Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«О дүниеге барғанда қинайды...»

580
«О дүниеге барғанда қинайды...» - e-history.kz

Бұған дейін ХХ ғасырдың басында Қазақ даласында жарық көрген мерзімді басылымдарға шолу жасап отырып, қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің өз жазған мақалаға тап болғанымызды айтқан едік. Сол жолы ескі журналдардан қазақтың тұңғыш суретшісі туралы тағы бір-екі материал тапқан едік. Екеуі де осыдан кемі 60 жыл бұрын жазылған дүние. Яғни жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы тарих деуге болады. Кәсіби зерттеушілер үшін онша таңсық бола қоймағанымен жалпы көпшілік үшін қызықты болуы мүмкін деген оймен назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. «Пионер» (1958) және «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында (1964) жарияланған қос материалдың авторы Н. Оразбеков деп көрсетілген. Енді сол мақалаға кезек берсек:

Қазақтың тұңғыш суретшісі

Әбілхан Қастеев көшпелі қазақ даласында 1904 жылы шаруа семьясында туды. Әкесі Қастей үш жасында өлді де, ол жетімдік- жоқшылық қасіреттің тауқыметін жастайынан тартты. Әбілхан 8 жасынан бастап жалшылықта жүрді. Байдың қойын бағып, өзінен кейінгі інішектерін тәрбиеледі.

Қазақстанда Совет үкіметі орнаған алғашқы кезеңдерінде Әбілхан күндіз мал бағып, кеште ауылдағы сауатсыздар мектебінен оқып, сауатын ашады. Дәптерін қойнынан тастамай жүріп, жас талант қарындашпен сурет салатын болады. 1927 жылы Жаркенттін, фотографы Саламатовпен танысады. Әбілханның салған суреттері фотографка қатты ұнайды. Оның салған суреттері мен тастан ойып жасаған мүсіндерін (арқар, құлжа, қошқар, аттың басы сияқты мүсін нұсқаларын) Қазақстан оқу халық комиссариатына жібереді. 1929 жылдың январында Әбілханды Алматы облыстық оқу бөлімі оқуға шақырады. Жетісу халқы арасында өскен суретші этнограф Н.Г. Хлудовтың (1850 - 1935 ж.) сурет студиясына кіреді.

Әбілхан Қастеев 1934 жылы Қазақстан көркем-өнерпаздарының республикалық 1-слетіне қатынасты. Бұл слетке ұлы көсем Лениннің портреті мен Абайдың «Жаз» деген өлеңінің сюжетімен тамаша пейзажды «Жаз» суретін жасап алып келді. Әбілхан осы екі сәтті шығармасы үшін республикалық слетте бәйге алды. Москвадағы сурет училищесіне оқуға жіберілді.

Әбілхан Москвадағы сурет мектебінде екі жыл оқиды. Кептеген музейлерді кереді. Дүние жүзіне атағы шыққан Репин, Левитан, Иванов, Сельвестр сияқты суретшілердің картиналарын көріп, олардың өмірі және творчестволарымен танысады. 1936 жылы Алматыға келеді. Қазақстан ұлттық галлереясы Қастеевтың бірнеше суреттерін қабылдайды. Суретшілер одағына мүшелікке етеді. 1937-1940 жылдар арасында Әбілхан «Колхоздағы конституция күні», «Екпінді поселке», «Колхоз тойы», «Шөп шабу», «Алматының маңы», «Медеу көрінісі» деген көркем суреттер жасайды. Ол халық батыры Аманкелдінің образын тарихи материалдарға негіздеп жасады. Аманкелдінің ешбір суреті қалмаған. Қастеев екі рет (1938-1940 жылдары) Қостанай облысына барып, Аманкелдінің жүрген жерін тегіс аралады. Торғай, Татыр, Күйікті аралап, соғыс болған жерді көрді. Аманкелдінің серіктері мен туыстарын, мың басыларын, партизандарын тауып, олармен әңгімелесті. Аманкелдіні жақсы білетін адамдардан сұрап, оның мінез-құлқы, дене мүсіні, бет бейнесі, киім, көркі сияқты портреттерінің бетін аша білуге тырысты. Екі жылғы сапарында Қастеев бір Аманкелді образынан 20 шақты сурет жасады да, соның жиындысынан Аманкелді образын шығарды. Айнымаған Аманкелді болды да шықты. Аманкелдіні көрген адамдар да оның дәл өзі екенін мақұлдады.

Отан соғысы кездеріндегі «Диверсантты ұстау», «Аспандағы айқас», «Неміс танкасының өртенуі» деген көркем суреттер Әбілханның жауға атқан оғы болды. Жаудың ұнамсыз образдарын дәл көрсетті.

Әбілхан Қастеев 1945 жылы Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 100 жылдық тойына «Жас Абай» портретін жасады.

Москвада ауылшаруашылық көрмесінде көрнекті орын алған шығармасының бірі «Күрмекті базы» - бүгінгі заманның талабына сай құрылған, көркемдігі мол, өресі биік шығарма. 

Әбілхан Қастеев – қазақ арасынан шыққан тұңғыш пейзажист. Ол кісі суретті көбіне акварельмен салады.

1952 жылы Қытай Халық Республикасының астанасы Пекин қаласында ашылған дүниежүзілік сурет көрмесіне оның «Қыз сату», «Еріксіз некелеу», «Көкпар тарту», «Қырман тойы», «Бие байлау» картиналары қойылды. Венгрияда совет спортшыларының күшін көрсететін «Тау сырғанағы», «Мұз айдыны» картиналары, Иранда «Көкпар тарту» картинасы көрмеге қойылған. Суретшінің туып өскен жері Талдықорған облысы, Панфилов ауданы еңбекшілерінің сұрауы бойынша, 1957 жылдың апрель айында Жаркент қаласында Ә. Қастеевтің сурет көрмесі ашылды.

Москвада болатын әдебиет және искусство онкүндігіне Қастеев он шақты көркем сурет жасап отыр. Оның ішінде: «Тыңдағы трактор агрегаты», «Колхоздың электр станциясы», «Биязы жүнді асыл тұқымды кой», «Таудағы ферма», «Мақталы колхоз» тағы басқа сол сияқты бай сюжетке құрыл ған көркем суреттері бар.

Н. Оразбеков.

«Пионер» журналы,  1958 жылғы №8 саны

Н. Оразбековтің екінші мақаласы «Мәдениет және тұрмыс» журналының  1964 жылғы № 1 санында жарияланған екен. Мақала халық суретшісінің 60 жасқа толу қарсаңында жарық көрген.

Мақала Халық суретшісі (Әбілхан Қастеев 60 жаста) деп аталады. 

Қой соңынан дірдектеген қаршадай бала Чежін тауының құж-құж тастарының арасына кірісімен-ақ көңілденіп, серпіліп кетті. Бұл жерде ешкім көрмейді оны. Ол дереу кішкентай-кішкентай жұмсақ тастарды теріп алып, қойнына тығып әкелген құралымен қыздар тағатын моншақ, түйме жасауға кірісті...

Қаршадай баланың аты Әбілхан еді. Өнерін түйме түюден бастаған ол, кешікпей жарқабаққа қойдың, ешкінің мүсіндерін, кісінің бас бейнелерін ойып жасайтын болды. Бір күні қиядағы қорым тастардың арасына кіріп алып, салт атты біреудің суретін жасап отырғанында келіп қалған бай Әбілханды қуалап жүріп өлердей сабайды.

Баланың бұл талабына ата-анасы да ырза болмайды. Өйткені, ол уақытта сурет салу үлкен күнә боп есептеледі; о Дүниеге барғанда салған суретіңе қолдан жан сал деп қинайды-мыс. Бірақ, Әбілхан алған бетінен қайтпады. Өз бетімен қалаға кетіп, өнер соңына анық бел буып түсті.

Қазір үздік қаламымен ел құрметіне бөленіп отырған талантты суретшіміз Әбілхан Қастеевтің тұңғыш жолықтырған ұстазы Жетісу аймағында ұзақ жылдар тұрған суретші-этнограф Н.Г. Хлудов болды. Қырдан келген қазақ жігітінің алғашқы тырнақ алдысына сүйсінген қарт этнограф көзіне жас алып тұрып: «Қазақтан мұндай өнердің ұшығын да көрмеп едім әуелде. Енді сендей талабы зор ұлына да жолықтым. Бақытың ашылсын» дейді.

Әбілхан Хлудовтан екі қыстай оқып, аздап сауатын ашты. Бірақ, бұл білім арнайы мектепке түсуге жеткіліксіз еді. Жас талап «Тіс ағашпен жер жырту», «Орақ үстінде» сияқты суреттерді сала жүріп, күндіз-түні қажетті кітаптарды окумен болды.

Ақыры, 1936 жылы ол Алматыға келіп, республиканың Ұлттық көркем галереясына бірнеше еңбектерін тапсырды. Олар: «Шөп шабу», «Көкпар», «Шопан», «Бүркітші». Жыл сайын суретшілік өнерін ұштай түскен Кастеев енді әлеуметтік маңызы бар үлкен тақырыптарды игере бастайды.

Әбілханның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы еңбегі бір сала. Елімізге қапыда тиіскен жауды, оларға деген халық кегін бейнелеуде қылқаламының өнерін барынша сарқа жұмсады ол. Солардың ішінде, әсіресе, «Аспандағы айқас», «Неміс танкісінің өртенуі» сияқты картиналарының есте мәңгі қаларлықтай қуаты бар. Әбілхан осы жылдары «Құрмет белгісі» орденімен, «Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Қастеев соғыстан кейінгі жылдары жаңа заманды, оның сан-салалы өрісін беруге барынша жұмыла берілді. Енді ысылған тәжірибелі суретшінің қылқаламынан «Колхоздың электр станциясы», «Таңдагы ферма», «Теміртаудың көрінісі», «Соколов-Сарыбай карьері», «Шымкент заводы» сияқты күрделі тақырыптарға жасалған картиналар туа бастады.

Жаңа тақырыпты жаны сүйе орындайтын Әбілхан мерекелі күніне де сериялы он сурет әзірлеп әкелді. Ол суреттердің бәрі де («Автоклуб», «Шо- пан жыры», «Мақталы өңір», «Қырман басында», т. б.) Отанымыздың бүгінгі өмірін, соның күнделікті тұрмысын бейнелейді. Сүйікті суретшіміз Әбілхан Кастеевтің әлі де талай тамаша еңбектер жасайтынына сеніміміз мол.

Н. Оразбеков. «Мәдениет және тұрмыс» журналы  1964 ж. № 1

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?