Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көрнекті ағартушы Нұғман Залиевтің туғанына 135 жыл

1308
Көрнекті ағартушы Нұғман Залиевтің туғанына 135 жыл - e-history.kz

2022 жылы алғашқы халық мұғалімдерінің бірі, қоғам қайраткері, 1919 жылы Қазақстанда шыққан тұңғыш педагогикалық басылым болып саналатын «Мұғалім» журналының шығарушы авторы Нұғман Залиевтің туғанына 135 жыл толды.

Қазақ даласының батысы, Еділ-Жайық арасы – ұлт руханиятына қосқан үлесі айрықша өңір. Бұл өңірде алғашқы заманауи білім ошақтары салынып, тұңғыш зиялылар шоғыры туып-қалыптасты. Бір Жәңгір ханның айналасында қаншама игілікті істер атқарылғаны жөніндегі ақпараттарға тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде ғана қол жеткізіп, қанық болып жатырмыз. Сондықтан да батыс өңірдің ұлт руханиятындағы құнарлы топырақ болуы, осы топырақтан өткен ғасырлар тоғысында көптеген зиялы тұлғалардың туып шығуы бекерден бекер емес. Сондай елеулі тұлғалардың бірі – көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, сталиндік зұлматтың құрбаны Нұғман Залиев. Біз бұл мақаламызда осы бір айтулы тұлғаның өмір жолы мен еңбегі туралы қарастыратын боламыз.

Педагог, ұстаз, қоғам қайраткері Нұғман Залиев 1889 жылы 5 мамырда бұрынғы Астрахань губерниясы, Қамыс-Самар уезінің, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы жеріндегі Сетекбай тоғай деген жерінде дүниеге келеді. Он екі ата байұлының масқар руы, жәдік атасынан. Әкесі Зал Асанұлы орта дәулетті, аздап мұсылманша сауатты адам болған себепті, баласына алғаш өзі үйде сауат аштырып, хат танытады. Бұдан соң жас Нұғыман оқуын Қамыс-Самардағы орыс-қазақ мектебін 1898 жылы түсіп, 1902 жылы аяқтап шығады. Бұдан соң 1905 жылы Орда қаласындағы орыс-қазақ Романов училищесі жанындағы педагогикалық курсты бітіреді. Осы жылы Нұғман Залиев Қазан мұғалімдер семинариясының тыңдаушылары, өзінің жерлестері болып келетін Сейітқали Меңдешев, М.Сәрсенбиевтердің ақыл-кеңесімен 20 сом стипендиямен оқуға қабылданады.

Осы іргелі оқу орны қабырғасында оқып жүргенде Нұғман Залиев И.Қашқынбаев, Ғ.Бердиев, Ә.Иманбаев қатарлы қазақ студенттерімен, сонымен қатар М.Уахитов, Н.Никольский, В.Охотников қатарлы татар және чуваш, марый ұлтты студенттермен қатар оқиды. Осы кезеңде ол Ресей социал-демократиялықжұмысшылар партиясы атты саяси төңкерісшіл ұйымға мүше болғаны үшін патшалық биліктің жергілікті өкілдігі тарапынан бақылауға алынады.

1909 жылы Қазан семинариясын бітіріп шыққаннан кейін туған еліне оралып, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының Қараоба маңында ашылған Тіленшісай мектебінде мұғалім болып қызметін бастайды. Осы кезеңде қазақ даласының әр тұсында болашақ қазақтың көрнекті зиялылары туып шығатын жағдай қалыптаса бастаған еді. Осыған негіз болған – Тіленшісай сияқты қатардағы білім ошақтары болатын.

Өз заманында алдыңғы қатарлы, яғни прогрессивті бағыт ұстанған Тіленшісай мектебі туралы біршама тоқталу қажет болады. Бұл мектептің негізін қалаған – қазақтың әйгілі ағартушысы әрі жаңашыл оқығаны Ғұмар Қараш екен. Біз ол туралы деректерді іздену барысындаҒұмар Қараш өмірін зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың мынадай мазмұнды жазбасын кездестірдік: “ Әкеден жеті жасында жетім қалған Ғұмарды ауқатты ағайындары Жанша атты молдадан қара тануға береді. Одан кейін мешітке имамдық еткен сол кездегі указной молда, өзінің аттасы Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Жастайынан зерек, білімге құмар жас ары қарай оқуын Қашғари молданың мектебінде жалғастырады. Екі молдадан алған біліміне қанағат қылмаған зерек Ғұмар одан әрі Ысмағұл Қашғари молданың мектебінде білім толықтырады. Ақыры Борсыға таяу Жалпақтал қыстағында «мешіт ашып, молда болады» деген иршат (куәлік) алады да, өз ауылы Қарақұдыққа молда болып келеді. 1900 жылдары қазіргі Қазталов ауданына қарасты Қараоба жеріндегі Тіленшісай мекенінде қостаңбалы ноғайқазақтар арасындағы жанында медресесі бар мешітке ауысып, жәдидше бала оқытуды ұйымдастырады».

Бұл уақытта қырым татарынан шыққан әйгілі оқымысты Исмаил Гаспиринский негізін қалаған жәдидшілдік бағыты ресейлік мұсылман қауымы арасында кең өрістеп, бұған дейін ғасырлар бойы қолданыста болған қадимше оқыту үрдісіне өзгерістер енгізіле бастаған еді. Бұл үрдістен қазақ даласы да шет қалған жоқ. Қазталов ауданындағы білім ордасы да осы бағытты ұстанғанын көреміз. Жаңашыл ұстаз, шығармашыл жан Ғұмар Қараштың туысы әрі шәкірті болған Хакім Әжікеев былай деп жазған екен: «Ғұмар жадид оқуды ол күнде медресе деп аталатын өз мектебіне енгізіп, фән сабақтарын жүргізіп, әсіресе, орыс тілі, табиғат, жаратылыс пәндеріне өте-мөте көңіл бөледі екен. Баста татар мұғалімдерін ұстап, орыс тілінде содан оқытып, кейін орыс мұғалімін де ұстаған кезі болды. «Бұл пәндер дінде жоқ, дін бұзатын фәндер» деуші молдаларды: «Құранда Құдайдың өзі: «Құл сиру феларзи фаңзуру», «бұл Жер дүниені кезіңдер, ондағы әрбір жаратылыстың таңғажайып нәрселеріне ой жүгіртіп қараңдар», - деген емес пе? Ал енді солай болса, бір адам қанша жиһанкез болса да дүниенің бір бұрышын айнала алмайды. Жағырафия ғылымын жақсы білгендер дүниені кезіп айналып шыққандай болады да, жаратылыс ғылымын білгендер әр ықлимде жаратылыстың түрліше құбылыс жағдайларының өзгеше болатын себептерін үйде отырып-ақ көріп, біліп отырады” деуші еді». Міне, кез келген жаңашылдықты енгізудің жолы қашанда ауыр болған. Ғұмар Қараш ашқан осы білім ордасында жоғарыдағы айтылған жағырафия яғни география мен тіршіліктану пәндерін оқытқан мұғалім – Нұғман Залиев болатын. 

Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш мұғалім Алма Оразбаева кезінде Нұғман Залиевтің алдынан оқыған шәкірті болған екен. Бұл жөнінде Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, зерттеуші Гүлзада Ниетқалиева былай деп жазады:. «Алма білім алған мектеп 1841 жылы Жәңгір хан негізін қалаған оқу орны екенін айта кеткен дұрыс. Ол білім алған кезеңде қазақтың белгілі ағартушылары С.Меңдешев, М.Сәрсембиев, Н.Залиевтермен бірге орыс және чуваш зиялылары да дәріс оқыпты. Олар алдыңғы қатарлы идеясы мен демократиялық ой-пікірі үшін Бөкей даласына жер аударылып келгендер еді» 

Нұғман Залиев 1911 жылы Сейітқали Меңдешев бастаған халық мұғалімдері тобы ұйымдастырған жартылай бейресми «халық мұғалімдері қоғамының» жұмысына белсене қатысады. Осы іс-әрекеті үшін Астрахань, Қазан қалаларынан келген полиция қызметкерлері Нұғман Залиевті  саяси сенімсіздер қатарына жатқызып, үйіне тінту жүргізеді. Осы жылы Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараштардың бастамашылдығымен жарық көрген «Қазақстан» атты демократиялық басылымды шығаруға атсалысады. Мұндағы көтерілген негізгі мәселе – халыққа білім беру болатын.

1916 жыл қазақ халқының басына үлкен сындарлы шақ болды. Қазақ пен қырғыздың 19-31 жас аралығындағы жігіттерін майданға қара жұмысқа алу туралы ІІ Николай патшаның маусым жарлығы шығады. Мұны әр өңірде әрқилы қабылдайды. Зиялы азамат Нұғман Залиев те осы жарлыққа байланысты өз қарсылығын білдіріп, С.Меңдешев екеуі тамыз айында Ордаға келген Астрахань облысының губернаторы И.Н.Соколовскийдің қабылдауында болып, күнкөрісі төмен отбасынан шыққан жігіттерге жеңілдік жасау, оларды тылдағы қара жұмысқа алуды шегере тұру мәселесін көтереді. Алайда патшалық билік қазақ зиялыларының көтерген мәселесін назарға алуға ықыласты емес еді. «Патшаның Маусым жарлығына қарсылық білдіргені үшін» деген желеумен Нұғман Залиев Сейітқали Меңдешевпен бірге тұтқынға алынып, Астрахань түрмесіне қамалады. Екі азамат бұл қамаудан Ақпан төңкерісі нәтижесінде босап шығады. Ақпан төңкерісінен кейін Бөкей ордасындағы төңкерістік қозғалыстарға белсене араласады. 1918 жылы Бірінші Бөкей облыстық кеңеске және Бөкейорда өңірі мұғалімдерінің екінші съезіне делегат болып қатысады. 1919 жылдың 27 қазанынан бастап коммунистік партия қатарына өтеді. 

1919 жылдан бастап ел ішіндегі игілікті істерге белсене араласады. Атап айтқанда Бөкей облысы атқару комитетінің жанындағы халық ағарту бөлімінің төралқа мүшесі, осы бөлімнің жанындағы ұлттық мектептер секциясының мүшесі болады. Осы жылы тамыз айында С.Меңдешевтің орнына халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. 

Осы жылы Ордада қазақтың тұңғыш педагогикалық басылымы «Мұғалім» журналын шығарады. «Мұғалім» журналы – Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі мен қазақ мұғалімдері кәсіподағының органы болатын. Редакциялық алқа құрамына Ғ.Қараш, Ғ.Мұсағалиев, И.Меңдіханов, Ғ.Бегалиев т.б. енген бұл газеттің 1919 жылы небәрі он номері жарық көрген екен. 

Журнал бүкіл қазақ халқына, халық ағарту қызметкерлеріне арналған. Журналда тек педагогикалық, тәлім-тәрбиелік тақырыптағы материалдармен қатар, замана ағымына байланысты Кеңес Одағындағы ұлт саясаты, ұлттық әдебиет пен мәдениет мәселелері де көтеріліп, оқырманның үлкен қызығушылығын тудырды. Коммунистік идеялардың күш алған, шығарушының өзі де осы партияның мүшесі болғандықтан, газет бетінде пролетариат көсемдері Карл Маркс, Фридрих Энгельстердің өмірбаяндары аударылып басылумен қатар, қазақ әдебиетінің танымал туындылары да жарық көріп тұрған.

1920 жылы қаңтар айында Ақтөбе қаласында қазақ қызметкерлерінің конференциясы өтеді. Осы жиынға Нұғман Залиев Бөкей коммунистері атынан қатысады. Осы жылы Бөкей облысының төртінші съезінде Бүкілқазақ Кеңестер Құрылтайы съезіне делегат болып сайланады.

Нұғман Залиев педагогтік қызметпен қатар, кеңестік атқарушылық қызметтерге де белсене араласады. Ол 1920 жылы Қамыс-Самар уездік атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады.

1922 жылы ІІ Өлкелік бүкілқазақ конференциясында Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссариатының төрағасы болып сайланады. Кейінірек Кеңестердің үшінші, төртінші съездерінде Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. ҚазАКСР Халық ағарту комиссариаты төрағасы болып тұрған кезінде Нұғман Залиев жалпы білім беретін мектептер мен мектеп жасына дейінгі мекемелер мен кәсіптік-техникалық оқу орындарын, сондай-ақ жоғары оқу орындарын дамытудың нақты жоспарын әзірлеуге күш салады. Мұндағы басты мәселе – республикадағы сауатсыздықты жою мәселесі болатын. «Білімсіздің күні ғаріп, білімдіге дүние жарық» деген халықты даналығын ұстаным еткен қазақ зиялылары қазақ жұртының жылдам заманауи білім алып, оқыған жұрттардың қатарына енуіне аса зор мән берді. 

Педагог әдіскер Нұғман Залиевтің қат-қабат кеңестік қызметтердің арасында атқарған еңбегі – әдістемелік құралдар әзірлеу, шалғай ауылдарда жаңадан мектептер ашу, отандық мектептер жүйесін оқулықтармен, жаңа әдістемелік құралдармен жабдықтау, қазақша оқу құралдарын шығаруға атсалысу т.б болды. Сондай-ақ осы жылдары қолға алына бастаған пролетариат көсемі В.И.Лениннің еңбектерін қазақ тіліне аудару жөніндегі мемлекеттік комиссияға төраға болады. Бұл оның көп жылдық еңбек тәжірибесіне, білімен деген мойындау екендігі сөзсіз.

Осы жылдар өздерінің таптық, партиялық көзқарастарына қарамастан, қазақ зиялыларының ұлт мәдениетін, өнерін, ғылым-білімін көтеру жолында бірлесе қимыл-әрекет жасаған кезеңі болды. Мұнда ұлт зиялысы Нұғман Залиевтің мәмілегерлік, іскерлік қабілеттерінің де аз рөл атқармағаны сөзсіз. Атап айтқанда 1922-1923 жылдары Қазақ АКСР-індегі ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламалармен қамтамасыз ету тұрғысында айрықша ілгерілеушіліктер болды. Осы жылдары қазақ тiлiнде «Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы», т.б. он төрт оқулық шығарылса, оларды жазуға Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Санжар Асфендияров, Тайыр Жомартбаев, Қаныш Сәтбаев, Әлихан Ермеков, Молдағали .Жолдыбаев, т.б. ұлт зиялылары қатысқан.

Мемлекеттің қор  арқылы әр өңірде білім беру мекемелерін ашуды кеңінен өрістетудің арқасында 1923 жылы өлкелік бюджет қаржысымен 14 коммуна-мектеп ашылды. Сонымен қатар 1923 жылғы тамызда губерниялық оқу бөлімдері меңгерушілерінің Бүкілқазақстандық съезі өтті. 1924 жылғы ақпанда өлкеде «Сауатсыздық жойылсын!» қоғамы құрылды.

Халық ағарту комиссарлары төрағалығынан кейін де Нұғман Залиев үлкен қызметтерді атқарады. 1924-жылы Гурьев уездік (РК) б партия комитетіне хатшы болып тағайындалса, 1925 жылы ақпанда уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Осы кезеңде ол Атырау өңірінде мұнай кәсіпшілігін, балық пен мал шаруашылығын дамытуға қатысты көптеген игілікті істердің көшбасшысы болады. Атап айтқанда 1925-26 жылдары салынған Гурьев-Доссор тартабанды теміржолының іске қосылуына үлкен еңбек сіңіреді.

1927 жылы Орал губерниясы Халық ағарту басқармаларының бастығы болып қызметі жоғарылайды. 

1929-31 жылдары Алматы қаласындағы рабфак (жұмысшылар факультеті) директоры, 1931-1933 жылдары Қостанай ағарту институтының директоры қызметтерін атқарады.

1933 жылы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) Қостанай облыстық бөлімшесі тұтқынға алған. 1934 жылы 10 ақпанда ешқандай қылмысы болмауы себепті қамаудан босатылған.

1933-34, 1936 жылдары Ақтөбе облыстық халыққа білім беру бөлімі басшысының орынбасары, 1934-1936 жылдары Ақтөбе мұғалімдер ниститутының директоры, 1936-937 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдер курсының директоры болып қызмет істеп жүріп, 1937 жылы 22 қыркүйекте Ішкі істер халық комиссариаты органынан тұтқындалып, 1938 жылы 15 ақпанда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы үштігінің қаулысымен Ақтөбе қаласында 57 адамдық топпен бірге ату жазасына ұшырайды. Бейіті  Ақтөбе қаласынан жиырма бес шақырым жердегі Түйетөбе мекенінде. 1992 жылы 18 қыркүйекте есімі ақталған. 

Қазақтың көрнекті педагог-ағартушысы Нұғман Залиев пен жары Аппақтың Нариман, Манал есімді бір ұл, бір қызы болған екен. Отағасы өмірден өткен соң Аппақ Зеленов ауданындағы туысы Дәулеткерейді пана тұтып барып, 1938 жылы өмірден өтеді. Ұлы мен қызы жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. Ержеткен Нариман Ұлы Отан соғысында қаза тапса, қызы Манал Қазақ педагогикалық институтын бітірген соң, өмір бойы Алматы қаласында тұрып жалығызілікті тірлік ешіп, 1982 жылы өмірден өткен екен.

Туғанына 135, өмірден өткеніне 86 жыл жыл толған көрнекті қазақ зиялысы Нұғыман Залиевтің өмірі мен қызметі туралы ақпараттар жинақтау барысында ақпараттардың тым аздығына көз жеткіземіз. Осы бір айтулы тұлғаның  қоғамдық-саяси еңбегі, халық ағарту ісіндегі қызметін кеңінен зерттеп, қалың жұртшылыққа таныстыру, бүгінгі, ертеңгі жас ұрпақтың санасында жаңғырту – зерттеуші тарихшы, педагог ғалымдар мен ізденімпаз журналистердің алдында тұрған борыш болса керек.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?