Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы І бөлім

1107
Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы І бөлім - e-history.kz

Қазақстанда жүзден аса этнос өкілдері бар. Олардың қайсыбірі елімізге тарғалаң заманда босып келсе, тағы бірі туған топырағынан күштеп көшірілгендер. Қашан және қандай себеппен келсе де қазақ халқы паналап келген кім-кімді де далада қалдырмады. Керісінше, бауырына басып, перзентіндей мәпеледі. 

Қиын жағдай, қыспақ күндерде қазақ жеріне ірге тепкен этностар қатарында дүнген мен ұйғырлар да бар. Олар елімізге патшалық Ресей тұсында ауып келді. Тарихтың бұл беті турасында жалпы бiлiм беретiн мектептiң 8 (7)-сыныбына арналған оқулықта («ХVIII–ХІХ ғасырлардағы соңғы Қазақстан тарихына арналған бөлім)[1]қысқаша мағлұмат беріледі. «1881 жылы Қытай мен Ресей империясы арасында Санкт-Петербург бейбіт келісімшарты жасалды. Ол бойынша ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударуға құқықты болды. Қазақстанға көшіп келген ұйғырлар мен дүнгендердің саны бірте-бірте арта түсті. 1897 жылы қазақ жеріндегі ұйғырлардың саны 56 мыңға, дүнгендер 14 мыңға жетті», – деп жазылған еді оқулықта. 

Бұл жазба осы бір абзац мәліметті өзек ете отырып, қос халықтың қан кешу күндерін баяндайды. Оқырман Шығыс Түркістанның таяу заман тарихын тани отырып, Чиң патшалығының батыс шекараға қалай иелік еткенін ішкерлей ұғынады деп сенеміз. 

1-бөлім: Дүнген көтерілісі және Биянхудың батысқа аууы

Бүгінде Алматыда 3000-нан артық көше бар екен. Соның ішінде біреуі Биянху аталады. Солтүстік айналма жолына паралель жатқан, Тұрар Рысқұлов даңғылына барып тірелетін көшеге Биянху атауы 2000 жылдың 21 қаңтарындағы №69 қаулысымен берілген. Алматы ономостикалық комиссиясы мақұлдаған Биянху кім? 

Интернеттегі ашық дереккөздерде Биянхудың Қытайдың Чиң үкіметіне қарсы дүнген халқын күреске бастаған қолбасшы екені айтылады. Көтеріліс жеңіліс тапқан соң, ол азшылық дүнген этносын бастап, Қазақстан мен Орта Азияға қоныс аударған.  

Бүлік, көтеріліс һәм дүмпу

Чиң  үкіметі дүнген халқының бас көтеруіне «Шән-Гән дүнген бүлігі» деп баға береді. Ал дүнген халқы шерлі кешуін «Дүнген халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деп әспеттейді. Тұн Жы император тұсындағы қарулы қарсылықты батыс зерттеушілерінен «Дүнген-Қытай қақтығысы» деп атайтындар бар. Ал қазіргі Қытай билігі оның Чиң  патшалығының қанауы мен езгісіне қарсы таптық сипатын баса айтқанымен, ұлттық реңкін мейлінше солғындатады. Қалай болғанда да әркімнің үңілген өз шындығы, қорғайтын мүддесі бар. Бұл жазбада біз дүнгендер дүмпуіне қатысты «көтеріліс», «бүлік» тіркесін ретіне қарай қолдана отырып, оқиғаға сырт көзбен үңілмекпіз. 

Жалпы тарихи жағдайдың шарпыған көлемі мен қамтыған ауқымын аңғару үшін оқиға өрістеген Гәнсу, Шәнши[2] өлкесінің жан санына қатысты мынадай бір статистикалық дерекке назар сала кеткен орынды. 1861 жылы  Гәнсу өлкесіндегі халық саны 19 459 000 болса, 1880 жылы 4 955 000-ға кеміді. Яғни 14 жарым миллиондай азайған. Тура осы жылдар аясында Шәншидегі халық саны 13 940 000-нан 7 720 000-ға құлдырап, 6 220 000 адам жоғалтқан. Екі аймақты қосқанда адам шығыны 20 миллионға жетеді. Бұл дүмпу тыншып, тіршілік үйреншікті қалыпқа түскен 7 жылдан кейінгі (1880 ж.) санақ екенін ескерсек, адам шығынының орасан көп болғанын байқаймыз.

Қарулы қақтығыста өлгендердің ¾- бөлігін қытай, ¼-ін дүнгендер құрайды. Яғни 15 миллион қытай, 5 миллион дүнген дүрбелеңде қаза тапты. Тікелей санақ зардаптың қытайларға аса ауыр соққанын көрсетеді. Әйткенмен сол өлкедегі жалпы дүнген халқының өзі 5 миллионнан көп аса қоймайтын. Сондықтан 5 миллион халықтан айырылған дүнгендердің трагедиясы анағұрлым ауыр (Шәнши өлкесінде өмір сұретін 4 миллион дүнгеннен 20-30 мыңдайы ғана тірі қалып, 99 пайызы өлім құшты). 61 елді шарпып, дүниежүзінің 80 пайыздай адамы қатысқан екінші дүниежүзілік соғыста 50-55 миллион адам қаза тапты делінеді. Ал Шәнши-Гәнсу өлкесіндегі бұл елішілік қақтығыстың өзінде-ақ әлемдік шайқас шығынының жартысына жуығы орын алды. Мұншама кісі өліміне әкелген қандай қақтығыс? Түп себебі не – енді соған ойысалық. 

Дүнген жасағының құрылуы 

Шәнши – дүнгендер мен қытай аралас қоныстанған өлке-тін. Мұнда екі ұлт арасында наным-сенім қайшылығы оқтын-оқтын болып тұратын. Тұрмыстық деңгейдегі қарапайым кикілжің діни сипатқа ұласып, екі ұлт арасындағы ірі қақтығыстарға әкелетін. Ал билік өкілі шүршіттер бұл жанжалды өз оңтайына шешіп, көбіне екі тараптың да ықпалын әлсірететін. 

1862 жылы Юннән өлкесі дүнгендерінің көсемі Шәншиге келіп, мұндағы дұнген халқынан жасақ ұйымдастыра бастайды. Лезде-ақ дүнген жасағы құрылып, күн санап қатары көбейеді. Жергілікті әкімшілікке арқа сүйеп, зорлық-зомбылық көрсетіп жүретін қытайларға қарсы дүнгендер кек қайтаруға кіріседі. Екі ұлт арасындағы бұрыннан бар өшпенділік оты тұтанып, қарулы қақтығыс туады. Ұзақ жылғы қанау мен қысымға ұшыраған дүнген халқының ашу-ызасы білтенің тұтануымен лықсып сыртқа шықты. Ал бұл уақытта Чиң үкіметі негізгі күштерін тайпиң қозғалысын басуға жұмылдырып, батыстағы Шәнши, Гәнсу, Чиңхай, Шыңжаң қосындарына дерліктей көңіл аудара алмады. Осы жайт та жергілікті биліктің дүнгендер дүмпуі басталған бетте күшпен баса алмауына себеп болды.

Әр жерде ұйымдасқан дүнген жасағы Шәнши, Гәнсу және Ниңшиадағы бірқатар аудандар мен қамал-қорғандарды басып алды. Мәнжүр билігінің ілгерінді-кейінді жіберген үш қолбасшысы тас-талқан болып жеңілді. Жеңістен жеңіске жеткен көтерілісшілердің сенімі артты, мейманалары тасыды. Дүнген қосынының ұзын саны 200 000-ға жетті. Сол тұста көтерілістің бағытын белгілеп, шайқастың аяқ алысын анықтайтын 7-8 жетекші шықты (ішінде Алматыда көше берілген Биянху да бар). 

Патшайымнан пәрмен алған Зо Зұңтаң[3]

1866 жылы қыркүйекте Мәнжүр ордасында мәжіліс шақырылып, Шәнши-Гәнсу аймақтарындағы «бүлікті» басу мәселесі талқыланды. Тыныштандыру қолбасшы Зо Зұңтаңға жүктелді. Зо Зұңтаң «бүлікті» 5 жылда толық ауыздықтауға уәде етті. 5 жыл мерзім мәжілістегі уәзірлердің күмәнін туғызды. Өйткені тамырланып, асқынып кеткен «бүлікті» 5 жылда толық тыныштандыру қиын еді. Оның үстіне Зо Зұңтаңға дейін де кеудесіне нән піскен үш генерал тауы шағылып, нәтижесіз оралған. Басқа да өңірлерде бас көтеріп жатқан шаруалар қозғалысы, режимге қарсылық орданың қаржылық шығынын ауырлата түскен[4]. Мұның бәрін мүлтіксіз біліп отырған уәзірлер 5 жылда «бүлікті» тып-типыл етіп тыныштандыру мүмкін емес деп топшылады. Сөйтсе де Зо Зұңтаң сөзінен қайтпады. Патшайым оған сенім артып, «бүлікті» тыныштандыруға пәрмен етті әрі барлық жағынан қолдауды уәзірлеріне бұйырды. 

Орайлы сәт, оңтайлы уақыттан кешіккен Зо Зұңтаң Шәншиге жеткенде дүнгендердің жалпы қолы әлденеше жүз мыңға ұлғайып кеткен еді. Ал Зо Зұңтаңның нақты соғыс жүргізе аларлық әскері 40 мың шамасында болды. Көз алдындағы 40 мың әскермен жүз мыңдық қолға тікелей шабуылдай алмайтын. Зо Зұңтаң ауыр сұрақпен бетпе-бет келді. Бірақ ол ұрыс даласында ысылған қолбасшы еді. Француз, Ағылшын әскерлерімен бірлесіп, Қытайдағы бұлқыныстарды басуда біршама тәжірибе меңгерген. Зо Зұңтаң қолындағы ресустары мен ұрыс алдындағы шарт-жағдаяттарды мұқият саралады. Ол соғыстың ұзаққа созылып, итырғылжыңға айналуынан алаңдайтын. Өйткені өзін тоқтаусыз қолдап тұрарлық тылдың жоғын біледі. Артық ұзап кетсе, көмек үзіліп қалуы мүмкін. Біраз жылдан бергі тынышсыздықтар алман-салықтың жиналуына тосқауыл болып, Чиң үкіметінің қазынасының түбі көріне бастаған. Міне, осы жайттар оған соғысты ұзаққа созбай, ұрымтал тұстан шапшаң жүргізуге итермеледі. Ал жедел нәтижеге жету үшін дүнгендерді үңіле зерттеп, ішкерлей ой жүгіртті. Дүнгендердің қарасы қалың, жасағы көп болғанмен, ішкі алауыздығы бар-тын. Бір дінде болса да, тармақтарға бұтарланатын. Осы себепті бір-бірімен аракідік қырғи қабақ болып, тоңтеріс күйге түсетін. Зо Зұңтаң ұрыста осы сызаттан сыналап енуді көздеді. Дүнгендердің өңірлік бөлінісі мен көсемдерінің пенделік бақталасын пайдалана отырып, бастарын біріктірмей, бір-бірлеп көзін жоюды жоспарлады.

Тарих көрсеткендей Зо Зұңтаңның діни тармақтар арасындағы алауыздықты қоздата отырып, іштен сетінетуге болады деген болжамы іс жүзінде ақталып, күткен жемісін берді. Осы ретте Чиң генералына орай тудырған дүнгендердің діни наным-сенімі турасында аз-кем айтып өткен орынды болса керек.

Діни тармақтар бақталасы 

Дүнгендер арасында сопылық бағыттың жахрия, хуфия тармақтары және нақышбандия, қадрия мен кубравия тариқаттары кең жайылған. Осының ішінде жахрия тармағын орнықтырған Ма Миңшин еді.

Ма Миңшин 1719 жылы Гәнсу өлкесіндегі қарапайым дүнген отбасында дүниеге келді. Әкесінен жастай жетім қалып, шешесінің тәрбиесінде өсті. 12 жасында нағашысына ілесіп, Меккеге қажылыққа аттанды. Алайда Шыңжаңдағы шөлде дауылды боранға тап болып, туысынан көз жазып қалады. Одан ары Үндістан мен Қытай шекарасында 3 жыл ғұмыр кешіп, сондағы мешітте араб тілін үйренеді. Төртінші жылында имамға қызметші есебінде ілесіп, Меккеге сапар шегеді. Одан кейінгі тағдыры Йеменде дін оқуын оқумен жалғасады. 

Ма Миңшин Йеменде сопылық медреседен білім алған еді. 1744 жылы оқуын тәмамдап, еліне келгеннен кейін осы сопылық жолды насихаттады. Барақаттан бас тартқан тақуа өмірі көптің көңіліне жағып, әсіресе, кедей-кепшік пен жоқ-жітіктің ықыласы ерекше ауды. Біртіндеп соңынан ерген жамағаты көбейді, ықпалы артты. 

Ал сопылықтың екінші тармағы хуфияны Арабта дін оқуын оқыған Ма Лайшы орнықтырды. Ол Ма Миңшиннан 10 жыл ілгері туған жерінде дін насихатын бастаған болатын. Бірте-бірте екі тармақ қайшылығы көріне бастады. Діни рәсімдерді атқарудағы кейбір ұсақ өзгешеліктеріне төзімділікпен қарай алмады. Өзінікін жөн санау алға шықты. Оның үстіне Ма Миңшин өлім-жітім, айт-мерекеде оқылатын құран мен дұғаға «құран жолын» беруді сынап, құранды дүние-мүлікке «саудаламауды» уағыздады. Осы ұстаным Ма Миңшин жамағатының қарасын көбейтті. Ма Лайшының тынысы тарылып, тұншыға түсті. Абыройына нұсан келген Ма Лайшы ақыры патша ұлығына келіп арыз түсірді. Жергілікті әкімшілік Ма Лайшы жетекшілік ететін хуфия жолын «дәстүрлі» діни бағыт деп санап, жахрияны «секта» ретінде таныды. Ма Миңшинді арандатушы ретінде тұтқындады. Бұған наразы болған жахрия жамағаты қарсылық танытып, көсемдерін босатуды талап етті. Ма Миңшин ізбасары Гасу ахун топ бастап, Ләнжоуға шабуылдады. Қарулы қақтығыспен көсемдерін шығарып алмақ болды. Әйткенмен үміттері ақталмады. Патша әкімшілігі оларды жаныштап, Ма Миңшинді дарға асты. Бұл 1781 жыл еді. Осы «бүліктен» кейін жергілікті әкімшілік ресми түрде жахрияны секта деп үкім шығарды. Қос жамағат арасында дүрдараздық асқынып, сына қағылды. Діни тармақ бөлінісі жаулық пиғылға жеткізді. 

«Дәстүрлі» тармақ хуфияда көсемдік мұрагерлікпен берілетін. «Шән-Гән көтерілісі» кезеңіне жеткенде (арада 80 жылдай өткенде) діни билік Ма Лайшының шөбересі Ма Гүйюәнде болды. Ма Гүйюән дүнгендердің Шиниңдағы жетекшісі-тін. Ал жахрия тармағында діни көсемдік ұрпаққа емес, лайықты ізбасарға тапсырылды. Бірақ ізашар тұлға Ма Миңшин аманаттаған бұл дәстүр төртінші көсем Ма Иды тұсында бұзылды. Ол қыруар дүние-мүлікке, жерге ие болып, бай-манап деңгейіне көтерілді. Діни көсемдік содан бастап үздік ізбасарға емес, ұрпақ арқылы жалғасты. «Шән-Гән дүмпуінде» билік Ма Хуалұң уысында болды. Ол да топталған байлықпен дәулетін арттырды. Байыған үстіне байи түсті. Әлеуметтік негізі күшейіп, Гәнсу аймағындағы жахрия көсемі ретінде өзіне «бас ахун» атағын жариялады. Ма Хуалұң мен Ма Гүйюән екеуі де өз діни тармақтарының абсолютты басшыларына айналды. Өздеріне қарасты аумақта дін, неке, дүние, құқық, арыз-шағым істерінде олардың айтқаны болып, мақұлы орындалды. Қай-қайсысы да діни жамағатын көзсіз бойсұндырды. Чиң үкіметі екеуінің арасынан хуфия тармағын мойындап, соларды демеп отырды. Сондықтан Ма Гүйюәнға төрелік мансабын беріп, өз саясаттарын сол арқылы жүзеге асыратын. «Шән-Гән дүмпуінде» үкіметтен теперіш көріп, шетқақпай болған Ма Хуалұң «ә» дегеннен-ақ билікке қарсы шықты. Ниңшиада қарсы көтеріліс ұйымдастырды. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, өзінің ықпалын арттыруды көздеді. Ал Ма Гүйюән әрі-сәрі күйге түсті. Көтеріліс жасайын десе, үкімет онсыз да өзін мойындап, қолдап-қуаттап отыр. Ал үнсіз қалайын десе, қызынып алған жұрт бұғып қалды деп күстаналамақ әрі жамағат сенімінен айырылады. Осындай дүдәмал ойдың құрсауында қалған ол ақыры қалыптасқан жағдайға сай көптің тілегіне үн қосып, көтеріліс жалауын қолға алды. Шиниңда билікке қарсы жасақ шығарды. 

Билікті үлестіріп, азулыны ауыздықтау

Екі жүз мыңға жеткенімен, Шәнши-Гәнсу  өлкесіндегі дүнген жасағы күш жағынан шашыранды болып, бірнеше топтарға бөлінетін. Олар: Ниңшиадағы рухани көсем Ма Хуалұң, Шиниңдағы діни жетекші Ма Гүйюән, Хыжоудағы ірі феодал Ма Жәнау,  Гәнсудағы Ма Уінлу, Шәншидегі Биянху басқаратын жасақтар еді. 

Зо Зұңтаң Ма Гүйюән мен Ма Хуалұң секілді тамыры тереңге кеткен, бас бермейтін асауларды түбірімен жою қажет деп санады. Алайда олардың көзін құртқаннан кейін не болмақ? Келесі қадамды қалай жүрген дұрыс? Бүлікті басқаннан кейін осы тыныштықтың өзін сақтап тұрарлық күш керек. Әрмен қарай батыс шекараға, уыстан сусып бара жатқан Шыңжаңға өткеннен кейін бүлікшілер қайтадан бас көтерсе, екі оттың ортасында өзінің жағдайы қауіпте қалмақшы. Шайқастағы жүрістерін тереңнен саралағаннан соң, ол бір бекімге келді. «Ма Гүйюән мен Ма Хуалұңды жойғаннан кейін тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бәрібір де дүнгендер арасынан бір қолбала көсем шығармай болмайды. Ол Чиң үкіметіне таянбаса болмайтын әлсіз, алайда діни қауым алдында беделсіз де болмауға тиіс. Екіншіден, бірте-бірте нығайып, бағынбай кетпес үшін жергілікті мұсылман емес топтан тағы бір көсем шыққаны жөн. Сонда екі күш бірін-бірі тежеп, тізгіндеп отырмақ». Осы сауалдардың ізін қуалай келгенде оның көкейіне өзінің шартына үйлесетін екі адамның сұлбасы көлбеңдеп шыға келді. Олар дүнгендердің үшінші діни мектебінің көсемі Ма Жәнау мен қытайлардың басын қосып, қарулы жасақ ұйымдастырып жүрген Доң Фушиаң еді. 

Ма Жәнау «дәстүрлі» діни жамағаттан бөлініп шыққан азшылық бұтар топтың басшысы-тын. Наразылық кезінде Хыжоуда қол бастап көрінген. Қытайлар да мұсылман дініне өту керек деп санайтын ол әсіре реакцияшыл еді. Сонысына қарамастан Чиң шенеуніктерімен ымырашыл болатын. Зо Зұңтаң оның ресми билікпен ымыраға келе алатын осы табиғатын құп көрді. Бастысы шыққан тегі қарапайым, «төреден» туған Ма Гүйюән мен Ма Хуалұңға қарағанда азу тісі ақсия қоймаған әлсіз. Зо Зұңтаң «Шән-Гән өлкесіндегі билік тізгіні осындай икемді адамдарда болғанда ғана теріскей батыстың ұзақ болашағын қамтамасыз етуге болады» деген ойға бекем буынды. 

Екінші тараптан діні мұсылман Ма Жәнауды тізгіндеп, билігін шектеп отыруға ең лайық кандидат – Доң Фушиаң. Ол Шәншиден шыққан көтеріліс басшысы Биянхуға тегеурінді қарсылық танытумен көзге түскен. Оңтүстік Шәншиді алып, теріскейге жорыққа шыққан Биянхудың бір мақсұты «императорлар қабірстанының» күлін көкке ұшыру еді. Хан патшалығы тұсынан іргесі қаланған бұл қабірстанда Қытай нәсілінен шыққан бірқатар императорлар жерленген. Биянху осы моланы өртке орап, мүлдем жер бетінен жойып жіберуді көкседі. Доң Фушиаң бұл әрекетке табанды қарсылық танытып, өз нәсілінің намысын жан сала қорғады. Шәншиде халық толқығанда ол да қытай жасағын құрып, әуелі мәнжүр билігіне мойынсал болғансып, іле қарсы шықты. 1868 жылы өзін 300 000-дық Шән-Гән аймағын қорғау жасағының бас әміршісі деп жариялады. Зо Зұңтаң осы ерекшеліктерді ескеріп, бірі мұсылман, бірі қытай екеуге билікті бөліп беріп, тепе-теңдікті сақтауды жоспарлады. 

Зо Зұңтаң жансыздары арқылы Доң Фушиаң ықпалында 300 000 адам болғанымен, оның көбі қарапайым қытай бұқарасы екенін, шындап қарсыласарлық қуатының әлдеқайда төмен екенін анықтады. Қытай шаруалары бір жағы долы Доң Фушиаңның ызбарынан ықса, екіншіден дүнгендер шабуылына ұшыраудан қорқып, шарасыздан ергені түсінікті еді. Сондықтан 1868 жылдың қарашасында Зо Зұңтаң Доң Фушиаңға жорық ашты. Оны қоршауға алып, бас сауғалап қашарға орын қалдырмады. Ұрыста түбегейлі күйретпей, қалжырата соққылап, өз еркімен берілуге мәжбүрледі. Берілген жағдайда өлімнен құтқарған болып, айыбын өтеуге қызмет ұсыну, сол арқылы біртіндеп көтермелеп, өз мақсатына пайдалану ішкі есебі-тін. Доң Фушиаң осы тұзақты қапысыз қауып, сценарий тура Зо Зұңтаң жоспарындағыдай өрбіді. 6 жыл жеке билік құрып сайрандаған Доң Фушиаң берілді. Зо Зұңтаң үшін алғашқы қамал алынды.

Шегіне шеп құрған дүнгендер

Жалпы, Шәнши, Ниңшиа, Гәнсу – үш аймақта әскер ұстап, жергілікті билікке ие болып отырған дүнген көтерілісінің 4 негізгі ошағы бар-ды. Атап айтқанда, Ниңшианың Жинжибауында бекінген жахрия көсемі Ма Хуалұң, Шиниңдағы «дәстүрлі» діни мектеп хуфияның басшысы Ма Гүйюән, Гәнсудың Хыжоуындағы әскербасы Ма Жәнау және Гәнсудың Сужоуындағы тізгін иесі Ма Уінлу. 

Зо Зұңтаң осылардың ішінен Ма Жәнауды Доң Фушиаң секілді өз ырқына көндірмек есебін құрды. Ал дүнгендер арасындағы төрт діни мектептің ескіден келе жатқан іргелі екеуінің рухани жетекшісі Ма Гүйюән мен Ма Хуалұңды мүлдем бас көтерместей ету басты нысанға алынды. Таңдаудың Ма Жәнауға түсу себебін, алдында атап өткеніміздей, ықпалының ілгері екеуінен әлдеқайда әлсіздігінде еді. Ма Уінлуға қатысты «бас исе, аман қалдырып, қасарысса көзін құрту» пиғылында болды. 

Зо Зұңтаң Шиәнға ірге тепкеннен кейін, Шәншиде байыздап тұра алмаған көтерілісші дүнгендер Гәнсуға ығысқан. Жылыстап көшуді құп көрмей желдің өтінде қалған қытай бас көтергендерінің алғашқы болып Зо Зұңтаң шабуылына ұшырайтын себебінің бірі осы. 

Келесі кезекте Чиң қолбасшысына дүнгендердің мықты қорғанысын алу міндеті тұрды. Бұл – Шәншиден шегінген дүнгендердің шеп құрған қамалы Доң Жіюән. 

Шәнши дүнгендерінің көтереліс көсемі Биянху

Доң Жіюән 1864 жылы дүнгендер батысқа шегінгеннен бері негізгі тірек қамалына айналған. Доң Жіюәнді бекініс ете отырып, дүнген қолы Ниң Жоу, Пин Ляң, Жын Юән, Чиң Яң қатарлы қамалдарды өздеріне қаратты. Әрі ауық-ауық Шәншиге шабуылдап тұрды.   

Осы қамал айналасында әулеттік сипатымен қосын-қосындарға жіктеліп, өмір сүрді. Бұл қосындардың бір ерекшелігі әрі шаруашылық, әрі әскери құрылым ретінде жасақталды. Бейбіт тіршілік мезгілінде шаруашылықпен шұғылданып, шайқас кезінде қосын күйінде әскери жасаққа айналды. Қосынның азында әлденеше мың, көбінде он мыңдап жауынгер болды. Ақсүйектер, имам-ахундар басшылық еткен Доң Жіюәндағы бір қосынның билігі Биянхуда еді. Биянху шыққан тегі, діни лауазымы тұрғысынан өзге көсемдердей «ақсүйек» емес еді. Алайда соғыстағы ерлігі, батылдығымен көзге түсіп, қолбасшы ретінде өзін мойындатқан. 

Сытылып қашқан Биянху

1869 жылдың наурызында Зо Зұңтаң жорыққа шықты. Әуелгі ұрыс Жың Ниң, Бин Жоу үшін ашылып, дүнген қолы тойтарысқа ұшырады. Шегінген қол бекініске тығылды. Дүнгендер Үй Янлу, Ма Жыңхы бастауында қарымта шабуылға шықты. Қиян-кескі шайқас, кескілескен ұрыс екі жақты да титықтатты. Бірақ бұл жолы да дүнгендер жеңіс туын тіге алмады. Екі тарап арасында қарымта шайқас, тоқтаусыз ұрыс тынбай жүріп, дүнген жасағы атойлап алға шауып, тайсалмас ерлік, тайынбас батылдығымен көзге түсті. Ал Чиң әскері тактикалы тәсілімен бәсін арттырды. «Өлсек шейітпіз» деп бораған оққа қарамай кеудесін кере ұмтылған дүнген жасағының көзсіз ерлігі қытай шеріктерін тіксінтті. Әлденеше мәрте итжығыс түсіп, бірін-бірі ала алмай ширықты. Уақыттың ұзауымен зеңбірек қаруының басымдығы бәрібір де әсер еткен. Чиң қолы бекіністі алды. Сарқыншақ жауынгерді топтап, Биянху Ма Хуалұңға барып қосылды. 

Зо Зұңтаң Биянхудың ізіне түспеді. Өзіне дейінгі жеңіліс тапқан Шың Бау, До Лұңы, Яң Иүе қолбасшылардың сәтсіздігінен сабақ ала білді. Батыс аймақ ұланғайыр дала болып, азық-түлік тасымалы соғыстағы ең шетін, тіпті жеңістің кілтіне барабар өзекті мәселе еді. Оның үстіне дүнген жасақтары бекіністі босатқанда азық-түліктің алатынын алып, артып жүре алмайтынын өртеп кеткен. Биянхуды қуып ұрыс салғанда да әскерге қажет азық-түліктің мезетінде жетіп үлгермейтіні Зо Зұңтаңды тоқтатты. Сондықтан бас-көз жоқ қуып, тәуекелге ұрынбады. Керісінше, аял жасап, тоз-тозы шыққан кенттерді ретке келтіріп, босып кеткен қытай шаруаларына егіс алқаптарын үлестірді. Оларға егіс тұқымдарын, жер өңдеуге қажет құрал-саймандар жеткізді. Тек шаруалар ғана емес, қолындағы сарбаздарды да егіс ісіне жұмылдырды. Алдағы жылдары өзін қамдайтын астықтың қамына күні бұрын кірісті. Зо Зұңтаңның мұншама бейнетқор болуында бір себеп бар-ды. Ол өзге әскербасылар секілді «ақсүйек» тектен емес-ті. 40 жасына дейін әкімшілік жұмысқа араласпаған, шаруа баққан қарапайым жан болған. Сондықтан өзі бастап кетпен ұстап, жер жыртып, еңбекке шақырды. Бұның дақпыртын естіп, жер және сайман үлестіріп жатқан мәрттігінен құлағдар болып, ауып кеткен ауыл халқы қайтадан келе бастады. Соғыс өртіне айналып, тып-типыл жұтап, құлазып қалған Доң Жіюән атырабына қайтадан қан жүгірді. Бұл да Зо Зұңтаңның ішкі есебі, көпке шашпаған сырының бір ұшығы еді. 

Бекініс үшін текетірес 

Егіс өнімін алып, жиын-терін аяқталған күзде Зо Зұңтаң келесі шабуылын бастады. Бұл 1869 жылдың қыркүйегі еді. Чиң қолбасшысы бұл жолы күнгей, теріскей және орта бағытта әскер шығарды. Солтүстік қанатта Лю Сұңшан қол бастап, көрер көзге Хуа Машы елдімекенін алғалы келе жатқандай әсер қалдырды. Бірақ бұл қол Хуа Машы арқылы Жин Жибауды шығыс солтүстік тұстан соққылауды көздеді. Ал күнгей топ Жин Жибауға Бау Жиді басып өтпекші болды. Зо Зұңтаң орта тұстан қол бастады. Осылайша үш бағыттан қатар төніп, Ма Хуалұңды бағындыруға бет алды. Аталған үш жасақтың теріскей бағыты негізгі шабуыл міндетін алып, күнгей қосын қорғанысқа жауапты болды. Жин Жибаудың сыртпен байланысын үзіп, келер көмектің жолын кесуге әрекеттенді. Ал Зо Зұңтаңның орта тұстан төнетін жүрдек қолы екеуін де қолдау, қосымша көмек қажет етсе, бірден дем беру жағын мойнына алды. Ма Хуалұң да қарап жатпап еді. Ол тиянақ еткен Жин Жибау нағыз қорғаныстың таптырмас орны-тын. Ма Хуалұң жаңадан қосылған Биянхудың он мыңнан асатын қосынын қабылдап, күшін нығайтты. Қамал бекінісін пысықтады. 

8 қыркүйек теріскейден беттеген Лю Сұңшан қолы Гуо Жиачиауды атқылады. Дүнген жасақтары Лю Сұңшанға қарсы екі әскери әдіс қолданды. Бетпе-бет келген бір топ қосын қарсыласа соғысып, екінші бірі оның соңын орап, тылға – Лин Жоуға шабуылдады. Лю Сұңшанның жаны мұрнының ұшына келді. Лин Жоуда оның әскери техникалары мен оқ-дәрі қоймасы орналасқан еді. Алайда орта қанаттан Зо Зұңтаң қолы оған көмекке келіп, дүнгендердің бетін қайтарды. 3 айға жуық шайқасып, қараша айының соңына қарай Зо Зұңтаң сарбаздары Жин Жибауға дейінгі кедергілерді толық тазалады. Дүнген жасағының кейбір бөлімдері қаруын тастап берілді. Биянху тағы да қолын бастап, сытылып Хы Жоуға өтіп кетті. Ал бекіністен әмір етіп, ұрысты ұйымдастырып отырған Ма Хуалұң Чиң әскеріне бетпе-бет келуге мәжбүр болды. Бекіністен 20 шақырым жерде шешуші шайқас өрбіді. Бұл майданда Зо Зұңтаңнан кешірім алып, өз отрядымен Чиң әскеріне қосылған Доң Фушиаң ерен ерлік танытты. Сенімді адамға айналып, әскери мансабын өсіру үшін шайқаста көзге түспей болмайтынын болжаған ол жау үрейін ұшыратындай ұрыс салды. Әсіресе, 1869 жылдың 11 желтоқсанындағы соғыста Доң Фу Шиаң жауының берекесін ала шайқасты. Оның полкі жанын шүперекке түйіп қойып, кеудесін оққа төседі. Қарсы тарапқа лап қойды. Салдарынан дүнген әскерлері тағы да кері шегініп, қамал ішіне біржола бекінді. Бұдан кейін Зо Зұңтаң қамалды алудың жоспарын құрды. Ол қамалдың шығыс пен батысындағы ең ұрымтал екі тұсын анықтап, күшті жинақтап, сол жерден соққылады. Күн артынан күн ауды. Қамал алынбады. Бекіністің сырты қандай берік болса, ішіндегі әзірлік, азық-түлік дайындығы да соншалықты мол болды. Арада тағы екі ай өтті. Чиң әскері жарты жыл бойы осы қамалға тосылып, алға жылжи алмай тоқтап қалды. Бұл ордада наразылықтар тудырды. Зо Зұңтаңның аяқ алысының баяулығын сынап, генералдар мен уәзірлер күңкілдей бастады. Бірі батыс жорығы үшін судай ағып, рәсуа болған шығынды айтса, енді бірі генерал Лю Сұң Шанның мерт болғанын көлденең тартып, Зо Зұңтаңның қарым-қабілетіне шәк келтірді. Жазғырған үндер Зо Зұңтаңды ауыр қысымда қалдырды. Осындай итырғылжың күндерде қала ішіне бекінген Шәнши дүнгендері Ма Хуалұңның пәрменімен қамалдан шығып, суыт жүріспен Шәншиге өтті. Шәнши дүнген дүрбелеңнің басталған нүктесі еді. Ма Хуалұң осы әдіспен қамал күзеткен Зо Зұңтаңның ойын бөлуді, күшін шашыратуды көздеді. 

Бекінуден қамалуға дейін

Шәнши дүнгендері өз жерлеріне қайтып барғаннан кейін жергілікті әкімшіліккке шабуылдап, бірқатар жеңістерге қол жеткізді. Бірақ жеткен аз жеңісіне масаттанып, сардарбасылар билікке ұмтылып, олжаға таласты. Әркім бас-басына кеуде соғып, қосынға жеке иелік еткісі келді. Содан бөлініп, бытырады. Бұл арада тағы бір фактордың әсерін айтпай болмайды. Зо Зұңтаңның Шәншиді тыныштандырғаннан кейінгі жер-су, соқа-сайман үлестіріп, қытай шаруаларын орнықтырып кетуі кәдеге жарады. Қолдарына кетпен-күрек, соқа-сайман тиген қытай шаруалары Шәншиге қайтып оралған дүнгендер билікті түбегейлі алса, өздерінің басына қара бұлт үйірілерін өте жақсы ұғынды. Сол себепті етене бірігіп, шаруа жасағын ұйымдастырды. Жергілікті үкіметтің шағын әскеріне сүйеу болып, жан-тәнімен шайқасты. Сөйтіп берекесі болмай, бөлініп кеткен Шәнши дүнгендері табан тіреп тұра алмай, ілгерінді-кейінді Гәнсуге қайта шегінді. 

Бұл жағдайды біліп, сәт сайын бақылап отырған Зо Зұңтаң тағы бір қулыққа басты. Ол қоластындағы әскер басшыларына шегініп қайтып келе жатқан дүнген жасағының алдынан қарсы соққылауды, әйткенмен қоян-қолтық ұрысқа кіріспей, қашып-қуды тәсілімен жанай шайқасуды тапсырды. Дүнген жасағы жан сақтау үшін қамалға қайтып тығылатын болсын деді. Шынында да, дүнген қолы Чиң әскерін қапы қалдырдық деп бірінен кейін бірі Ма Хуалұң қамалына (Жин Жибауға) қайтып барды.  

Зо Зұңтаңның жауды аяғандай болған бұл қылығы қоластындағыларға түсініксіз тиді. Жарты жылға таяу ала алмай жатқан қаланың қорғанысын бекемдеуге жол бергені қалай десіп әрі-сәрі күйге түсті. Әйткенмен бұйрықтың аты – бұйрық. Бас қолбасшының пәрменіне қиянат жасалмады. Екі етпей орындалды. Бұл ретте Зо Зұңтаң інге су жіберіп, ішінен олжасының атып шыққанын күтіп отырған кейіпте еді. Оның бұл тұзақты құруында үш негізгі себеп бар-тын. Біріншісі пәленбай жүз мың адам бір қамалға тығылса, азық-түлік, сөз жоқ, орасан жылдамдықта азаяды. Өздерінің алты айдан бергі күткені де сол болатын. Екіншіден, аяқ асты шауып кетіп, үлкен қосынды азық-түлікпен қамтамасыз ететін тылға партизандық ұрыс салып жүрген шашыранды қолдар бәрі бір жерге жиналды. Бұл қосымша алаң, қосалқы күйтті азайтты. Үшіншіден, Шәнши мен Гәнсу дүнгендерінде ертеден жерге байланысты ішкі алалық бар-ды. Екі өлке дүнгені осы жолғы көтеріліс аясында ғана тізе біріктірген. Ал аядай бекіністе қамалған тұса азық-түлік үлесінде «артық-кем» таласының болатыны сөзсіз. Зо Зұңтаң осы арқылы іштен сетінету тұзағын құрды. 

Дүнгендерді «қамап» тастағаннан кейін Зо Зұңтаң бекіністі айналдыра ор қаздырды. Зо Зұңтаңның әскері ор қазуда жатылған, шебер еді. Тайпин шаруалар қозғалысын жаныштауда осы ор қазу әдісімен Нән Жиң қаласын үш жылдай қоршауда ұстаған болатын. Оның қосыны Жин Жибауды айналдыра тереңдігі 3,5 метр, кеңдігі 10 метр болатын шеңбер тәріздес екі ор қазды. Ордан кейін 4 метрлік қамал соқты. Ішкі ор бекіністегілердің тұтқиыл шабуылынан сақтануға, ал сыртқы ор тыстан келер көмектің жолын бөгеуге арналды. Орлар бекіністен 250 метр мен 1,5 километр қашықта қазылды. Ор қазылып біткеннен кейін Зо Зұңтаң қосыны қаланы айналдыра 6 тараптан тастай етіп қоршады. Беріктігіне қарамастан, Ма Хуалұң жүгірген аң, ұшқан құс өте алмастай еткен қоршауды бұзып отырып, Хы Жоуға жаушы аттандырды. Алайда Хы Жоудан жеткен күштің бәрі бекініске беттей алмай сыртта жеңіліс тапты. Бекіністің сыртқы әлеммен қатынасы толық үзілді.   

Шырға мен төзім тартысы

Айтып айтпай, Зо Зұңтаң ақыр аяғында өзінің күткеніне жетті. Тек қарумен емес, төзім мен шыдамды да бәске қойған шайқаста Ма Хуалұң сыр берді. Ол күн өткен сайын опырыла таусылып жатқан азық-түлік пен жем-шөпті есепке алып, Гәнсу дүнгендерінің келешегі үшін Шәнши дүнгендерін бекіністен қуып шықты. Қаланы айналдыра окоп қазып, қоршап алған Чиң әскеріне қайран қыла алмай, бір жағы қандас бауырының өзектен тепкен өзімшілдігіне ашынып, тауы шағылған 8000-дай Шәнши дүнгендері қараша айында өз еріктерімен берілді. Зо Зұңтаң олардың барлығына кеңшілік танытып, орнықтыры. 

Аужайды жіті бақылап, қолға түскен дүнгендердің тірі қалғанын көріп-біліп отырған Ма Хуалұң өзі де берілуге бел байлады. Бір жылдай қоршауда қалып, ырықсыз жағдайда соғыс жүргізген әрі төзім мен шыдам, жүйке  сынағында сынып қалған ол қалған «бақытын» бағынудан іздеді. Зо Зұңтаң оған қару-жарағын түгел тапсырып, шын пейілімен берілсе рақымшылық жасайтынына уәде етті. Алайда әккі екеудің де іште жасырған өз есептері, бақай қулықтары бар-тын. 

Асылында Ма Хуалұңның бұл алғашқы берілуі емес-ті. Бұдан ілгеріректе, дәлірек айтқанда, 1865 жылы ол Чиң патшалығының тағы бір қолбасшысы Мутушәнға тізе бүккен. Ол былай болған еді: 1862 жылы дүнгендер бірінен кейін бірі бас көтергенде Ма Хуалұң да қоластындағы жасағын сайлап, билікке қарсы шыққан. Әлденеше рет бетпе-бет шайқаста жергілікті әкімшілік қосынын бет қаратпай ықтырған. 1865 жылы Мутушән Ниңшиа генерал-губернаторы әрі Гәнсудың әскери қолбасшысы болып тағайындалғаннан кейін әскери күшпен емес, ымыраластық шартпен Ма Хуалұңды шырғаға тартқан. Бұған Ма Хуалұң да мүдделі болған-ды. Осы ымыраластық арқасында ол бірқатар басымдықтарға ие болды. Айталық, өңірдің алман-салығын жинау мен әкімшілік істерін жүргізу оның құзырына берілді. Оған қоса әскери істерде де белгілі дәрежеде ықпалы болды. Осы бітімнен кейін арада тыныштық орнап, ұрыс тоқтаған. Қос тарап та өз мүдделеріне қол жеткізген есепті тыншыған. Бас бермес асау Ма Хуалұң шабуылын тоқтатып, шаруашылық ісіне ден қойған. «Бас ауруының» оңай жазылғанына, артық шығынсыз тұтанған өртті тез өсндіргеніне көңілі қош болған Мутушән орталыққа Ма Хуалұңның ақ ту көтергенін, Шәншидің «басбұзар» дүнгендеріндей емес, Ма Хуалұң шылауындағы Гәнсу дүнгендері момын, бейбітсүйгіш екендігін айтып, рапорт жолдады. Сондықтан Зо Зұңтаңның бұл жолғы «ұзаққа» созылған текетіресі орталық билікке онша ұнай қоймады. Шапшаң ұрыс салып, жеңіске тезден жете қоймағаны, жағдайды жедел реттеп, батысқа беттемегені Пекиндегі орда шенеуніктерін дегбірсіздендірді. Орда шенеуніктерінің Мутушәннің айтқанына имандай ұйып, күмәнсіз иланатын бір себебі Пекинде мәнжүр текті шенеуніктің сөзі қашан да өзгесінен десті, уәжді естілетін. Оның үстіне Зо Зұңтаңның бір жарым жылға жуық бір бекіністі ала алмай, орнында байырқалап қалуы қазына қаражатын рәсуа етті деген айыптауларды тудырды.

Бұл жолы ол Зо Зұңтаңға берілгенде де өзінің ескі әдісіне басқан. Ма Хуалұң Зо Зұңтаңның талабын орындап, 959 ат-көлік, 150 найзалы мылтық, 1070 қару тапсырды. Қару-жарағын толық тапсырмаса, кеңшіліктен дәметудің артық екенін ескерткеннен кейін Ма Хуалұң ұлына айтып, тағы да қару тапсыртқызады. Бұл жолы арбалы зеңбіректен төртеу, буынды зеңбіректен төртеу, 28 шағын зеңбірек, 20 қамал бұзар зеңбірек тәркіленді. 1030 шолақ мылтық, 180 ағылшын мылтығы, 2418 сүңгі тапсырды.  

Әккі Зо Зұңтаң жасағына қаланың түгін қоймай тінтуді тапсырды. Оның есебінше, осынша уақыт беріспей атысқан, әлденеше мәрте жеңіс туын қолынан жұлып әкете жаздаған Ма Хуалұңда 180-нен әлдеқайда көп ағылшын мылтығы болуға тиіс еді. Бұл болжамы айынмай келді. Қаланың әптер-тәптерін шығарып, түгін қалдырмай жерді 10 метр қаза тінткенде көмілген 1200 ағылшын мылтығы табылады. Әу бастағы көзін құртсам деген ойына «темір айғақпен» ұсталған Ма Хуалұңды Зо Зұңтаң аяған жоқ. Ұлы екеуіне қоса отбасындағы 13 адамды, одан басқа 80-дей дүнген қолбасшысын, жалпы 1800-ден аса адамды өлімге үкім етті. 

16 айға ұласқан Жин Жибау үшін тартыс аяқталды. Дүнген жасағы ауыр шығынға ұшырап қана қомай, Чиң әскері де мейлінше зардап шекті. Зо Зұңтаң оң қолы болған Лю Сұңшандай сайыпқыранынан айырылып, 40-тай ірі сардарбасын жоғалтты. 40 пайыздай әскері өлім құшты. Зо Зұңтаңға бұл шайқас, тіпті, тайпин қозғалысы мен алаугерлерді жаныштаудан да анағұрлым ауыр соқты. Әйткенмен, Жин Жибауды алып, «бүлікшілерді» бағындыруы жаңа бетбұрыс әкелді. Оның батыс аймақты «тыныштандырудағы» жаңа қадамына ұласты. Ордадағы оған қарсы дауыстардың үні бәсеңсіді. Өзіне сенім артқан патшайым алдында беделі өсіп, сөзі де нықтала түсті. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?