23 қараша - Григориан жылнамасының 327-күні. Qazaqstan tarihy порталы бұл күні әлем елдерінде қандай айтулы мерекелер өтті, қандай тарихи даталар болғанын айтып өтеді. Сондай-ақ Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.
23 қараша дүниеге келген танымал тұлғалар
Файзолла Әбсәлемов – қазақтан шыққан тұңғыш кинооператор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ол 1911 жылы 23 қарашада Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. 1948 жылы С.А.Герасимов атындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (ВГИК) операторлық факультетін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолында кино саласынан бастаған қайраткер.
Кинодағы алғашқы қадамын деректі фильмдер түсіруден бастады. Республика өмірі туралы апта сайын экранға уздіксіз шығып тұрған «Советтік Қазақстан» Киножурналында М. Әуезовке байланысты түсірілген кадрлардың орны бөлек. Атақты кинооператордың қолынан көптеген деректі фильмдер шығып, ұлы тұлғаларымыздың сөйлеген сөздері таспаланып мұра болып қалды. Файзолла Әбсәлемов «Абай әні» көркем фильмінің бас операторы болған. Көркем фильмнің сценарийін қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов жазған. Әбсәлемов 1993 жылы шілденің бірі күні 82 жасына қараған шағында дүниеден өтті.
Есімғали Үмітбайұлы Жұманов – суретші-сюрреалист, кескіндемеші. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, мәдениет саласының үздігі. КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Есімғали Үмітбайұлы 1946 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Калиновка ауылында дүниеге келген. В.И. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік керкемсурет институтының кескіндеме факультетін суретші-кескіндемеші мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде оқытушы болып бастаған. Көп жылдар бойы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарды. 2010 жылдан бері - О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжнің арнайы пәндер оқытушысы. Портрет, пейзаж, мистикалық сюрреализм жанрларында жұмыс істейді. Суретшінің жұмыстары көптеген әлем елдерінің көрмелеріне қойылған. Туындылары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік енер мұражайында, «Ақ Орда» ҚР Президентінің резиденциясында, шетелдегі жеке коллекцияларда сақталуда.
Мұстафа Кәбенұлы Өзтүрік – қазақ және түрік таэквондосының негізігін қалаушылардың бірі, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Таэквондодан қара белбеу жетінші даң иелеген. Ол 1954 жылы 23 қарашада Түркия Республикасы, Кайсери қаласы, Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген.
Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұл қаласындағы орта мектепті бітіріп, Тайвандағы эксперименталды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Тайвань елінде жүріп, таэквондо спортымен шұғылданады. Кейіннен Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Ыстанбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты.
1995 жылы Алматы қаласында қайтыс болып, денесі Стамбұлда әкесі жатқан бейіткен жерленді. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды.
Мұстафаның әкесі Қабен (Қабыл) Төлеубайұлы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, жауырыны жер иіскемеген атақты палуан болған. Мұстафа Өзтүріктің шәкірттері қатарында Бексейіт Түлкиев, Қабибек Мұхитов, Қайрат Қырғызбаев, Сұлтанмахмұт Шоқпытовтар болды. 1992 жылы Мұстафаның шәкірттері алғаш рет көк туымызды Түркияда өткен халықаралық турнирде желбіретіп, Сұлтанмахмұт Шоқпытов пен Қайрат Қырғызбаев чемпион атанды. 1993 жылы қазақ елінің федерациясы Халықаралық таэквондо федерациясының мүшелігіне қабылданды.
Талғат Досымғалиұлы Теменов – театр және кинорежиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі. Өнертану профессоры, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері. 1954 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай ауылында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін, Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режиссерлер мен сценарийшілер курсын бітірген. Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы облыстық драма театр труппасында актер болып бастаған. Көп жылдар бойы «Қазақфильм» студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийші, кинорежиссері, қоюшы кинорежиссері, «Мосфильм» студиясының кинорежиссері қызметтерін атқарған.
Талғат Досымғалиұлы алғаш қойған «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Франкфурт (Германия) қаласында өткен ХV Халықаралық кинофестивальдың Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне ие болған. Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Махаббат бекеті» тағы басқа. 2005 жылы тарихи тақырыпқа қойылған «Көшпенділер» фильміне режиссер ретінде қатысқан. «Қайырлы таң» және «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы. 2017 жылы Қазақстан Театрлар Ассоциациясның «Сахнагер – 2017» Ұлттық театр сыйлығының «Театр өнерін дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін» аталымы бойынша марапатталды.
23 қараша - әлемде
23 қараша – Халықаралық акварель күні (World Watercolor Day). Қарашаның жирыма үшінші жұлдызында Халықаралық акварель күні аталып өтіледі. Атаулы мерекені тойлауды мексикалық суретші Альфредо Гуати Рохо (1918-2003) бастамашылық етті. Ол танымал суретші-акварелист бола отырып, 1991 жылы жыл сайын 23 қарашада Халықаралық акварель күнін өткізуді ұсынды. Осылайша Альфредо Рохоның ұсынысының арқасында ХХ ғасырдың екінші жартысында акварельге деген қызығушылық қайта оянды. Атақты суретші өзі бірінші болып Мексиканың акварельдер қоғамын, акварельдер мұражайын құрды, содан кейін басқа елдерде осындай қоғамдардың таралуына ықпал етті.
Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Қытайда б.з.д. ІІ ғасырда қағаз пайда болды. Сол уақыттан бастап қағазға суреттер мен сызбалар салу үшін акварель бояуы пайдаланылды. Ендеше акварельдің тарихы қағаз пайда болған кезеңмен тұспа-тұс. Кейін кескіндеме өнері Еуропада кең таралып, акварель суретшілердің басты құралына айналды. Акварельмен жұмыс істеген суретшілердің арасында А. Дюрер, Ван Дайк, К. Лоррен, Дж. Кастильоне сияқты шығармашыл суретшілер болған.
XVIII ғасырдың аяғында акварель Англияда кең таралды. Алғашында кәсіби суретшілер емес, әуесқойлар жақсы пайдаланды. Көп ұзамай Англияда кәсіби акварель суретшілерінің бүкіл галактикасы пайда болды. Олардың ішінде В. Тернер, Д. Кокс, С. Прут, Хант, Ф. Уокер және басқаларын атап өтуге болады. ХІХ ғасырда акварель Еуропада, АҚШ-та және Ресейде таралды.
23 қараша – Қазақстанның жол полициясы күні. Тәуелсіз Қазақстан бүгін Жол полициясы күнін атап өтеді. Атаулы мереке алғаш рет 1992 жылдың 23 қарашасында бекітілді. Сол уақыттан бері бұл күн Қазақстан мемлекеттік автоинспекциясының туған күні ретінде тойланып жүр.
Қазан төңкерісінен кейін, дәлірек айтсақ, 1918 жылдан бастап жол қозғалысын бақылауды жұмысшы-шаруа милициясы жүзеге асырды. 1922 жылы «күзет полициясына сары тұтқасы бар қызыл таяқшаны пайдалану тәртібі туралы Нұсқаулық» бекітілді, онда оларды «автомотовеломашиналар мен экипаждар ұсталған» жағдайда қолдану керек екендігі көрсетілді. 1934 жылы қарашада Орталық жол-көлік басқармасы жанынан Мемлекеттік автомобиль инспекциясын (МАИ) ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. 1936 жылдың наурызына дейін автоинспекция ведомстволық орган болып қала берді. Кейін жұмысшы-шаруа милициясының Бас басқармасының құрамына кірді. 1936 жылы 3 шілдеде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі жол полициясы туралы қаулы қабылдады. Бұл күнді кеңестік жол полициясының Тарихи туған күні деп санауға болады. Егеменді Қазақстанда Мемлекеттік автоинспекция туралы бірінші ереже 1992 жылғы 23 қарашада ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен бекітілді.
1996 жылы мемлекеттік автоинспекция жол полициясы болып өзгертілді. Атауы ғана ауыспай, жұмыстағы басымдықтар да өзгерді. Қазіргі жол полицейлерінің алдында тұрған басты міндет: қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті қадағалау, жолдағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2013 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан Ішкі істер министрінің бұйрығымен Жол полициясы (патрульдік полиция сияқты) Республиканың әкімшілік полициясымен біріктірілді. Қызмет қызметкерлері (әмбебап полицейлер) қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз жұмыстарын жалғастыруда.
23 қараша - Жапонияның еңбекке алғыс айту күні. Бүгін жапондар ұлттық мереке – еңбекке алғыс күнін тойлайды. Аталған мереке 1948 жылы бекітілген. Тарихи атауы – «Жаңа өнім мейрамы» деп аталған. Бұл күні Жапонияда өнеркәсіп салаларының жұмысшылары, фермерлер, мемлекеттік қызметшілер мен компания қызметкерлері заңды демалысын алады. Қазіргі уақытта атаулы мереке еңбек қызметінің барлық түрлерін біріктіреді. Мерекенің негізінде еңбекті қастерлеу жатыр. Жапондықтар қоғамды дамыту үшін жасаған көмегі үшін бір-біріне алғыс айтады.
Мереке күндері, әдетте 23 қарашадан бір апта бұрын, ауылшаруашылық өнімдерінің, машиналардың, құралдардың, тыңайтқыштардың, өсімдіктерді химиялық қорғаудың және ауылшаруашылық өндірісіне қажетті басқа заттардың көрмелері, сондай-ақ осы саладағы ғылыми және техникалық жетістіктер туралы жаңа әдебиеттер көрмелері өтеді. Мұндай көрмелердің жеңімпаздарына Императорлық және ауыл, орман және балық шаруашылығы министрі сыйлықтары беріледі.
23 қараша – Саудадан бас тарту күні. Бүгін әлемнің көптеген елі Саудадан бас тарту күнін мерекелеп жатыр. Саудадан бас тарту күні бүкіләлемдік сипатқа 2001 жылы ие болған. Қазір саудадан бас тарту акциясына 60-тан астам ел қосылды. Алайда аталған мәселені өткен ғасырдың 90-шы жылдары қажетсіз ұсақ-түйектерді сатып алуға қарсы Канада журналисі көтерген еді. Біздің өркениет тұтынушылық ауруымен мен шопингоманияға шалдыққаны рас. Сондықтан бүгін дүкенге кіруі оңай, шығуы қиын жандар үшін ойланатын күн.