Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы ІІ бөлім

1243
Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы ІІ бөлім - e-history.kz

Қазақстанда жүзден аса этнос өкілдері бар. Олардың қайсыбірі елімізге тарғалаң заманда босып келсе, тағы бірі туған топырағынан күштеп көшірілгендер. Қашан және қандай себеппен келсе де қазақ халқы паналап келген кім-кімді де далада қалдырмады. Керісінше, бауырына басып, перзентіндей мәпеледі.

Қиын жағдай, қыспақ күндерде қазақ жеріне ірге тепкен этностар қатарында дүнген мен ұйғырлар да бар. Олар елімізге патшалық Ресей тұсында ауып келді. Тарихтың бұл беті турасында жалпы бiлiм беретiн мектептiң 8 (7)-сыныбына арналған оқулықта («ХVIII–ХІХ ғасырлардағы соңғы Қазақстан тарихына арналған бөлім)[1]қысқаша мағлұмат беріледі. «1881 жылы Қытай мен Ресей империясы арасында Санкт-Петербург бейбіт келісімшарты жасалды. Ол бойынша ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударуға құқықты болды. Қазақстанға көшіп келген ұйғырлар мен дүнгендердің саны бірте-бірте арта түсті. 1897 жылы қазақ жеріндегі ұйғырлардың саны 56 мыңға, дүнгендер 14 мыңға жетті», – деп жазылған еді оқулықта.

Ұрыстан да маңызды «майдан»

Зо Зұңтаңның қол бастап, батысқа беттегендегі ұлы мұраты тұтас батыс өңірдегі ұлттық қозғалыстарды жаныштап, бұлқыныстарды басу еді. Ұланғайыр даланы түбегейлі тыншыту үшін жүріп өткен жолында қайыра бүліктер, шыт жаңа баскөтерулер болмайтындай бейбіт өмір орнатуы тиіс болды. Өйтпегенде алаң көңіл алға қадам бастырмасы анық. Сондықтан әр бекініс-қамалды алған сайын ол орнықтыру, халықты дағдылы тіршілікке оралту жұмыстарына бір мысқал кем қарамады. Ма Хуалұң Шәнши дүнгендерін бекіністен шығарып, туған жерлеріне қайта ту тігуге жұмсағанда олардың Шәншиге табан тіреп тұра алмай, қайтып Ма Хуалұң қолтығына тығылуының бір себебі осы орнықтыру жұмысының жүйелі жүргендігінен. Шәнши дүнгендері жеңіліп, Гәнсуға қарай ығысқанда Зо Зұңтаң олардан босаған жерлердің бәріне бытырап кеткен қытай шаруаларын қайта жиып орналастырған болатын. 

Доң Жіюән мен Жин Жибауды алғаннан кейін де ерікті-еріксіз қолға түскен Шәнши, Гәнсу дүнгендері көп болды. Бірнеше он мыңнан жүз мыңға дейін жететін бұл қауымды аса стратегиялық шеберлікпен орналастыру соғыс тактикасын құрудан кем соқпады. Бұл мәселені жан-жақтылы сарабдал ойлануының тағы бір саяси, әскери астары бар-тын. Бұл бекіністер Хы Ши дәлізі бойында болып, Шыңжаңға ұластыратын өткел өтінде еді. Сол себепті Шыңжаңды уыстан шығармай ырықта ұстау үшін Хы Ши дәлізі бейбіт, тыныш болуы керек. Чиң әскері Шыңжаңда шайқасса да азық-түлікті жеткізер жол осы болмақ. Зо Зұңтаң санасын сан мәрте шарпыған ойлар осы еді. 

Дүнгендердің жасағын таратып, әскерін бейбіт тұрғынға айналдыруда Зо Зұңтаңның көтерілістерді басудағы ұзақ жылғы тәжірибесі кәдеге жарады. Ол езгіге қарсы бұқаралық сипаты ортақ болғанымен, тайпин шаруалар қозғалысы, алаугерлер көтерілісі, дүнгендер дүмпуін мүлдем бөліп қарастырды. Әсіресе, дүнгендерді бейбіт тіршілікке бейімдеу үшін көп қаражат жұмсау қажет деп санады. Шәнши дүнгендерін қайыра Шәншиге жіберсе, қытай-дүнген өштігі өршіп, ақыр-аяғы ұлтараздық қақтығыс қайта тұтануы мүмкін деп санап, оларды Гәнсу аймағына бытырата қоныстандыруды оң санады. Зо Зұңтаң сондай-ақ Шәнши мен Гәнсу дүнгендерін де араластырмай бөлек орналастырды. Олардың бастарын біріктірмей, бытыранды ұстау болашақ қауіпсіздік үшін тиімді деп білді. Оларды белгіленген мекенге жеткізіп, күніне қажетті мөлшерде азық-түлік үлестірді. Егістік жер мен соқа-сайман және егіске қажет тұқыммен қамтамасыз етті. Ол Чиң ұлықтарының әкімшілік, сот істерінде қытайлар мүддесін көп ұлықтап, сол арқылы дүнген-қытай арасындағы өшпенділікті қоздатып отыратын теріс әрекеттеріне тыйым салды. Зо Зұңтаңның бұл «әділдікті» алға шығарған стратегиялық жүрістері лезде нәтиже берді. Дүнгендер арасында Зо Зұңтаңды «Зо ахун» деп атаушылар пайда болып, күпті көңілдері сабасына түсті. Көңілдегі қатқан кек жіпсіп, шемен шер тарқай бастады. Бұл, әрине, Зо Зұңтаңның дүнгенге жаны ашығаннан, яки «әділдігінен» туған әрекет емес-ті. Оның арғы пиғылы бүлікті басып, халықты тыныштандыру, өңірдің бейбіт тіршілігін қалпына келтіру арқылы өзіне керек тылды қалыптастыру болатын. Бұл уақытта оның патшайымға уәде еткен 5 жылының тең жартысы өтіп те кеткен болатын. 

 

Айла мен әдіс айқасы

Жин Жибауды тыныштандырып, жолын аршыған Зо Зұңтаң көзін Хы Жоуға тікті. Хы Жоу – ұлы жібек жолы бойындағы негізгі өткел әрі дүнгендердің шоғырлы ошағы. 1862 жылы Шәнши дүнгендерінің бас көтергенін естіп, жеңісіне қанаттанған мұндағылар да 1863 жылдың желтоқсанында Хы Жоу билігін алды. Келер жылдың тамыз-қыркүйек айына қарай тағы екі аудан дүнгендерге өтті. Облыстың негізгі әкімшілік орталығы Лән Жоу айнала қоршауда қалды. Жағдайдың ушығып келе жатқанын сезген губернатор Яң Иүебин 1866 жылы отставкаға кетіп үлгерді. Лән Жоуды басқару Ниң Шианың генерал губернаторы Му Тушәнға қосымша жүктелді. Бұл екі аймақ та дүнгендердің ата жұрт, алтын бесігі. Сондықтан Му Тушән Ма Хуалұңға ұстанған саясатындай мұндағы дүнгендерге де ымырашылдық танытып, жұмсақ мінез білдірді. Бітімге келу, қан төгіссіз тыныштандыруға бейім тұрды.

Ниң Шиадағы ымыраласу бітімінен кейін Му Тушән қызықтырарлық шарттар ұсынып, Хы Жоу көтерілісшілерін де бейбіт келісімге шақырды. Берілу рәсімін Лән Жоу шәрінің қамал қақпасында өткізуге уағдаласты. Бірақ дәл сол күні дүнгендер оқ атып, шырғасы әшкере болды. Мұндай сценарийдің өрбуінен алдын-ала сақтанған Му Тушән қамал айналасына жасырын шерік орналастырып еді. Оқ дауысы естілген бетте Му Тушән қорғанға қашып тығылды. Бірінің шырғасынан екіншісінің айласы асқандықтан дүнгендер Лән Жоуды ала алмай, кері қайтты. Бұдан кейін Му Тушән бастапқы бітімге келу, рақайласу секілді ымырашыл пиғылынан айнып, басыбүтін тізе бүктіру ниетіне ауысты. Алайда оған дәл мезетінде келе қояр әскери көмек жоқ еді. Сондықтан Зо Зұңтаң келгенге дейін әкімшіліктен айырылып қалмай, ырғаса тұруына тура келді.

 

Ма Жәнауды мұрындықтау

Зо Зұңтаң Хы Жоуға шабуылдаудың оңтайлы сәтін күтті. Жазғы жиын терін маусым соңында, ал күзгі жиын-терін тамызда болатындықтан күзге қарай жорыққа шығуды шешті. Оған дейін қосынын реттеп, тынықтырды. Хы Жоуда Зо Зұңтаңның әу баста есепке алған адамы Ма Жәнау бар еді. Бекініс соның иелігінде болатын. Мақсатына жету үшін Зо Зұңтаң Хы Жоуды алып қана қоймай, Ма Жәнауды ыңғайына көндіру керек. Хы Жоудағы жансыздары арқылы Ма Жәнаудың соғысқа ырықсыз кіріскенін біліп, өз жоспарының дұрыстығына тағы да көзі жете түсті. Зо Зұңтаң Ма Жәнауды қақпанға түсірудің әдісін ойластыра бастады.

Дүнген көтерілісшілері жетекшісінің бірі Ма Жәнау

Ма Жәнау «дәстүрлі» деп танылған хуфия діни тармағынан бұтарланып шығатын тағы бір мектептің жетекшісі еді. Жаңа діни мектепке қарағанда ол консервативті болғандықтан жахрия мектебімен арада қақтығыстар туып қалатын. Ма Жәнау үкіметтің өздерін қолдайтынын ескеріп, көтеріліс тұтанғанда бірден қарсы тұру ойында болмады. Алда-жалда көтерілісшілер жеңсе, жахриялықтарға төтеп беруге дәрменсіз қалатыны, ал Чиң үкіметі жеңсе, үкіметке қарсы шыққан есепті жазаланатыны бесенеден белгілі. Қалай болғанда да қарсы тұрудың тиімсіздігін біледі. Бірақ оны көтеріліске қатысуға итермелейтін себеп табылды. Жахрияның жетекшісі Ма Хуалұң Хы Жоудың әлі қозғала қоймағанын біліп, Биянхуға түмен қолын бастатып, Хы Жоуда барып, көтеріліс жасауды бұйырды. Ма Жәнау Биянху және басқа ықпалды ахундардың қысымымен көтеріліс жасап, Хы Жоуды басып алды.  

Зо Зұңтаңның күзде бастаған шайқасы ақпанға дейін жарты жылға созылды. Дүнгендер жағынан әл кетіп, титықтай бастады. Қару-жарағы ескі, азық-түлігі тапшы болғандықтан Чиң әскерінен бір адам шығындалса, дүнгендер жағынан бодауына 5 адам өлім құшып отырды. Оның үстіне Ма Жәнаудың мазасын қашырғаны көктемгі егіс уақытын өткізіп, Чиң әскерімен жалғасты қажаса берсе, соғыстан өліп таусылмаса да, аштан қырылуымыз мүмкін деп қаймықты. Осы мәселелерді талқылай отырып, қасындағы серіктерімен берілу шешіміне тоқтады. 

Зо Зұңтаң түгел күшін жұмсамай, ырғаса соғысқандағы мақсаты Ма Жәнаудың психикасын бұзу, ішіне үрей түсіру еді. Оның үстіне жансыздарынан Хы Жоу қоймасында артық азық-түлік қорының жоғын білгендіктен Ма Жәнаудың ақ ту көтеріп, алдына келерін күні бұрын болжады. Зо Зұңтаңға ұзақ жылғы көтерілісшілерді басып-жаныштаған соғыс тәжірибесі, олардың ішкі жан әлемін өте жақсы танығаны көмектесті. Айтып-айтпай Ма Жәнау ұлы Ма Шиуды жіберіп, шартсыз берілетіндігін мәлімдеді. Зо Зұңтаң оған кешірім беріп, Хы Жоу дүнгендеріне рақымшылық жасады. Сөйтіп, Ма Жәнаудың беделін көтергенсіп отырып, оны өз тұзағына қапысыз іліктірді. 

 

Ма әулетінің дара билеп-төстеуі

Хы Жоуды алуымен қабаттас Зо Зұңтаңға Пекиндегі ордадан «Патшалық Ресей Ілеге енді» деген шұғыл хабар жетті. Хатта Гәнсуды жедел тыныштандырып, көп кешікпей батыс жорығына дайындалу қоса бұйырылды. Зо Зұңтаң уақытпен жарысқа түскенін аңғарды. Сондықтан көп кідірмей келесі қамал Ши Ниңге аттанып кетті. 

Ши Ниң Гәнсудың ірі округі болып, аумағына үш аудан, төрт дәліз қарайтын. Шәншидегідей мұнда да Чиң үкіметінің қоздатып отыратын дүнген мен қытай қақтығысының қоламтасы бар-ды. Шешімін таппаған қайшылықтар жылдармен жинала келе тамырланып, ұлт арасындағы өшпенділікке ұласып кеткен. Оған қоса, жергілікті билік дүнгендер арасындағы діни кикілжіңдерді шешуде дәрменсіздік танытып, біржақты көзқарас ұстанған. Бұл да үкіметке деген сенімді сетінете түсті. Соның бір мысалы, дүнген-салар этносының діни рәсімді атқарудағы көзқарас қайшылығы 1860-1861 жылдары ушығып, 2000-нан астам адам қатысқан этносаралық дүрлігіс тудырды. Діни сипатты дүрбелеңді оңтайлы шешпей, аймақ әкімі күшпен жаныштауға пәрмен берді. Бұл бұйрық дүрдараз қос тарапты керісінше тезден татуластырып, жазалаушы отрядқа бірігіп қарсы тұруға жұмылдырды. Дүнген көсемі Ма Гүйюәннің немерелес туысы Ма Уіни қолбасшылық етіп, жазалаушы отрядқа қарсы шықты. Екі күндік ұрыста үкіметтің 1500 адамдық жасағы жеңілді. Шамданған билік 3000 адамдық қолын тағы жіберді. Бұл жасақ та қолбасшы Ма Уіниден жеңіліп қашты. Жергілікті үкімет бітімге шақырды. Дүнген тарапы көнді. Тек жазалаушы отрядтың қарусыздануын талап етті. Бар ойлағаны ұлы бұлғаққа ұрындырмай, тезден тыныштандыру болған атқарушы билік шартты орындап, кері қайтты. Шала жетістігіне мас болып, сарайда шарап ішіп жатқанда дүнгендер 6000 адамдық қолмен Милагоуды басып алды деген хабар дүңк ете түсті. Жергілікті әкімшілік шырғаға түсіп, оңбай алданғандарын сонда ғана түсінді. Осыдан бастап беталыс күрт өзгерді. Ма Уіни Хы Жоу мен Лән Жоу арасындағы байланысты үзді. Өлке губернаторы Яң Иүебин ушыққан жағдайдың масқарасынан басын арашалап, Пекинге ауысып кетті. Чиң Хайға иелік еткен ағайынды Ма фамилиялылар 1862 жылы Гәнсуға да билігін асырды. Сонымен екі аймақ: Чиң Хай мен Гәнсу Ма-лардың бақылауына өтті. Әскери күші әлсіз, орталықтан көмек ала алмаған Ши Ниң әкімі оларға атақ-мансапты аямай ұсынып, үкімет иесі деген атын ғана малданып жан сақтады. Әйтпесе, іс жүзіндегі барлық саяси, әскери тізгін қос ағайындының қолына көшті. Осыдан былай Ма Гүйюән, Ма Бінюән, Ма Уіни әмірлік еткен 10 жылдық жеке үстемдік дәуір басталды. 

 

12 баптық ультиматум

Зо Зұңтаңның шығыстан батысқа ашқан жорықтарының шетінен сәтті болып, алдынан көлденең шыққанды қоғадай жапырып келе жатқаны көтерілісшілердің көсемдерін бір сәт ойлантпай қоймады. Қанша дәурендегенімен,  бір күні Зо Зұңтаңмен бетпе-бет ұшырасарын іштей білетін. Сол себепті кейбірі соғыссыз беріліп, бейбіт ғұмыр, тыныш тіршілік кешкісі келді. Азуы алты қарыс Ма Хуалұңның өлім құшуы қарсыласудың буалдыр тұман екендігіне иландырса, бейбіт берілген кейбір қолбасылардың тиісті абыройын сақтап, бейқам тұрмысқа ойысқаны ең ұтымды жол осы деген ойға шырмай берген. 

Осының бәрін саралай келе, Ма Гүйюән Шәншиден бері тоқтаусыз жеңіп, алға жылжып келе жатқан Зо Зұңтаңға хат жазды. Оның бірқанша себептері бар-ды: әуелі, Ма Гүйюән өзінің, қалай болғанда да, Чиң үкіметі қолдайтын «дәстүрлі» діни мектеп көсемі екенін есепке алды; екіншіден, жергілікті әкімшіліктің қолпаштап берген мансабы тағы бар. Яғни ол әлі де Чиң патшалығының іс атқарушы ұлығы санатында; үшіншіден, бет жыртыспай ымыраға келсе, жеке басы мен әулетінің беделін сақтап қала алатын. Осындай есептер жетегінде ол Ши Ниң шенеунігі ныспысымен Зо Зұңтаңға хат жазып, ішкі ойын, қандай шарттарды ұсынатынын тамыр басып байқады. 

Зо Зұңтаң бұл хаттың түп ниетін айнытпай ұқты. Сондықтан кешу сұрап, келісімге шақырған Ма Гүйюәннің қай жерге дейін шыдас беретінін байқау үшін ол 12 баптан тұратын талабын ортаға салды. Осы талаптар бұлжытпай  орындалса, өзінің де бейбіт келісімге мүдделілігін мәлімдеді. Бұл «12 баптың» ішінде «қару-жарақтар мен соғыс көліктерін жасырып-жаппай түгел тапсыру» айтылған. Егер азы өткізіліп, көбі жасырылса немесе нашары тапсырылып, озығы жасырылса, тауып алған жағдайда зардабының ауыр соғатыны ескертілді. Ма Гүйюән үшін қаруды тапсыру жанды тапсырумен бірдей-ді. Ма Гүйюән бұл талаптан келісімнің мүмкін еместігін ұғынды. Сондықтан қарсыласу, берілмей соғысудан басқа лаж жоқтығына көзі жетті. Ол Чиң Хай территориясында жылыстап жүрген Биянхуларға кісі жіберіп, алдағы шайқас мәселесін ақылдасуға шақырды. 

 

Шатқалдағы шайқас

Құпия кеңесте Ма Гүйюән мен Биянху тізе қосып, ақтық демі қалғанша қарсы тұруға пәтуаласты. Биянху қолбасылық ететін Шәнши жасағы Ши Ниң  қорғанына кірді. Адамдарын азық, көліктерін жем-шөппен қамдауды Ма Гүйюән мойнына алды. Ма Гүйюән сонымен бірге Чиң Хай атырабынан тағы да әскер топтап, Биянху қосынын тың күшпен толықтырды. Қаланың қорғанысын нықтады. Құпия кеңесте берілмейміз дегенге бас изескенімен, мұның арасында босбелбеуі де бар еді. Алдағы жағдай оны анық паш етті. 

Осымен бір мезетте Чиң әскері де қызу дайындық үстінде еді. Ауру-сырқау, жаралы  әскерлерді қайтарып, орнын жаңа кұшпен толықтырды. Атты әскер, жаяу қосындарды қайтадан жасақтады. 100 мыңнан асатын сарбаздар соғысқа сайланды. Зо Зұңтаң ендігі бітім-келісім жайын айтып ырғасып тұруға жол бермей, жауды түбегейлі құртуға бекінді. Әуелгі жоспары да осы еді. 

Чиң әскерін шатқал ішінде Биянху жасағы қарсы алды. Алқаптың жер бедері дүнген әскерінің қорғанысына өте қолайлы соқты. Дүнген сарбаздары бірінші қанатта жүзден астам стратегиялық нүктелерге бекініс орнатып соққыласа, екінші қанаттан Чиң әскерінің артынан айналып өтіп, шегінер жолды жауып тастады. Сөйтіп Чиң қосындарын тар шатқал ішінде ілгерінді-кейінді шайқасуға мәжбүр етті. Бұл қазан айы еді. Чиң Хай үстірт аймақ болғандықтан бұл уақытта ауа тепмературасы едәуір төмендеп кететін. Жылы жақтан жасақталған Чиң әскерлері тоңғаннан қалтырап, ырықсыз күйде шайқасты. 

Қыркүйек ортасынан басталған соғыс қарашаға дейін жалғасып, екі ай ішінде қос тарап елу неше мәрте ұрыс салды. Зо Зұңтаңның екі рет тың күшпен демеуі арқасында Чиң қолбасшысы Лю Жинтаң шатқалдағы соғысты жеңіспен аяқтап, бекіністі алуға аттанды. 

 

Бекіністегі сатқындық 

Зо Зұңтаң қолбасы Лю Жинтаңға алдағы стратегиясын анықтап берді. Ол жергілікті дүнген мен Шәнши дүнгендері арасында айырмашылық барын, егер жергілікті дүнген ымыраға келетіндей болса, ыңғайын көруді тапсырды. Осы кеңестің әсерімен Лю Жинтаң Ши Ниң әміріне жасырын хабар жіберді. Лю Жинтаң ұзақ уақыт Ма Гүйюәннің қыспағында болып, булыққан жергілікті шенеуніктердің көңіл ауанын жақсы аңғара білді. Оларға қаланың сөзсіз алынатынын, сондықтан Чиң үкіметіне қызмет етіп, көзге түсудің, тіпті мансап жолында өсіп-өрлеудің ең ұрымтал тұсы осы екенін шебер ұғындырды. Бір жағынан қорқыта, екінші жағынан пенделік мүддемен қызықтырды. Осының арқасында қамал ішіндегі шенеуніктерден берілетін рай байқалды. Әсіресе, қала қорғанысына жауапты болған қорқақтау Ма Йоңфу өзгерісті жіті бақылап, жеңіс қай жаққа ауса, сол жаққа шығуға бейім тұрды.  

 Ма Хуалұңның қатесін қайталаудан сақтанған Ма Гүйюән қорған ішіне қамалып қалмай, Чиң әскерімен ұрысты ашық далада өткізді. Ол қалада бекініп жатып алсам, Чиң әскерінің айнала қоршауында қалып, азық-түліктен тарығуым мүмкін деп жорамалдады. Оның үстіне ашық дала қажет кезде қаша жүріп, партизандық шайқас жүргізуге де қолайлы еді. Осы ой-қисынмен Ма Гүйюән негізгі қорғанысты қамал сыртына шығарып, жауын сыртта қарсы алды. 

Алайда ұзақ жылдардан бері дүнген өктемдігінен қысас көріп, қыстығып жүрген қамалдағы қытай халқы осы сәтте тезден бірігіп, ұйыса қалды. Қытай-мәнжүр шенеуніктері де тұрғындар ыңғайымен Ма Гүйюәннан сырт айналды.  Қорқақ Ма Йоңфу қосақ арасында үні шықпай ол қалды. Қала әп-сәтте қақпасын тарс жауып, күзетін күшейтті. Ма Гүйюән қала билігінен айрылды. Бұл сатқындыққа қатты ызаланған Ма Гүйюән қайтып айналып, қалаға шабуылдады. Қала қақпасын қанша соққылағанмен, бұзып кіре алмады. Оның үстіне бұл дағдарыс сәтін шебер игерген Лю Жинтаң шабуылды ұлғайтып, бүре түсті. Ма Гүйюәнде үрей үдеді, ақыры қос қапталда соғыс жүргізуге шыдас бере алмай,  қашуға мәжбүр болды. Қала халқы қамал есігін ашып, Лю Жинтаңға берілді. Ұзақ жыл ұрыс салып, Шәншиден бері берілмей келе жатқан Шәнши төңкерісшілерінің қос серкесі Ю Дыиән мен Сүй Вій жеңілгендерін мойындап, қосындарымен берілді. Ал Шәншиден бері сытылып келе жатқан Биянху берілуден бас тартып, өзіне бағынышты жасағымен Ма Тұңға шегінді. Сондағы қалдық дүнген күшімен бірікті. Соңынан қалмай жортқан Лю Жинтаңның қуғыншы жасағы Ма Тұңда Биянхулармен тағы да шайқасты. Қос тараптан да ауыр шығындар болды. Бұл жолы Биянху 2000 әскерімен Су Жоуды бетке алып қашты. Су Жоу Гәнсу территориясындағы соңғы кент болатын. 

 

Тағы да іштен іріту

Осымен бір мезетте, яғни 1873 жылыдң ақпанында Зо Зұңтаң қаланы тастап қашқан Ма Гүйюән соңына әскер шығарып, қуғындады. Зо Зұңтаң тағы бір айлаға барды. Ол Ма Гүйюән ізіне түскен қуғыншы жасаққа Ма Жәнау мен Ши Ниң қаласында қақпаны ашып берілген Ма Йоңфуды қоса жіберді. Ондағы ойы Ма Гүйюәнға ілескендерді райынан қайтару еді. Расында да бұл әдіс іске асты. Қашып-пысып, болашағы бұлдыр Ма Гүйюәнға ілесуден опа таппасын білген оның жақын-жуықтары берілу райына ойысты. Шындап келгенде, өздеріне рақымшылық жасалатынына көздері анық жететін. Туған жұртынан безініп, қашты-пысты өмір сүргілері келмеді. Сөйтіп, Ма Гүйюән ілестірген қосын жарылып, Ма Йоңфумен бірге кері қайтты. Ма Гүйюән қиын жағдайда қалды. Ма Жәнау Ма Гүйюәнға кісі жіберді. Егер берілсе, Зо Зұңтаңға айтып, аман алып қала алатынын жеткізді. Бұл ұсыныс тарғалаңға тап болып, дағдарған Ма Гүйюәнға майдай жақты. «Әуелі басымды арашалап, қалғанын уақыт ретіне қарай реттермін», – деп ойлады ол. Қалған шеріктерімен қаруын тапсырып, ақ туын көтергенде, тым болмаса, бұрынғы күйімді сақтап қалсам деген дәмесі болды. 

Ма Жәнау – хуфия діни тармағынан бөлінетін бір бұтардың серкесі. Сондықтан, түбін қуып келсе, Ма Гүйюән одан жоғары, пірі есебінде саналады. Оның Ма Жәнауға сенім артуының бір себебі осыдан. Ма Жәнау бар жан-тәнімен мені қорғайды деп сенді. Ал Мәжанау Зо Зұңтаңның өзіне дүнгендердің билігін ұстатқысы келетінін іштей аңғарып үлгерген. Ма Гүйюәнді қаруын тастатып, берілуге көндірген әрекеті де беделін өсіріп, сенімін арттырарын жақсы түсінді. Бірақ Ма Гүйюәнға сенім артпайтын Зо Зұңтаңның алдына келген тұтқынды тірі қалдырар-қалдырмасына жіп таға алмады. Не де болса «иілген басты қылыш шаппас» деген ішкі есебі болды. Бірақ үміті ақталмады. Тағдыр Ма Гүйюәнға қайтып жарық дүниені көруді нәсіп етпеді. Зо Зұңтаң ойланып жатпастан, Ма Гүйюәнды бірден өлім жазасына кесті. 

 

Сексеуілді сексеуілмен сындыру

Ма Жәнау шарасыз, беймаза күйге түсті. Ол дүйім дүнген пір тұтқан дін көсеміне сатқындық жасаған атқа қалды. Бұл жаладан ол өлсе арыла алмас еді. Енді оны үрей меңдеді. Көсем мүриттерінің өзіне қастандық жасауынан, кек алуынан қорықты. Сондықтан өзі қол бастап барып, Ма Гүйюәннің қалдық күшін тып-типыл жойды. Ма Жәнау әу бастан әзірлеген Зо Зұңтаңның тұзағына мықтап маталды. Билік тізгіні қолына тиді. Бірақ бұл үкіметке таянбаса болмайтын тайғақ билік еді. Енді ол қанша шығандап шыққанымен, жамағаттың сүйікті көсеміне айнала алмайды. Ақсүйек әулеттен шықпаған тайқы маңдайы мен пірге сатқындығы әрқашан алдынан көлденең шықпақ. Оның билігі тек орданы арқа тірек еткен қуыршақ көсемдік болмақ. Осылайша Зо Зұңтаңның батыс терістіктегі екінші қолбаласы қалыптасты. 

Ма Гүйюән мен Ма Хуалұңның сөз жоқ көзін құрту керек дегенде Зо Зұңтаң олардың  қолына шоғырланған шексіз биліктің күшін салмақтаған. Біріншіден, ол екеуі де діни жамағат таныған заңды көсемі-тін, екіншіден, олар әрі әскери билік иесі болды. Яғни дін, саясат, әскер ісі түгелдей екеуінің қолына шоғырланып, бар билікті уысында ұстады. Сондықтан әбден күшейіп, кемеліне келгенде батыс терістікте дербес ислам мемлекетін құруы әбден мүмкін еді. Зо Зұңтаңның басты қаупі осы болатын. Ал қазіргі Ма Жәнауда билік болғанымен, шүбәсіз мойындалған діни бедел жоқ, тіпті жамағаттың іштей қарсылығы бар деуге болар еді. Одан қалды, халифат құрсам, жеке ел болып өз алдына отау шықсам деген «асқақ» мұрат онда жоқ. Оны ойлайтындай мінез жоқ еді. Кейінгі жағдай көрсеткендей, үрейге тұншыққан ол өзіне қауіп төндіруі мүмкін деген діни қайраткерлерді тыйып, тобықтан қағып отырды.

Дүнгендердің жахрия сопылық тармағының көсемі, көтеріліс жетекшісінің бірі – Ма Хуалұң

Сонымен Зо Зұңтаң сексеуілді сексеуілмен сындырып, әу бастағы межелі мақсатына жетті. Дүнгендер арасындағы сопылық ағымның хуфия мен жахрия тармақтарының талассыз көсем-билеушілері Ма Хуалұң мен Ма Гүйюәннің көзін жойды. Дүнгендерді бытырата қоныстандырып, тізгінді алып, шылбырдың ұшын ғана ұстатты. Ордаға мүлдем бағынышты қолбала билік жасады. 

 

Тағы да бір жарым жыл 

Зо Зұңтаңның ордада уәде еткен 5 жылы да бітуге таяды. Ал оның алдында әлі алынбаған соңғы бекініс Су Жоу қалып еді. Берілген бұқараны орнықтырып, Су Жоуға жеткенінде мұнда өзінің сардарбасы зеңбірекпен атқыласа да ала алмай жатқан мызғымас қамалды көрді. Шынында да Су Жоу қамалы батыс өңірмен шектес болғандықтан қорғанысы тым берік еді. Қамалдың биіктігі 12 метрге жетіп, қабырғаларының қалыңдығы 10 метрдей шығатын. Қамалдың сыртын айналдыра ені 46 метр, тереңдігі 6 метр келетін тоған қазылған. Бұған қоса қала қорғанының ішінде тағы да беріктігі сыртқы қорғаннан бір мысқал кем емес ішкі қамал бар болып шықты. Қаланың 3 қақпасының есігінде де от зеңбіректер сақадай сайланып еді. Бір сөзбен айтқанда бекіністі бұзып кіру қиынның қиыны болатын. 

1882 жылы Шәншиден бері талмай соғысып, қайтпай шайқайсып келе жатқан Биянху 3000 адамдық қосынымен бекіністегі Ма Уінлуға келіп қасылмақшы еді. Алайда бекініске кіргізсем, орныма таласар деп қауіптенген Ма Уінлу хабаршы аттандырып, сырттан шабуылдауға ұсыныс білдірді. Биянху бұл ұсыныстан бірден бас тартпай Су Жоумен қанаттас қамалға келіп табан тіреді де, сол арадан атойлап ұрыс салды. Бірақ майданда үстемдігін жоғалта бастағаннан-ақ Су Жоуға кіру ниетінен айнып, Шыңжаң шекарасына өтіп кетті. Сыртқы сүйемел күштен айырылған Ма Уінлу жауына жалғыз қарсы тұрудан басқа лажы болмады. 1873 жылың маусымында Зо Зұңтаң қамал қабырғасынан биік етіп топырақ үйіп, зеңбірегін соның үстіне шығарды да қорғанның батыс оңтүстік тұсын көздеп тоқтаусыз 2400 шамалы рет зеңбірекпен атқылады. Қала қорғаны ақыр соңында бір бүйірден үңірейіп тесілді. Бірақ бәрібір қала берілмеді. Уақыт жылыстап, арада тағы 3 ай өтті. Зо Зұңтаңның әр тараптағы көтерілісшілері тиісті міндеттерін аяқтап, Су Жоуда басы қосылды. Күн ұзаған сайын тоқтаусыз көбейіп жатқан әскерлер, тынбастан атқылаған зеңбірек бекініс ішіндегілердің үрейін алды. Ең соңында азық-түлігінің де сарқыла бастауынан Ма Уінлу басына араша сұрап, ақ туын жебіретті. Бірақ Зо Зұңтаң оны аяған жоқ. Онымен бірге 6 мыңнан аса дүнген әскерін қырып тастады. Сөйтіп, бір жарым жылдай уақыт беріспей келген Су Жоу да Чиң билігінің құзырына өтті. Көтерілісшілер тас-талқан болып жеңілді. 

1866 жылы Шән-Гән жоғары билеушісі ретінде тағайындалып, 1867 жылы Шәншиге жеткеннен бері есептегенде 1873 жылы Су Жоуды алуымен Зо Зұңтаңның уәделі 5 жыл мерзімі де аяқталып еді. Зо Зұңтаң Биянху соңынан Шыңжаң шекарасына өтуді көздеді. Батыстағы бас көтерген ұлттық күштерді аяусыз жаныштап, Шыңжаңды Чиң патшалығының иелігінде қалдыру оның алдағы тағы бір миссиясы-тын. Бірақ мұнда жалаң аяқ көтерілісшілерден тыс, мұздай қаруланғанг орыс армиясы бар еді. Зо Зұңтаң Ілеге келіп орныққан орыс әскерімен шайқаса ма? Шайқасса қандай соғыс тактискасын қолданбақ? Сондай-ақ Шыңжаңдағы азаткер күштер қалай әрекет етті? Дүнген көтерілісіндегі қетеліктер Шыңжаң қозғалысында да қайталана ма? Зо Зұңтаң тағы қандай айла-шарғыға барады, Биянхудың ендігі ұрыс стратегиясы нендей болмақ – бұл сұраулардың жауабын келесі жазбаға қалдырдық. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?