Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жамбы ату және сайыс түрлері

382
Жамбы ату және сайыс түрлері - e-history.kz

Алдағы қыркүйек айының 08-14 аралығында Астана қаласында өтетін аса ірі мәдени-спорттық сайыс – V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Бұл шара туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз» деген еді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясыныңмәліметіне жүгінсек, сайысқа әлемнің 90-ге тарта мемлекеті қатысуға ниеті білдіріп отыр. Сайыс кезінде этноспорттың 21 түрі бойынша 97 медаль сарапқа салынады. Осындағы спорт түрлерінің бірі – халқымыздың байырғы мергендік өнері – жамбы ату.  Осы орайда жамбы ату стилінің тарихи-этнографиялық маңызы, оның қазақ қоғамындағы орны, сайыс ретіндегі түрлері хақында сөз етеміз.

Жамбы атып сайысу қазақ халқының ежелден келе жатқан мергендік дәстүрі. Бұған дәлел ретінде айтарымыз: үлкен жазушы Iлияс Есенберлиннің 2004 жылы жарық көрген «Көшпенділер» тарихи триологиясының бірінші кітабы «Алмас қылыш» туындысының 91-бетінде: «Мергендер жамбы атып, сайысқа түсті. Шырқалған ән, тербелген алтыбақан... Айлы түндерде, бетегелі құрақты сай ішінде хан қонағы талай сұлуды құшып, күндіз сұңқар, қаршыға салып, Арқаның қызыл түлкісі мен кіші-гірім лақтай қыр қоянын алдырды» десе, 2004 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» жүз томдығының 43-томында жарияланған «Қамбар батыр» (Б.Мұқамбайұлы нұсқасы) атты жырдың қарасөзбен жазылған 253-бетіндегі мәтінде: «Қамбар батыр еліне келіп, тоқсан үй тобырын қуантып, алып келген дүниесін ортаға салып, аяқ жетер жердегі елге хабар беріп, бір үлкен ат шауып, жамбы атқызып, сайыс-күресі бар тамашалы той істеуге кірісті» деп жазылғанын келтіреміз.

Сондай-ақ, ежелгі көшпенділердің жауынгерлік өнерін зерттеген орыс ғалымы А.И.Мазаев және моңғол оқымыстысы О.Намнандоржылардың еңбегінде ертедегі ғұн, сақ дәуірінде ел ішіндегі мергендерді сыналтатын: теңге ату, жебе жарыстыру немесе оқ оздыру, керген тері ату (саранпай), жалау ату, сұр (қайыс) ату деген сайыс түрлері болған деп жазады. Осындағы сайыс түрлерінің кейбірі кейбір халықтар арасында әлі күнге дейін сақталғаны аңғарылады. Мысалы моңғолдар күні бүгінге дейін сұр атудан мемлекеттік чемпионат өткізетін болса, мажар бауырлар арасында оқ оздыру жарысы жеке адамдар арасында өткізіліп келеді. Ал мысырлықтарды сәл өзгеше түрі ат үстінен шауып келе жатып жердегі нысанаға қиғаш ату стилі бар. Корей ағайындар керген теріге жолбарыстың бейнесін салып оны 150 метр қашықтан ататын дәстүр күні бүгін сақталып отыр. Осыларға жеке-жеке тоқталар болсақ.

Теңге ату

Бұл жамбы атудың бір түрі. Сайысқа тек нағыз сыналған мергендер қатысатын болған. Өйткені алақандай теңгені атып түсіру үшін мерген ұзақ жыл жаттыққан, әбден ысылған, садақ көздеудің қыр-сырын жетік меңгерген әрі теңге ату кезіндегі ауа райының құбылысын, желдің бағытын және ауаның ылғалын тағы басқа жанама факторларды терең меңгерген болуы тиіс. 

Қобылан атқан оқ 

Қара тастан өтеді, 

Ақ теңгеге жетеді. 

Шылдыр етіп ақ теңге, 

Енді жерге түседі. 

Мұны көріп көп халық,

 Енді бір шу етеді. 

Теңгені атып түсіріп, 

Көңілдері тынады.

 (Қобыланды батыр жыры (Сүйіншәлі нұсқасы). Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  35-том. 290 бет).

Ататын жері теңгенің

Екі жүз қадам шамалы. 

Жамбы атуға шыққанның

Алпыстан асқан санағы

(«Қисса Алпамыс». Ә.Байтұрсынұлы нұсқасы: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  34-том. 298-б)

  Осы орайда, бұрын-соңды көп айтыла бермеген мына бір дерек қызықарлық. 1976 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Сурын харваа» («Садақ ату») атты еңбекте (авторлары Б.Балдандорж, Ч.Шарав, Д.Дондог) орта ғасыр бедерінде өмір сүрген көшпенді тайпалар арасында аса биік деңгейде мергендер сайысы өтеті туралы баяндалып, жеңіске жеткен мергендер құрметіне металь (темір, қола, алтын, күміс т.б.) теңге соғылтыны хақында дерек кездеседі. Қазіргі күннің тілімен айтқанда, чемпион мен жүлдегерлерге берілетін алтын, күміс, қола медаль сияқты. 

Медаль теңгелер

Жебе жарыстыру немесе оқ оздыру

Бұл әркім өзіне сай садағын алып, мелжемді бағытқа жебе атып кімнің жебесі ұзаққа түсетінін анықтайтын сайыс. Жарыстың ерекшелігіне байланысты қатысушылар арнайы бір ғана садақ ататын дәстүр болған көрінеді. Өйткені, ерте де мергендің қуатын анықтау үшін арнайы дара садақ жасалды. Оны тек қарулы мергендер ғана тартады екен. Бұл ежелгі ғұндардан бері келе жатқан дәстүр (Медведев А.Ф. Ручные метательные оружие – лук и стрелы, самострел ХІІІ-ХІV вв. Москва. 1966. 34-стр). Бұл сайыс өте ерте заманда тіпті б.ж.б. пайда болғаны дейді зерттеушілер. Ерекшелігі мергендер сырық оқ (ұзын оқ – сайкез оқ) пайдаланатын болған.

Бұл сайыстың басты қағидаты – жебе нысанға тию маңызды емес, қарсыласынан оғын оздыру, яғни жебесін алысқа қадау басты шарт. Осы сайыс арқылы көшпенді бабаларымыз мергендердің оғы жеткен қашықтықты еске ала отырып, мергендер қосынын жасақтайтын болған, яғни, 75 құлаштық, 100 құлаштық, 150 құлаштық, 200 құлаштық (бір құлаш шамамен 165-175 см) садақшыларды іріктеп алып, мергендер шебін жаятын болған. Тәпсірлеп айтар болсақ, жау алыстау болса 200 құлаштық мергендер жебе жаудырады да, жақындаған сайын келесі қашықтықта оғы мүлт кетпейтіндер соғыс салады. Мұнда ескеретін дүние, мерген өзіне тиеселі қашықтықта атқан оғы жауын жайратып салатындай дәргейде қуатты жетуі тиіс. Әйтпесе, жылдамдығы әлсіреп жеткен оқтың, қауқары да болмайды.  

«Моңғолдың құпия шежіресі» атты 1240 жылы жазылған кітапта, мықты мергендер садақтың қуатына қарай 900 құлаш жерге ататын үлкен садақ, 500 құлаш жерге оғы жететін кіші садақ деп екі түрге бөліпті. Орыс зерттеушісі Н. Клюкин бір құлаш 6 футқа тең өлшем дейді. Ал 7 фут өлшем 1 саженге тең. Қысқасы қазіргі өлшеммен алғанда ең мықты мерген 900 метр алысқа ата алатын болған.

Жалпы оқ оздыру немесе жебе жарыстыру сайысы туралы деректер баршылық. Соның бірі – Ресей Федерациясының ежелгі шаһары Санкт-Петер­бург қаласында орналасқан Эрмитаж музейінде қас бетіне көне ұйғыр әріптерімен жазу бәдізделген «Чингисов камень» атты жәдігер тас тұр. Тарихшы ғалымдардың пайымы бойынша мұндағы тас бетіндегі жазу 1224 немесе 1225 жылы қағанның көзі тірі кезінде таңбаланған дейді. 

Тас жазу Шыңғыс қағанның інісі Қасырдың үлкен ұлы Есүнге мергеннің (1190-1270) құрметіне қойылған. Тәпсірлеп айтар болсақ, 1225 жылы Шыңғыс қаған Хо­резмді толық бағындарған соң Бұ­ғылы-шашақ (Буга-Сучигае) деген жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді ша­қырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есүнге мерген 335 құ­лаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген ата­нып­ты. Бір құлашты шамамен 1,6 метр деп есептесек, Есей мер­ген 536 метр, яғни жарты шақы­рымнан астам жерден атқан оғын дәл тигізген. 

Енді мынаған назар аударыңыз: түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз: дала көшпенділерінің басқа жұрттан қаншалықты жоғары деңгейде жауынгер болғанын аңғарасыз. 

Қазақтың оқ оздыру немесе жебе жарыстыру сайысы. Суретші Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы

Сол сияқты 1798 жылы түрік сұлтаны Сәлім ІІІ атқан оғын 889 метрге дейін жеткізгені жайлы мәлімет болса, еуропалық деректерде Димагордың баласы Анаксагор 282 оргия (551 метр) қашықтыққа, Урарт патшасы Аргиш 476 метр алысқа жебе жеткізгені жайлы айталады (Горелик М.В. Оружие древнего востока. Москва. 1993. 70-б). Сондай-ақ, корейлік көне жазбаларда мергендер жебе жарыстыру сайын өтікізіп, ең мықты мерген 562 метр жердегі нысананы атып түсіргені хақында айтылады («Корейские и монгольские коллекци в собраниях МАЭ». Ленинград. 1987. 83-стр).

Ал үлкен қаламгер Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасында Абылай ханның заманында Бурабайда оқ оздырудан үлкен сайыс өтіп, биік таудың үстінде тұрған нысанға ешкімнің оғы жетпегендіктен ол биік «Оқжетпес» деп аталғаны жайлы аңыз бар. Жырға құлақ түрсек: 

Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,

Ойқастап аттары ойнап пысқырады.

Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,

Батырлар садаққа оғын қыстырады.

Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,

Шыңда ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.

Оқтарын шың басына жеткізе алмай,

Батырлар біраздан соң қарқындайды.

Керген тері ату

Бұл ұсақ малдың, қажет жағдайда өгіздің терісін керме ағашқа керіп нысана жасау арқылы орындалатын сайыс түрі. Ерте заманда бұл нысананы мергендер 100 садақбойы қашықтан, бес оқпен ататын болғаны жайлы дерек бар. Көне сөздіктерде керген теріні «саранпай» деп атапты.

Яғни, орта ғасырда жазылған дереккөздерінде: ертеде көшпенділер садақшылардың мергендігі мен ептілігін саралау үшін малдың  керген терісін нысана ретінде пайдаланған делініпті. Яғни, нысананы (ағашқа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қашықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап, ататын болған. Осы әдіс арқылы мергендердің шамасын межелеп, алыс және орта қашықтыққа садақ тартатын топтарды жасақтайды екен. Яғни, бұл да мергендердің кезекті жаттығуы немесе сайыс өнерін жүргізетін бір тәсіл.

Тарихшылар мәліметіне жүгінсек, бұл сайыс сонау сақ-ғұндар дәуірінде болғаны туралы айтылады. Яғни, нысана ретінде жасы толысқан қой-ешкі немесе бір-екі жасар ірі қараның терісі таңдап алынып, ол кергіш ағашқа шегеленеді де, оның шелді бетіне адамның бейнесін салатын да дәстүр болған екен. Онысы жас садақшыларды дәлдікке баулу сабағы болуы керек. Бұл нысаны ату үшін темір жебе қолданбайды. Өйткені, ол теріні жарамсыз ететіндіктен, доғал ағаш жебе немесе сүйектен жасалған жұмсақ жебе қолданады. Бұл сайысты өткізудің үш түрлі тәсілі бар екен:

Біріншісі, керілген теріге ат үстінде шауып келе жатып 4-5 дүркін садақ тарту;

Екіншіден, нысанды қозғалыссыз жерде тұрып ату;

Үшіншіден, тері нысананы көзге көрінбейтін белегірдің арғы жағына орналастырып, одан асырып ату. Бұл көзге көрінбей жасырын жерде орналасқан жауды жоюудың амалы.

Керген тері ату. Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы

Сұр немесе қайыс ату

Бұл сайысқа қатысушы мергендер 30, 35, 40 құлаш болатын мелжемді жерге тізім қойылған немесе қабырға сияқты жинап жасаған қайыс нысананы атады. Нысана домалақтап өрілген қайыстан немесе ірі қара малдың шылғи терісін жалпақтап тіліп доп сияқты формада жасалатындықтан сайыс «қайыс ату» деп аталған. «Қайыс» сөзі ескі түркі-моңғол тілінде «сұр» деп аталады екен. Күні бүгінге дейін кейбір өңір қазақтары кепкен қайысты «сүрі қайыс» кепкен еті «сүрі ет» деуі осыдан. Соған қарағанда қазақтың «Сұрмерген» деген сөзі осы сұр-қайысты атып жеңіске жеткен адамға берілетін атақ сияқты. 

Сұрмерген келе жатыр мылтық алып,

 Кезек берді баршасы қарай қалып. 

Көздеп тұрып мылтықты басып еді, 

Оғы кетті жамбыны жұлып алып

 (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  52-том.166-б)   

Сұр (қайыс) ату. Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы

Жалау ату

Бұл сайыста 335-500 оқбойы қашықтыққа кішкентай жалау тігіп, мергендердің әрқайсы 4 оқпен ататын болған. Бұл сайыста мергендер жебесі сүйек жеңіл оқ пайдаланады. Көне жазбаларда: «335-500 оқбойы қашықтыққа жылқының бас сүйегін орналастырып, оның үстіне шағын жалауша шаншиды. Оны 15 қуатты күші бар садақпен атады» деп жазылған екен (Пэрлээ Х. Кидан және көшпенділер байланысы. – ҰБ., 1969. 73-б).

Бұл сайыстың маңызы хақында айтар болсақ, мерген желбіреп тұрған жалауды атады. Жалау үнемі желдің бағытына бағынып, құйқылжып тұратындықтан оны ататын адам әуелі, желдің бағытын есепке алады. Одан кейін, желмен желбіріп құйқылжып тұрған жалау-нысанаға жебе дарыту үшін аса ептілік қажет. Демек, бұл сайыс мергендердің ептілігі мен дәлдігін сынайтын сайыс. 

Жалау ату. Қоңыр Мұхамәдиевтің жаңғыртпасы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?