Қарағандыда облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңартылған экспозициясы салтанатты түрде ашылды
2026 жылғы 13 наурызда Қарағанды облысының 90 жылдығы аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа экспозициясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қарағанды облысы әкімдігі аппаратының өкілдері, облыстық басқарма басшылары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің өкілдері, Ұлттық музей мен облыстық музейлердің директорлары, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары, танымал қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жаңартылған экспозицияның ашылуы өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Іс-шараның негізгі мақсаты – Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындау, сондай-ақ Қарағанды облысының көне дәуірден бастап индустриялық қалыптасу кезеңі мен Тәуелсіз Қазақстан жылдарындағы жетістіктерін кеңінен таныстыру болды.
Музей өңірдегі ең көне мәдени орталықтардың бірі ретінде ауқымды реэкспозициядан кейін келушілерге қайта есігін ашты. 2025–2026 жылдары жүзеге асырылған жаңғырту жұмыстары соңғы 13 жылдағы ең ірі қайта құру жобасы болды. Жоба аясында өңір тарихын қазіргі ұрпаққа жаңаша форматта ұсынуға басымдық берілді.
Жаңартылған экспозициялық залдарда тақырыптық инсталляциялар, интерактивті аймақтар, мультимедиялық киоскілер, голограммалар және проекциялық жүйелер орналастырылған. Келушілер сенсорлық экрандар арқылы архивтік құжаттармен танысып, сирек экспонаттар туралы кеңейтілген ақпарат алуға мүмкіндік алды.
Музей экспозициясы 13 залдан тұрады және өңір тарихын көшпелі империялар дәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Экспозицияда археологиялық олжаларға, қола және ерте темір дәуірі жәдігерлеріне, қазақ халқының материалдық мәдениетіне, сондай-ақ Қарағанды қаласы мен облысының қалыптасу тарихына ерекше назар аударылған.
Жаңартылған музей экспозициясы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етіп, қала қонақтары мен тұрғындары үшін жаңа мәдени-танымдық орталыққа айналады деп күтілуде.















