Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Соғыс – құндылықтарды қиратушы

2018
Соғыс – құндылықтарды қиратушы - e-history.kz

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Соғыс – бұл талай ұрпақтың қайғысы, әрбір үйдің қасіреті, бақытсыздыққа ұшыраған балалық шақ, жесірлер мен аналардың көзжасы, миллиондаған ерлер мен әйелдерді, қарттар мен балаларды аяусыз қыру, аштық пен қайыршылық, қалалар мен ауылдарды жойып жіберу, ұлттық байлықтарды құрту, мәдени құндылықтарды жою» деген. Сондықтан еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. 

Менің әкем 1914 жылдың 1 қаңтарында Алматы облысының Талғар қаласында Жидебаевтар отбасында дүниеге келген. 

Отбасы дәстүрінің желісін бұзбай, Жидебай әулетінің тектармағын таратар болсақ, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Әлихан Нұршайықов бізбен кездескен бір сұхбатында біздің әулет туралы былай деген: «Дәметкен, сен дипломды тарихшысың, қайталағанның артығы болмас. Ұлы далада Естеміс хан билік тізгінін алып, 556-576 жылдары Ұлы Түрік қағанаты қайта қанат жайған. Естеміс хан қайтыс болғаннан кейін билік үлкен ұлы Қараша ханнан тараған Бәйдібек биге тиген болатын. Дәметкен сенің арғы аталарының бірі – Бәйдібек бидің үшінші әйелі – Нұриладан туған Тілеубердіден тарайтын Дулат. Жалпы Бәйдібек бидің немерелері – Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан қазіргі ұлы жүз қазақ тайпаларының атауларына ие болған. Негізгі түп атасы үйсін Дулаттан – Жаныстың Жарлықамысы тарайды. Әрі қарай өзің айтқандай үш атадан кейін Жидебай, одан Досмұхан тарайды. Дәметкен, сен білетін шығарсың, Жаныс бабаның жалпы ұлтымыздың ортақ мақтанышына айналған бірнеше ұрпақтары бар. Олар: Республикамызда ірі басшылық қызметтер атқарған мемлекет қайраткері – Балжан Бөлтірікова, Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш вице президенті, ғалым – лингвист, академик Нығымет Сауранбаев, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш геолог – ғалым, академик Патшайым Тәжібайқызы, т.т. Мен бұл жерде өзі аз халқымды жүзге, руға бөліп отырған жоқпын. Атам қазақта «Тегін білмеген тексіз»деген қанатты сөз бар. Соны жас ұрпақ біле жүрсін деген ой ғой», – деп сөзін тәмамдаған болатын. Біз ағаға рахметімізді айтып, қимай қоштастасқан едік, бұл біздің ағайды соңғы көруіміз екен. Бүгінде бұл кісінің айтқаны біздерге үлкен сабақ екенін енді түсіндік. 

Менің әкем 1939 жылы Алматы қаласында М. Каганович атындағы теміржол мектебін жақсы бітіріп, көптеген қазақ балаларының қолы жете бермейтін машинист-экскаваторшы мамандығын игерген.

1941 жылы 17 маусымда, яғни сұрапыл соғыстың басталуына бес күн қалғанда Сверловск қалалық әскери бөлімшесінен әскер қатарына шақырылып, осы жылдың 19 қазанында теміржол батальонының 46-бөлімшесінде әскери ант берген.

Қан майданға 1941жылдың 11 желтоқсанынан қатысқан. Бұл ең ауыр кезеңдер болатын, Мәскеу төңірегінде қатты шайқастар жүріп жатқан кез еді.

1942 жылдың аяғы мен 1943 жылдың басында майдандағы қолына қару ұстаған паровоз жүргізушілерді кері шақыру жөнінде Бас қолбасшының бұйрығы шықты. Соғыс жылдары Ф.Д, М.Р., т.б. маркалы паровоздарды меңгеругера келді деп еске алатын әкем. Соғыс жылдарында әкем экскаваторшы, крановщик және теміржолда паравоз айдайтын машинист болып қызмет атқарды. Әкем айтатын: «Майданға әскер мен қару-жарақ тасысақ,кейін тылға жаралы жауынгерлерді таситынбыз. Ең қауіптісі жау самолеттері болатын. Олар өз қолбасшыларының бұйрығымен теміржол бойын үнемі бомбылайтын. Бірнеше рет жау бомбасы мен самолеттен атқан пулемет оқтарының астында паравозды да, рельстерді де жөндеуге тура келді. Бұл жерде асқан шеберлік пен жылдамдық қажет. Себебі жау ұшқыштары қайтадан кері келіп бомбалайтын. Біздерді зенит батареялары мүмкіндігінше қорғауға тырысты,бірақ өкінішке орай күш бастапқыда тең емес еді. Жол бойында тоғай,тау-қыраттар жоқ, мүмкіндігінше жылдам жүру керек болды», – деп еске алатын.

Соғыста жүргенде әкемнің қасында Алексей Иванович деген досы болған. Олар кезектесіп, паравоз айдаған, қираған көпірлерді салған, жаралы жауынгерлерді госпитальға тасыған. Осындай сындарлы жылдарда екі дос бір-бірімен серттескен,егер біріміз қаза болсақ,тірі қалғанымыз сол кісінің аты мен әкесінің атын алатын болып, себебі қайтыс болған жауынгердің есімін сақтап қалу үшін. Әкемнің айтуынша әскери эшелондар немістерден сақтану үшін негізінен түнде,жарықсыз жүрген. Осындай бір түнде жау самолеттеріне тап болып, әкемнің қасындағы досы Алексей қатты жараланып қайтыс болады.

Соғыста ең қиыны өз көзіңмен досыңның өлгенін көру екен, сондықтан мен мүмкіндігімше досыма берген сертімде тұруға тырыстым, анттың салмағының сондай ауыр болатынына... деп, біраз үнсіз қалатын. Мүмкін сол кезде әкем сұрапыл соғыс, қанды майдан,жаралы жауынгерлердің жан дауысы көз алдына келіп, құлағына соғыстың гүрсілі естіле ме екен. Біздер ол кезде баламыз, әке сосын-сосын деп сұрай беретінбіз. Алексейдің фамилиясын біздер біле алмадық, менің әкем осы досының атымен әкесінің атын өзіне алған.

1943 жылы  Сталинград майданындағы жеңістен соң әкем коммунистік партия қатарына арыз беріп өтеді. Осы жылдарды әкем: «Менің бір қуанып,бір қайғырған күндерім еді», деп еске алатын. Қуанғаны – Коммунистік партияның қатарына қабылдануы болса, қайғырғаны өзінен үлкен ағасы – Нұрмұхамбеттің майданда  қаза болуы еді. Әкемнің партия билеті, басқа да құжаттары, барлық марапаттарында оның есімі – Жидебаев Алексей Иванович деп жазылған. Өзінің өмірінің соңғы сәттеріне дейін әкем осы аты-жөнімен аталып, өмірден озды. Сондықтан нағыз шынайы, мәңгілік достық осындай болады деп айтуға болады.

Әкемнің мінезі өте жұмсақ, жайдары, ақкөңіл, турашыл адам болатын. Ұзын бойлы, толқындалған қайратты қара шашты, қапсағай денелі еді. Әкем жеңісті Кенсберг қаласында үшінші белорусь майданының құрамында аяқтаған. 1946 жылдың қыркүйек айында әскер қатарынан босатылған. Елге келе жатқан кезде поезда менің туған нағашым Башпақов Меңдіханмен танысады, жолшыбай әңгіме-дүкен құрып, тума-туыстарын еске алып, сыр шертіседі. Менің әкемнің әкесі Жидебай 1930 жылдары ФЗО-ға жұмысқа алынған, содан хабарсыз кеткен. Ал анасы үш баламен қалып, өмірдің бар тауқыметін тартқан. Соғыс басталып екі ұлы майданға аттанғанда Нұрғаным деген қызымен елде қалып, барлық қиындықтарды көре отыра еңбек еткен. Бірақ жеңісті көре алмай, соғыс жылдары қайтыс болған. Міне, осылайша әкемнің жалғыз қарындасы жастайынан жетім қалады. Әкеміз өмірбойы қарындасын іздеумен болды, газет-журналдарға жазды, елден сұрастырды, бірақ таба алмады. Әкемізді елде күтіп отырған тума-туысы жоқ екенін естіген Меңдіхан нағашым әкеме: «Досмұхан, еліңе ер болып оралып бара жатырсың, осыдан кейін жолың болар ма екен? Біздің Оралдың үстімен өтесің, үйге қонақ болып кетсеңші», – деп елге шақырады. Майдандас серігінің сөзін жерге тастай алмай, әкем Орал облысы Жымпиты ауданының Рыскөл ауылында тұратын нағашымның үйіне қонаққа келеді. Әкем ол кезде Ақжайықтың төрінде, Сырым баба елінде күйеу жігіт болып тұрақтап қаларын болжамапты.

1946 жылдың қараша айында Меңдіхан нағашымның қарындасы Бақышқа үйленеді (ол – менің анам).1947 жылы дүниеге тұңғыш қызы Светлана өмірге келді. Олар 35 жылдан астам бақытты отбасын құрды, 9 нәресте дүниеге келді, оның екеуі жастай шетінеп кетті. Қалған 7 баланың 5-уі қыз, 2-уі ұл балаларынан қазір 14 немере-жиен, 10 шөбере дүниеге келді.

Әкем 1946 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Жымпиты ауданының, Қызылту колхозында колхозшы болып қызмет атқарды, колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы т.т. жұмыстарды атқарды.

Бізге әкеміз өмір бойы оқыңдар, білім алыңдар, адал адам болыңдар деп отыратын. Біздер әкеміздің осы өсиетін есімізде сақтап өстік, әлі де сақтап келеміз. Бәріміз білім алдық, адал еңбек етіп, шама шарқымызға қарай елімізге қызмет етіп келеміз.

Анамыз  үйде бала тәрбиесімен айналысты өте таза, мәдениетті, шебер, қарапайым адам болатын. Бала кездерімізде барлық киімдерді бізге өзі тоқып, тігетін. Біз анамыздың осы қасиеттерін ұстануға тырыстық. Анамыз өте көп кітаптар, журналдар, газеттер оқитын. Үйде «Балдырған» журналынан бастап, «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз», т.б. басылымдар болатын. Ата-анамыз қарапайым болғанымен біздерге дойбы,шахмат ойнауды үйретті,дауыстап кітап-журналдар оқитын едік.

Әкеміз қонақжай кісі еді, әсіресе өнер адамдарын,ақын-жазушыларды ерекше құрмет тұтып, сыйлайтын. Менің есімде клубқа концерттік бағдарлама мен «Ағайынды Абдуллиндер» келгенде әкем іздеп барып, Алматыдан келді деп,артистерді түгелдей қонақ еткені. Мен қазір ойласам бұл әкемнің туған жеріне деген сағынышы екен, ол кезде біздер баламыз, түсінбедік. Әкем орден-медальдарын тағып жүрмейтін,тек Жеңіс күні жиналысқа барғанда тағатын. Мен әкемнен неге медальдарыңды тақпайсың деп сұрағанда әкем айтатын: «Дәкөжан, менің жарқырап жүргім келмейді, қаншама адамдар майданнан қайтпай қалды, олардың әйел, бала-шағаларының мұң басқан көздерін көріп тұрып, қалай жарқырап жүрем»,- дейтін. Қазір ойласам соғыстың жарасы жазылмаған, көздерінің жасы тыйылмаған, нәзік жүректі аналар мен көздері жәудіреген балаларды  ойлаған екен.

Әкемнің медальдарына қызығып, ойнауға алып кететін едім, солардың көпшілігін бүгінде жоғалтып алғаныма өкінемін. 

Жидебаев Алексей Иванович-Досмұхан бірнеше медалдар мен Қызыл жұлдыз орденін кеудесіне тақты және Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Соғыстың салған жарасы әлі күнге дейін сыздайды, менің ата-анам өмірден ерте кетті. Оның себебіне үңілсем, олардың барлық жастық шағы қиыншылықта, жоқшылықта өтті. Денсаулықтарына көңіл бөлетін жағдайда болмады, әкем соғыста екі рет контузияға ұшыраған еді, он жылдай ауырды. Ал біздер болсақ жас болдық, оларға көмек бере алмадық. Соғыстың ауыртпашылығы барлық отбасына түскен ауырмалдық еді. Санап қарасам біздің отбасымыздан Отан соғысына 5 адам қатысқан. Олар: менің нағашы атам Ахметов Әбілхайыр (Абош), нағашы ағаларым Башпақов Дінекеш, Башпақов Бәзен, Башпақов Меңдіхан және менің әкем Жидебаев Досмұхан (Алексей Иванович). Халық «Өмір – өзен» дегендей, уақыт тоқтаусыз өтіп жатыр, бірақ соғыстың салған жарасы, әр жүректі әліде сыздатуда. Менің куәлігімде әлі күнге дейін әкемнің аты жазылмаған, себебі Алексейдің есімін алдырып тастаған едім.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Соғыс – бұл талай ұрпақтың қайғысы, әрбір үйдің қасіреті, бақытсыздыққа ұшыраған балалық шақ, жесірлер мен аналардың көзжасы, миллиондаған ерлер мен әйелдерді, қарттар мен балаларды аяусыз қыру, аштық пен қайыршылық, қалалар мен ауылдарды жойып жіберу, ұлттық байлықтарды құрту, мәдени құндылықтарды жою» деген. Сондықтан еліміз тыныш, халқымыз аман болсын.                 

           Дәметкен Сүлейменова, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор

                                                 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?