Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Республика күнін атап өтудің тарихи маңызы

3135
Республика күнін атап өтудің тарихи маңызы - e-history.kz

Өткен ғасырдың екінші жартыжылдығынан бастап әлемдік саяси оқиғалар жаңа мемлекеттердің пайда болуы, тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру мәселесін күн тәртібіне шығарды. 

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында «егемендік шерулері» Еуразия кеңістігінде шарпыды. (Егемендік шеруінің ең маңызды нәтижесі саяси биліктің орталық басқарудан республикаларға ауысуы болғандығын сарапшылар пайымдап жүр). Бірқатар аймақта тартыстар қақтығысқа ұласса, өзгелерінде эволюциялық бейбіт жолмен болашақ мемлекеттілік мәселелері төңірегіне қоғам топтаса бастады.

        1989 жылы 22 қыркүйектегі № 4141-ХІ «Қазақ КСР Заңымен Қазақ КСР Конституциясының 10-тарауы «Сайлау жүйесіне» өзгеріс енгізілуі жаңа бастамаларға негіз болды. Онда халық депутаттарының төрттен бірі қоғамдық ұйымдардан сайланатын» болды (84-бап). Осы нормамен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің ХІІ шақырылымына 1990 жылы 25 наурызда сайлау өткізілді. Арада бір ай өтісімен 1990 жылы 24 сәуірде Жоғары Кеңес Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау арқылы өтпелі кезең ерекшеліктерінен өтуді, қоғамды басқаруға қатысты өткір саяси жағдайлар мен жан-жақтан төнген қауіп-қатерден қорғануға тырысты (Б. Аяған, Ә. Ауанасова, Е. Нұрпейісов, А. Қашқымбаев, Н. Лапин «Қазақстандағы сайлау тарихы. – Нұр-Сұлтан: «Жарқын Ко» баспасы, 2020. – 268 б.). Осылайша КОКП үстемдігінен арылуға қажеттілік туындады. 

 

Егемендік жолы

1990 жылы 7 тамызда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің мәжілісінде «Қазақ ССР-нің мемелекеттік егемендігі туралы» Заңының жобасы қаралды. Пікір алысуды ескере отырып, Заң жобасын кеңінен талқылау үшін баспасөзде жариялау ұйғарылды (Тәуелсіз Қазақстан:күннен күнге. Оқиғалар хроникасы: Құжаттар жинағының сериясы / Құраст. Б.Ғ. Аяған, Х.М. Әбжанов, Б.Б. Еңсепов. Б.Ғ. Аяғанның ред. – Алматы: Раритет, 2011. І т. (1990-1995 жж.) – 320 б.) Демек, осы мерзімге дейін елімізде Декларацияның жобасы дайындалған деп қорытындылауға толық негіз бар. 

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде «Мемлекеттік Егемендік туралы Декларациясының» екі жобасы әзірленген еді. Алғашқы ресми нұсқасын академик С.З. Зиманов үйлестірсе, балама деп аталатын екіншісі нұсқаға «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы (бастапқы құрамында Е. Ертысбаев, Б. Белик, М. Оспанов, П. Своик, Б. Кадырбеков) бастамашы болды. 

Декларация жобасын талқылау кең ауқымға ие болды. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылы 16 қыркүйек № 214 (19689) жексенбі) санында Декларация жобасы ашық талқылауға ұсынылған. Осы жоба 15-тармақтан құралды.

Жоба жақтастары 1990 жылы барлық одақтық республикалардағыдай ұлттық мемлекеттілік және құқықтық мемлекет тұжырымдамасы аясында бәсекеге түсті. Тарих тәжірибесі көрсеткендей, сол кездесі саяси күш-жігер осы құжат төңірегіне қоғамды топтастырып, консенсустың биік деңгейін көрсеткені – тарихтан алар үлкен сабақтың бірі. Мұны дала демократиясындағы саяси мәдениеттің бейнесі деп сипаттауға болады. 

Декларация жобасын талқылау ғылыми дискуссиямен де толықты. Мәселен, 22 қыркүйекте экономика ғылымдарының кандидаты Р. Несіпбаевтың «Егемендікке еркіндік арқылы жетеміз» мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінің «Тұжырымдама жобасын талқылаймыз» айдарында көрініс тапты. «Социалистік Қазақстан» газетінің «Тұжырымдама жобасын талқылаймыз» айдары 23 қыркүйектен бастап «Декларация жобасын талқылаймыз» деп өзгерді. Осы күні заң ғылымының докторы, профессор Қ. Наменгеновтың егемендік, суверенитет мағыналарына талқылау жасаған «Нақтылау қажет» мақаласы, 2 қазанда Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспонтент-мүшесі Д. Кішібековтің «Шын мәнінде егемендік керек», 3 қазанда филология ғылымының докторларымен пікір ұсынылып, жобадағы нормаларға тіл факторы аясында пікірталасты кеңейте түсті. 

1990 жылы 4 қазанда бұрақаралық ақпарат құралында «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобының үндеуі жарияланып, онда билік тармақтарының бөлінісінің іске асыру барысына сыни көзқарасы білдіріліп, коммунистік партияның монополиялық жағдайына шектеу қою, партиялық қағидатты заң шығарушы құрылым аясында жүргізу мақсат етілді (Современная история Казахстана: Сборник документов и материалов (1985-2002 гг)/ Сост. С.Г. Шеретов. Алматы, 2003. – 325 с.). Осы орайда,  депутаттық топтың мүшелері билікті бір партияның, құрылымның немесе жеке бір адамдардың қолына шоғырлану қаупі мәселесін де көтерген. Осы тұста «демократтарға» өздерін сәйкестендірген топтар Кеңестік одақ кеңістігінде пайда бола бастады. Оған бір мысал Ресейдегі 1990 жылы халық депутаттарының тобынан құрылған «Демократиялық Ресей сайлау блогын» айтуға болады.

5 қазан күні Алматыда Егеменді мемлекет ретіндегі Қазақ КСР-нің теориялық-методологиялық аспектілері туралы ғылыми-теориялық конференцияда Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі М.Қ. Қозыбаев баяндама жасады. 

1990 жылы 16 қазанда ресми және баламалы нұсқаны жақтаушылар өзара сөз жарыстырды. Бұқаралық хабарлама құралдарында және осы сессияда талқылау кезінде айтылған ұсыныстар мен ескертпелер ескеріле отырып, республиканың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасын пысықтау жөніндегі комиссия құрылды. Бұл туралы «Лениншіл жас» газеті 1990 жылы 18 қазанда ақпарат таратты. 

Баламалы нұсқа Жоғары Кеңеске кеш түскені де сөз болады. Соған қарамастан депутаттық топтардың талқылауы түрлі призмада мәселелерді түйіндеуге мүмкіндік берді. 

25 қазанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің таңертеңгілік отырысында Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасын жетілдіру жөніндегі Жоғары Кеңес комиссиясы атынан оның төрағасы С.З. Зиманов сөз сөйледі. Жоғары Кеңестің кешкі отырысында Декларация жобасы бап бойынша талқыланды. Оның әрбір бабы жекелей дауыс беру арқылы шешілді. Талқылау алты сағатқа созылып, нәтижесінде 350 депутаттың 71-і қарсы болғанына қарамастан, көпшілік дауыспен Декларация 18 сағат 55 минутта қабылданды. 

26 қазан күні Қазақ КСР Президенті Н. Назарбаев Жоғары Кеңесінің сессиясына қатысып, депутаттарды халқымыздың саяси өміріндегі маңызы бар құжат – Қазақстанның егемендігі туралы Декларациясының қабылдануында қызу пікірталастар болғанымен, оны бекітуге келгенде халық депутаттарының республикамыздағы қазір қалыптасып отырған саяси ахуалға жауапкершілікпен қарайтындығын байқатты деген еді (Социалистік Қазақстан газеті, 1990 ж. 26 қазан)

Бұдан әрі процесстер жанданып, Қазақ КСР Қазақстан Республикасы атауына өзгерді. Осы құжатта Республика демократиялық, тәуелсіз, бейбітшілік сүйгіш, құқылы мемлекет құруға ұмтылысын басшылыққа алатындығы орнықтырылды (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z910003900_).

 

 Егемендіктің қайнар көздері

Қазақстанда демократиялық принциптерді орнықтырудағы саяси мұраның маңызды аспектілерінің бірі, біздің ойымызша, көне түркі «qazaqliq» сөзінен бастау алатын қазақ эндоэтнонимі (өз атауы) болып табылады. «qazaqliq» сөзі ержүректердің еркін жиналысы ретінде пайымдауға болады. Яғни бұл қазақлық термині мәндік семантикасының аксиологиялық негізінде қазақ халқының өзінің тұрмысының басты құндылығы ретінде еркіндік, салт атты халықтың тәуелсіздігін бейнелейді.  

Мағынасы жағынан «qazaqliq» терминіне жақын «qazɣaqim» («қазғақым») сөздері бар түркі эпиграфиясының ең алғашқы ескерткіштері Тувадан табылған. «qazɣaqim» сөзі алғаш рет Енисей жазба ескерткіштерінің ішінде бұғы тастарында табылған және ол 8-9 ғасырларға жатады (Уюк-Тұран (Е-3) және Уюк-Оорзак I жазбаларының 5-2-жолдарында (Е-108), тиісінше. Оның пайда болу уақыты - X-XI ғасырларға сай. Ғалымдар «qazɣaqim» соционимінің кеңінен қолданылуын 11 ғасырдан ерте емес, қыпшақтардың Орталық Азиядан Шығыс Еуропаға қоныс аударған кездегі үстемдік дәуірімен байланыстырады. Уақыт өте келе «qazɣaqim» негізінде «qazaq» соционы пайда болады. Академик Б.Е.Көмеков «қазақ» сөзінің қолданылуын IX ғасырға жатқызып, бұл ұғымды қыпшақтар оғыз лексикасынан қабылдағанын айтады. 

«qazaqlïq» мемлекет құру процесінде маңызды рөл атқарған, сонымен бірге моңғолдан кейінгі Орталық Азиядағы жаңа бірегейліктердің пайда болуына» және қазақтардың «жеке көшпелі болмыс ретінде» халық болып шығуына ықпал етті (Джу-Юп Ли. Казаклык и образование казахов. Государство и идентичность в постмонгольской Центральной Евразии / пер. с англ. З.Муканова; науч. ред. Ж.Сабитов. Алматы: Shon Publishing House, 2022. 276 с.).

Қазақтардың болмысын ұжымдық принципке негізделген институционалдық негіздер де дала демократиясының ең ежелгі және тиімді институттарының бірі – құрылтаймен тығыз байланысты. Ол дала демократиясының тағы бір саяси мұрасы. Құрылтай ежелден дала империяларында халық өкілдері жиналысының дәстүрлі институты және мемлекеттік биліктің ұйымдық нысаны, сондай-ақ түркі-моңғол халықтары тарихындағы негізгі саяси институт ретінде қызмет етті (qurïltaj терминінің өзі көне түркі құр – реттеу, тұрғызу; жиналу және «халық жиналысы» деген мағынаны білдіреді).

Еуропада республикалық басқару нысанының принциптері мен институттары практикалық қолданысын тапса, Шығыста республикалық идеялар интеллектуалды элита арасында бастау алды. Екінші Аристотель – Шығыстың көрнекті ойшылы Әбу Насыр Мұхаммед Әл-Фарабидің республика идеялары «Ізгі қала – бақытты қоғамның эталоны» мынадай бірқатар ережелерде көрініс тапты: «Ең үлкен қылмыс – жетекші (көшбасшы) адамнан болатын қылмыс. Бұл жағдайда басқа билеушілер оны тәрбиелеу және ықпал ету шараларын қолдануы керек... Ал бұған мән берілмесе, қаланың азғындауына және өліміне әкеледі»; «билік заңдарға бағынуы керек; «Билік сотталады... егер билеуші ​​оны қала тұрғындарының мүддесі үшін емес, қажеттіліктен емес, өз әдет-ғұрпы бойынша иеленсе»; «билеуші ​​халықты «құлдық бағыну арқылы емес, еркін қабылдау» тәртібін сақтауға шақыруы керек; «ұжымдық қала – бұл қаланың әрбір тұрғыны өз қалауынша (заң шегінде) толық еркін. Оның тұрғындары тең. «Олардың заңдары бір адамды екіншісінен мүлдем артық етпейді. (Аль-Фараби, Абу Наср Мухаммад. Историко-философские трактаты / перев. с араб. Алма-Ата: Наука, 1985. С 168-191. Аль-Фараби, Абу Наср Мухаммад. Социально-этические трактаты / перев. с араб. Алма-Ата: Наука, 1973. С 139-156).

Демократия республикамен тығыз байланысты және билік сайланбалы органдарға тиесілі мемлекеттік жүйені білдіреді. Осындай бізге ғасырлардан жеткен мұрамызды тиімді игеру адамзаттың гуманистік тұрғысынан маңыздылығын айтуға болады. 

 

Егемендік ұғымдары және қазіргі зерттеудегі түсіндірмелері

          Егемендік ұғымының тарихи-гносеологиялық динамикасын талдау және оны заманауи зерттеулерде түсіндіру қазіргі уақытта «егемендік» термині біздің шынайылықта әртүрлі салаларына еніп кетті деген қорытындыға келуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда тілдік егемендік, мемлекеттік, аумақтық, цифрлық, т.б ұғымдар бар. 

«Егемендік» ұғымының концептуалды дамуы ғылымда егемендік ұғымының негізін салушы ретінде танылған 16 ғасырдағы француз саяси философы және құқық теоретикі Жан Боденге (1530–1596) тиесілі. Оның пікірінше, «Егемендік – бұл мемлекетке берілген абсолютті және тұрақты билік. Термин мұқият анықтауды қажет етеді, өйткені ол мемлекеттің белгісі болып табылады. 

Саяси сөздікке сәйкес «Егемендік» мемлекеттің шешім қабылдау процесінде жоғары билік дегенді білдіреді. Кейін егемендіктің ішкі және сыртқы аспектілері де қарастырылады, өзін-өзі анықтау, іс жүзінде билікті иеленумен байланыстырылады.

Мемлекеттің егемендігі оның өз аумағында өз азаматтарына қатысты жүзеге асыратын айрықша юрисдикциясында жатыр. Халықаралық құқық бойынша мемлекеттер мен олардың үкіметтері өздері бағынуға келісетін ережелерді белгілейді. Бұл принцип мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейді. БҰҰ барлық мүшелерінің егеменді теңдігін анықтай отырып, бейбіт қатар өмір сүрудің негізгі принципін бекітеді (БҰҰ Жарғысының 2.1-бабы). Әрбір мемлекет өзінің халқы мен аумағына таралатын басқа мемлекеттердің егемендік құқықтарын құрметтеуге тиіс. Сондықтан ешбір мемлекет басқа мемлекеттердің ішкі құзыретіне жататын мәселелерге араласпауы керек (Жарғы, 2.7-бап).

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 22 қазанда мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек», - деген еді (https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaevtyn-memlekettik-nagradalar-men-syylyktar-tapsyruga-arnalgan-saltanatty-rasimde-soylegen-sozi-2293246).

Осылайша, Мемлекет басшысы Декларацияның жаңа мәні адам егемендігі идеясына назар аудартты. Бұл «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның» негізгі тұжырымдары да адам құқығы мен оның лайықты өмір сүруіне арналғандығын еске түсіреді.

 

Республика күні

Қазақстандық патриотизм сезiмiн тәрбиелеу мақсатында 1995 жылы Республика  күні - Ұлттық мереке ретінде аталып өтілді (Ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленген еді. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі).

Алты жылдан кейін мереке «ұлттық» мерекелік сипатын жоғалтты және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267 Заңына сәйкес «мемлекеттік» мереке ретінде белгіленді. 2009 жылы мереке тізімінен алынып тасталды. 

2022 жылы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытауда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» (https://akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-ulttyk-kuryltaydyn-i-otyrysynda-soylegen-sozi-165458). Одан әрі Президент өзге алқалы жиында «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды», - деп пайымдады (https://www.akorda.kz/kz/prezident-kasym-zhomart-tokaevtyn-memlekettik-nagradalar-men-syylyktar-tapsyruga-arnalgan-saltanatty-rasimde-soylegen-sozi-2293246).

Бүгінгі күні Республика күні мерекесінің сипаты өзгеріп, Қазақстан Республикасындағы демократияландыру үдерісін дамытуға бағытталғаны, «адамның егемендігі» оның әл-ауқаты мен өзі өмір сүріп отырған ортаға деген адалдығы қайта күн тәртібіне шығып отыр. Қазіргі уақытта осы идея «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарымен үндеседі. Адам жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашатындығы үнемі басымдығымыз болуы маңызды. 

1990 жылы Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының «Адами даму индексі» атты тұңғыш рейтингінде және баяндамасында көрініс тапты. Сонда Қазақстан 0,650 балл алып, 66 орынға тұрақтады. Яғни «Адами әлеуетінің даму деңгейі жоғары елдер» санатына кірді. 2021 жылы Қазақстан 0,811 балмен 56-шы тұғырға көтерілді (Доклад о человеческом развитии за 2021/2022 гг.). Бұл егемендік пен мемелекеттік тұрғыда маңызды қадам. Жаңа кезеңнің құндылықтары орнығып, рәсімдер пайда болып, жаңаша мінез-құлықтар қалыптасу үстінде. Осы орайда «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы қажет. Мерекенің әлеуеті де осында жатқандай.

 

Қорытынды

Республика күні идеясының мәні – азаматтар ортақ жауапкершілікті ұғынып, халықтың елді басқаруға белсенді қатысуы, саяси реформалармен қатар жүріп, өздерінің сәйкестендіруімен үйлеседі. Жалпы мемлекеттік құрылымның өзгеруі, жаңа саяси үлгіге көшу, яғни «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы аясында іске асырылады. Бұл қадамдар жаңа әлеуметтік құндылықтарға құрылған болашағымыздың нақты бейнесін жасауда бүкіл Қазақстан халқының шыдамдылығын, дәйекті еңбегін және күш-жігерін қажет етеді.

 

 

Пұсырманов Нұрбек Серікұлы

Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?