«Алаш дәрігері» жайлы бейнекөріністе қайраткердің өмірінің маңызды кезеңдері қамтылып, оның саяси көзқарасы мен медициналық және қоғамдық қызметтері, өзге де тың деректер айтылған.
Алаш қайраткері, дәрігер Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияр 1881 жылы Торғай облысы Қостанай уезінің Сарыой болысында дүниеге келген. Әкесі Бермұхамед болыс болған, атасы Қаумен ел басқарған, ауқатты әулеттен шыққан.
Әбубәкір Ы.Алтынсарин ұйымдастырған Қостанайдағы 2 сыныптық мектепті, Орынбор ер балалар гимназиясын (1899) тәмамдаған соң, Қазан императорлық университетінің медицина факультетіне түсіп, генерал-адьютант Н.А.Крыжановский атындағы стипендиямен оқыған.
Ол Қазан университетін 1904 жылы күміс медальмен бітіріп, Ақтөбе, Қостанай өңірінде және Троицк қаласында (1916 жылға дейін) дәрігер болып қызмет істеді. 1916 жылы қазақтың тұңғыш заңгері Ж. Сейдалиннің қызы Ажарға үйленіп, зайыбымен Белоруссияға (Пинск қаласына) қара жұмысқа алынған қазақтар арасына өз еркімен барып, дәрігерлік қызмет атқарды, Халықаралық Қызыл Крест қоғамында жұмыс істеді.
Алаштың ақтаңгер ақыны Сұлтанмахмұт Троицк оқуда жүргенінде көзгелдек деген көз ауруына ұшырап, оған жөтел жабысып, өкпесін дерт шалады. Көз ауруынан жазылғанымен, Махмұттың өкпе дерті бойында қалып қояды. Махмұттың көз дертінен жазған адам – Алаштың ақ халатты дәрігері Әбубәкір Алдияр екен.
1917 жылы елге оралған соң Алаш қозғалысына белсене араласты. Бірінші және екінші жалпы қазақ съезіне қатысты. Алашорданың Қостанай уезі комитетінің төрағасы және Торғай облысы комитетінің мүшесі болды.
1918 жылы қазанның 14-17 аралығында өткен Қостанай уезі қазақтарының төтенше съезінде Алашорда автономиясы туралы баяндама жасады. Баяндама бойынша съезд «Қостанай уезі Алаш автономиясына қосылып, тек Алаш және Бүкілресейлік үкіметтердің билігін мойындайды» деген қарар қабылдады.
Совет өкіметі тұсында Ә. Алдияров Тройцк қаласының ауруханасында дәрігер болып істеді.Алаш қозғалысына белсене араласқаны үшін 1928 жылы қуғындалып, Өскеменге жер аударылды. Репресиия кезеңінде, яғни 1936-38 жылдары Қырғызстанның Қаракөл қаласында және Тараздағы темір жол ауруханасында қызмет істеді.
Әбубәкір Алдияров – 1938 жылы жала жабылып, ату жазасына кесілген саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі. 27 қаңтарда ұсталып, 25 наурызда Алматы қаласында атылған. 1956 жылы 20 қыркүйекте ақталды.
«Алаш дәрігері» жайлы бейнекөріністе қайраткер өмірінің маңызды кезеңдері қамтылып, оның саяси көзқарасы мен медициналық және қоғамдық қызметтері, өзге де тың деректер айтылған. Бейнекөрініс АР13067966 «Алаш идеясының индексі және жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы (Ахмет Байтұрсынұлы аудармалары негізінде)» тақырыбындағы ғылыми жобасы аясында әзірленіп, жетекшісі PhD, алаштанушы Қарлығаш Әубәкірова көпшілікке жариялады.