Экспедициялық жорықтар
Қазақияны отарлау үшін Ресей империясы алдымен экспедициялар жасақтап, барлау жұмыстарын жүргізді. 1383 жылдың өзінде миссионерлік бағытта құрылған топ ХV ғасырдың басында Оралға бірнеше әскери жорық жүргізді. Скряб отряды 1465 жылы, Пестр отряды 1472 жылы Об өзеніне дейін жетті. 1483 жылы князь қара Ф.Курбскийдің мергендер отряды Искер қаласына дейін барды.
Ал, қазақ даласы мен Орта Азияны барлау үшін алғашқы экспедиция 1713 жылы жасақталды. Оны Александр Бекович-Черкасский басқарды. Ресей билеушілері өздерінің озбыр саясатын қолдаған кіші халықтардан шыққан сатқын өкілдердің қолтығына су бүркіп, түрлі әскери, дворяндық шен, титулдарды аямай үлестіріп, өз мақсаттарына пайдалана білді. Сондай саясат торына түскендердің бірі жоғарыдағы қабардин бегі Бекович-Черкесский еді. Оған «князь» атағы берілді [1].
Осы Бекович-Черкасскийді І Петр патша болашақта Азияны отарлау жоспарына пайдалану үшін 1707 жылы «әскери өнер үйренсін» деп Еуропаға оқуға жібереді. 1713 жылы оқуын тәмамдаған князьға Орта Азияны барлау экспедициясын басқартады.
Құрамында 4000-ға жуық мүшесі бар экспедиция Астраханнан шығып, Гурьевке келеді. Одан Ембіні көктей өтіп, Хиуаға беттейді.
Бұл экспедицияны хиуалықтар достық сыңай танытып қабылдайды да, алдап соғып бәрін қырып тастайды. Бұл қырғыннан бірде-бір экспедиция мүшесі аман қалмайды, Бекович-Черкасскийдің өзі де қаза табады.
1714 жылы І Петр патшаның атына Сібірдің бірінші губернаторы Матвей Гагарин жіберген хат келіп түседі. Онда қазақ даласын барлау, игеруді Ертіс дариясы арқылы іске асыруға болатыны айтылған. Осы хатқа І Петр патша: «Ертісті өрлей жүзетін экспедиция жасақталсын, Ямышев көлі жанынан бекініс салынсын!» – деп қол қояды [2].
Бұл жерде орыс патшасы Сібір губернаторының хатын басшылыққа алып отыр. Ал, губернатор Ямышевке бекініс салу жайынқалай білді дегенге ойыссақ, бұдан көп бұрын аталмыш өңірге жасырын бірді-екілі орыс барлаушы-тыңшылары барып, жағдайды біліп, мәлімет жинағаны белгілі.
Хиуа оқиғасынан сабақ алған Ресей билеушілері аса сақтықпен, Ертіс бойын барлау үшін Бухгольц экспедициясын жасақтайды. 1714 жылы маусымда жолға шыққан 4 мың адамдық экспедиция Ертісті бойлай жүзіп, қазақ даласына дендеп енген соң, Ямышевск (қазіргі Павлодар об. Аққу ауданы жерінде) бекінісін салды.
Одан әрі жылжуға Жоңғар шеріктері қарсылық көрсетіп, ерік бермейді. Ойрат билеушісі Цевен-Рабдан өзінің немере інісі Церен-Дондукты жасағымен жіберіп, орыстарды бекіністі тастап кетуге мәжбүрлейді.
Осы қақтығыс кезінде швед артиллериясының сержанты, еврей тұқымдас Иоган Густав Ренат (1682-1744) ойраттар қолына түседі. Ренат – швед әскери қызметкері және картограф. Шығыс Түркістан және Жоңғария картасын тәптіштеп жасаған алғашқы еуропалық.
Бұл экспедиция қайтар жолында Омбы өзенінің құйғанына тағы бір бекініс орнатып, оны «Омск» деп атады. Орыс жылнамасында «аталмыш экспедиция өте табысты оралды» деп жазады. Себебі, бұлар Ертіс бойындағы 800 шақырым жерді барлап, Ресей үкіметіне бұл жерді «иелік етуге болады» деген нақты жоба ұсынды. Ресей патшасы отарлау ісіне қатысты, жіберілген кішкентай қателіктің өзін кешірмеді. Мысалы, Бухгольц экспедициясының кейбір сәтсіздіктеріне қатысты экспедиция басшысы Бухгольцті түрмеге жапса, дер кезінде көмек көрсетпегені үшін Сібір губернаторы князь М.П. Гагаринді Петерборда дарға асты.
1717 жылы Бухгольц экспедициясы Петерборға оралған соң, іле-шала ізін суытпай, полковник П. Ступин басқарған екінші экспедиция жолға шықты. Бұлар іргесі қаланған Ямышев (Жәміш) бекінісіне тұмсық тіреп, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар П. Северский басқарған отряд Железинск бекінісін салуды қолға алса, В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін тұрғызды.
1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырдан ант қабылдатып алған ресейліктер Кіші жүз шебін қауіпсіз санап, Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтарына жорық-экспедициясын ұйымдастыруды көздеді. І Петрдің нұсқауымен 1734 жылы қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды.
Оны патшаның сенімді серігі И.К.Кириллов (1689-1737) басқарды. Оның көмекшісіне қазақтардың тілін, дәстүр-салтын жақсы білетін А.Тевкелев тағайындалды. Бұл экспедиция тарихта «Орынбор экспедициясы» деп аталды. Міндеті: қазақ даласының жер жағдайын зерттеу және жер бедерін картаға түсіру еді. Аталмыш экспедиция отарлау стратегиясын жүргізудің қызметін атқарды. Нәтижесінде, Кириллов «Қырғыз-қайсақ ордалары туралы түсіндірулер» атты еңбек жазды.
Осы экспедиция басшысы Кирилловқа қатын патша өз тарапынан тікелей 18 мамыр күні былай деп тапсырма берген:
• Ордада болып жатқан оқиғалар жайлы хабар алып келу;
• Қазақтардың жоңғармен соғысы жайлы толық мәлімет білу;
• Қазақтардың Ресейге көзқарасы қандай?
• Жоғарыдағы мәселелерді толыққанды атқару үшін башқұрт пен қазақтардың арасынан сенімді адамдарды іріктеп, сол өңірге жіберіп (тыңшылық мақсатында) олар әкелген мәліметті Сібір губернаторына хабарлау [3].
Кирилловтан кейін бұл істі В.И.Татищев (1686-1750) қолға алды. Ол өзінің ғылыми еңбектерінде қазақтардың тұрмысын, мінез-құлқын, мәдениетін сипаттап жазады. Осы экспедиция Қазақияның батыс өңіріне барлау-зерттеу тыңшылық жұмысын жүргізу барысында қазақтар тарапынан болуы мүмкін шабуылды болдырмауға Әбілқайыр хан кепіл етіп отырды. Нәтижесінде Әбілқайыр ханға қарасты аумақты басып, тарихта тұңғыш рет Орта Азияға патшаның сауда керуені өтті.
1768-1774 жылдары Қазақ даласын барлау экспедициясының бірін өлкетанушы ғалым П.С. Паллас (1741-1811) басқарды. Ол зерттеу жұмысының қорытындысы ретінде 1773 жылы «Ресей империясының әр түрлі провинциялары бойынша жасалған саяхат» атты үш томдық еңбегін жазды.
Одан кейін жоғарыдағы Паллас экспедициясының құрамында қызмет жасаған ғалым И.Г. Георги 1796 жылы өзі дербес экспедиция ұйымдастырып, «Ресейді мекендейтін халықтардың тұрмыстық әдеттері, өмір сүру, киім кию және басқа назар аударарлық ерекше сипаттамалар» атты еңбегін жазды. Ресей Ғылым академиясының корр-мүшесі П.И.Рычков (1712-1777) Қазақияның батыс өлкесін зерттеп, «Орынбор тарихы», «Орынбор губерниясының топографиялық сипаттамасы» атты еңбектер жазып, қазақ фолкьлорының үлгілерін жинады. Қазақ даласын зерттеген тағы бір адам – орыс офицері И.Г.Андреев. Ол 1795 жылы «Қырғыз-қайсақтың Орта жүз бөлігінің сипаттамасы» атты еңбек жазды. Бұл кітапта Орта жүз қазақтарының әдет-ғұрып, салт-жоралғылары жан-жақты баяндалған. Жоғарыдағы жорық-экспедициялар Қазақ жерінің картасын жасап, болашақ отарлау ісіне пайдалануды көздеді.
Барлау-тыңшылық әрекеттері
Отарлаушы күш өздері бағындыруды көздеген елдің ішкі басқару жүйесі мен салт-дәстүрін толық зерттейді. Ондағы мақсаты – отарланушы халықтың осал тұсын табу, қоғамдық қатынастарды берік ұстап тұрған басқару жүйесін бұзып, салт-дәстүрін тәрк еткізу.
Жоғарыдағыдай жауыз мақсатты көздеген патшалық Ресей Иван Грозный кезінен бастап, қазақ қоғамындағы әдет-ғұрып заңдарын жинап, сұрыптап, танып-білу арқылы қазақ даласын отарлау саясатын көздеді. Ол үшін қазақтың әдет-ғұрып нормаларының түпті мәнін жойып, олай болмаған жағдайда орыстың әдет-салтына бейімдеуге ұмтылды [4].
Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын зерттеу деген – желеумен сахараға жекелеген саяхатшылар аттандырып отырды. Олар қазақтың салт-дәстүрін, мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру қағидасын, қарым-қатынасын ине-жібіне дейін зерттеп, хатқа түсіріп, Ресей отарлау саясатын жүргізудің негізгі ошағы Ресей географиялық қоғамына тапсырып отырды. Осында жиналған құжаттарды сараптайтын үлкен институт жұмыс істеді.
Тарихшы Өжетбек Өмірзақов өзінің «Ресейге қосылғаннан не ұттық?» атты монографиясында жоғардағы салт-дәстүрді отарлаудың басты себептері ретінде былай деп тұжырымдапты. Қазақ әдет-ғұрып нормаларын Ресейдің жинауына:
бірінші себеп: Қазақ халқының әдет-ғұрып заңдарын біліп, оның егжей-тегжейіне үңілу;
екінші себеп: Ресей мүддесіне қайшы келетін тұстарына шектеу жасау;
үшінші себеп: Қазақтың әдет-ғұрпын білу арқылы халықты толықтай бақылауға алу;
төртінші себеп: Кезі келіп, сәті түскенде оларды жойып жіберу;
Бесінші себеп: Қазақтарға ұқсас (қырғыз, өзбек, түркімен) халықтарға үстемдік ету үшін пайдалану.
1734 жылы Орынбор экспедицияның құрамында болған орыс саяхатшысы П.И. Рычков қазақтың шаруашылығы, ру-тайпа құрлымы және отарлық саясаттың басты бағыттары жайлы зерттеу жүргізсе, 1768-1774 жылдары қазақ даласында барлау экспедициясы құрамында болған тағы бір ұлты неміс зерттеуші-тыңшы И.Г. Георгий жергілікті қазақтар туралы жазған мәліметінде: «олар өте аңғал, сенгіш, осы мінезін пайдалана отырып, ортасына алауыздық отын жағып, сол арқылы отарлау саясатын жүргізу қажет» депті [5].
Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюевтің тапсырмасымен Кіші жүз қазақтары арасына тыңшылық-зерттеу жүргізген В.И. Витевский: «Қазақ даласын отарлаудың бірінші бағыты – Ресейдің ішкі өлкелерінен шаруаларды көптеп қоныстандыру, екінші бағыты – орысша оқытуды қолға алу» қажет деп алғаш рет ресми түрде ұсынса, тағы бір зерттеуші П.С. Павлов: «қазақтарды отарлау мәселесін тездету керек, бұл іс Ресей үшін орасан зор пайда келтіреді», – депті.
Жоғарыдағы зерттеуші-тыңшылар қатарына И.П. Фалькті де қосуға болады. Ол Қазақияның тарихы мен этнологиясын терең зерттеп, оны отарлау ісіне пайдалану үшін қызмет атқарған. Бұндай зерттеушілердің арасында өте көп еңбек атқарған адам – А.И. Левшин. Бұл ғалым қазақ арасында әкімшілік басқару жүйесіне қатты маңыз беріп, көнеден келе жатқан билер институтының әсерін зерттеп, қазақ даласының географиялық анықтамалығын кең түрде хатқа түсірген.
Сол сияқты ХІХ ғасырдың басында патша үкіметінің тапсырмасымен қазақ даласының құнарлылығын, халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеу мақсатында ұйымдастырылған экспедицияны басқарған Феодор Андреевич Щербина өзінің «Киргизская народность в местах крестьянских поселений» атты жазбасында қазақтардың 13 түрлі кемістігі мен 12 түрлі жақсы сипаттарын атап көрсетіпті (Бұл деректі Ғани Абайұлы деген адам ертеде жариялаған көрінеді, өз кезінде қазақ ақыны Мұзафар Әлімбаев көшіріп алған). Сонымен қырғызды жағымсыз жағынан мінездейтін 13 қадір-қасиеті, атап айтқанда: • өзіне шынайы сүйіспеншіліктің жоқтығы; • табансыздық; • сөздегі айнымалылық; • жалғаншылық; • сөз құмарлық (мылжыңдық); • пайдакүнемдік; • аңқаулық; • арызқойлық; • дауқұмарлық; • даңғойлық; • айлакерлік; • құмарпаздық; • мақтаншақтық.
Бірақ, осы жағымсыз жақтарымен қатар қырғыздың өзіне тән жақсы қадыр-қасиеттері бар, атап айтқанда: • діни көзқараста фанат емес және ерікті діншіл (дінде ерікті); • сауда және экономикалық салада олар адал және өз сөзіне табанды; • ақыл-ой жағынан қызыққыш және білуге құмар; • қырғыздар өзінің парасаттылығымен (салауаттылығымен) қатты ерекшеленеді; • маскүнемдік және спиртті ішімдікке құштарлығы жоқ; • балаларына сүйіспеншілігі өте жоғары; • өтінішті жерге тастамауы (тікелей аударса – өтініш жасауға оңайлық); • үлкендерді құрметтеу – ақсақалдарды, сондай-ақ, халықтың танымал өкілдерін құрметтейді; • таңғажайып бейбітсүйгіштігі, соғыстың тұтануынан жасқанатыны – қырғыз халқын ең жағымды жағынан бейнелейді; • мүмкін оның үнемі табиғатпен қарым-қатынаста болуының арқасында шығар, қырғыз шын мәнінде ақын халық; • ол ән салуды және поэтикалық әңгімелер мен аңыздарды тыңдауды сүйеді; • дене бітімі жағынан қырғыздардың денсаулығы жақсы әрі қатты шыныққан; • бұл халық қалай болғанда да дәл қазіргі жағдайда, мысалы, қалмақтар, башқұрттар және т.б. бұратаналар сияқты құрып кетпейді, әлі өсіп-өнеді және жетіле береді [6].
Ғалым-ақын Серікзат Дүйсенғазин Дулат Бабатайұлы туралы зерттеу еңбегінде: Ресей империясының қазақ даласына жіберген елшісі А.И. Тевкелев 1731 жылы 27 қаңтарда Ресей сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақ халқының: 12 түрлі жақсы қасиетін: (төрені сыйлау, үлкенді сыйлау, кісі ақысын жемеу, арақ ішпеу, бауырмалдық, рулардың арасында жіктің жоқтығы, ақынжандылық, табиғатты аялау, байлыққа қызықпау, сыпайылық, адамды жатырқамау, білімге құштарлық).
6 түрлі жаман қасиетін: (мақтаншақтық, зиянсыз өсекке жақындық, адамның көңілі үшін көлгірсу, шендіге бас изеу, дарақылық, ру-тайпаға бөлінушілік) атап көрсеткені жайлы жазады.
Республикалық «Ана тілі» апталығының 1992 жылы 23 сәуір күні жарық көрген кезекті санында Қ. Әзбергенов: «Ресей билеушілері қазақ халқын отарлау барысында әуелі арнайы тыңшылар жіберіп, «қазақтан шыққан атқамінерлердің мойына алақандай медаль тағып, арқасынан қағып, бір-біріне айдап салу тиімді» деген құпия шешім қабылдағаны жайлы баяндайды.
Сол сияқты, үлкен ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің 1864 жылы жазған «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде, орыс шенеуніктерінің қазақтар арасында барлау-зерттеу ісін жүргізіп, қазақтардың байырғы сот жүйесі мен этножаралым тарихын зерттегені жайлы айтады. Яғни, 1840 жылдарды Ресейдің шекара басқармасындағы Сотников деген шенеунікке қазақтардың заң жобаларын, сот ғұрыптарын жинастыру тапсырылады. Бұл шенеунік өзіне тапсырылған істі тереңнен тартып зерттеуді қолға алып, қазақтың ру басыларын алдын ала приказге жинайды да, олардан: қазақ халқы қайдан шықты, олар қалай қалыптасты, «қазақ» деген сөз қайдан шықты, деген сұрақтар қояды. Қазақтар болса, «біздің ата-бабамызды білгеннен орысқа не пайда, бұның арғы жағында арам пиғыл жатыр. Бұлардың мақсаты, қазақтың түбін орыс-казактардан шығармақшы, сөйтіп, бізді орысқа айналдырудың тағы бір харам жолын ойластырып отыр», деген күдікпен приказға жиналған қазақтар өздерінің арғы тегі араб және түріктен тараған етіп көрсетеді... Сотников қазақтарды орыс-казактарға айналдырмақ болды деген қауесет қырда көпке дейін басылмады дейді [7].
Бекен Қайратұлы, ҚР мәдениет қайраткері
Пайдаланған әдебиеттер:
1 Құл-Мұхаммед М. Орыс энциклопедиясындағы қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 122-б).
2 // Жұлдыз,№2, 1984. – 189-б.
3 Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ вв. Құжаттар жинағы. –Алматы, 1961. – 115-б).
4 Өмірзақов Ө. Ресейге қосылғаннан не ұттық? – Алматы: Санат, 1999. – 119-б.
5 Георгий И.П. Описание всех обитающих в Российской империй. 1773. – С. 131.
6 Қайдар Ә. Қазақ қандай халық?–Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 210-211-бб.
7 Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985.– 132-б.