Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін тарихта

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні

- = -

Түркітанушы Баскаков Николай Александрович дүниеге келді.

26114
Түркітанушы Баскаков Николай Александрович дүниеге келді. - e-history.kz
108 жыл бұрын (1905-1996) ғалым, түрктанушы, ф.ғ.д., профессор, Түрікменстанның, Қарақалпақстанның, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері БАСКАКОВ Николай Александрович дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Баскаков көп жыл бойы КСРО ҒА Тіл білімі институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1920-1930 жылдары Түркі халықтарының тілі жөнінен деректер жинау мақсатында Қарақалпақстан, Ойрат автономды облысы (Таулы Алтай автономды облысы) Оңтүстік Қазақстан, Қырғыстан, Дағыстан, Солтүстік Кавказ жерлерін аралады. Баскаков - түркі тілдерін жан-жақты зерттеген ғалым. Ол «Түркі тілдері» деген еңбегінде түркі тілдерінің даму тарихын кезеңдерге бөліп, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық, ерекшелігін кеңінен анықтады. Еңбек төрт бөлімнен тұрады: 1) түркі тілдеріне қатысты тарихи-салыстырмалы және салыстырмалы зерттеулерге шолу; 2) түркі тілдерінің қалыптасуы мен даму кезеңдері; 3) түркі тілдері мен диалектілерін Батыс ғұн бұтағы, Шығыс ғұн бұтағы деп екіге бөліп топтастыру; 4) әр топтағы түркі тілдерінің топтастырылу үлгісін, дамуын көрсететін кестесін, дауысты, дауыссыз дыбыстарының транскрипциясын, түркі халықтары мен тілдерінің тізбесін жасады. Баскаков түркі тілдерінің фонологиясын, морфологиясын, типологиялық сипатын, топонимия мен антропонимия мәселелерін зерттеп, жеке монографиялар жариялады. Алтай тілінің солтүстік диалектісін және құман, қарақалпақ диалектілерін зерттеді. Алтай, гагауз, қарайым, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, хакас тілдерінің аударма сөздіктерін жасауға қатысты. Баскаков - әлем шығыстанушылары арасында өзіндік орны бар ғалым. Ол - Финн-угор қоғамының корреспондент мүшесі, Орал-Алтай қоғамының, Венгрия ориенталистері ғылыми қоғамының, Ұлыбритания, Ирландия, Польша ориенталистері, Азия және Түркі лингвистикалық қоғамдарының құрметті мүшесі.