәсіби мерекелер күнтізбесі жаңа маңызды датамен толықты. Биылдан бастап тамыз айының бірінші жексенбісі – Теміржол көлігі қызметкерлері күні ретінде ресми түрде аталып өтеді.   Темір жол – көлік саласындағы негізгі бағыттардың бірі әрі ел экономикасының күретамыры. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында 110 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың басты міндеті – жолаушы мен жүк тасымалының қауіпсіз әрі үздіксіз жүруін қамтамасыз ету.

Теміржол – ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі жолаушы және жүк тасымалының маңызды тетігі. Қазақстандағы көлік инфрақұрылымының діңгегі саналатын бұл салада әр түрлі  мамандық иелері жұмыс істейді. Олардың қатарында машинистер, вагоншылар, жол жөндеушілер, диспетчерлер, байланысшылар, инженер-техниктер мен тағы басқа көптеген кәсіп иелері бар.

Көлік саласының жалпы дамуына да теміржол саласы орасан үлес қосып отыр. Өңірлер арасындағы экономикалық байланысты қамтамасыз ету, отандық өнімді экспорттау, жолаушылардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын ұйымдастыру – осының барлығы теміржолшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осы орайда теміржолшылар күні қарсаңында ғасырдан астам тарихы бар Қазақстан теміржолының тарихына аз-кем тоқталуды мақсат етпекпіз. 

Қазақстан – Еуразия кеңістігінің орталық бөлігінде орналасқан, құрлықтағы алып аумақтардың бірі. Геосаяси жағдайы мен табиғи ресурстарға байлығы оны транзиттік және көлік-коммуникациялық торап ретінде айрықша маңызға ие етеді. Осы ретте, теміржол саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында шешуші рөл атқарып келеді. Бұл мақалада Қазақстан аумағындағы теміржол жүйесінің тарихи қалыптасуы, кеңестік кезеңдегі даму үдерістері және тәуелсіздік дәуіріндегі жаңғырту бағыттары ғылыми негізде талданады.

Қазақ даласындағы теміржолдың қалыптасу кезеңі 
(XIX ғ. соңы – 1918 жыл)

Көлік логистикасы – экономикалық дамудың күретамыры. Қазақстанда бұл жүйе 120 жылдан астам уақыт бойы ел дамуына серпін беріп келеді. 2024 жылы Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) өзінің 120 жылдық мерейтойын атап өтті. Бірақ бұл жүйенің іргетасы тіпті бұрынырақ қаланған. Қазақстан аумағындағы алғашқы теміржол құрылыстары XIX ғасырдың соңында басталды. 1893–1894 жылдары Покровская Слобода – Орал бағытындағы тар табанды (колеясы 1 м) теміржол желісі пайдалануға берілді, оның 113 шақырымы қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан.  Бұл Орта Азияны Ресеймен байланыстырып тұрған алғашқы трансқазақстандық магистраль болатын. Бұдан кейін, 1902–1903 жж. аралығында Петропавл арқылы Транссібір магистралінің бір бөлігі (шамамен 190 км) салынды. Ал ресми негізі 1904 жылы қаланды — Орынбор – Қазалы (Кубек) бағытындағы кең табанды желі іске қосылды.   1904 жылы Орынбор – Ташкент темір жолының құрылысы басталып, ұзындығы 1668 км-ді құрады. Бұл магистраль бойында жаңа қалалар мен өндірістік тораптар қалыптасты: Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Арал және т.б. 1918 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы теміржол желісінің ұзындығы 2575 км-ге жеткені байқалады.

1914 жылы Арыс – Пішпек темір жолының құрылысы басталды, кейін бұл желі Түрксібтің құрамына кірді. 1915 жылы Челябі – Троицк – Қостанай бағыты салынды. 1918 жылға дейін бірнеше желілер жұмыс істеді: солтүстік-шығыстағы 117 км Экибастұз – Воскресенская, орталықтағы 40 км Қарағанды – Спас зауыты, 120 км Байқоңыр – Қарсақпай темір жолдары.

1920–1922 жылдары Петропавл – Көкшетау темір жолы Кеңес дәуіріндегі алғашқы құрылыс болды. 1926–1931 жылдары бұл желі Бурабай, Ақмола арқылы Қарағандыға дейін ұзартылды (жалпы ұзындығы 700 км). 1924 жылы Кулунда – Павлодар темір жолы, 1926 жылы Гурьев – Доссор (Алгемба жобасының бір бөлігі) желісі салынды.

1930 жылы Қазақстанды Сібірмен жалғайтын, экономикалық және әлеуметтік дамуға серпін берген Түрксіб темір жолы пайдалануға берілді.

Түрксіб жобасы (1918–1940 жж.)

Кеңестік кезеңде теміржол құрылысы елді индустрияландырудың маңызды құрамдас бөлігіне айналды. 1930 жылы пайдалануға берілген Түрксіб (Түркістан – Сібір темір жолы) ұзындығы 1444 км болатын стратегиялық маңыздағы магистраль болды. Ол Қазақстанды Сібірмен байланыстырып, республикадағы шикізат көздерін кең көлемде игеруге мүмкіндік берді.

Осы кезеңде сондай-ақ Қарағанды – Балқаш, Шымкент – Леңгір, Локоть – Защита және Орал – Ілек темір жолдары салынды. Бұл желілер тек жүк және жолаушылар тасымалын ғана емес, сонымен бірге өнеркәсіптік урбанизацияны жеделдетуге де септігін тигізді.

Түркісіб теміржолының салынуы сауда-экономикалық мүмкіндіктің дамуына жол ашты. Қазақстан мен Орта Азия елдерінің басты байлықтары мақта мен астықты тасымалдауға мейлінше зор ықпал жасады. Түркістан-Сібір магистралін жобалау мен салудың белсенді инженерлерінің бірі, қоғам қайраткері, теміржолшы - Мұхамеджан Тынышпаев болатын.  

Тұңғыш теміржол инженері

Мұхамеджан Тынышпаев 1879 жылы 12 мамырда бұрынғы  Лепсі уезінің Садровский болысындағы Мақаншы Жыланды (қазіргі Жетісу облысы) тауларында дүниеге келген. Оның әкесі Тынышпай Жетісу өңіріне белгілі байлардың қатарынан. Төрт түлік мал өсірген. Мұхамеджан 1890 жылы 14 тамызда Верный қаласындағы Ерлер гимназиясына оқуға қабылданған. 1900 жылы гимназияны үздік аяқтап, император І Александр атындағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студенті атанады. 1900–1906 жж. Санкт-Петербургтағы Жол қатынасы инженерлері корпусы институтының студентi болып жүрген кезінде түрлi тарихи жағдайлардың куәсi болды. Бұл жылдарда (1900–1906 жж.) монархиялық билiкке қарсы саяси, әлеуметтiк-экономикалық талаптағы наразылықтардың, халық толқуларының жандануымен ерекшеленедi. Осы көрiнiстердiң барлығы жас студентке өз дәрежесiнде әсер етiп, оны толғандырған қалың ойдың жауабының табылуына, бiртiндеп қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптаса бастауына жол ашты. Императорлық институтта оқып жүрген, Мұхамеджан Тынышпаев математиканы, ежелгі тілдерді, әдебиет пен өнерді үйренуге керемет қабілеттерге ие болған. Ол уақыттағы дәрістерді ерекше дарынды профессорлар іргелі курстарды жасаушылар оқыды. Жазда ол, курстастары сияқты, екі тәжірибеден өтті: бірі — теміржол салу, екіншісі — оны пайдалану. Алғашқы тәжірибесін  туған жері Қазақ даласынан бастап, сол кездегі Орынбор-Ташкент Болат магистралінің салынуына ат салысты. Бұл құрылыс аяқталған кезде Түркістан-Сібір темір жолын салу қажеттілігі туындады. 

Тынышбаев «Түркiстан-Сiбiр» темiр жолын тұрғызу тәрізді ірі техникалық туындыларын қалдырып үлгерді. Әсіресе тұңғыш қазақ инженерінің атақты «Түркiстан-Сiбiр» темiр жолын салудағы еңбегi өлшеусiз. Мұхамеджан Тынышбаев кәсiби қызметiнде Жетiсу жол құрылысы, Қызылорда, Алматы қалалары сәулет-ғимарат нысандарын жобалау және салу жұмыстарына ат салысты.  М. Тынышбаев 1930 жылдың 3 тамызында кеңес билігі тарапынан саяси қуғындауға түсті. Ол бес жылға сотталып, Воронежге бес жылға жер аударылады. М. Тынышбаев ауырып, елге оралғанымен 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалады да, 1937 жылы Ташкент түрмесінде «Халық жауы» деген желеумен атылады.

Соғыс жылдарындағы теміржол саласы (1941–1970 жж.)

Ұлы Отан соғысы жылдары теміржол желілері стратегиялық әскери және экономикалық артерияға айналды. Жол жөндеу және жылжымалы құрамды қалпына келтіру үшін Қазақстанда теміржол жөндеу базалары құрылды. 1945 жылға қарай республиканың теміржол жүйесінің ұзындығы 10 000 км-ден асты.

1941–1945 соғыс жылдарындағы теміржол  стратегиялық инфрақұрылым ретінде рөл атқарды. Ақмола-Қарталы теміржол желісі: Қарағанды көмірін, сондай-ақ әскери құрал-жабдықтарды Оралға жеткізді. Гурьев (Атырау)-Орск бағыты арқылы Эмбінің мұнайы майданға ағылды. Темір жол майдан мен тыл арасындағы үздіксіз логистиканы қамтамасыз етті.

1950-жылдары индустрия мен ғарыш саласының дамуы, тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны (1954 жылдан) теміржол инфрақұрылымына жаңа серпін берді. 1955 жылы Байқоңыр ғарыш айлағының құрылысы басталды. Оның логистикалық қамтамасыз етілуінде теміржолдың рөлі шешуші болды. Байқоңыр ішіндегі теміржол желісі бүгінде «Космотранс» мекемесіне қарайды.

Тың игеру кезеңіндегі кеңею (1954–1970 жж.)

Тың жерлерді игеру Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ондаған астық совхоздарының құрылуына алып келді. Бұл аймақтарға ауыл шаруашылығы техникасы, құрылыс материалдары және мамандар теміржол арқылы жеткізілді. Кей жерлерде тар табанды жергілікті теміржол желілері де салынды. Мойынты – Шу (1950), Ақмола – Павлодар (1953) – кең көлемді аграрлық жобалар мен көмір бассейндерін біріктірді. 1958 жылы бірыңғай Қазақ темір жолы құрылды. Бұл жолдың ұзындығы 11 мың шақырымнан асты. 1964 жылы Астана – Қарағанды желісі электрлендірілді – бұл темір жолдағы технологиялық прогрестің бастауы еді. 1986 жылы ұзындығы 6,5 км болатын 440 вагондық рекордтық пойыз іске қосылды.

1956 жылы КСРО тарихындағы рекордтық көлемде – 125 млн тонна астық жиналды, оның жартысы Қазақстан тыңында өндірілді. Астықты қабылдау және сақтау үшін теміржол стансалары маңында алып бетон элеваторлар салынды.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қайта құру

1977 жылы Қазақстанда үш теміржол басқармасы құрылды: Целинная, Алма-Атинская және Батыс Қазақстан темір жолдары. Ал 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін олар біртұтас құрылым – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ретінде қайта құрылды. Бұл қадам отандық көлік-логистикалық саланың дамуына тың серпін берді. 2001-2015 жылдары Қазақстанда 2500 км-ден астам жаңа темір жол салынды. Олардың қатарында Ақсу-Дегелең, Хромтау-Алтынсарин, Шар-Өскемен, Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл, Боржақты-Ерсай теміржолдары болатын. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан темір жолының меншікті локомотив, вагон, рельс өндірісі іске қосылды.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағы бойынша теміржолдың ұзындығы 13,7 мың шақырымды құрайды, оның 3700 шақырымнан астамы электрлендірілген. Теміржол көлігі жүк айналымының 58,1%-ын қамтамасыз етіп, экономиканың тірек саласына айналды.

Республикадағы негізгі магистралдық желілер: Орынбор – Ташкент, Петропавл – Қарағанды – Шу, Семей – Алматы, сондай-ақ Транссібір, Челябі – Қостанай – Қарасук, Карталы – Астана – Құлынды бағыттары болып табылады.

Транскаспий дәлізі және заманауи интеграциялық жобалар

Қазақстан Еуразия құрлығының көлік діңгегіне айналып келеді. Қытай мен Еуропа арасындағы жүк ағынын қамтамасыз ететін Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) – осының дәлелі. Жоба аясында Каспий теңізі арқылы паромдық өткел қарастырылған. Бұл магистраль Қазақстанның геоэкономикалық маңызын арттырып, елді жаһандық логистикалық жүйеге тереңінен интеграциялауда.

Қазақстанның теміржол жүйесі – ел тарихының, экономикасының және қоғамының дамуының айнасы іспетті. Қалыптасқан кезеңнен бастап, индустриализация мен тың игеруге дейінгі тарихи белестер, Байқоңыр ғарыш айлағының қамтамасыз етілуі және тәуелсіздік дәуіріндегі жаңа көлік дәліздері – бәрі теміржол саласының маңызын айғақтайды. Бүгінде теміржол – тек көлік емес, елдің өркениетті дамуының нышаны. Қазақстан теміржолшылары күні – осы ауқымды еңбек иелерінің тарихи рөлі мен ұлт дамуына қосқан зор үлесін бағалаудың белгісі. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз