Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Арпалыспен өткен ғұмыр

1745
Арпалыспен өткен ғұмыр - e-history.kz

Тарихшылар Алаш қайраткерлерінің өмірі жайлы көптеген зерттеулер жүргізе келе, олар жайлы жазылмаған ақпараттың көп екендігіне көз жеткізеді. Алашордашылар туралы деректің көп тарамауының да себебі көп. Біріншіден, зерттеушілер үшін тарихи құжаттардың көбі қолжетімсіз. Олар күштік құрылымдардың архивінде сақтаулы. Екіншіден, тарихи тұлғалардың мұрасын жаңғыртатын ұрпағының қалмауы. Десе де соңғы жылдары тарих парақтарында есімдері жазылмай жүрген жандар туралы ақпарат баршылық. Олардың ел үшін атқарған еңбегін халыққы көрсетіп, насихаттау – қоғам дамуының басты көрінісі.

Жетісудағы Алаш қозғалысының қайраткерлерінің арасында өлке көшбасшысы атанған тұлғалар бар.  Солардың бірі – Жетісу облыстық қазақ комитеті кеңесінің мүшесі, Лепсі уезі қазақ комитетінің төрағасы Базарбай Мәметұлы.

Базарбай Мәметұлының кәсіби маман, халық игілігі үшін қызмет еткен тұлға ретінде қалыптасуына оның білімі, ортасы және ХХ ғасырдың басындағы саяси жағдайы ықпал етті.

Заңгер ретінде ол Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутат ретінде ұсынылды және Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне ұсынылды, Алаш әскерлерін құрған Алаш Орда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы аштыққа қарсы комитеттің ұйымдастырушысы. 

Оның өмірі өз елінің болашағы мен қиындықтары үшін күрес пен қақтығысқа толы болды.  Алайда, өзінің еңбекқорлығымен, кәсіби шеберлігімен, жоғары біліктілігімен және тәжірибесімен ол кез-келген жағдайдан абыроймен шығып, беделді азамат, өз халқының адал ұлы болып қалды.

Базарбай Мәметұлының балалық шағына қатысты ақпаратпен бастасақ. Ол 1888 жылы Жетісу губерниясының Лепсі уезінде дүниеге келген. Әкесінің есімі – Мәмет Әсіпұлы. Бала күнінен білімге құштарлығы байқалған Базарбай 1899 жылы Верныйдегі (қазіргі Алматы) ерлер гимназиясына еш қиындықсыз қабылданды. Оқуда озат болған ол 1910-1911 оқу жылында емтиханды сәтті тапсырып, 8-сыныпты аяқтады.

Гимназияны бітіргеннен кейін Базарбай жоспарлары іскей аспай, алдынан кедергілер шығады. Ол гимназияда оқып жүргенде әскери маман болуды көздеген еді. Бірақ діттеген мақсатына жете алмады. Мәскеудегі Алексеев әскери училищеге оқуға түсу үшін сынақ тапсырады. Бірақ сол уақыттың жарғысына сәйкес Ресей империясы халқы аз елдерден (бұратана) әскери қызметке адамдарды шақырмайтын еді. Заң бойынша «бұратана» халық өкілдері әскери міндеткерліктен босатылған-ды. Өкінішке қарай осындай жағдайлардан кейін оның бала арманы орындалмады. 

Бірақ Базарбай өзінің жоспарын орындауға барынша тырысты. Ол Қазақ императорлық университеттің заң факультетіне оқуға түсті. Кедей отбасынан шыққан Базарбайдың алдынан тағы бір бөгесін шықты. Ол оқуға кедергісіз түскенімен, шәкіртақыға іліне алмады. 1912 жылы Жетісу облысының әскери губернаторынан жоғары оқу орнында оқу үшін  шәкіртақы сұрап өтініш жазады. Бірақ сол жылы генерал-майор М. Фольбаумнан шәкіртақыны бере алмайтыны туралы хат келеді. Дегенмен Базарбайдың өмір жолында оған көмектескен адамдар да болды. Сондай жандардың бірі – Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ол оған бір жылға 20 рубль шәкіртақы алуға көмектесті. Келесі жылдары Базарбай Қазан қаласында репетитор ретінде жұмыс істеп, өз күнін өзі көрді. Ол ақшаны тұратын жеріне, тамаққа, ақылы дәрістерді тыңдауға жұмсады. Бала Базарбай осылайша ерте есейді. Оның тек санасы емес, аналитикалық көзқарасы дамыды. Сондай-ақ ол саясаткер ретінде де қалыптасты. Осының барлығына университеттің ұстаздарды ықпал етті. 

1917 жылы ол университетті тәмамдады. Дәл сол жылы оның қоғамдық жұмысы да басталып кетті. Қазақстанның барлық облыстарында қазақ комитеттері құрылып жатқан кез еді. Ол сол комитеттердің жұмысына белсене араласа бастады. 1917 жылғы 12 сәуірде Жетісу өңірінде өткен съезге де қатысты. Кейіннен ол бүкілресейлік Құрылтай жиналысында өзін депутаттыққа ұсынды. Жетісу обылсынан өткен 3 депутат қана болды. Базарбай тізімде бесінші болып тұрды. 

Баршамызға белгілі II Жалпықазақ құрылтайда автономия тақырыбы ең маңызды мәселелердің бірі еді. Жиыннан кейін осы мәселелерді жүзеге асыру үшін әр аймақта жиналыстар өтті. 1918 жылы Верныйда (қазіргі Алматы) Жетісу қазақтарының съезі өтеді. Сол жерде Алашорда кеңесінің құрамына Базарбай Мәмет те сайланды. 

Совет үкіметінің солақай саясаты Жетісу өңіріне де жетті. Қызыл әскердің адамдары қазақ ауылдарын жазықсыздан жазықсыз тонап, малын тартып алып, малын таран-таражға салды. Мұнымен қатар ауыл салық жүйесін енгізіп, халықты езгінің астына алды. Осындай уақытта жоғарыда аталған алашшыл азаматтар қызы әскерден қорғану керектігін білді. Әскердің қажеттілігі қатты білінді. Дәл осы уақытта Базарбай Мәметұлы мен Салық Аманжолұлы жетекшілік ететін «көмек комитеті» құрылды. Бұл әрекет, әрине, большивектерге ұнамады. Совет үкіметіне деген кереғар іс-әрекет деп таныды. 

Халықты езгіге салғандардың іс-әрекеті алашордалықтарды дереу арада шешім қабылдау керектігін тсүіндірді. 1918 жылы Алашорда үкіметінің қаулысына сәйкес халық милициясын құру туралы қаулы шықты. Қаулыны партия төрағасы Әлихан Бөкейханның өзі қойды. Қаулыны жүзеге асыру мақсатында Хамит Тоқтамысов бастаған 30 адамдық атты әскери полк құрылды. Сол жылы еліміздің әр өңірінде осындай полктер құрыла бастады.  Жетісу жерінен Базарбай Мәметұлы күштік құрылымды құруға көп атсалысты. 

Кейіннен 1920-1925 жылдар аралығында өлке бейбіт өмірге көшкен уақытта Базарбай басшылық қызметтерде болды. Лепсі уезінің болыстарында ол халық соты болып қызмет істеді. Кейіннен Лепсі уезінде тергеуші, уез прокурорының көмекшісі ретінде еңбек етті. Базарбай өзінің атқарған жұмысына адал болды. Ол еңбекқорлығымен көзге түсті. 1925 жылы Губерниялық сотқа шақырту алды. Бірақ өзінің денсаулығына байланысты ұсыныстан бас тартты. 

Осы кезеңнен кейін Базарбайдың өмірін «тосқауылдар кезеңі» деп атасақ болады. Ол «Алашордаға қызмет еткен» деп танылып Алматыда түрмеге қамалды. Сөйтіп тоталитарлық жүйенің айдауына Базарбай да ілікті. Алашорданың атты әскерін басқарды, қарақшы деген жала жабылды. 1931 жылы Базарбай отбасымен бірге Саратовқа жер аударылды. Жазалау уақытты біткеннен соң елге қайтып келді. Бірақ денсаулығына байланысты іске көп араласпады. Небәрі 58 жасында қайтыс болды. 

Ұлт зиялалары сенген ақ гвардияшылдар халықтың берекесін қашырып, Алашты мойындамады. Сонымен қатар айдауға салды. Базарбай Мәметұлы да осы қуғындаудың құрбаны болды…

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?