Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Наурыз көжеге қандай жілік асқан?

1553
Наурыз көжеге қандай жілік асқан? - e-history.kz

«Әз болмай, мәз болмайды» дейді халқымыз. Аңыздарға қарасақ, әз кірген кезде аспанда бәсең гүріл пайда болады екен. Оны жайылып жүрген қойлар ғана сезіп көкке қарап жамырай маңырасады деседі. Ал қойының күйін қалт жібермей қарап жүретін қойшы бұны көріп қатты қуанатын көрінеді. Халқымыз әздің кіруімен бар тіршілік жанданады, жаңа өмір басталады деп сенеді. Яғни күзде қураған ағаштар бүршік жарып, жерден қылтыиып көк шыға бастайды. Сондай-ақ жыл басы ретінде саналатын наурыз мерекесі көктемгі теңелуге де дөп түседі. 

Ежелден көшпенді халық ретінде табиғаттың тілін білген қазақ халқы ауа райын қалт жібермей қадағалаған. Мысалы, ертеңгі күнің қандай болатынын ғана емес сол маусымның, сол жылдың қандай болатынын табиғаттың, күннің, айдың, төрт түлік малдың, тіпті өсімдіктер мен жәндіктердің де өзгерістеріне қарап-ақ алдын ала болжап отырған. Сөйтіп түрлі амалдардың атауы ауыздан ауызға таралған. 

Айта берсек наурыз туралы аңыз-әңгіме де, ырым, салт та көп. Соның ішінде бұл күні «абдыраның аузы ашылады, сүрінің соңы асылады. Қазан оттан түспейді, Әр үй арнайы көже істейді. Алғашқы уыз қатырылады, Соңғы сорпа сапырылады» делінетін ел арасында жыр бар. Осы наурыз көженің жасалуы жайлы да әркім әр түрлі айтады. Дегенмен наурыз көженің жеті түрлі дәннен жасалатынын барлығымыз білеміз. Ал сол көжеге қандай кәделі жілік салынатынын көп ескере бермейміз. Әрине «ел елдің салты басқа», әр өңір, тіпті әр отбасының өзінде наурыз көженің өзіндік ерекшелігі мен дәмі бар. 

Ал мен бүгін анам Қамиза Зәкенқызы айтқан наурыз көженің қалай дайындалатынын баяндағым келеді. Бүгінде алпысты алқымдаған анам бала күнінде атасы мен әжесінің тұңғыш немересі болып үлкен кісілерден көп дүниелер үйренген болса, келін болып босаға аттаған соң қара шаңырақтың түтінін түтетті. Сондықтан да біз шешеміздің аузынан кітаптан да тауып оқи бермейтін әңгімелерді естіп өстік.

Кәрі жілікті шағуға болмайды

Бас пен жамбастан кейінгі кәделі жіліктің кәрі жілік екенін көпшілігіміз білсек керек. Кәрі жілік туралы аңыз да, наным-сенім де көп. Сондай-ақ ол сойылған малдың 12 жілігінің ішіндегі ең қаттысы болғандықтан ертеде жебенің ұшына да пайдаланылғаны айтылады. 

Көп жағдайда кәрі жілік баспен бірге сыйлы қонақтарға, жақын туыстарға асылады. Ал соғымның кәрі жілігін наурыз көжеге сақтаған екен. «Ірі қара немесе ұсақ малдың болсын екі кәрі жілігі болады ғой. Соғымның алғашқы кәрі жілігі баспен бірге асылады. Қазір сол соғымның басын да дұрыс бөлмей жүргенін көп байқаймын. Қазақ жылқының басын бөлмеген. Бүтін асып, етін сылып алып, сүйегін қастерлеп биікке іліп қоятын. Ал сиырдың басын үш бөлікке бөлген, яғни тұмсық жағын бір, артқы тұсын маңдайынан бір бөледі. Тұмсығын қонақтарға бермейді. Ал соғымның екінші кәрі жілігін наурыз көжеге бүтін күйінде сақтап қояды. Соғымның кәрі жілігін бөлгенді кейінгі кезде көріп жүрмін. Мен көрген үлкен кісілер кәрі жілікті «жаман ырым» деп шаққызбай асқызатын. Кәрі жіліктің жолы үлкен деп қастерлейді. Қорадағы малын да ұры-қарыдан қорғайды деп сеніп, қораның маңайына биікке іліп қоятын», – дейді анам. 

Жаяны дұрыс мүшелемей жүр

Наурыз көжеге сақталатын кәденің екіншісі – жая. Жая ірі қара малдың сауырындағы еті қалың бөлігі. Соғым сойған кезде жаяны тілімдеп, сыртқы майлы қыртысын барлық тіліміне теңдей бөледі. Оның майы қыртылдақ әрі дәмді, жүрекке қатты тимейді. Дәл осы бір ет, бір май болған соғымның жаясы да наурыз көженің дәмін келтіретін кәделердің бірі көрінеді. 

«Жая деген кең нәрсе ғой. Қазір жаяны нешеге бөліп тастайды. Жаны да бөлмей бүтін күйінде асатын. Жая тесік-тесік, еті тығыз болып келеді. Бұл шұрық тесігі көп болса да, сыйластығымыз жаяның етіндей тығыз, берік болсын деген ырымнан шықса керек. Қазір қазанға сыймайды, анау-мынау деген сылтаумен барлығын бөле беретін болды ғой. Бұрынғы уақытта ірі қараның жамбасын да екіге ғана бөлген. Қазір соны төртке бөліп тастайтынды көріп жүрміз», – дейді шешем. 

Қазанның төрт құлағына май қойылатын

Наурыз көженің дайындалуына және Қыдыр атаға байланысты халық арасында мынадай бір аңыз бар. Ертеде Ұлытауды мекен еткен елде бір ардақты ана болған екен. Оны ел құрметтеп «Әу апа» деп атапты. Оның Қыдыр деген жар дегенде жалғыз ұлы болыпты. Қыдыр Әу апаның ақылмен көпшіл, еңбекшіл жігіт болып ержетеді. Қыдыр қайда барса жолы ақ болған соң ел-жұрты оны «ақжолтай арыс» деп атап кетеді. Анасы әр жылы отарға кеткен ұлының амандығын тілеп, наурыз келген күні ас дайындайды екен. «Қияндағы Қыдырыма, Ертаудағы ұлысқа жар бол, жасаған!» деп қазан асып, «қара қазан, сары баланың ырысы» деп жеті аяқ су  құяды. «Дәм-тұзы таусылмасын, қазаннан қаспақ кетпесін» деп бидай мен тұз салады. «Ақ тілеуімнің айғағы» деп қатық пен жарма қосады. «Қыдырым ата-бабасының жолын қуып, садағы сартылдап, семсері жарқылдап, сауыт киіп кеткен еді» деп, соғымның шекесін, кәрі жілігін салады. «Қыдырымның бес қаруы  толық болсын, елімнің төрт түлігі сай, төңірегі түгел, төрт құбыласы тең болсын» деп  төрт кесек май қосып, сабырмен қайнатады екен. Міне наурыз асы осылай пайда болған-мыс.

Аңыз түбі – ақиқат. Анамның айтуынша да қазанның құлағына төрт кесек май қойылған екен. «Бұрынғы қазандардың құлағы төртеу болатын. Біздің бала күнімізде апамдар сол наурыздың еті асулы тұрған қазанның төрт құлағына төрт кесек май қойып қоятын. Бұл ырым төрт құбыламыз тең болсын, бүкіл ел майлы болсын, жаңа келген жыл жайлы болсын деген ізгі тілектен шыққан. Қазанның құлағына қойылған майды ең алғаш болып наурызбен құттықтап келген балалардың аузына салатын. Онысы пәк жүректі, адал ниетті сәбидің тілегі тез қабыл болады дегені», – дейді шешеміз. 

Малта құрт

Наурыз көжеге салынатын тағы бір астың түрі – құрт. Ол бүгінгі біздің езген құртымыз емес. Өйткені көшпенді қазақ өмірінде тоңазытқыш та, мұздатқыш та болмағаны анық. Қыстың жайы белгілі. Жер бусанып, күн жыли бастағанда көп нәрсе тез бұзылып кетеді. Оның үстіне көшіп-қонып жүруге қолайлы болу үшін бізде көптеген тағамдар кептіріліп сақталған. Құртты да солай сақтаған қазақ оны наурыз көжеге келімен түйіп қосқан екен. 

«Қатты құртты суға малып қойып, сырты жіби бастағанда суымен қосып келіге салып, келсаппен түйеді. Сол кезде қатты құрттар бөлініп кетпейді, сыртындағы қожыр-қожыры кетіп тас сияқты майдаланады. Оны малта дейді. Ал езілгенін наурыз көжеге қосқан. Әне-міне дегенде наурыз көже жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын артқа тастап, тіршілік атаулы жаңаратын күнде жасалатын болған және наурыз көжені ішкен ағайын-туыстың наразылық, өкпе-реніші тарқайды деп білген», – дейді анам. 

Наурыз көжені көп көже деп те атайтын. Бала күнімізде әке-шешемізге ілесіп алып біз де үй-үйді аралап көже ішетінбіз. Көжені ішерден бұрын үлкендер қызық көріп тақпақ айтқызып қоятын. Сол кезде «көже, көже көлкілдек, көже суы мөлтілдеп, осы көже болмаса, кетер едік селкілдеп» деп жырлай жөнелетінбіз. Біз жоғарыда да атап өттік. Наурыз көженің жасаудың қатып қалған қағидасы осы дегенді айтқымыз келмейді. Бұл тек көненің көзін көрген кісілердің аузынан алынған дерек. 

Ендеше осы әз наурызда әр шаңырақта дайындалған көже берекелі болсын деп тілейміз. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?