Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақстанға қоныстануы ІІІ бөлім

685
Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақстанға қоныстануы ІІІ бөлім - e-history.kz

Қырымда меселі қайтқан Ресей Қазақ даласы арқылы Орта Азияға ойысты. Ұлы жүзді қаратып, қазақ даласын толықтай өзіне қосты. Бұл ХІХ ғасырдың ортасы еді. Қазақ жерін жаулаған соң, отарлық әрекеті тіптен үдеді. Ташкент, Жизақ, әрмен қарай Қоқан мен Бұхараның басқа да бекініс қалаларын бодан етті. Ресей әскері тоқтаусыз оңтүстікке жылжи берді.

Кушардан басталған ұлт-азаттық майдан 

Дүнген көтерілісі тұтанумен қабат 1860 жылдары Шығыс Түркістанда да азаттық рухы оянды. Әр аймақта ұлттық күрестер күшейіп, қала-кенттерде билікке қарсы соғыс өрті жайылды. 1864 жылы Тәңіртаудың күнгей және теріскей алаптарында 5 мұсылман үкіметі құрылды. Олар: Кушардағы Рәшиддин сұлтандығы, Қашқардағы Сыдық бектігі, Хотандағы Әбибұлла сұлтандығы, Үрімжідегі Туомиң/Дәуіт сұлтандығы (дүнген хандығы) және Құлжадағы Іле сұлтандығы (тараншы сұлтандығы). Бұлардың арасында Тәңіртаудың теріскейінде Туомиңнің дүнген сұлтандығы, күнгей қанатында Яқұпбектің Жетішәр хандығы және осы екеуінің ортасында Рәшиддин сұлтандығы біртіндеп күш алып, орнықты. Іле сұлтандығын Ресей басып алып, Құмыл, Баркөл, Ескішәр, Жың, Тарбағатай қатарлы ішінара бекініс-қалалар мәнжүр бақылауында қалды. 

Алпауыттардың Орталық Азия үшін айқасы 

Шығыс Түркістандағы ұлттық көтерілістер мен азаттық арпалыстарын қыздыра түскен және бір себеп бар. Ол – алпауыттардың шымылдық сыртындағы сынасуы. Дәлірек айтқанда, Ұлы Британия мен Ресей арасындағы империялық бәсекелестік, отарға талас Шығыс Түркістан топырағында да қылаң берді. Бұл Қырым соғысынан кейін анық көрінді.

ХІХ ғасыр басында Ресей мен Ұлы Британия саясат сахнасында одақтас ретінде мүдде тоғыстырды. Теңіз бен құрлықта екі жақтап қыспаққа алып, Францияны жеңді. Бұдан соң ағылшын мемлекеті талассыз алпауыт елге айналды. Ресей де ширақ қимылдап, одақтастық орайын сәтті пайдаланды. Еуропаның үздік технология жетістіктерін еліне енгізіп, мәдениетін өркендетті. Артта қалған аграрлы, мешеу елден индустриялы мемлекет болуға  қайрат жұмсады. Алайда Ресейдің ұлы мақсатын бір себеп бөгеді. Ол – жылдың төрт маусымында қатпайтын айлақ еді. 

Ресей тек құрлыққа сүйеніп, әлемдік саудадан мол үлес ала алмайтын. Ұлы империя болуға ұмтылыс оны мұхитқа шығуға итермеледі. Ресей алдында екі таңдау тұрды: бірі Қырымды алып, Қара теңізден Жерорта теңізіне шығу; екіншісі Үнді мұхитынан сұғынып кіру. 

Ұлы Британия Ресейдің мұхитқа шықпақ ниетін өз мүддесіне қауіп деп білді. Өйткені орыс патшалығының килігіп отырғаны Үндістанға ұластыратын жол еді. Ағылшын үшін Үндістан – отарлардың ең құйқалысы, жақұты. Бұған титтей де қауіп төндіруге жол бермеді. Осындай мүдделер тайталасында «достықтың» демі үзілді. Одақтастық бәсекелестікке ұласты. Ағылшындар әуелгіде бопсалап дөңайбат көрсеткенімен, соңы соғысқа жеткізді. 

1853 жылы екі алып Қырымда шайқасты. Үш жыл соғысып, Ресей жеңілді. Әрине, Ұлы Британия да айтарлықтай соғыс зардабын тартты. Бірақ діттеген мақсатына қол жеткізді. Ресейдің Жерорта теңізіне шығар жолын кесті. 

Қырымда меселі қайтқан Ресей Қазақ даласы арқылы Орта Азияға ойысты. Ұлы жүзді қаратып, қазақ даласын толықтай өзіне қосты. Бұл ХІХ ғасырдың ортасы еді. Қазақ жерін жаулаған соң, отарлық әрекеті тіптен үдеді. Ташкент, Жизақ, әрмен қарай Қоқан мен Бұхараның басқа да бекініс қалаларын бодан етті. Ресей әскері тоқтаусыз оңтүстікке жылжи берді.

Ағылшын үкіметі тағы да қопақтай бастады. Егер Орта Азияны толықтай бағындырса, Ресей құрлықта Үндістанмен тікелей шектеспек. Онда қауіп көбейіп, қатер молаяды. Осыны ойлаған Ұлы Британия Ресеймен жаңа қақтығысты – Орта Азия тартысын бастады. Тікелей соғысса, Ұлы Британия ырықсыз қалмақ. Қырым секілді емес, мұнда мүдделі одақтас табу қиын. Ағылшын мүддесін көздеп, алыстан артынып-тартынып келе қояр тағы ешкім жоқ. Сол себепті Ұлы Британия жақыннан жақтас шығару жоспарын құрды. 

Шығыс Түркістан өңіріне екі алпауыт империя – Ұлы Британия мен Ресейдің ынтығуы шүршіт ордасын ұйқысынан оятты. Жоңғар хандығын құлатқаннан кейін мәнжүр билігі бұл топырақты өзіне меншіктеп, басыбүтін «иемденіп» алған. Әйткенмен Шығыс Түркістан ұзынырға оқшау жатқан аймақ еді. Империялардың қызығуынан кейін Чиң ордасы батыс аймақтан қайтсе де айырылмау қамына кірісті. Бұған қажетті алғышарт та орындалды. Зо Зұңтаң Хыши дәлізін дүнген көтерілісшілерінен «тазартып» үлгерген болатын.  

Хыши дәлізі – Чиң әскерін Шығыс Түркістанға жеткізетін жалғыз соқпақ. Күнгейін Чилиән тауы, теріскейін құмды жазира алып жатқан бұл жазықтан басқа шүршіттерді «батысқа» өткізетін қақпа жоқ. Мың  шақырымдық дәлізді көтеріліс бастаған дүнгендерден қайтарып алған Зо Зұңтаң орда әмірімен Шығыс Түркістанға жоспар құрды. 

Мәнжүр-қытай әскерінің Шығыс Түркістан топырағына енуі үшін бірқанша мәселе көлденең тұрды. Хыши дәлізінің ең соңғы бекінісі Су Жоудан есептегенде Үрімжіге дейін 1200 шақырым, әрі қарай Ілеге 700 шақырым, Үрімжі-Қашқар арасы тағы 1300 шақырым шығатын. Күнгейі мен теріскейінің арасы алыс, шығысы мен батысы ұланғайыр бұл далаға иелік етуге айтарлықтай қаражат керек. Оның үстіне шөл далалы, кейбір жері қылтан өспейтін қу медиан болғандықтан, жеткілікті азық қорын табу тіптен қиын. Ал оның бәрін Гәнсуден тасымалдау оңайға соқпайды. Ауық-ауық жұтқа ұрынатындықтан, Гәнсудің өзі сырттан келетін астыққа мұқтаж еді. 

Осылайша, ХІХ ғасырдың ортасында Шығыс Түркістан үш жақты: ағылшын, орыс, мәнжүр шарпысуының түйіскен нүктесіне айналды. 

Кушар мен Үрімжідегі ұлттық үкімет

Шығыс Түркістандағы ұлттық көтерілістің жалауы Кушарда желбіреді. Кушар – Шығыс Түркістанның солтүстігі пен оңтүстігінің түйіскен мүйісінде. Кушарға кім иелік етсе, теріскейде Іле мен Үрімжінің байланысын үзіп, жолын жауып тастай алады. 1864 жылдың маусымында қаратаулық қожа нәсілінен тарайтын Рәшиддин және дүнген қалпесі Туо Доле (қысқартып Туомиң / мұсылманша аты Дәуіт) бірлесіп, көтеріліс бастады. Туомиң дүнген халық жасағын, ал Рәшиддин жергілікті ұйғыр қосынын шығарды. Екеуі күш біріктіріп, Кушарды басып алды. 

Стратегиялық маңызы зор Кушар сәтті алынды. Қаланы алғанның үшінші күні Кушар аймағында айтарлықтай бедел мен ықпалға ие Рәшиддин мұсылман мемлекетінің құрылғандығын жария етіп, өзін хан атады. Хандық құрылғанмен, екі көсем арасында алауыздық туды. Туомиң қолды теріскейге бағыттап, Шығыс Түркістанның солтүстігін алу керек десе, Рәшиддиннің ынтызары оңтүстікке ауды. Сонымен ортақ байламға келе алмаған екеу өзді-өзі бөлініп кетті. 

Рәшиддин немере ағасына қол бастатып, Ақсу мен Үштұрпанға жорық ашты. Туомиңнің дүнген жасағы Cуо Хуәнжаңмен ымыраласып, Үрімжіні басып алды. Cуо Хуәнжаң Үрімжі қамалында чиң әскерінің дүнген отрядын басқаратын. Нәсілі дүнген болғандықтан, Туомиң екеуінің ертеден ым-жымы бір еді. Cуо Хуәнжаң Туомиң қалпені ұстаз тұтты. Орай туып, мөрті келгенде бірі сырттан шабуылдап, екіншісі іштен сетінетіп, Үрімжі қаласының тізгін-шылбырын тез-ақ қолдарына алды. Туомиң де мұсылман мемлекеті құрылғанын жар шашып, өзін хан атады. Рәшиддин мен Туомиң екі қанаттан Чиң бекіністерін біртіндеп алып, жеңістен жеңіске қол жеткізді. 

Сыдық бектің Қашқарды алуы

Шығыс Түркістанның оңтүстік бетінде де осы көрініс қайталанды. Рәшиддин мен Туомиң теріскейде Кушар, Үрімжіні қаратқан тұста 1864 жылдың жазында қырғыздың көтеріліс жетекшісі Сыдық дүнген жақтасы Жин Шиаңиннің қолдауымен Қашқар билігін Тоқтымамыттан тартып алып, өзін сұлтан деп жариялады. Қашқарға ие болғаннан кейін ол ақтаулық қожа нәсілі Бұзырықты қалап, Жин Шиаңинді Қоқанға елші қылып аттандырды. Елші 1864 жылдың қыркүйегінде Қоқанға жетті. Қоқан ханы Әлімқұл ұсынысты қабыл алып, Бұзырық қожаны Қашқарға жіберуді ұйғарды. Желтоқсан айында қожа жанына Әлімқұл мақұлдаған бектер мен кісілерін ертіп, шығысты бетке алды. Бұл топта Бұзырық қожаның туысы Алдаш, Қоқандағы белгілі тұлға Мырзахмет құсбегі және елудей қызметші нөкер жігіттер болды. Сондай-ақ Әлімқұлдың қалауымен Бұзырық қожаға әскери кеңесшілікке тағайындалып, құсбегі шенімен жасауылбасы Яқұпбек те топқа қосылды. 

Қырғыз Сыдық бектің қожадан аттай кісі қалауында себеп бар-тын. Ол Қашқар шәрін алғанымен, қытай қамалы аталатын іргелес бекініске тығылған қытай шеріктерін ала алмай ұзақ соғысты. Қанша шабуылдаса да жеңе алмады. Себебін іздеп, мәніне үңілгенде жергілікті халықтың өз ұранына дерліктей үн қоспағанын байқайды. Нәсілінің қашқарлық еместігі яки діни ақсүйек тұқымға жатпайтыны оның билігіне көлеңкесін түсірген. Алда-жалда қамалдағы қытай шеріктері қарымта шабуылға шықса, жанында жан берісерлік әскер қалмауынан қорыққан ол дереу билігін «заңдастырып» алу жоспарын құрды. Сондағы ойына келгені – Қоқаннан «төре» алдырып, «қуыршақ» хан ұстау. Аты төреде болғанымен, заты өзіне тиесілі хандық құру. 

1865 жылы қаңтарда Бұрһан ал-дин қожаның ұрпағы Бұзырық Қашқарға келді. Сыдық бек және қашқарлық қала халқы Бұзырықты салтанатпен қарсы алды. 

Бұзырықтың хан сайлануы 

Бұзырық ақтаулық қожа нәсілі, ал Кушарда билікке жеткен Рәшиддин қаратаулық қожа ұрқынан болатын. Екеуі де сопылықтың нақшбандия тариқатынан өрілетін тармақтар. Нақшбандия тариқатының көрнекті тұлғасы, дін ғұламасы сейіт Махдум Ағзамның үлкен үлы Қожа Ахмет Қасаниға ерген жамағат «ишқиялықтар» (ақтаулық немесе ақ тақиялылар) аталып, тағы бір ұлы Қожа Исхақ Уәлиолла соңындағы жамағат «исхақияға» (қаратаулық немесе қара тақиялылар) айналған. 

«Ишқия» мен «исхақия» жамағаттарының ақтаулық-қаратаулық аталуында ел аузында айтылатын мынадай бір ауызекі әңгіме бар. Екі діни жамағат өз орнын нықтау әрі әскери әлеуетін арттыру үшін іргелес көрші, ат үстіндегі жауынгер қырғыздармен етене одақтасады. Қашқардың теріскейі мен Тәңіртаудың шығыс сілемін мекендеген қырғыздар ишқиялықтарға іш тартып, Памир қырғыздары исхақиялықтармен ымыраласқан екен. Сондықтан ақ қар құрсанып жататын тәңіртаулықтармен біріккен ишқиялықтар ақтаулықтар, ал Памир тауының қара жон жотасын мекендеген қырғыздармен ынтымақтасқан исхакиялықтар қаратаулықтар аталған деседі-мыс. 

Екі жамағат арасында әу баста өштік жоқ еді. Кейіннен ұрпақ ауысып, діни ықпал мен билікке талас өршіген тұста жік пайда болды. Әсіресе, «ишқия» мен «исхақия» арасының ушығуы Яркенд хандығының соңғы тұсында анық көрінді. 

Яркенд хандығы һәм қаратаулықтар 

166 жыл өмір сүрген Яркенд хандығының іргетасы 1514 жылы 3 қыркүйекте қаланды. Оны құрған Тоғлық Темір ұрпағы Сейіт еді. Мемлекет 1600 жылдар кезеңінде шарықтау шегіне жетті. Қашқар бегі болған Мұхаммед сұлтан хандық тізгініне ие болған уақытта шаруашылық көркейіп, экономика өрге басты. Шығыста Ұлы Қытай қорғанының батыс жиегіне жетіп, Құмыл аймағын өз ықпалына қаратты. Оңтүстікте Күнлүн тауы арқылы Тибет елімен, оңтүстік батыста Тибеттің Ладак аймағымен шектесті. Күнбатыста Алай тауына тіреліп, Моғолстанмен қоңсы қонды. Тұтас Памир және Пяндж өзенінің батысы, Үндіқұс тауының теріскейіндегі Уахан аймағы хандық құрамына қарады. Солтүстікте Тәңіртау арқылы қазақ-қырғыз, ойратпен көрші тұрды. 

XVI ғасыр соңында сауда керуендерімен бірге дін баққан молда-ишандар да тыныштық құшағындағы Яркендке ағылды. Ислам дінін таратуға келген қожаларды Яркенд ханы құшақ жая қарсы алып, мейір-шапқат төкті. Соның ішінде көрнектісі белгілі ғұлама имам Махдум Ағзамның кенже ұлы Исхақ қожа еді. Ол Яркенд хандығына Әбдікәрім билеуші тұсында келді. Әбдікәрім хан дін мен саясаттың арасын айырып, бір-бірінен оқшаулады. Әйткенмен қожа Исхақтың білім-парасатына, ілім-амалына тәнті болып, оны қадірлеп ұстаз тұтты. Исхақ қожаның халық арасындағы беделі де күн сайын өсіп, сопылық жол кеңінен тарады. Ел арасындағы ықпалы өсіп, әлеуеті артқанның арқасында дін таратушы тұлғалар саяси билікке әсер ете бастады. Жоғары-төмен әр лауазымда олардың ырқындағы саяси қызметкерлер қарасы молайды. Осыдан барып хандық билік пен қожалар арасында қайшылықтар көрініп қалып жатты. Бұған шамданған әрі қауіптенген хан дін таратушы қожалардың елден кетуін талап етті. Сөйтіп, Исхақ қожа Яркенд хандығынан кетті. Ыстықкөл мен Жетісу алабында дін насихаттаған сопы 1599 жылы туған топырағы Самарқандта көз жұмды. Исхақ қожа Яркенд хандығынан кеткенімен, Шығыс Түркістанда оңтүстік өлкесінде ол негізін қалаған исхақия сопылық мектебі қалыптасты.

Әбдікәрімнен кейін Мұхаммедтің таққа отыруын қаратаулықтар қолдады. Олар ханның сеніміне ие болып, хандықтың тіреу күшіне айналды әрі өз ықпалын билік құрылымының барлық буындарына сыналап кіргізе бастады. Таққа отырған Мұхаммед хан дәуірінде исхақиялықтарға қолайлы жағдай туды. Қарқынды дамып, жамағат қарасы артты. Мүриттер қатары молайды. Исхақиялықтар тағы да саяси билікке араласа бастады. Билік тармақтарына ықпалын күшейтті. Әсіресе, Шәди қожа айрықша көзге түсті. 

1610 жылы Мұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін әзелден келе жатқан тұңғыш ұлдың әке орнын басатын дәстүрін бұзып, қаратаулық Шәди қожа өз ықпалымен Мұхаммедтің басқа баласы Ахметті таққа отырғызды. Қашқардың бегінен хандық биікке көтерілген Ахмет хан да Шәдидің жақсылығын ұмытпай, қаратаулықтарға мол тарту-таралғы үлестірді. Оларды көтермелеп, ел ісіне белсенді араластырды. Ханның дін адамдарының дәргейін көтерген әрекеті басқа ақсүйектердің наразылығын тудырды. Хандықтың шығыс бөлігіне ықпал ететін Әбдісаттар бек Ахметке қарсы тұрып, мемлекеттің ыдырау қаупі ұлғайды. Анық бөлініп кетпесе де тұтас ел жікке жарылып, сызат түсті. Жергілікті бектер мен ақсүйектер әлсін-әлсін көтеріліске шықты. Соның салдарынан 1618 жылы Ахмет хан бүлікшілер қолынан қаза тапты. Бүлікті ұйымдастырушы қаратаулықтар Ахмет ханның немере ағасы Құрайышты таққа шығарды. Жаңа ханның жарияланғанын естіген бойда Қашқар бегі – 14 жасар Әбділатип қапияда қаза тапқан Ахмет ханның құнын даулап, көтерілісшілерді жазалауға шықты. Ол Яркендте Құрайышты ағасымен қоса өлтірді. Небәрі тоғыз күнге созылған Құрайыштың билігі аяқталды. 

1618 жылы Яркенд хандығының жетінші билеушісі болып Әбділатип тізгін ұстады. Оның билігі тұсында да хандық қат-қабат қиыншылықтар құрсауында қалды. Ішкі билік топтары арасындағы текетірес, саяси тартыс толастамады. Қарсыластарға жасалған қастандықтар көбейді. Ахмет хан кезеңінен бері елдің шығыс бөлігін билеп-төстеп келген Әбдісаттар қазақтармен одақтасып, Ақсуды басып алуға ұмтылды. Қалмақтардың да төтеннен төндіретін қаупі күшейді. Осындай ширығыспен 12 жыл билік құрған Әбділатип 1630 жылы 26 жасында бақиға аттанды. Хан қайтыс болғаннан кейін сол жылы Ақсу бегі Ахмет Яркендке барып таққа отырды. Бұған Қашқар бегі Махмұт наразы болып, билікті тартып алуға әрекеттенді. Ол екі жыл өткенде, яғни 1632 жылы дегеніне жетті. Яркенд хандығының жаңа билеушісі атанды. Махмұт хан 1635 жылы Шәди қожа ұйымдастырған құпия төңкерісте көз жұмды. 

Билік дәстүріне сай Махмұт өлгеннен кейін Ахмет сұлтан қайыра хан көтерілді. Алайда Махмұтқа жақтас болып, билікті Ахметтен тартып алуға қызмет еткен әскери қолбасшылар ханның кек алуынан жасқанып, хандықтың шығыс аймағында ықпалы басым Абдолла бек жағына өтті. Абдолла ақсүйек қолбасылардың өзіне ауғанын қолайына жаратып, тиімді сәтті мүлт жібермеді. Қашқарға жорық ашты. Қаратаулықтар да жағдайға сай құбылып, Абдолла ханға ыңғай таныта бастады. 1638 жылы қаратаулықтар демеуімен Абдолла Яркенд қаласын қантөгіссіз алды. Абдолла ханның билік кезеңі басталды.

Абдолла билік басына келгеннен кейін көп ұзамай қалмақтардың бетін тойтарып, Кушарды қайтарды. Күнгейде Балтистан мен Бадахшанға жорық ашып, батыста Ферғананы жаулады. Қазақ хандығымен соғысып, Ақсу маңындағы шайқаста жеңіске жетті. Бұл оқиға тарихта «Ақсу жорығы» деген атаумен ел есінде қалды. 

Жеңіске жете тұра Абдолла саяси билікте шалыс қадамдар да басты. Қандай да бір ақсүйектің әлденуінен секемденген ол билікті өз уысына барынша шоғырландырды. Лауазым иелерін жиі өзгертіп, ескіні жаңамен алмастыра берді. Бұл әсіресақшылдығы ақсүйек тобының наразылығын тудырып, қарсылығын қоздатты. Бір кездері Абдолла ханға бүйрегі бұрған ақсүйек қолбасылар бұдан суйи бастады. Бұл топ ханның қажылыққа аттанған сапарын пайдаланып, төңкеріс жасады. Қашқар бегі Жолбарысты билікке әкелді. Бірақ онысы сәтсіз аяқталды. Ақыры беті ашылып, берекесі қашқан Жолбарыс бек те райынан қайтпады. Аңысын аңдып, орайын күтті. Орталық билікке қарсылығын үдетті. Абдолла ханның секемшіл мінезінен көңілі қалған ақсүйек тобы Жолбарыспен астыртын тіл біріктірді. Абдолла ақырындап әлсірей берді. 

Ақтаулықтар мен қаратаулықтар айқасы 

Қожа Исхақтан едәуір кейін, 1638 жылы Яркендке 12 жасар баласы Хидаятолланы ертіп, Мұхаммед Жүсіп қожа келді. Бұл екеу әулие Махдум Ағзамның ұлы мен немересі еді. Яркенд хандығының тағына жаңа отырған Абдолла қонақтарды құшақ жая қарсы алып, ықылас танытты. Жүсіп қожаға жер кесіп берді. Ханның әке-бала екеуге мейірінің ауғаны исхақиялықтарға ұнамады. Қожа Исхақтың ұрпақтарының ішін қызғаныштың қызыл мысығы тырнады. Олар бұл бедел мен құрмет өздеріне тиесілі деп санады. Сондай-ақ бірте-бірте ырықты орыннан айырылып қалудан қорықты. Қаратаулықтар, дәлірегі Исхақ қожа ұрпақтарының есебінде, әкесінің әлдеқайда ерте, Мұхаммед хан тұсында келгені, Қашқардың қадірлі ұлықтарының бірі Сатық Бұғраның қызынан туғандығы Жүсіп пен Хидаятолладан мәртебесін әлдеқайда биіктеткен. Оның үстіне Исхақ қожаны Мұхаммед ханның өзі пір тұтып, қол бергендіктен қараша халық та қожа Исхақ мүриті еді. Енді міне, жаңа келген екеу исхақиялықтардың осы құрметіне көлеңке түсірді. Қаратаулықтар әке-бала екеуін түртпектеп, тырнағын батыра берді. Ақыры Яркенд шәрінен орын таба алмаған Жүсіп пен Хидаятолла Қашқарға ығысты. Дәм-тұзы таусылған Жүсіп қожа 1644 жылы сонда көз жұмды. 

Әкесі Жүсіп қожаға еріп, сопылық жолға түскен Хидаятолла 1640 жылдар ортасына қарай Қашқарда едәуір атағы жайылған сопы болып танылды. 1644 жылы әкесін немере туысы, қаратаулық Исхақ Уәлиолла қожаның немересі Абдолла ишан улап өлтіргеннен кейін дереу әкесінің орнын басып, өзін пір деп жариялады. Сөйтіп әкесі негізін қалаған ишқияға көсем болып, Әппақ қожа атанды. Ишқия мүриттерінің жолбасшысына айналды. 

Әппақ қожа тұсында ишқия мен исхақияның арасы ушыға түсті. Ырықты орынды иеленіп, жамағаттың көзсіз көсеміне айналу текетіресі жүрді.  Хидаятолла өзін пайғамбардың 27 ұрпағымын деп жар шашып, алейһсаламның мұрагері ныпысымен мүрит топтауға бар ыждаһатын салды. 1635-1677 жылдары Құмыл, Тұрпан, Қарашәр, Кушар, Ақсу, Қашқар, Яркенд, Хотан, Үштұрпан, Жаңашәр, Сарықұл, Бадаһшан, Кашмир, Касан, Ферғана, Іле қатарлы елдімекендерді кезіп, насихат жүргізді. Соның арқасында соңынан қаранөпір халық ерді. Аңыздарға құлақ түрсек, ол бірде Абдолла ханнан өз мүриттерінен салық алмауын өтініпті. Хан бұның пайғамбар ұрқы екенін сыйлап, сөзін жерде қалдырмай талабын мақұлдайды. Салық төлемейтіннен құлақтанған халық көз жұмып Әппақ қожа артынан еріпті. Жылға жетпейтін уақытта Әппақ қожа мүриті отыз мыңға көбейіпті-мыс. Аңыздың шын-өтірігіне жіп тағу қиын. Алайда Шығыс Түркістанға кейіннен таралған ишқияның аз уақыт аясында исхақиямен терезесін теңестіргені анық. 

Бір-бірінің бағын қызғанып, өзара бәсекелескеннен екі жамағат арасында әлсін-әлсін кикілжің, егес туа берді. 1666 жылы мүрит пен жамағатқа таласқан екі қауым ортасында тағы да жанжал тұтанып, әжептәуір дауға ұласады. Соңы бір-бірінен анық ажырап, шек-шекарасын ашық белгілеуге әкеледі. Сөйтіп Аппақ қожаны пір санаған ишқиялықтар ақ тақия киіп, Ғұбайдоллаға қол берген исхақиялықтар қара тақия киетін болыпты. Тақия түсі бір-бірін ажырататын негізгі белгіге айналды. Ишқия мен исхақиялықтардың «ақтаулық», «қаратаулықтан» басқа «ақ тақиялылар» мен «қара тақиялылар» аталуының себебі осы екен. 

Абдолла хан дәурен сүрген 30 жылда ишқиялықтардың ықпалы күшейді. Екі топ арасында тартыс қызып, бәсеке үдеді. Діни күрес тақ мұрагерлігі мен саяси билікке елеулі әсерін тигізіп, қоғам тұрақсыздығына душар етті. 

1667 жылы Жолбарыс әкесі Абдолла ханға қарсы кезекті рет жорыққа дайындалып жатты. Бұл хабар Абдоллаға да жетіп үлгерді. Билік жүргізудегі сәтсіз әркеттерінің салдарынан қоластындағы ақсүйектердің дені Жолбарыс жағына ауып кеткені Абдоллаға аян-ды. Тірегі әлсіз Абдолла жанын олжаламақ ниетіне ауды. Сөйтті де қажылыққа аттанатынын сылтау етіп, хандықты тастап кетті. 

1668 жылы әкесі Абдолланы биліктен баз кештірген Жолбарыс Яркенд мемлекетінің оныншы ханы болып таққа отырды. Қашқар бегі кезеңінен-ақ Жолбарыстың бүйрегі ақтаулықтарға бұратын. Хандыққа келісімен қаратаулықтарға қырын қарап, кәрін төкті. Исхақиялықтар амалсыз Қашқардан кетіп, Ақсуды ықтады. Мұнда Абдолланың немере туысы Исмаил қала бегі болатын. Мұнар күннен айығу үшін исхақиялықтар Исмаилды демеп хан сайлады. Сөйтіп Ақсу-Қашқар арасында дұшпандық орнап, шиеленіс күшейді. Ушыққан жағдай кемерінен асып, сыртқа жайылды. Жолбарыс хан қаратаулықтарды тұралатып, ақтаулықтардың жұлдызын жаққанымен, өз қара басын төнген қауіпті сейілте алмады. Яркенд хандығының ішкі тартысына басқа күш килікті. Төтеннен хан көтерілген Исмаилдан қорғану үшін Жолбарыс жоңғар қонтайшысы Сенгеден жәрдем тіледі. Сөйтіп ішкі тартыс сыртқы күштің әсеріне ұшырады. Дер кезіндегі көмек Жолбарысты Исмалдың шабуылынан арашаласа да, басқа қатердің апанына апарды. Жолбарыс хан Сенге қоңтайшының басыбайлы тәуелді ету «ырқына» көнбегендіктен, 1668 жылы қоңтайшы Жолбарысты өлтіріп тынды. Ал Исмаил ханды Ерден қоңтайшы қолдап шықты.

Жолбарыс хан өлгеннен кейін ақтаулықтар билікке оның ұлы Әбділәтипті әкелді. Ақсуда отырған Исмаил биліктің ауыс-түйіс мөртін мүлт кетірмей Яркендті басып алды. 1670 жылы 2 сәуірде Әбдірахимнің төртінші ұлы, Абдолла ханның інісі, Жолбарыстың кіші әкесі Исмаил Яркенд хандығының 12-билеушісі болып таққа отырды. Үстемдік қаратаулықтар қолына қайта өтті. Әбділәтип Қашқарға қашты. Исмаил билікті алысымен Әбділәтип пен оның барлық ағаларын өлтіріп тынды. 

Исмаил билік құрған екінші, яғни 1671 жылы Аппақ қожа Яркенд шәрінде қаратуалықтармен ашық айқасқа барды. Исмаил хан қатты ашуланып, бұны бірқанша серіктерімен қоса Қашқардан күштеп қуып шықты. Шектен шыққан мүриттерін жазалады. Сонымен сопылық айқас біршама басылып, саябырсыды. 

Яркенд хандығын құлатқан Хидаятолла 

Аппақ қожа Қашқардан кеткеннен кейін Ташқорғандағы Көктүрік асуынан асып, Ауғанстанға өтті. 1671 жылдың күзінде Бадаһшанға барып орналасты. 1676 жылға дейін Бадаһшаннан Кашмир барып, Раждан, Уахан, Ферғана, Касан, Һират қатарлы жерлерде сопылық істеп жүрді. 1677 жылы күзде үш серігімен Жұңғария торғауыттарының далайды тәуап ету тобына қосылып, Тибеттің Лхасасына табаны тиді. Онда тоқсан күн дегенде ретін тауып, Тибеттің бесінші ламасы Лобсанг Гьяцомен жүздесті. Елінен айырылған шерменде хан екенін айтып, зарын төкті. Мән-жайын баяндап, көмек сұрады. Шалғайдан келген Хидаятолланың меселін қайтармаған Лама Іледегі жоңғар қонтайшысына хат жазып, қолдау көрсетуін айтады. Жоңғарлар будда дінінің тибет тармағын ұстанатын. Хат Лхасадағы дін көсемінен келгендіктен Жоңғар қонтайшысы Аппақ қожаға қол ұшын созуға келісті. Бұл бір жағы жоңғардың Шағатай ұлысының мұрагері Яркенд хандығын басып алуына сәтті ілік болды. 

1678 жылы жоңғар ханы Қалдан Бошоқ Яркенд хандығына қарасты Құмыл мен Тұрпанды басып алды. 1680 жылы Аппақ қожа жоңғар ханы Қалдан Бошоқтының күшіне таянып, он екі мың қалмақ әскерінің көмегімен хандықты Исмаилдан тартып алды. Қаратаулық Данияр қожа ығыстырылып шығарылды. Исмаил отбасымен Іледе жоңғар тұтқындығында жүріп өлді. 

Яркенд хандығы 1680 жылдан бастап жоңғарлар бақылауына көшті. Билік басына келген хандар қолбала есебінде өкімет құрды. Жоңғарлар қуыршақ хандарды толықтай иліктіру, көтеріліс қаупін сейілту үшін ханның жақындарын кепілде ұстады. Тек экономикалық, саяси жағынан билеп-төстеп, жергілікті халықтың мәдениеті мен дініне аса килікпеді. Ақтаулық-қаратаулық кикілжіңі тынып аққан өзеннің ішкі иірімдей жалғаса берді. 

1694 жылы ақпанда Исмаил ханның інісі Мұхаммед Имин қаратаулық қожалар көмегімен Аппақ қожаны улап өлтіріп, билікті алды. Ақтаулықтар Аппақ қожаның орнына баласы Ахмет қожаны шығарды. Екеуі билікке жеткен уақытта шүршітпен шайқасқан жоңғар хандығы әлсіреп қалып еді. Мұхаммед Имин хан мен Ахмет қожа арасында бір мезгіл татулық орнап, жоңғардың шүршітпен сәтсіз соғысын пайдаланып, екеуі жоңғарға бағынудан бас тартты. Қашқарда өкімет құрып отырған Мұхаммед хан дербестік жариялады. Бұған шамданған қонтайшы Сыбан Рабдан қалың қолмен қайта төніп, 1696 жылы (кей деректерде 1700 жылы) Қашқарды екінші мәрте басып алды. Хандығы баянды болмаған Мұхаммед Имин Алай тауларына қарай қашып, сондағы қырғыздар қолынан ажал құшты. Ал қалмақтар ақтаулық Ахмет қожаны тұтқынға алып, Ілеге әкетті. 

Ахметтен кейін ақтаулықтар Аппақ қожаның баласы Яхияны көсем сайлады. Ақтаулықтардың өз арасында тартыс күшейді. Аппақ қожаның жары Ханым паша ұлы Мақаштың билік тізгінін ұстағанын қалап, астыртын Яхияға қастандық ұйымдастырды. Алайда онысы әшкере болып, өзі де ажал құшты. Соңында Қашқар билігінің басына Яхияның ұлы Мұхаммед жетті. Екі топ жиі жауығып, шайқасып тұрды. Өштік өршіп, кек тамырлана түсті.     

Ахмет Ілеге тұтқынға әкетіліп, Яхия улап өлтірілгеннен кейін ақтаулық, қаратаулықтардың жігі мүлдем ажырап кетті. Мұхаммед қожаны пір тұтқан ишқиялықтар Қашқарға орнығып, исхақиялықтар Яркенд шәрінде тамыр жайды. Исхақияның көсемдігі Исхақтың немересі қожа Даниал қолына тиді. Даниял кезеңінен бастап жоңғарлар қаратаулықтар арқылы билеп-төстеді. Даниялдан кейін баласы Абдолла қожа, одан кейін оның ұлы Яқұп қожа елге иелік етті. Яқұп қожа хан сайланған кезінде інілері әр шаһарға бек болды. Қожа Юсуп Қашқар бегі, Қамыш қожа Ақсу әмірі, қожа Абайдолла Хотан әкімі болып билік жүргізді. Әкімдік еткен бектердің әрқайсының бір-бір баласы Іледегі жоңғар ордасында кепілде ұсталды. Осы жанды жері арқылы жоңғарлар қожалардың «бүлік» шығарып, бағынбай кетуінің алдын алды. Алман-салықтан тыс, әр жыл сайын «хан» сайланған қожалар кемінде бір-екі рет сый-сияпатын апарып, қонтайшылардың көңілін аулап тұрды. Әсіресе, тарту-таралғыға бөз, мата секілді қат дүниелер көбірек жүрді. 

Сөйтіп 1514 жылы сұлтан Сейіт құрған, Шығыс Шағатай ұлысының заңды жалғасы ретінде өмір сүрген Яркенд хандығы ішкі тартыстан күйзеліп, дәлірегі ақтаулық-қаратаулық қожалар қақтығысынан шайқалып, тарих сахнасынан өшті. Шыңғыс әулетінің ұрпағы Тоғлық Темірден өрбіп, он екінші хан, яғни Исмаил хан мен Мұхаммед Имин ханға жеткенде төре тұқымынан жалғасып келе жатқан хандық жосын үзілді. Шыңғыс ұрпақтары – төре тұқымынан хан сайланатын дала тәртібі бұзылып, орнын қожалардың діни үкімдігі алмастырды.   

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?