Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлық жиыннан не күтеміз?

707
Ұлық жиыннан не күтеміз? - e-history.kz

Бүгін Ұлық Ұлыс немесе Алтын Орданың әз шаһары Сарайшықтың ескі жұрты – Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтіп жатыр. Алғашқы жиын, яғни бірінші құрылтай Ұлытауда өткенінен халық хабардар. Екінші құрылтай қасиетті Түркістан жерінде ашылған болатын.

Осы орайда өзіміз куә болған мына бір оқиға еске түседі. 2019 жылдың тамылжыған тамыз айы 24 жұлдызы болатын. Қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданының орталығында Мәденит және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ  Қарағанды облыс әкімшілігі ұйымдастыруымен «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форум өтті. 

Аудан орталығынан батысқа қарай созылып жатқан екі шақырым жердегі қыратты қойнаудағы құс ұясындай дөңгелек алайқайға қырық шақты киіз тігілген. Аумақтың сырты табиғи тал-қайыңмен қоршалса, тура жиын өтетін Ақмешіт жотасының етегін жастана бой көтерген алып сахна орнатылған. 

Осы басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлытау барша қазақ қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау ұлтымыздың – алтын бесігі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, осында бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлке де ел билеген хандарды ақ кигізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытауды – хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп ерекше құрметпен қараймыз. Бұл жердің қадір-қасиетін ғұламалар да мойындаған. Оған әйгілі Геродаттың жазбалары дәлел. Ұлытау топырағы – тұлғалар рухы тоғысқан жер. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Хан ордасы қалашығы, Әулие таудай киелі орындарды көру үшін келеді. Азияның арыстаны атанған атақты Ақсақ темірде осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында – ұлттың ұйысуы айқын көрініс тапқан. Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған. Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс. Сол себепті, біз киелі өлкеде тағзым етіп, оның келешегі жайында ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз. Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу баршамызға ортақ парыз. Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес. «Ұлытау» ұлттық тарих-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ел игілігіне айналды. Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалар аманатына адал болу бізге сын. Сондықтан Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу керек. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», – деп сөз сөйледі. 

Бұны неге айтып отырмыз? Осы оқиғадан кейін Президентіміздің бастамасымен Алтын Орда империясының құрылуына негіз болған Жошы Ұлысын ұлттық мемлекеттігіміздің негізі деп тану және ұлыстың негізін қалаған атақты Шыңғыс қағанның тұңғыш ұлы Жошы бабамызды ұлыс құрушы ұстын деп тану идеясы өрістеді. 

Демек, бүгінгі өткізіліп отырған құрылтай жұмысы – сонау ертеден келе жатқан бабалар үрдісі. Айталық, Шыңғыс қаған 1219 жылы басталған батысты жаулау Хорезм жорығы сәтті аяқталған соң, 1224 жылы жеңіс тойын атап өтумен қатар үлкен құрылтай ашып, сол жиынның шешімі бойынша тұңғыш ұлы Жошыны қыпшақ даласына билеуші етіп тағайындаған. Кейбір тарихшылар «Жошы ұлысы» деумен қатар «Қыпшақ ұлысы» деп жазатыны осыдан. Өйткені Жошы ұлының негізгі халқы бұрынғы Қыпшақ хандығынан қалған этнос болғандығы еріксіз мойындалған. 

Жалпы ежелгі көшпенділер ұлыс басқару ісі мен қандай бір келелі мәселелерді Құрылтай өткізу арқылы шешіп отырған. Сонымен қатар ұлыстың ішкі ұстынын ұстап тұратын заң-жарғылар қабылдаған. Мысалы, қазақ тарихында «Жеті жарғы» деген атымен танымал құқықтық құжат Тәуке хан заманында қабылданса, оған дейінгі Қазақ Хандығының сыртқы саясаты мен ішкі тұтастығын қамтамасыз етіп келген заң-жарғылар «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атты тарихи ережелер осы құрылтай жиындарда қабылданған. 

Сол сияқты халқымыз тарихында орны зор 1710 жылы өткен Қарақұм құрылтайы деген болған. Бұл тұста күллі қазақ бас қосып, шығыс жақта күшейіп келе жатқан ойраттың шабуылынан қорғану жолын қарастырған. Осы құрылтай туралы қазақ қаламгері Мұхтар Мағауин «Осы құрылтайда қазақтар дұрыс шешім қабылдай алуының арқасында ойрат шапқыншылығына тойтарыс бере алды» деп жазады. Осыған жалғас тарихымызда «Орбабасы құрылтайы» деген жиын бар. Бұл бас қосуда қазақтар ойрат басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру және қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе қаралды. Ордабасы жиынында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалды. Жиынға қатысушылар өз қимылдарын үйлестіріп отыруға, жауға біріккен майдан құрып аттануға ант берді және алдағы елді азат ету үшін жүргізілетін шайқастардың жоспарын жасады. 

Одан кейін халық санасына берік орныққан «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген тәмсіл бар. Бұл жер – Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнен 350 метр қа­шықтықта орналасқан шағын қалашық. Шамамен орта ғасырда осы жерде үлкен құрылтай өтіп, мәселе шешетін үрдіс болған екен. Кей жылдары құрылтай мүшелері келісімге келе алмай, ұзақ тартысқандықтан жоғарыдағы тәмсіл шыққан. 

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, еліміз тәуелсіздік алған соң «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» деген қоғамдық ұйым пайда болды. Қазіргі дейін 5 дүркін құрылтай өткізіп, шетелдерде өмір сүріп жатқан қандастар мәселесіне қатысты келелі кеңестер өткізді. Бұл жиын жоғарыда айтып өткен ұлы құрылтайлардың жалғасы іспеттес маңызға ие болды.

Ал қазіргі өтіп жатқан құрылтайдың тарихы терең. Басты маңызы бұл жиын өткен замандардағы мәртебелі бас қосулардың жалғасы һәм еліміздің тәуелсіздік алған тұстағы рухани-саяси жаңғыру десек жарасады. Демек, біз бұл құрылтайдан бүгіні күні қазақ қоғамына алдында шешімі табылмаған істердің оң шешілуін қалаймыз. Соның ішінде қоғамды отаршылдық санадан арылту жолы, қазақ тіл мәселесінің биік деңгейге көтерілуі, сондай-ақ басқару саласында әділдік орнауы қатарлы мәселелер айтылса деген үміт бар. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?