Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Байтайлақ батырдың ұрпақтарын білеміз бе?

3404
Байтайлақ батырдың ұрпақтарын білеміз бе? - e-history.kz
Бағзы заманнен бері Еуразияның кең даласында қатар өмір сүрген қазақ пен ойрат – екі жауынгер ел бірде жауласып, бірде татуласып өмір кешіпті. Олар үнемі жаугершілікте болды деп және айта алмаймыз

Кей заманда татуласып қыз беріп, қыз алысып жақындаса бастаған кезі де болыпты. Алайда, мұндай рухты, киіз туырлықты екі көшпенді халық әлдеқалай бірігіп кетсе дес бермесін сезген Ресей мен Шың елі екі көршіні арагідік араға от салып шағыстырып, жауластырып отырғанын көреміз.

Тарихта «Қазақ хандығының алтын ғасыры» атанған Әз Тәукенің тұсында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дейтіндей, халық өсіп-өнген, қару-жарағы сайма-сай, жауларына дес бермеген кең кезең болыпты. Сол тұста Орта жүздің мол жасағы құрамындағы керейлердің үлкен қолы болған деседі. Басқа рулардың да жеке-жеке мықты жасактары да болғаны анық. Қазақтың «бақ басқа қонады» дегені рас-ау, сірә. Әз Тәукенің көзі кеткен соң бақ тайып ғайып болғандай. Бақ пен тақ таластың кесірінен бағзы берік тәртіп, береке бірлікке сызат түсті. Осал тұсты аңдыған ақ патша билігі жоңғардың қолтығына су бүркіп, зеңбірекпен қаруландырып қазақ жасағын әлденеше талқандатты.

Осы бір кер заман тұсындағы етігімен су кешкен ерлердің – бірі Байтайлақ батыр Бәйімбетұлы. Сол заманна жеткен аңыз бойынша, зобалаңды қырғынның бірінде жаумен шайқасып жүрген Байтайлақ батыр қатты жарақат алып, қарулас адал серігінің бірі мерт болыпты. Байтайлақ батырдың қалың етіне енген жебенің ұшы сынып қалып қойған екен. Майданнан тыныс алған мезетте қаруластары батырдың жарақатын емдемек болады. Сол тұста әйгілі сынықшы, оташы, шипагер Байғара Сатыбалдыұлының көзі тірі кезі екен. Байғара шипагер батырдың денесіндегі жебенің сынығы тереңде екенін байқап, сығым толар-толмас үш қарыс ұзындықтағы үш жас қайың келтек әкелуді тапсырыпты. Әкелген жас қайыңның үш кесіндісінің бірін батырға көлденең тістетіп, екеуін екі қолына сығымдата ұстатып, бірнеше мықты жігітке батырды қозғалтпай ұстатып қойып, қалың етті тіліп, қарудың сынығын алып, дәрі салыпты. Бұдан соң құрым киіз күйдіріп басып қанын тоқтатыпты. Байтайлақ батыр қатты ауырсынғанда тістеген жас қайыңды үгіп, қолындағы жас қайыңның қысым күшімен суы сорғалаған екен. Бәйімбетұлы Байтайлақ батыр жан шыдатпас қаһарынан бөлек шексіз қара күш иесі болғаны айтылады.

Байтайлақ батырдың тән жарасы емес, қазақтың кеткен кегі жан жарасы да қатты қинаса керек. Батырдың қосымен іргелес қостағы дүбірлеген әңгіменің бірінде біреу: «Байтайлақ батырдың тірі қалғаны қандай жақсы болды!» десе керек. Жаралы тәні ғана емес қарулас серігінен, адал досынан айырылып жаны жаралы қиналып жатқан Байтайлақ батыр: «Еркектен еркектің, өлімнен өлімнің айырмашылығы бар ма? Анау кім? Кім болса да алып келіңдер. Келіп кім болса да жауабын берсін» депті. Жастайынан ерлігімен көзге түскен жас батырдың сөзін екі етпей, әлгі әңгіме-дүкен құрып отырған адамды Байтайлақ батырға алып келеді. Байтайлақ батыр әлгі жігіт ағасына қарап: «Еркектен еркектің, өлімнен өлімнің қандай айырмашылығы бар? «Жан серігімнің орнына өзім өлсем болар еді!» деп қан жылап жатсам мына сөзіңіз не?» депті. Сонда әлгі жігіт: «Жөн сөз. Батырдан батырдың, өлімнен өлімнің айырмашылығы қайдан болсын. Менің айтпағым ол емес еді. Сен үйленіп те үлгерген жоқсың. Сен өлсең, ертең сенің орныңа кім қару ұстап ұрандап шығады? Оның бірнеше ұлы бар, жанға медет әке орнын сол басар. Елдің жауы да, жердің дауы да бүгінмен бітпес болар» деген екен.

Бақыт, байлықтың басы – жер, жердің иесі келешек ұрпақ екенін сөздің ыңғайынан түсінген батыр сөзге тоқтасады. Біздің бабаларымыз сондай қиын қыстау кезеңдерде де ұрпақ өсіріп, тәрбиелеген. Байтайлақ батырдың өмір сүрген уақыты – жалпақ жатқан керей тайпасының екіге бөлінбеген бір керей атауымен жүрген дәуір екен. Сондықтан да жазбаша, ауызша деректерге «Керей Байтайлақ батыр» деп кездеседі. Яғни, ашамайлы, абаққа бірдей ортақ батыр. Байтайлақ батырдан қанша ұрпақ тарағаны беймәлім. Шежіре бойынша Бәйімбетұлы Байтайлақтан: Шұбаш (батыр) Сарбас, Шақантай, Қонай, Жаманқара, Қалқа деген балаларының ұрпағы шеруші руының үлкен бір тармағы болып тараған. «Байтайлақтың он бір ұлы болған» деген айтылымға негіздесек, өзге ұрпақтары қайда деген сұрақ туады. Себебі, Байтайлақ батырдың кейбір ұрпақтары ашамайлы керейлерге сіңісіп кетті деген аңыздар да сақталған. Толқымалы қиын-қыстау кезеңде әкесінің басын тастап алысқа көшіп кете алмай, зиратын паналап ескі қоныста қалып ет-жақын араласқан аталастармен қоңсыласа жүріп, замандар өткенде сол елдердің бір бөлімі болып сіңісіп кетуі ықтимал ғой. Бір рудың адамдары тұрмақ, естек, қалмақ, қырғыз, түрікпен, т.б. өзге ұлттардың өзі белгілі бір рудың бір тармағына айналып, кірігіп кетіп жататын ізгі жолымыз бар емес пе. Байтайлақ батыр елуге жетпей қайтыс болғанын ескерсек, кіші әйелдерін өзге аталастары әмеңгерлікке алып, Байтайлақтың балалары жас болып өгей әкесінің атымен аталып кетуі де мүмкін. Байтайлақ батырдың әкесі Бәйімбеттің інісі Қожамқұлдың бес баласы Игілік, Бәни (бұл лақап аты), Өтеғұл, Көктембай, Сармырзалардың ұрпақтары Алматы облысы Ұзынағаш ауданының маңында 600-ден астам отбасы болып өсіп өмір сүріп жатқаны айтылады. Осы орайда солтүстік өңірлердегі керейлер арасында «тікелей Байтайлақ батырдың ұрпағымыз» дейтін немесе «Құтымбеттен, Ұзынмылтықтан, Бәйімбеттен тараймыз» дейтін аталардың ұрпақтары болса хабарласуларыңызды сұраймыз. Бұл «тіл мен жақты айыру» емес керісінше түбі бір, тегі бір атаның ұрпағы ғасырлар өткенде қайта табысып жатсақ нұр үстіне нұр болар еді дегендік.

Байтайлақ батырдың әкесі Бәйімбет, Бәйімбеттің әкесі Құтымбет лақап аты – Ұзынмылтық. Бәйімбетұлы Байтайлақ батыр шамамен 1695-1745 жылдары өмір сүрген. Байтайлақ – он екі ата абақ керейдің үлкен бір руы шеруші руының ұранына айналған. Байтайлақ батырдың зиратын ғасырлар бойы жұрт киелі санап зиярат етіп келеді. Зираты қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылынан бес шақырым жерде, Қулыкөл ауылына шығатын бағыттағы жол бойында орналасқан.

 

Білімтай БІЛӘЛҰЛЫ

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?