2026 жылғы Оскар сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды. Кино әлеміндегі ең беделді марапаттардың бірі саналатын бұл салтанатты рәсім дәстүр бойынша АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы әйгілі Dolby Theatre сахнасында өтті. Биыл 98-рет ұйымдастырылған Academy Awards кеші киноөндірістегі үздік туындылар мен өнер иелерін анықтап, әлем назарын тағы да Голливудқа аударды.
2026 жылғы «Оскар» сыйлығының ең басты марапаты – «Үздік фильм» атағын әйгілі режиссер Пол Томас Андерсон түсірген «Шайқастан кейін тағы шайқас» картинасы иеленді. Кино сыншылары мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланған бұл туынды сол кештің басты фаворитіне айналып, марапаттау рәсімінің ең табысты фильмі болды. Нәтижесінде картина бірден бірнеше маңызды аталымда жеңіске жетіп, жалпы саны алты «Оскар» мүсіншесін қанжығасына байлады. Фильмнің авторы Пол Томас Андерсон да осы кештің басты тұлғаларының біріне айналды. Ол аталған картина үшін «Үздік режиссер» және «Үздік бейімделген сценарий» номинацияларында жеңіске жетіп, өзінің шығармашылық шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Режиссердің терең драмалық шешімдері мен көркемдік тәсілдері фильмді кино сыншылары арасында ерекше бағаланатын туындыға айналдырды.
Сонымен қатар биылғы марапаттау рәсімінде ерекше көзге түскен туындылардың бірі «Күнәһарлар» фильмі болды. Кинотуынды бірден 16 номинацияға ұсынылып, сол кештің басты фавориттерінің қатарынан көрінді. Нәтижесінде фильм бірнеше маңызды аталымда жеңіске жетіп, жалпы төрт «Оскар» мүсіншесін иеленді. Бұл көрсеткіш оны 2026 жылғы кино маусымының ең көп талқыланған әрі жоғары бағаланған жобаларының біріне айналдырды. Фильмнің басты жетістіктерінің бірі – актер Майкл Б. Джорданның әсерлі актерлік ойыны. Ол осы картинадағы рөлі үшін «Үздік актер» номинациясында жеңіске жетіп, өзінің мансабындағы алғашқы «Оскар» сыйлығын иеленді. Экранда бірден екі кейіпкерді – егіздерді сомдаған актердің күрделі актерлік жұмысы сыншылар тарапынан жоғары бағаланды.
2026 жылғы барлық Оскар жеңімпаздары:
Үздік фильм – «Шайқастан кейін тағы шайқас» (One Battle After Another). Бұл номинацияда сондай-ақ «Бугония» (Bugonia), «F1», «Франкенштейн» (Frankenstein), «Гамнет» (Hamnet), «Марти керемет» (Marty Supreme), «Құпия агент» (The Secret Agent), «Сезім құндылығы» (Sentimental Value), «Күнәһарлар» (Sinners) және «Пойыз түстері» (Train Dreams) фильмдері ұсынылды.
Үздік режиссер – Пол Томас Андерсон («Шайқастан кейін тағы шайқас»).
Үздік актер – Майкл Б. Джордан («Күнәһарлар»).
Үздік актриса – Джесси Бакли («Гамнет»).
Үздік қосалқы рөлдегі актер – Шон Пенн («Шайқастан кейін тағы шайқас»).
Үздік қосалқы рөлдегі актриса – Эми Мэдиган («Қару-жарақ»).
Үздік түпнұсқа сценарий – «Күнәһарлар».
Үздік бейімделген сценарий – «Шайқастан кейін тағы шайқас».
Үздік кастинг – «Шайқастан кейін тағы шайқас».
Үздік дыбыс – «F1».
Үздік монтаж – «Шайқастан кейін тағы шайқас».
Үздік операторлық жұмыс – «Күнәһарлар».
Үздік визуалды эффектілер – «Аватар: От пен күл».
Үздік костюм дизайны – «Франкенштейн».
Үздік грим және шаш үлгісі – «Франкенштейн».
Үздік көркемдік безендіру – «Франкенштейн».
Үздік түпнұсқа саундтрек – «Күнәһарлар».
Үздік ән – «K-Pop: Жын аулаушы қыздар».
Үздік халықаралық фильм – «Сезім құндылығы» (Норвегия).
Үздік деректі фильм – «Ешкім мырза Путинге қарсы».
Үздік қысқаметражды фильм – «Әншілер» және «Екі адамның сілекей алмасуы» – тең нәтиже.
Үздік анимациялық қысқаметражды фильм – «Girl With Pearl Tears».
Үздік деректі қысқаметражды фильм – «Барлық бос бөлмелер».
Үздік толықметражды анимациялық фильм – «K-Pop: Жын аулаушы қыздар».
Оскар туралы қызықты деректер
Оскар сыйлығы – әлемдегі ең беделді кино марапаттарының бірі. Оны АҚШ-тың Киноөнер және ғылым академиясы (Academy of Motion Picture Arts and Sciences – AMPAS) табыстайды. Бұл марапат алғаш рет 1929 жылы Лос-Анджелестегі Hollywood Roosevelt қонақүйінде өткен салтанатты рәсімде берілген. Ол кезде рәсім өте қарапайым жағдайда өтіп, небәрі 15 минутқа созылған. Бүгінде Оскар марапаттау кеші кино әлеміндегі ең ірі әрі көпшілік күтетін оқиғалардың біріне айналды.
Көпшілікке «Оскар» деген атаумен белгілі марапаттың ресми атауы – Academy Award of Merit. Мүсіншенің бейнесінде қолында қылыш ұстаған рыцарь кино таспасының үстінде тұрған күйде бейнеленген.
Биіктігі – шамамен 34 сантиметр
Салмағы – шамамен 3,8 килограмм
Құрамы – арнайы металл қорытпасынан жасалып, сырты 24 карат алтынмен қапталады
Ал «Оскар» атауының шығу тарихы туралы нақты бір нұсқа жоқ. Ең кең тараған аңыз бойынша, Академия кітапханашысы Маргарет Херрик мүсіншенің бейнесін көріп: «Бұл менің ағам Оскарға ұқсайды» деген екен. Кейіннен осы атау халық арасында кең таралып, ресми түрде қолданыла бастаған.
Оскар марапаты қазіргі таңда 24 негізгі номинация бойынша беріледі. Олардың қатарында «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік сценарий» сияқты кино өнерінің басты бағыттарын қамтитын аталымдар бар.
Кино тарихында бірнеше рет ерекше рекордтар тіркелген. Мысалы, Дэниел Дэй-Льюис «Үздік актер» аталымында үш рет жеңіске жеткен жалғыз актер ретінде рекорд орнатқан.
Ал ең көп «Оскар» жеңіп алған фильмдердің қатарында: «Титаник» (1997) – 11 Оскар, «Бен-Гур» (1959) – 11 Оскар, «Сақиналар әміршісі: Патшаның оралуы» (2003) – 11 Оскар. Бұл фильмдер Академия тарихындағы ең табысты туындылардың бірі саналады.
Тағы бір қызықты дерек: әйгілі анимациялық кейіпкер Уолт Дисней Оскар тарихында ең көп марапат алған тұлға болып саналады. Ол шығармашылық мансабында 22 «Оскар» мүсіншесін иеленіп, кино тарихында ерекше рекорд орнатқан.
Бүгінде Оскар сыйлығы кино саласындағы ең үлкен мойындаудың белгісі болып есептеледі. Көптеген актерлер мен режиссерлер үшін бұл марапат – мансаптағы ең жоғары жетістік әрі өнер жолындағы ең үлкен марапаттардың бірі.