Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Егемендіктің бағдары: Декларация қалай қабылданды?

2091
Егемендіктің бағдары: Декларация қалай қабылданды? - e-history.kz

Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың соңына қарай бұрынғы КСРО елінің саяси-экономикалық жағдайы өзгерісті талап етті. Бұл процесті іске асыруға ұмтылған билік басындағы компартия функционерлері «Қайта құру» деген әлеуметтік-экономикалық саясатты ойлап тапты. Бұл істің ақыры – бұрынғы одақтас республикалар жеке-дара тәуелсіз ел болып, егемендігін жариялауға әкелді. 

Осы тұста одақтас республикалар сияқты Қазақ ССР-де 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ ССР Жоғары Советінің екінші сессиясында «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясын қабылдады. Осы бір тарихи құжаттың алғашқы бетінде: «Қазақ Советтік Социалистік Ремпубликасы Жоғары Советі республика халқының еркін білдіре отырып, Республикасының барлық азаматтары үшін лайықты және тең праволы жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың тең правосын сақтауды бірінші дәрежелі міндеті санай отырып, адам праволары декларациясы және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани келе, тағдыры мен жауапкершілігін ұғына отырып, демрократиялық праволық мемлекет құруды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды» делінген екен.

****

Осы орайда, Жоғарғы Кеңес төрағасы Е.М.Асанбаев 15 қазанда деклара­цияның негізгі жобасы туралы егжей-тегжейлі баян­дама жасап, ол баяндама 17 қазан­да «Социалистік Қазақстан» мен «Казах­станская правда» газеттерінде жарияланғанын айта кеткен жөн. 

Қазіргі таңда тарих қойнауына еніп кеткен Декларацияның қаншалықты қиындықпен қабылданғанын біле бермейміз. Осы бір егемендіктің елең-алаң тұсында елімізде өмір сүріп жатқан қазақстандық азаматтар тарапынан, яғни «Демократиялық Қазақстан» дептутаттар тобы балама Декларация ұсынды. Бұл құжаттың қолайсыз тұсы – ешқандай ұлттық құндылық, қазақ халқының ұлттық ерекшелігіне қатысты саяси-тарихи ерекшеліктер енгізілмеген болатын. 

 

Описание: C:\Users\Бекен Қайратұлы\Desktop\декларация\деклар 02.png

Осы тұста «Демократиялық Қазақстан» дептутаттар тобы балама Декларацияға түзету енгізіп, халқымыздың ұлттық һәм мемлекеттік мүддесі жолында қызу тартысқа түскен депутат-тұлғалар: С.Зиманов, З.Федотова, М.Оспанов, Ж.Әбділдин, М.Қозыбаев, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, армия генералы С.Нұрмағамбетов қатарлы халық қалаулылары белсенділік танытты.

Депутаттар 17 бабтан тұратын мемлекет ұсынған Декларацияның әрбір  бабына жеке-жеке тоқталып, 6 сағат бойы үзбей талқылайды. Осы жиын барысында бас баяндама жасаған халық дептутаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасы жөнінде Жоғары Совет комиссиясының  төрағасы Салық Зиманов өз сөзінде: «Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны соңғылардың бірі болып қабылдап отырмыз. Бұл республика болашағы үшін аса құнды құжат» дей отырып, құнды құжатты қорғап шықты. 

Осы тұста Зиманов басқарған комиссия құрамында қызмет атқарған академик Жабайхан Әбділдин осы бір тарихи оқиға кезінде С.Зимановтың атқарған ісі мен саяси табандылығы хақында: «Салық Зиманов Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның жасалуы мен қабылдануының қайнар бас­тауында тұрды. Оның принципшілдігі әрдайым ержүректілікпен ұштасушы еді. Ол ойындағысын ешқашан ірікпей­тін. Ірі оқымысты, адал азамат ретінде депу­таттар­дың сапалы заңдар қабылдауына кепіл бола білді» деген екен.  

Осы оқиға қалай өрбіді, қалай іске асты бұл туралы заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұхтар Құл-Мұхамедтің «Егемен Қазақстан» газетінің 2022 жылғы 24 қазан  күнгі «Акадеик Зиманов және егемендік декларациясы» атты мақаласынан толық таныса аласыздар. 

 

 

 

Описание: C:\Users\Бекен Қайратұлы\Desktop\декларация\салық.jpg

****

Жоғарыдағы оқиғаның барысы һәм тарихи құжат қалай қабылданғаны туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 247-ші санында Декларацияны қабылдау кезіне сөз сөйлеп, мемлекеттік құжатты қолдаған депуттаттардың айтқан өзекжарды лебіздері беріліпті: 

Алтыншаш ЖАҒАНОВА: 

Республикамыздың егемендігі туралы мәселеге келгенде парламент мүшелерінің оған енжар қарамай қызу пікірталас туғызуы, тіптен баламалы Декларация жобасын ұсынуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, қабылданғалы отырған Қазақ ССР-інің егемендігі туралы Декларация жобасы біздің халықтығымызды айқындап, болашағымызды бағдарлап бермек. Яғни, бұл біздің республикамыздың егемендік алу жолындағы бағдары. Алайда «Демократиялық Қазақстан» дептутаттар тобының Декларациясының негізі жобасындағы ойлары тек қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады. Негізгі жобаны талқылау кезінде кейбір депутаттардың қызу қандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікір білдіргені тым асқақтаушылық. Бұл тарихты бұрмалау. Әрине мен «Демократиялық Қазақстанды» қалайтындардың барлық пікірлерін жоққа шығарып тұрған жоқпын. Оларда да республика болашағын ойлаған келелі пікірлер бар. Сондықтанда негізі жобаны қайта қарағанымыз, толықтырулар енгізгенміз дұрыс. Арнайы комиссия құрылып, баламалы жобадағы ұсыныстарды ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен барлық пікірлерді ескеріп, бүгінгі талқылап отырған Декларацияның толықтырылған жобасын ұсынуы – Жоғары Советтің үлкен ісі деп бағалаймын. Бұл жоба барлық Қазақстанда мекендеген халықтар мүддесін толық қанағаттандыруды көздеген. Сондықтан, республикамыздың бүгінгі тынысына, мақсатына, сай келеді деп ойлаймын. 

Сұлтан САРТАЕВ:

Мен Декларацияның негізгі жобасы мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссияға мүше болдым. Комиссияның жұмысы барысында біз баламалы негіздегі жобаға да, халықтан жазбаша түскен пікірлерге де жете мән бердік. Қайткенде де біздің республикамыздың Декларациясы  Қазақстанда мекендеген барлық халықтардың тең праволы дамуын қамтамасыз ететіндей болуына біздің өзгеде халықтармен тереземіз тең ел екендігімізді білдіретін егемендікке жетуімізге басты назар аудардық. Өйткені, бұл құжат келешекте республика өмірінде аса маңызды рөл атқармақ. Бұл алда қаралатын Қазақ ССР Конституциясын қабылдауда,  Одақтық шарт жасауда негізге алынады. Сондықтан да тек бүгінгісін ойлап, еліміздің болашағын бағдарламай, бұра тартқысы келетіндерге ғылыми негізде түсінік беруге тырысудамын. Мұны айтып отырған себебім: «Демократиядық Қазақстан» тобындағы детутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республика дегенді жойып азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда, ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Бізде осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеме жоқ. Қазақ ұлты сонау ерте дәуірден тілі, ділі қалыптасқан кіндік қаны тамған өз атамекені бар халық. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес. 

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ:

Декларация жобасының әрбір сөйлемі, тіптен сөзіне мән беріп, талқыға салуымыздың дептутаттардың республика егемендігіне енжар қарамайтынын көрсетіп отыр. Алайда, кейбір елдігімізге егемендігімізге пайдасы тие қоймайтын пікірлер белең алуы кім-кімге де тиімді болмас. Егемендік егеспен келмейді. Қайта ол біздің республикамыздағы барлық ұлттардың ынтымағы, бірлігі арқасында ғана келеді. Сонда ғана біздің республика экономикасы,  мәдениеті гүлденген елге айналады. Ел болашағын ойламай, тек өзінің бүгінгісін ойлаған депутаттарға тоқтау салайық. 

1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минутты мәңгі есімізге сақтайық! Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік турлы тарихи Декларацияны қабылдады!

Описание: C:\Users\Бекен Қайратұлы\Desktop\декларация\Снимок экрана 2023-10-23 124644.png

****

Сонымен, 1990 жылдың 25 қазанында он екінші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің талқылауға қатысқан 360 депутаттың 71-інің қарсы дауыс берсе де, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданды. Арада қаншама жыл өткенде Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке – Республика күніне орай Ақо­рдада өткен салтанатты жиында: «Егемендік декларациясы – тәуекел мен дип­ло­матияның, ақыл мен сабырдың жемі­сі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұза­май байқала бастады. Біз қоғамның іргета­сын жаңар­тып, жаңа белестерге ұм­тылдық. Қазақ­стан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болу­ға бағыт ұстады», деп зор баға беруі тегін емес. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?