Алаш танымындағы Наурыз мерекесі

19.03.2026
52
Алаш танымындағы Наурыз мерекесі - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Барша Алаш азаматтарын жаңа жыл – Наурыз һәм бостандықпен құттықтаймыз. Алла Тағала киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызып, ырыс-дәулет, бақ-береке нәсіп етсін!

«Қазақ» газеті, 1917 жыл 

Наурыз 

Сәлем бердік, Жас наурыз, жылдың басы! 

Жұрттың күткен мінекей ықыласы!

Көжесін қып, күйбеңдеп, басын асып,

Бермек һәркім барынша қонақасы. 

Келгеніңе құттықтап бірін-бірі,

Қуанышта, көрісіп кәрі, жасы.

Көңілі түгіл адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп тұр көк тасы. 

Күйін көріп қуанған мұңсыз деме,

Толып жатқан көбінің бар мүддесі.

Табақ тартып, «Әмин!» деп қол жайды жұрт,

Батаңды бер жарылқар, жыл мырзасы!

«Қазақ» газеті, 1914 жыл 

ХХ ғасыр басындағы ұлттық ой-сана мен қоғамдық пікірдің басты мінберіне айналған Қазақ газеті – тек саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерген басылым ғана емес, сонымен бірге қазақтың рухани дүниесін, салт-дәстүрін жаңғыртуды мақсат еткен іргелі мәдени алаң болды. Осы тұрғыдан алғанда, газет бетінде жарияланған Наурыз туралы мақалалар Алаш зиялыларының мерекеге қатысты көзқарасын, ұлттық танымын айқын көрсетеді.

Алаш қайраткерлері Наурызды жай ғана халықтық әдет ретінде емес, ұлттың тұтастығын сақтайтын, тарихи жадын жалғайтын маңызды құндылық ретінде қарастырды. Газетте Наурыздың қазақ арасында сиреп бара жатқаны айтылып, бұл үрдіс алаңдаушылықпен бағаланадыөзге халықтар бұл мейрамды сақтап отырғанда, қазақтың одан алыстауы орынсыз құбылыс деп көрсетіледі. Осы арқылы «Қазақ» газеті Наурызды қайта жаңғыртуды ұлттық міндет деңгейіне көтереді. 

1914 жылы газетке шыққан  «Наурыз құтты болсын!» атты мақалада басқарма наурыз мейрамының тарихын тереңдетіп, баспасөзде маңызын айшықтай түседі.  Ол жолдар мақалада былайша берілген: 

«Наурыз» парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда «жаңа күн» деген сөз. Неліктен бұған жаңа күн деп ат қойған? Һәрбір өткен, кешегі күн, ескі болып, һәрбір үстіміздегі, бүгінгі күн, жаңа болмақшы емес пе? 9-ншы март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау:

9-ншы мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны – жазға айналғаны. Сондықтан 9-ншы март жаз басы болып табылады. Жаз болса, дүние жаңаланады: ағаш, шөп жасарып, жапырақтанып, гүлденіп, жаңа бұтақтар жаяды, мал, мақлұқтар балалап, төлденіп, жаңа ұрпақтар жаяды. Жылдың төрт тоқсанның ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз. Сол тоқсанның басы 9-ншы март болғандықтан, бұл күн «Наурыз» иәғни «жаңа күн» деп аталады. Қысқан қыс өтіп, жайлы жаз келгені, адам түгіл қимылдаған, қыбырлаған жанның бәрі мейрам ететін бір мезгіл. Мұны жаңа жылдың басы деп, мейрам ету – дүниедегі нағыз бас ұнамды істердің бірі. Наурызды мейрам етушілер Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кауказ, Түркістан һәм біздің қазақ жерінде. Ертерек заманда Наурызды қазақтар тегіс мейрам етуші еді. Бас салып ет асып, бидай көже істеп, атқа мініп ауылдан ауылға жүріп, бірін-бірі құттықтап, көрісіп, асқан еттерін жеп, көжелерін ішіп, Наурыз күнін тәуір шаттықпен өткізуші еді. Бұл заманда Наурызды мейрам етушілер қазақ арасында сиректеп бара жатқан сияқты көрінеді. Басқалар тастамай Наурызды мейрам етіп отырғанда, біздің қазақтың тастайтын жөні жоқ-ақ.

Жаз – қазаққа бір қуанышты шақ. Қыс қайғысын өткізіп, жазға ілініп, көңілдері жадырап, малдары балалап, ірі малға төл қосылып, ауқатының артқаны қазақтың көзіне көрінетін мезгіл – жаз. Қыс бойы көрге қамалғандай, бықырсыған, пысы-наған, сасық там үйде тұншыққан қазақ киіз үй тігіп, жазыққа шығып, таза ауаны шөлдегендей құмарланып жұтып, жаны кенеліп, «үһ!» деп, бойын жазатын мезгілі – жаз. Жер көгеріп, мал тойынып, мал тойынса ақ шығып, ел тойынып, қазаққа тоқшылық кіретін мезгіл жаз. Сулар тасып сарқырап, құстар шулап ың-жың болып, түйе боздап, қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқылар шұрқырап кісінеп, қазақтың көңіліне шаттық келтіретін мезгіл – жаз. Сонша сүйінішті, қызықты жақсы мезгілдің басы 9-ншы март болса, бұл күнді мейрам етпегенде, қандай күнді қазақ мейрам етер? Жаңа киім кисе де, жаңа үйге кірсе де құтты болғай деп кірмей ме? Сол «құтты болғай»-ды жаңа жылға да айтарлық жөні бар емес пе? Жылда 365 күн бар. Ол бір- талай уақыт. Бір айлық сапар шықса да, жолы болып, аман барып, аман қайтқай еді дейміз. Бір жыл адамның өмірі жүзінде–бір жылдық сапар. Бір айлық сапардан бір жылдық сапар кем бе? Жаңа жыл туған күні бір-бірімізге «құтты болсын» айтуымыз тастарлық ұнамсыз, мағынасыз іс емес. Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!», - деп жазады.

 Осы жылы шыққан «Қыр баласының» «Жаңа жыл» атты мақаласында жаңа жылдың тарихына терең тоқталады. Мақалада:

 «Іфрат һәм Дижле өзенінің өлкесі Месопатамиада Иса пайғамбар тумастан 4 мың жыл бұрын Вавилония һәм Ассирия атты екі мемлекет болған еді. Осы екі халық осы күнгі қытай һәм фин халқымен қандас моңғол еді, Вавилония халқын тарих Халдей деп те кетеді. Осы Халдей жылы аймен есепке алынушы еді: бір жыл 12 ай, бір ай 28, 29 һәм 30 күн деп. Бір жылдың қалған күнін 13-нші ай қылып қосушы еді. Халдей жерін парсы алған соң парсы календары (Рим-латын тілінде айдың алдыңғы күні «календа», осыдан уақыт есебі Еуропаша календар) Халдейден ауысқан. Парсы жұрты мұсылман болған соң мұсылман календарына құл болды. Халдей жаңа жылы жазғы тұрғы күн мен түн теңелетіннен басталушы еді. Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді. Жаңа жылда халық қуанып, бір-біріне гүл, жұмыртқа сыйлаушы еді. Парсы ақыны Хафиз жаңа жыл мейрамын неше буын қылып мақтайды. Біздің түрік жұрты сол Халдей заманынан бері моңғолмен бірге жасап, аралас тіршілік етіп келеді. Біздің жаңа жылдың да шыққан жері осы айтылған екі өзен өлкесіне барады-ау деймін. Бір жылда жер күннен бір айналып, баяғы орнына қайта келеді. Бір күнде жер өзінен өзі арбаның дөңгелегінше айналып орнына келеді. Бір жылға түгел күн келмейді. Біздің орыс патшалығы ұстап отырған календары, Рим патшасы Иули осы уақыт есебіне халқын аударған үшін «Иулиан календары» дейді. Бұл календарда ғинуар 31, феурал 28, март 31, апрел 30, май 31, иун 30, иул 31, ауғұст 31, сентиабр 30, октиабр 31, ноиабр 30, декабр 31 күн болады. Бұлай болған соң жыл 365 күн болып шығады. 365 күнде жер күннен айналып бола алмайды. Жер күннен айналып болуына 365 толық тәулік, тағы бір ширек тәуліктен азырақ уақыт керек. Иулиан календары, өзге сөзбен ескі стил, бір жылды 365 бүтін тәулік һәм бір ширек тәулік қылып есептейді. Бұл екі жылдың арасы мынау: 128 жылда календар жылы күн жылынан бір тәулік кейін қалады. Ескі стил жылы 365 тәулік бір ширек дедік. Үш жыл өткізіп төртінші жылы феурал айын 29 қылып санайтыны осы төрт ширекті қосып алғаны: феурал айы 29 күн болатын жылды орысша «высокосни» дейді. Жыл сифрының кейінгі екі сифры төртке дәл бөлінсе жыл высокосни, мысалы 1912, 1916, 1920, 1924..., 12, 16, 20, 24 төртке дәл бөлінеді. 

Еуропада «Григориански» календары өзге сөзбен жаңа стил, жаңа стил жолын жасатқан Григори деген Рим папасының аты­нан шыққан. Бұл жаңа стил жылы да күн жылынан шабан, бірақ бұл шабандық тым аз: 4241 жылда есеп жылы күн жылынан бір тәулік кейін қалады. Күн жылынан қалмаймын десе ескі стилді алып отырған халық 128 жылда, жаңа стилді алып отырған халық 4240 жылда бір тәулік қосып алады. ХІХ ғасырда осы екі стил арасы 12 тәулік еді. Бізде 7-нші март болса, жаңа стил Еуропада 19-ншы март еді. ХХ ғасырда жаңа стил кемде келе жатқан бір тәулігін қосып алды. Енді екі стил арасы 13 күн болды. Мұсылман болмас бұрын араб жылы 12 ай, бір ай 29–30 тәулік еді, күн жылына жанасамын деп һәрбір үш жылда бір ай қосып алатын болды. Халифа Рашиддин заманында мұсылмандар бұл есепті өшіртіп, хиджараттың басталуынан есеп қылуды ұнатты. Бұл ай жылы күн жылына жанаспайды. Иапония 1872-нші жылдан, Корея 1892-нші жылдан бері жаңа стилге кірді. Түбінде осы ескі һәм жаңа стил барша мәдени халық кіретін жол болар. Енді бір-екі ауыз сөз жаңа жыл туралы.

Мұсадан бері еурей жаңа жылы марттан басталады, Римде жаңа жыл март еді. Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стилде бұл күн 9-ншы март болады», - деп жазады Әлихан Бөкейхан. 

Алаш зиялыларының жаңа жылды 9 марттан бастау туралы пікірі алғаш қарағанда тосындау көрінгенімен, оның астарында терең ғылыми және тарихи негіз жатыр. Бұл мәселені түсіну үшін ең алдымен ХХ ғасыр басындағы уақыт есептеу жүйесіне назар аудару қажет. Сол кезеңде қазақ даласы Ресей империясының құрамында болғандықтан, ресми түрде Юлиан күнтізбесі, яғни ескі стиль қолданылды. Ал Батыс Еуропа елдері болса әлдеқашан Григориан күнтізбесі  жаңа стильге көшіп қойған еді.

Бұл екі календарьдың арасында ХІХ–ХХ ғасырларда 13 күн айырмашылық болды. Демек, ескі стиль бойынша 9 март деп көрсетілген күн қазіргі қолданылып жүрген жаңа стиль есебімен 22 наурызға сәйкес келеді. Яғни Алаш зиялылары айтып отырған 9 март – бүгінгі Наурыз мейрамы тойланатын күннің өзі.

Алаш қайраткерлері бұл датаны кездейсоқ таңдап алған жоқ. Олар жаңа жылдың бастауын табиғат заңдылығымен, нақтырақ айтқанда, күн мен түннің теңелу сәтімен байланыстырды. «Қазақ» газетінде: «Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек» деп жазылуы – осының айқын дәлелі. Демек, олардың танымында жаңа жыл – шартты, әкімшілік жолмен бекітілген уақыт емес, табиғи циклге негізделген құбылыс.

Күн мен түннің теңелуі – жыл ішіндегі ерекше межелі кезең. Осы сәттен бастап күн ұзарып, жылу күшейіп, табиғат қайта жанданады. Алаш зиялылары дәл осы мезетті «жаңа күн», яғни Наурыз деп таниды. Бұл олардың уақытты астрономиялық, табиғи заңдылықпен сабақтастыра түсінгенін көрсетеді. Сонымен қатар, олар қазақтың жаңа жылды марттан бастау дәстүрін тарихи тұрғыдан да дұрыс деп дәлелдеуге тырысады. Мәтінде еврейлер мен ежелгі римдіктердің де бір кезеңде жаңа жылды көктемнен бастағаны айтылып, қазақ тәжірибесі әлемдік өркениеттік үрдістермен салыстырылады. Осы арқылы Алаш ойшылдары қазақ дәстүрінің кездейсоқ емес, жалпыадамзаттық мәдени-тарихи негізі бар екенін көрсетеді. Осылайша, Алаш зиялыларының 9 мартты жаңа жыл деп көрсетуі – күнтізбелік айырмашылықтан туындаған шартты атау ғана. Негізінде, олар қазіргі 22 наурызға сәйкес келетін көктемгі күн теңелуін жылдың басы деп таныған. Бұл ұстаным олардың табиғатпен үйлесімділікке негізделген дүниетанымын, сондай-ақ ұлттық дәстүрді ғылыми тұрғыда негіздеуге деген ұмтылысын айқын аңғартады.

Жоғарыдағы деректер мен Қазақ газеті бетінде жарияланған мәтіндерді тұтастай қарастырғанда, Алаш зиялыларының Наурыз туралы ұстанымы бірнеше маңызды тұжырымға тоғысады.

Ең алдымен, Алаш қайраткерлері Наурызды жай ғана дәстүрлі мейрам ретінде емес, табиғи заңдылыққа негізделген жыл басы деп таныды. Олар жаңа жылды күн мен түн теңелетін мезгілмен байланыстырып, уақытты есептеуде халықтық тәжірибені ғылыми-астрономиялық негізбен ұштастырды. 9 март деп көрсетілуі сол кезеңдегі Юлиан күнтізбесі мен Григориан күнтізбесі арасындағы айырмадан туған шартты белгі ғана. Негізгі мән көктемгі теңелу, яғни бүгінгі 22 наурыз.

Екіншіден, Наурыз Алаш танымында қазақ өмірінің өзегімен біте қайнасқан мереке ретінде қарастырылады. Жаздың басталуы, табиғаттың жаңаруы, мал шаруашылығының жандануы мұның бәрі қазақ тұрмысымен тікелей байланысты. Сондықтан Наурыз – тек символдық емес, нақты әлеуметтік-экономикалық маңызы бар кезең.

Үшіншіден, Алаш зиялылары Наурызды ұлттық бірлік пен қоғамдық тұтастықтың құралы деп білді. «Көрісу», «қонақасы», «құттықтасу» сияқты дәстүрлер арқылы адамдар арасындағы байланыс нығаяды. Осы себепті олар мерекенің ұмыт бола бастағанына алаңдап, оны қайта жаңғыртуды ұлт алдындағы міндет ретінде көтерді.

Төртіншіден, Наурызға қатысты мақалаларда оның терең тарихи және өркениеттік негізі көрсетіледі. Месопотамиядан бастап парсы, түркі дүниесіне дейін жалғасқан бұл мейрам Алаш үшін қазақты әлемдік мәдениетпен байланыстыратын көпір іспетті болды. Бұл олардың ұлттық сананы жаһандық өркениет контексінде қарастырғанын аңғартады.

Соңында, Наурыз Алаш идеясында жаңғыру мен бостандықтың символына айналады. «Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам» ұғымы тек табиғаттың емес, ұлттың да жаңаруын меңзейді.

Осылайша, Алаш зиялыларының танымында Наурыз – табиғатпен үйлескен уақыт бастауы ретінде бағаланды. Күн мен түннің теңелуі арқылы айқындалатын бұл мезет олардың түсінігінде жыл айналымының ең шынайы, ең табиғи межесі болды. Сонымен қатар, Наурыз қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып жатқан ұлттық өмір салтының өзегі ретінде қарастырылды. Жаздың келуімен байланысты шаруашылықтың жандануы, елдің еңсесінің көтерілуі бұл мейрамның мазмұнын тереңдете түсті.

Бұдан бөлек, Наурыз қоғамдық қатынастарды реттеп, адамдар арасындағы байланысты нығайтатын маңызды әлеуметтік тетік қызметін атқарды. Көрісу, амандасу, дәм бөлісу сияқты ғұрыптар арқылы халықтың бірлігі бекіп, қауымдастықтың тұтастығы сақталды. Алаш зиялылары осы қасиеттерін ерекше бағалап, мерекенің әлсіреуін ұлттық тұтастыққа төнген қауіп ретінде қабылдады.

Сондай-ақ, Наурыз – тарихи жадының жалғасы. Оның тамыры терең өркениеттік кеңістіктерге кетіп, қазақ дүниетанымымен сабақтасып жатқанын Алаш қайраткерлері арнайы атап өтеді. Осы арқылы олар бұл мейрамды ұлттың өткенін бүгінмен жалғайтын рухани көпір ретінде таныды.

Ақырында, Наурыз Алаш идеясы аясында рухани жаңғырудың, жаңарудың нышанына айналды. Жаңа жылдың басталуы тек уақыттың алмасуы емес, ұлттың да жаңарып, жаңа сапаға көшуінің символы ретінде түсіндірілді. Демек, Наурызды тану – Алаш дүниетанымының терең мәнін ұғыну болса, оны сақтау – ұлттық сананы, тарихи сабақтастықты және рухани тұтастықты сақтаудың маңызды көрінісі болып табылады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз