Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қажыға барған қазақтар

1996
Қажыға барған қазақтар - e-history.kz

Қазақстан қажылық миссиясы Сауд Арабия Корольдігіне жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Наиб мүфти Ершат қажы Оңғар бастаған делегация Сауд Арабиясы корольдігі Қажылық және ұмра министрінің халықаралық ынтымақтастық бойынша өкілі доктор Хасан Әл-Манахира мырзамен кездесіп, биылғы қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесін талқылады. Кездесуде қажылардың қауіпсіздігін сақтау, медициналық көмек көрсету, сапалы тамақпен қамтамасыз, күтіп алу, орналастыру, қажылық парыздарын орындауға мүмкіндік жасау секілді мәселелер пысықталды.

Биыл 2024 жылы Сауд Арабиясы Қазақстанға 10 мың орын бергені белгілі. Оның 5081 мыңы үлкен қажылық. Бұл өткен жылғы жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 2,5 есе көп. 2023 жылғы квота саны 4 мың болатын. Сол секілді қажылық сапар ұйымдастыруға түрде 17 туристік оператор рұқсат алып отыр. 

Өзін мұсылман санайтын әр адамның қасиетті парызының бірі – қажылық. Қажылық дегеніміз – Жер бетіндегі ең бірінші тұрғызылған Үйге барып, Алла Тағалаға құлшылық ету. Ақылы толысқан, дәулеті бар кез-келген адамның өмірінде бір рет болса да қажылыққа баруы парыз болып есептеледі. 

Араб тілінен аударғанда қажылық ұғымы – «әл-Хаж», яғни мұсылман баласы үшін қасиетті болған жерге барып зиярат ету деген мағына береді екен. 

Қазақ халқы үшін де қажылық дәстүрі өте маңызды саналған. Қажылықтың тарихы тым ертеден басталады. Кейбір көне аңыздарда орта азия даласында алғаш рет қажылық сапарды Орта Азиядағы соплық ағымның негізін қалаушы Қожа Ахмет Яссауи бастағаны айтылады. Тағы бір деректерде алғашқы қажы Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Әбу Жүсіп Хамадани екені айтылады. Аңыздарға сенсек, ол Меккеге 83 рет барған. 

Кейін Қазақ даласында Жібек жолының дамуына байланысты қажылық сапар Орта Азия даласында қатты дамыды. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзінің әйгілі «Қазақ шежіресінде» қазақ қазақ болғанда бұл қазақта кажыға ілкі бастап барған уақ Нүркен бай. Тоқал қатынмен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне, жұртына келген.

Сол Нүркеннен соң екінші қажыға барушы – күлік руынан Самат. Баянауылда дуан болып, ноғай Байжан хазірет екеуі барған, екеуі де сол жақта өлген. Солардың кеткен жылы қой жылы еді. Мың сегіз жүз елу сегізінші жыл болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала. Осы күнде жетпіс жаста отыр. Бұл қазақтан үшінші хажыға барушылар тобықты Құнанбай...» (жинақ №21 құжат) деп жазғаны бар.

Кейбір зерттеушілер ХIX ғасырдың ортасынан бастап қазақтарға рет ресми түрде Меккеге қажылық жасауға рұқсат етілгені айтады. Ал оған дейін Меккеге қажылық жасауға рұқсат етілген мұсылмандар тізіміне қосылмай, қасиетті орынға зиярат етуге жіберілмегендіктен қазақтар мен қырғыздар, өз ұлттарын жасырып, бұқаралық, ташкенттік сартпыз деп тіркелуге мәжбүр болғанға ұқсайды. 

Дегенмен ұзақ жылдар бойы патшалық Ресей Меккеге баруды, яғни мұсылмандардың қажылық сапарға баруына әр түрлі жолмен кедергілер жасап отырды. Бірақта бұл жұрттың қажылыққа баруына кедергі бола алмаған. «Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ-ХХ ғ. басы)» атты мақалалар жиынтығында «Бағдад пен Жиддадағы Ресей императорлық консулдықтары (Императорские Российские консульства) аз уақыттың ішінде тексеру жұмысын жүргізіп, қажылыққа байланысты паспорт жасауды тапсырды. Осының негізінде Ресей Ішкі істер министрлігінде 1900 жылы 31 желтоқсанда қажылық сапарға байланысты 2414 нөмірлі жана кұжат дүниеге келді. Бұл құжатқа сай қажылыққа барушыларға «Қажылық паспорты» берілетін болды. Осыған байланысты қажылықты реттейтін арнайы  ережелер қабылданды. Яғни мұсылмандардың қажылық құқықтары православия дініндегі христиандардың Иерусалимге ғұрыптық сапарына байланысты құқықтарымен ресми теңестірілді. Бұл мұсылмандардың Ресей арқылы қажылыққа баруын жеңілдетті» деген дерек айтылады. 

Яғни бұл «реформа» сол кездегі қажылыққа бару үшін ресми тіркелген мұсылмандардың санын күрт арттырды. Мысалы, тек 1905 және 1910 жылдары Омбы қаласынан әр жылы 500 қазақ қажылыққа бару үшін паспорт алған.

Сол секілді Бөкей ордасынан да 1862-1897 жылдар аралығында 500 жуық мұсылман қажылыққа аттаныпты деген дерек бар. 

Осы тұста назар аударар жайт, аталмыш жылдар ішінде қажылыққа ден қойған адамдардың санының жылдық динамикасының синусоидасы құбылмалы болғанмен, ол қажылықтың қазақы ортадағы орнықты дәстүрге айнала бастағандығын көрсетеді (1862 – 8, 1863 – 11, 1864 – 6, 1874 – 5, 1875 – 3, 1879 – 12, 1880 – 23, 1881 – 17, 1882 – 2, 1883 – 17, 1884 – 12, 1885 – 76, 1886 – 22, 1887 – 23, 1888 – 25, 1889 – 17, 1890 – 11). 

Жетісудан 1901-1914 жылдар аралығында 2 мыңнан астам адам қажылыққа сапар шеккен екен. Ұсынылып отырған жинақта көрсетілген мәліметтер осы өлкедегі қажылыққа ынталы адамдар санының жыл басына шаққандағы динамикасын жақсы бейнелейді (1897 – 34, 1900 – 163, 1901 – 306, 1902 – 179, 1903 – 131, 1904 – 322, 1905 – 125, 1906 – 180, 1908 – 114, 1909 – 19, 1910 – 66, 1911 – 192, 1912 – 270, 1913 – 230, 1914 – 135).

Жинақта осындай мәліметтер Ақмола облысы бойынша да келтірілген. 1902-1913 жж. аралығында осы өңірден 1500 жуық адам қажылық атқарыпты (1902 – 185, 1903 – 69, 1904 – 27, 1905 – 266, 1906 – 6, 1908 – 350, 1909 – 181, 1910 – 122, 1913 – 186).

Ал Н.Лыкошиннің «К статистике паломничества в Мекку» атты мақаласындағы мәліметтер бойынша тек Шымкент уезінен 1901 жылы 188, Шу ауданынан 126 адам, соның ішінде Қаратау өңірінен 20 адам қажылыққа барыпты. Бұл үрдіс бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында күшейе түсті. Мәселен, 1913 жылы тек Түркістаннан қажылыққа баратын «татар, қазақ, сарттардың саны» бір жылда 50.000 адамға жеткен екен» делінген аталмыш дерек көзінде. 

Деректер Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ-ХХ ғ. басы)  кітабынан алынды. (3-18 бет)

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?