Түркістан облысына Балуан тас сапары басталды

20.03.2026
64
Түркістан облысына Балуан тас сапары басталды - e-history.kz

18 наурыздан бастап Түркістан облысында ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған ірі мәдени-танымдық жоба –  «Қазақ күшінің картасы» аясында «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы өтіп жатыр. Жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеуге және ұлттық мұраны заманауи мәдени айналымға енгізуге бағытталған. 

Жобаның авторы, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров, экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы арқылы жүзеге асырып отыр. Бұл жоба қазақ өркениетінің тарихи және рухани кеңістіктерін зерттеуге, ұлттық бірегейлікті насихаттауға арналған маңызды мәдени бастама болып табылады.

 «Қазақ күшінің картасы» жобасының тұсауы былтыр наурызда елордада кесілген болатын. Бұған дейін Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталған. Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады. Бұл жолғы сапар Наурыз мерекесіне және Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионатқа орайластырылған.

«Қазақ күшінің картасы» жобасының басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.

 

Экспедиция мүшелері

Экспедицияның бағыты қазақ тарихы мен мәдениетінің маңызды нүктелерін қамтиды. Қатысушылар Шымкент қаласы, Сайрам ауданы, Ордабасы ауданы, Отырар ауданы, Бәйдібек ауданы, Созақ ауданы, Сауран ауданы және Түркістан қаласы арқылы өтіп, әрбір нысанды тарихи, мәдени және рухани тұрғыдан зерттеп жатыр. Маршрут бойында экспедиция қатысушылары қазақтың дәстүрлі батырлық мәдениетімен, сакральды мұрамен танысады, сондай-ақ өңірдің табиғи және тарихи ерекшеліктерін көзімен көріп, зерттейді.

Экспедиция барысында қатысушылар бірқатар мәдени, тарихи және спорттық іс-шараларға қатысуда. Олар ең алдымен қазақтың дәстүрлі күш мәдениетінің айрықша мұрасы – атақты батыр-палуандар көтерген 13 балуан тасты аралап, олардың тарихи, мәдени және аңыздық мәнін зерттейді. Бұл тастар қазақ халқының батырлық дәстүрі мен рухани құндылықтарының көрінісі болып саналады және олардың тарихы арқылы қатысушылар халықтың ұлттық мұрасын тереңірек түсінеді.

Сонымен қатар экспедиция қатысушылары Түркістан қаласында өтетін Көкпардан әлемдік чемпионатты тамашалап, ұлттық ат спортының динамикалық күш мәдениетімен танысады. Бұл шара қазақтың дәстүрлі спорт мәдениетін көрсетуге, оның қазіргі кезеңдегі мәнін түсіндіруге арналған.

Экспедиция аясында облыстың өндірістік және экономикалық орталықтары да зерттелуде. Қатысушылар жергілікті кәсіпорындар мен өндіріс нысандарымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын өз көзімен көруде.

Экспедицияның маңызды бөлігі – Түркістан облысының киелі және сакральды нысандарын аралау. Қатысушылар бұл сапар арқылы қазақ халқының рухани дәстүрі мен діни мәдениетімен танысып, тарихи сабақтастықты сезінеді. Экспедицияға енгізілген нысандардың әрқайсысы өзіндік тарихи және мәдени маңызға ие:

  • Ибрагим ата кесенесі – Орта ғасырда өмір сүрген діни ғұлама Ибрагим атаның кесенесі, халық үшін қасиетті орын болып табылады.
  • Қарашаш ана кесенесі – Батыр қыз Қарашаш анаға арналған кесене, халық ерлігінің және әйел батырлығының символы.
  • Бибіғияс ана кесенесі – Халық аңыздары бойынша жақсылық пен берекеге әкелетін қасиеті бар әулие әйелге арналған кесене.
  • Салық қожа кесенесі – Діни ғұлама Салық қожаның кесенесі, оның киесі мен тарихи мұрасы өңір тұрғындары үшін маңызды.
  • Бәйдібек ата кесенесі – Тарихи тұлға Бәйдібек атаның кесенесі зиярат орны ретінде кеңінен танылған.
  • Домалақ ана кесенесі – Халық дәстүрінде киелі орын ретінде сақталған кесене.
  • Ысқақ баб кесенесі – Діни тәлім берген Ысқақ бабқа арналған кесене, қасиеттілік пен руханилықты бейнелейді.
  • Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесі – Орта ғасырлық әулие Әзизге арналған зиярат орны.
  • Жылаған ата – Аңыздарға сай келген адамдардың тілектері мен дұғалары қабыл болады деп сенілетін қасиетті жер.
  • Ақмешіт әулие үңгірі – Әулие ғибадат еткен деп есептелетін қасиетті үңгір.
  • Арыстанбаб кесенесі – Рухани тазалық пен батылдықты бейнелейтін қасиетті орын.
  • Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның ең атақты киелі нысаны, әлемге әйгілі әулие Қожа Ахмет Ясауи бейіті мен кесенесі ислам әлемінің маңызды қажылық орны ретінде танылған.

Бұл киелі орындар арқылы экспедиция қатысушылары қазақ халқының рухани мұрасымен танысып қана қоймай, оның мәдениетінің тереңдіктерін сезінеді.

Экспедиция барысы

Экспедицияның тағы бір маңызды бағыты – тарихи нысандарды зерттеу. Қатысушылар Отырар қалашығының көне орнын аралап, өңір музейлерінің экспонаттарымен танысады. Сондай-ақ Шәуілдір ауылында көне күш рәсімдерінің бірі қайта жаңғыртылып, мәдени реконструкция жүргізіледі. Бұл шара қазақтың дәстүрлі батырлық мәдениетін қайта тірілтіп, оның қазіргі қоғамдағы мәнін көрсетуге арналған.

Экспедицияға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері қатысып жатыр. Оның құрамында белгілі журналистер мен блогерлер, ғалымдар және спортшылар бар. Бұл – жобаның ғылыми нәтижелерін қоғамға кеңінен жеткізуге бағытталған маңызды медиялық қадам.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз