Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың рухын әлемге паш еткен оркестр

531
Қазақтың рухын әлемге паш еткен оркестр - e-history.kz

Елімізде шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. 2018 жылдан бері тұрақты түрде аталып келе жатқан мерекенің негізгі мақсаты - қазақтың ұлттық аспабын ұлықтау және мәдени мұраны насихаттау. Сондай-ақ, қазақтың мәдени болмысын, домбыраның ұлттық музыкадағы орнын дәріптеп, ЮНЕСКО тізіміне енген домбыра өнерін халықаралық деңгей көтеру. 

Домбыра – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі, оның тарихы 6000 жылдан астам уақытты қамтиды. Археологиялық қазбалар, жартас суреттері және тарихи жазбалар домбыраның ежелгі түркі халықтарының мәдениетінде болғанын көрсетеді. 

Домбыра - қазақ халқының ең маңызды ұлттық музыкалық аспабы. Ол өңірлік ерекшелігі мен дыбысы жергілікті дәстүрлерге, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әр түрлі болып келеді. Мысалы, Солтүстік және Орталық Қазақстанда шағын, 7-9 пернелі домбыралар кең таралса, Батыс Қазақстанда шанағы жұмыр, мойны ұзын, 12-14 пернелі домбыралар қолданылады.

Домбыраның тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алады және Орталық Азияның көшпелі халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты. Археологиялық қазба жұмыстары мен тарихи деректер домбыраның түп-тамыры ежелгі түркі дәуіріне, тіпті одан да ертерекке – тас дәуіріне (б.з.д. 4000 жыл) баратынын көрсетеді.

Белгілі түркітанушы Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеуі бойынша, Моңғол Алтай тауының Жарғалант-Қайырқан жотасындағы үңгірден екі ішекті, тоғыз пернелі домбыра тектес аспап табылған. Аспаптың шанағында бұғы мен бұлан бейнелері, мойнында ежелгі түркі руна жазулары бар. Бұл аспаптың түркі дәуірінде (б.з.д. V ғасыр) қолданылғаны анықталған.

Сондай-ақ, Ежелгі Хорезм қаласының қазба жұмыстарында екі ішекті аспаптарда ойнаған музыканттардың терракоталы мүсіншелері табылған. Ғалымдар бұл аспаптардың қазақ домбырасына ұқсастығын растады, олар шамамен б.з.д. ІV-ІІІ ғасырларға жатады.

1989 жылы Алматы облысының Майтөбе үстіртінде табылған жартас суреттерінде домбыраға ұқсас аспап ұстаған билешілер бейнеленген. Археолог Кемел Ақышевтің зерттеуі бойынша, бұл суреттер б.з.д. 4000 жылға, яғни неолит дәуіріне тиесілі. Бұл да домбыранының әлемдегі ең ежелгі ішекті аспаптардың бірі екенін анықтай түседі.

Белгілі зерттеуші Мұрат Ақмырзаевтың дерегі бойынша, Египет пирамидаларының жер асты бөлігіндегі мәтіндерде екі ішекті, тиекті домбыраға ұқсас аспаптың суреті кездеседі, бұл да оның тарихын одан әрі тереңдетеді.

Бұл қазбалар мен суреттер домбыраның тек қазақ мәдениетінде ғана емес, бүкіл түркі халықтары арасында ежелден қолданылғанын дәлелдейді. Оның прототипі көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы болған деп есептеледі.

Домбыра - екі немесе кейде үш ішекті, көп пернелі шертпелі аспап түріне жатады. Қазақтың ішекті аспаптарына домбырамен қатар қобыз, шертер және жетіген жатады. Домбыра – шертпелі ішекті аспап, әдетте екі немесе үш ішегі жылқы қылынан немесе қазіргі кезде нейлоннан жасалады. Ежелгі домбыраларда ішектер қой-ешкінің ащы ішегінен ширатылып, арнайы өңделген. Қобыз – садақпен тартылатын екі ішекті аспап, оның шанағы ожау тәрізді, беті көнмен қапталады. Шертер де домбыраға ұқсас, бірақ пішіні мен дыбысы өзгеше. Жетіген – жеті ішекті, гуслиге ұқсас аспап.

Археологиялық деректерге сүйенсек, ішекті аспаптардың тарихы терең. Мысалы, әл-Фарабидің “Музыка туралы ұлы трактатында” домбыраға ұқсас “таңбура” аспабы сипатталады, оның бес ішегі болған. Хорезм мен Жетіасар қалашығынан табылған екі ішекті аспаптар да осы дәуірден сыр шертеді.

Домбыраның прототипі сақ, ғұн және түркі тайпаларының мәдениетінде кең таралған. Ол көшпелі халықтардың рухани өмірінде маңызды рөл атқарды: күй арқылы тарих, аңыздар мен өмір философиясы жеткізілді. Домбыраны жасауда жылқы қылы, қой-ешкі ішегі және ағаш қолданылды, бұл көшпелі өмір салтына бейімделгенін көрсетеді.

Қазақ аңыздарында домбыраның шығу тегі Алтай тауларындағы ағайындылар туралы әңгімемен байланысты. Аңыз бойынша, ағайындылардың бірі ағаштан алғашқы домбыраны жасап, оған “шайтан тиек” деген атау беріледі. Бұл аңыз домбыраның мистикалық және рухани мәнін бейнелейді.

Аңыз бойынша, ерте замандарда Алтай тауларында екі ағайынды жігіт өмір сүріпті. Бір күні інісі аң аулау кезінде қайғылы жағдайда қаза табады. Ағасы інісінің өлімінен қатты қайғырып, оның рухын еске алу үшін аспап жасауды ұйғарады. Ол түсінде інісінің рухынан шабыт алып, ағаштан домбыраның алғашқы нұсқасын жасайды. Аспаптың шанағын ағаштан ойып, ішектерін жылқының қылынан, ал тиегін (домбыраның мойнын шанақпен жалғастыратын бөлігін) ерекше пішінде жасайды. Ежелгі наным бойынша, мұндай пішіндер тылсым күштермен байланысты деп есептелген. Әрі ежелгі шеберлер тиекті ерекше пішінде жасап, оған мистикалық мән берген.

Бұл тиек “шайтан тиек” деп аталады, өйткені оның пішіні шайтанның мүйізіне ұқсайды деп есептелген немесе аспаптың дыбысы тылсым, сиқырлы болғандықтан осылай аталған. Яғни “шайтан” сөзі мұнда теріс мағынада емес, керісінше, аспаптың сиқырлы, адамның жан дүниесін тебірентетін қасиетін білдіреді. Домбыраның дыбысы тыңдаушыны баурап алып, рухани әлемге жетелейді.

Ағасы домбырада ойнағанда, інісінің рухымен байланысып, оның даусын естігендей болады. Домбыраның күйі арқылы ағасы өзінің қайғысы мен сағынышын білдіріп, халықтың жүрегін тебірентеді. Осылайша, домбыра қазақ мәдениетінде рухани және мистикалық аспап ретінде қалыптасады.

Аңыз домбыраны тек музыкалық аспап емес, рухтар әлемімен байланыстыратын құрал ретінде көрсетеді. Күй арқылы адамдар ата-бабаларымен, табиғатпен және тылсыммен байланысады.

Ежелгі домбыралар екі ішекті, қарапайым пішінді болды. Шанағы ағаштан немесе теріден, ішектері жануар ішегінен жасалды. Пернелер саны аз (4-7 перне) болған, бірақ кейін күй өнерінің дамуымен пернелер саны артты.

Домбыра тек музыкалық аспап емес, ол қазақ халқының рухани болмысының символы. Ол арқылы тарихи оқиғалар, халықтың қуанышы мен қайғысы, философиялық ойлар күй түрінде жеткізілді. Домбыра күйшілік өнердің негізі болып, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енген құнды дүние. 

Домбыра пішіндеріне, ішек санына, дыбыс ерекшеліктеріне және қолданылу мақсатына байланысты әртүрлі болады. 

Ән және күй домбырасы: Бұл домбыра ән мен күй орындауға арналған, әдетте 8-9 перне, кейде 14-15 перне болады. Күй домбыралары 20-дан астам пернемен жасалады, бұл күрделі күйлерді орындауға мүмкіндік береді.

Торсық домбыра: Шанағы кең, дыбысы терең, көбінесе салмақты күйлер үшін қолданылады.

Кең шанақты домбыра: Екі нұсқада кездеседі, дыбысы қоңыр әрі күшті болады.

Үш ішекті домбыра: Семей облысында кездесетін сирек түрі, ежелгі шертер аспабына ұқсас.

Қуыс мойын домбыра: Мойны ұзын және іші қуыс, батыс өңірлерде кең таралған.

Бүктемелі және желбезекті домбыра: Арнайы пішінді, шеберлердің шығармашылығына байланысты жасалады.

Шіңкілдек (балақай домбыра): Кішірек өлшемді, балаларға арналған.

Оркестрге арналған кәсіби домбыралар болады. Олар прима, альт, тенор, бас және контрабас түрлерімен қатар қолданылады.

Мұндай кәсіби деңгейдегі домбыралар 1934 жылы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің құрылуымен дамыды. 

Енді осы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің құрылу тарихына тоқталайық:

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі – қазақтың ұлттық музыка өнерінің қара шаңырағы, Қазақстандағы алғашқы кәсіби халық аспаптар оркестрі. Оның тарихы 1934 жылы басталады. Оркестрдің құрылуына академик, композитор және дирижер Ахмет Жұбанов негіз болды, ол қазақтың халық музыкасын кәсіби деңгейге көтеруді мақсат етті.

Оркестрдің алғашқы қадамдары 1933 жылы Алматыдағы Музыкалық-драма техникумы (қазіргі Алматы музыкалық колледжі) жанынан домбыра ансамблі ретінде басталған. Бастапқыда ансамбль құрамында 11 адам болды, олар домбырада халық күйлері мен әндерін орындады. 1934 жылы 25 маусымда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің №220 жарлығымен ансамбль ресми түрде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі деп аталып, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырыла бастады.

Оркестрдің алғашқы құрамы және аспаптары

Оркестрдің бастапқы құрамына техникум студенттері мен халық музыкасының шеберлері кірді. Негізгі аспаптарға домбыра, қобыз, сыбызғы, сырнай, дауылпаз және басқа да ұлттық аспаптар енді. 1934 жылы оркестрдің дамуына орыс халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы В. Андреевтің тәжірибесі әсер етті, соның нәтижесінде домбыраның жаңа түрлері – прима, тенор, бас және контрабас домбыралар, сондай-ақ альт, бас және контрабас қобыздары жасалды. Бұл аспаптар өз кезегінде оркестрдің дыбыс диапазонын кеңейтіп, полифониялық және гармониялық мүмкіндіктерін арттырды.

Бастапқыда оркестрдің репертуары да қарапайым еді.  Халық күйлері мен әндерінен тұрды, мысалы, Құрманғазының “Сарыарқа”, “Балбырауын”, “Серпер”, Дәулеткерейдің “Қосалқа” күйлері секілді күйлері орындалып жүрді. Кейіннен орыс және батыс еуропалық классикалық шығармалары қосылды. Музыкантар бұл шығармаларды қазақ ұлттық аспаптарына бейімдеп орындау дәстүрін қалыптастырды. 

Оркестр халық күйлерімен қатар, орыс композиторы Россинидің “Севиль шаштаразы” операсының увертюрасын орындап, ұлттық аспаптардың әлемдік классикалық шығармаларды орындауға қабілетті екенін дәлелдеді.

1934 жылы халық өнерпаздарының Бүкілодақтық слеті болды. Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Мәскеуде өткен халық өнерпаздарының Бүкілодақтық 1-слетіне қатысып, “Кеңес”, “Айжан қыз”, “Қарабас” сияқты күйлерді орындады. Бұл шара оркестрдің кәсіби деңгейін көрсетіп, оның болашақ дамуына жол ашты. 

Оркестр 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде де жоғары бағаға ие болды. 1936 жылы 3 қарашада А. Жұбановқа және оркестрдің солист-әншілері У. Қабиғожин мен Л. Мұхитовқа “Қазақ АКСР-ге еңбек сіңірген әртіс” атағы берілді.

Оркестрдің бағындырған белестері

1944 жылы: Оркестрдің құрылғанына 10 жыл толуына орай оған ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. Сол жылы Ташкентте өткен Орта Азия республикаларының музыка байқауында оркестр бірінші орынды жеңіп алды.

1967 жылы Оркестр “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұжымы” атағын алды.

1978 жылы Академиялық мәртебеге ие болды.

1984 жылы “Халықтар достығы” орденімен марапатталды.

1953 жылы Бухарестте өткен жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік фестивалінде алтын медаль жеңіп алды.

Оркестрдің репертуары үш салаға негізделді: 

Халық күйлері - Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Абыл, Қазанғап сияқты күйшілердің шығармалары.

Қазақ композиторларының шығармалары - А. Жұбановтың “Қазақ маршы”, “Абай” сюитасы, Е. Брусиловскийдің “Думан”, “Желдірме”, Н.Тілендиевтің “Поэмасы”, С.Мұхамеджановтың “Шаттық Отаны” сияқты шығармалар.

Әлемдік классика: Батыс Еуропа композиторларының шығармалары (мысалы, Россинидің увертюралары) ұлттық аспаптарға бейімделіп орындалды.

Оркестірдің негізін Ахмет Жұбанов қалады. Нақты айтар болсақ, Жұбановтың бастамасымен 1933 жылы Алматыдағы Музыкалық драма техникумы (қазіргі Алматы музыкалық колледжі) жанынан домбыра ансамблі құрылды. Оның құрамында 11 адам болды, ал музыкалық аспаптарынан тек альт-домбыралар пайдаланылып, халық күйлері мен әндері орындалды.

Сондай-ақ Шамғон Қажығалиев, Мұқан Төлебаев, Нұрғиса Тілендиев, А. Мырзабеков, Л. Хамиди, Қ. Мусин, Л. Шаргородский сынды тұлғалар жетекшілік етті.

Құрманғазы атындағы оркестр – қазақтың ұлттық музыка өнерінің символы. Ол қазақ күйлерін кәсіби деңгейде насихаттап, әлемнің 80-ге жуық елін (Франция, Италия, Қытай, Түркия, т.б.) аралап, ұлттық мәдениетті танытты. Оркестрдің 85 жылдығына (2019) орай “Ұлы даланың ұлы оркестрі” атты мерейтойлық концерт өтті, онда әлемдік хиттер мен қазақ күйлері орындалды.

Оркестрдің құрылуы домбыраның жаңа түрлерінің дамуына (прима, бас, контрабас) және ұлттық аспаптардың кәсіби оркестрде қолданылуына жол ашты. Бұл қазақ музыкасының әлемдік аренада танылуына ықпал етті. Оркестрдің негізін қалаушы А. Жұбановтың сөзімен айтқанда, Құрманғазы оркестрі – қазақтың інжу-маржаны болды. 

Оркестрдің репертуарындағы күйлер қазақ домбырасының шекарасын кеңейтті. Ахмет Жұбановтың басшылығымен басталған бұл оркестр домбыра мен басқа ұлттық аспаптарды кәсіби деңгейге көтеріп, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі зор. Оның репертуары, құрамы және халықаралық жетістіктері қазақ музыкасының байлығын паш етеді. 

1934 жылы құрылған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі – қазақтың ұлттық музыка өнерінің негізін қалаған бірегей ұжым. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?