Хаттар әдеби-көркем, іскерлік хаттар, жеке адамдардың хаттары болып бөлінеді. Хаттарды зерттейтін тарихшы үзік эпизоттарды байланыстырып, ерекшелігіне сай, жүйеге келтіруі де өте маңызды. Қазақ халқының хаттары аумалы-төкпелі замандарда жойылып кеткенін өкінішпен айтар едім. Десе де шет ел мұрағаттарындағы, жеке қолдарда сақталған деректер бүгінге жетіп отыр. Бізге жеткен хаттардың бір парасы ағартушы-ұстаз Ыбырай (Ибраһим) Алтынсаринның хаттары.
Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин 1841 ж. 20 қазанда (1 қараша) Қостанай облысы, Затобол (Алтынсарин) ауданында дүниеге келген. Ол өзінің саналы ғұмырын қазақ мектептерін ашу мен білім беру мен тәлім-тәрбие мәселесіне арнады. Педагог-ұйымдастырушы Ыбырай Алтынсарин туралы орыс шығыстанушылары мен замандастары В.В. Григорьев, Н.И. Ильминский, А.А. Бобровников, Ы. Алтынсариннің шәкірті, әрі әріптесі Ғ. Балғымбаев, қазақ ғалымдары С. Аспандияров, С. Сейфуллин, М. Ауезов, М. Жолдыбаев, Ә. Қоңыратбаев, С. Мұқанов деректер жазып қалдырды. Оның педагогикалық мұрасы жайындағы тұңғыш монография «Ы. Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» деп аталды, авторы Ә. Сыдықов.
1953 жылы тарихшы М. Ақынжановтың «Ы. Алтынсарин» деген төрт актілі, сегіз суретті пьесасы, Ғ. Қайырбековтың: «Дала қоңырауы» жыр жинағы, 1975–1978 жылдар аралығында үш томдық жинағы, 1879-2015 жж. жарық көрген еңбектердің библиографиялық көрсеткіші жарық көрді.
Ы. Алтынсариннің хаттарына келсек, балалрдың үйлеріне жазған хаттары үлгісіндегі, туыстық хаттар, ата-анасының баласына жазған хаттары, қызмет бабындағы хаттар,нұсқау, баяндама хаттар, рапорттар, достық хаттар.Ыбырай танушы Ә. Ламашевтың пікірінше, Н.И. Ильминскийге 92 рет хат жазған екен, соның қазір 29 ғана белгілі.
Ы. Алтынсариннің басты мұраты, қазақ жастарына білім беруді тиімді жолмен шешу. Соның бірі – хат. Хаттарды әркімнің атынан өсиет түрінде жазғанда бағыттаған адамына әсері өте күшті болатынын ескеріп, сабақта хат үлгісін пайдаланды. Аударма мысалдарды оқулыққа кіргізуді жөн көрмеді. Себебі, қазақы қоғам орыстың мысалдарын қабылдауға дайын болмады. Сондықтан түсінікті және танымдық әңгімелер, жұмбақ, мақал-мәтел, хат түрінде жазып жеткізді. Мысал: Ыбырай атамыздың «Балғожа бидің баласына өсиеті» деген өлең түрінде жазылған хатын алайық. Бұл хатты ұзақ жылдар Балғожа би Жаңбыршыұлы немересіне жазған хаты деп келген едік, Ы.Алтынсарин еңбектерін жинап, құрастырушы-тарихы Б. Сүлейменов осы туынды туралы «Ыбырай атамыздың жазған хаты» деген тұжырым жасаған. Ы. Алтынсарин өзінің сабағында оқушыларға хат жазудың үлгісі ретінде ұсынса керек. Ата-ана атынан жазылған хат мазмұны жылы әрі үмітке толы. Ол осылай балалардың санасына білімді өте төте жолмен құя білді. Хаттан үзінді келтірейік:
«Атаңды сағындым деп асығарсың.
Сабаққа көңіл бөлсең басыларсың.
Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,
Надан боп, білмей қалсаң, аһ ұрарсың».
Ы. Алтынсариннің достарына жазған хпаттары даь тәрбие мен үлгі өнегеге толы. Мысалы, Торғай қазақтары арасында аса қадірлі, даңқты атасы Балғожа атасының қайтыс болғаны туралы Шекара басқармасының қызметкері және Орынбор қазақтарының приставы Лев Николаевич Плотниковке 1859 ж. 7 маусымда жазған хатында: « Осынау қапасқа түскен кезімде бұл сөзіңіз мені шексіз қуантып тастады, мен күллі ата-бабам тәрізді қыр түлегі болсам да, жасаған ием барша жұртпен бірге маған да ұлы адамдардың рахымын айыра білу және сол рахымын өле-өлгенше ұмытпай, есте сақтау қабілетін берген. Мен сол жолдан таймауға серт байлаған жанмын.
…Сонымен қатар атамнан қалған мал-мүлкімді өз еркімше іждаһаттап тәртіпке келтіру үшін, оның алдындағы ақырғы фарызымды өтеу үшін, мұның бәріне ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, көп уақыт, көп мехнат жұмсалатынын ескеріп, Сіздің біраз уақытқа мәуліт беруіңізді өтінемін. Оны білетіндерді, Һәм қадір тұтатындарды ренжітіп аламын ба, деп хауіптенемін. Өтйкені ол кісі мұндайға қиятын кісі емес еді ғой. Бұл күндері мен есімі мәңгі бақи естен кетпес қадірлі атамның аруағы разы болсын деп, басына белгі салдырғалы жатырмын, қышы да, әгі де әзір, һәм орната да, бастадық» дейді. Академик Ә. Марғұлан: «он сегізге жаңа келген жас жігіттің білімге толы жан сарайы, адамгершілігі, өзі ұшқан ұяға деген махаббаты мен отаншылдық ыстық сезімі айқын көрінеді. Бұл хат аға буынға салқын-самарқаулықпен қарайтын кейбір жастарға үлкен тағылым, ата–анасын айырықша қадір тұтудың парасатты үлгісі болмақ» дейді.
«Оқудағы балалардың үйіне жазған хаттарында» да дәстүрлі қазақ отбасындағы сыйластық пен тәлім-тәрбиеге мән берген. Мәселен: «Қамқор, дуагөй атам және әжем, сіздерге ықыласты сәлемімді жолдап қаламын. Өзім сіздердің оң баталарыңыздың арқасында, сау-саламат бармын. ... Осы хатты тапсырушыдан Хадишаға екі қадақтай конфет жібердім, Қадиша кішкене бала ғой, ағам жіберді деп, қуанып қалсын» деп жазса, келесі хаттарда: «Ай, аға, әкеме айтып, жылы ағаш үй салып алыңызшы. Киіз үй жазды күні қанша жақсы болса, қысты күні сонша жаман ғой. Суық киіз үйде қыс күні бүрісіп, алдың отқа жылынса, артыңнан суық ұрады. Не таза жуынуға болмайды, не таза тамақтануға болмайды. Осындағы оқымысты дәргерлер айтады: қазақтың дертінің көбісі – не бойын суыққа алдырғаннан, не тазалық жоқтан пайда болады, дейді». Бұл хаттардан, қазақ халқының мейірімін, қамқорлығын, бауырмалдықты көргендейміз. Өзі кішкене ғана оқушы бала, қарындасын қуанту үшін сәлемдемесін жіберіп, атасы мен апасын қуанту үшін, Сіздердің тәрбиелеріңіз мені жақсылыққа жетелеп келеді, деп жазып отыр. Бұл хат, сонау он тоғызыншы ғасырдан хабар жеткізген, қазақ халқының қаншалықты білімге құмар екенін, жүрегі мейірімге толы екенін көрсетіп тұрғандай.
Бірінші қазақ педагогі Ыбырай Алтынсарин екі негізгі мақсат қойды: біріншісі – мектеп ашу, балаларды оқыту және жалпы халықты ағарту; екіншісі – халықтың санасын жаңаға бейімдеу. Ы.Алтынсарин осы екі мақсатқа жету үшін ең қиын жағдайда жұмыс істеді. Көптеген кедергілер болды. Жалған мәлімдемелердің қанша түрі табылды: жала жапты, кінәлады, оқыту, қаржы қол байлау болды. Бірақ ол қиындыққа мойымай, болашаққа ерекше оптимизммен қарады. Ол өз армандарын орындай алмаса да, болашақта жастар оларды жүзеге асыратынын білді.
Ы. Алтынсарин өз хаттары арқылы айналасында орын алып жатқан жайттар мен қоршаған ортаға деген көзқарасын, сондай-ақ туған халқының келешегі туралы ой-арманын білдіріп отырды. Ағартушының мазмұны аса терең қай хаты да оңай оқылады. Əрбір хат ойыңа ой қосып, сол кездегі қоғам өмірінен сыр тартады.
Ыбырай Алтынсаринның шығармашылық жетістіктері ақындықпен, жазушылықпен, аудармашылықпен шектеліп қалған жоқ. Ағартушының публицистикалық мақалаларының да маңызы орасан зор. Зерттеушілер бұларды үш топқа бөледі: а) хаттары; ə)экономикалық, саяси-əлеуметтік тақырыптарға жазып, «Оренбургский листок» газетіне бастырған мақалалары; б)этнографиялық тақырыпқа жазған очерктері.
Ыбырай Алтынсарин – туған халқын, байтақ кең даласын беріле сүйген патриот адам. Елді надандықтан, қараңғылықтан жарық дүниеге, білім өріне алып шығу ісін оны жайлаған зорлыққа, әділетсіздікке, отаршылдыққа қарсы күресе беру идеясымен тұтастықта қарайды. Мұны заманының қысымы мен таршылығына қарамай жүргізген азаматтық ерлігі десе де болады.
Ыбырай Алтынсаринның бүкіл өмірі өзінің ағартушылық-педагогтік ойларын, іске асыруға, халық пайдасына жарату жолындағы күреске арналды. «Мектеп қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде. Менің бел байлаған ойым, қазақ уездерінің өз ортасынан, неғұрлым тезірек, бір-екі кластық мектеп ашып, оның негізін берік қалау ... Мұның үстіне мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына, мысалы, құрғақ, жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін. ... Кейін парақор болып шықпауы үшін бар күшімді салып отырмын» дейді бір хатында.
Қорытынды ойды заңғар жазушы М.Әуезов пікірімен берсем: «Шоқанның ғалымдығында, Абайдың ақындығында дау жоқ, іс жағынан Ыбырай озық». Ы.Алтынсарин ашқан мектептен А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды зиялы азаматтар қанатын қатайтып, халыққа қызмет етті. «Маса» болып ызыңдап, қалың ұйқыдағы халқын оятты, «Оян, қазақ» деп ұран тастады.
Ұлы тұлғалар есімі ұмытылмақ емес.
Аясын Қалелжан, 8 «б» сынып оқушысы
Жетекші: тарих пәнінің педагог-шебер мұғалімі Н. Махатова