Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ балаларының кинематографиялық әкесі Абдолла Қарсақбаев

1418
Қазақ балаларының кинематографиялық әкесі Абдолла Қарсақбаев - e-history.kz

Сурет: Almaty.tv

Абдолла Қарсақбаев балаларға арналған ғажап кинолары үшін көзі тірісінде-ақ әріптестері осындай мейірімге толы лақап ат қойған. Кино мамандарының айтуынша, бейресми атау режиссердің кинематографияның дамуына қосқан үлесін дәл көрсетеді. Ол жас көрермендерге арналған фильмдердің шебері болды, ол өз шығармаларында ең бастысы әлемді балаша қабылдауды жоғалтпау керек екенін көрсетті.

Абдолла Қарсақбаев өмірдің ауыртпалығының не екенін жақсы білетін. Ол 1926 жылдың қазан айында дүниеге келгенде анасы 60 жаста еді, отбасындағы соңғы, он алтыншы бала болды. Қазақ «кеш туған балалар қарт ата-анасының бар ақылын бойына сіңіреді» дейді. Режиссердің өзі қалжыңдап өзін «қаспақ» деп атады. Ағалары ірі денелі сымбатты болғанымен, оның дене бітімі кішкентай еді. Анасы болашақ режиссер 10 жасқа толғанда қайтыс болды. Революциядан кейінгі Қазақстандағы аштық Қарсақбаевтар отбасындағы балаларды алып кетті. Аман қалғандары Ұлы Отан соғысынан оралмады.

Қарт науқас әкесін бағу жасөспірім кез келген ауыр жұмысты мойнына алды. Ақырында Алматыға көшу туралы шешім қабылданды, өйткені қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қарақастек ауылы Қазақстанның сол кездегі астанасынан алыс емес жерде орналасқан.

Соғыс жүріп жатыр еді. Алматыда Қарсақбаевтар отбасы Орталық Біріккен Киностудия – ЦОКС ауданына қоныстанды. Абдулланың табиғи қызығушылығы оны фильм түсіру алаңдарына жетеледі. Жасөспірімді режиссерлерге көмекші қып берді. Әсіресе ЦОКС-тың ең ірі жобасына – Сергей Эйзенштейннің «Иван Грозный» фильміне, ол кейіннен сөзсіз әлемдік кино шедевріне айналды.

Көмекші болу ақша табу дегенді білдіретін еді. Жан бағудың амалы болды. Бала эпизодтарда тапқан гонорарларды әкесіне апарды – бұл қаражат отбасыға көп көмектесті. Бірақ, режиссер ең бастысы ақша емес екенін айтатын , осы сиқырлы кино әлемге тап болған кездегі қуаныш еді. Баланың өзі қосымша рөлді ойнаған құрбылары сияқты жолы болды – олар кино өнерінің ұлы шеберлерінің жұмыс істеу барысын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Оны Эйзенштейн ерекше таң қалдырды, қиын жағдайларға қарамастан, ол әрқашан актерлерді жұмысқа жұмылдыру үшін сөз табатын. Оның түсірілім алаңына шығармашылық рухсыз келген кезі болған емес. Ол әрқашан идеяларға толы және түсірілім алдында топқа айтқан сөздері өте дәл тиетін. Абдолла Қарсақбаевтың кейін мойындағанындай, оның киноға ғашық болғаны да содан.

Баланың құлшынысы назардан тыс қалмады - ересек Абдулла кинематография мектебінде оқуға мүмкіндік алды, содан кейін болашақ кино шебері ВГИК-ке режиссерлік оқуға түсті. Онда Иван Пырьев пен Михаил Чиаурели ұстаздары болды.

Бес жылдан кейін Кинематография институтын ойдағыдай бітірген Абдулла Қарсақбаев Алматы киностудиясына қайта оралды. Алайда оған толықметражды көркем фильм түсіруге мүмкіндік беруге ешкім асықпады. 

Соған қарамастан жас маманның көңілі қалмады – кез келген жұмысты қолға алып, деректі фильмдер түсірді. Оның «Қазақ халық қолөнері» деректі фильмі сыншылар тарапынан жақсы бағаланып, фестивальдерде аталып, соның нәтижесінде КСРО-да ғана емес, сонымен қатар шетелде де кеңінен тарады. Бұл жетістік көркем фильмдерге жол ашып, толықметражды фильм түсіру мүмкіндігі пайда болды. Енді сценарий іздеуге тура келді.

Сурет: қазақфильм

Эйзенштейн айтқандай, фильмді жоспарлау барысында тағдырдың өзі белгі береді. Бұл Қарсақбаевпен де болған. Режиссер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын табады. Бұл үнемі оқиғаларға араласатын, бірақ тапқырлығының арқасында олардан шебер шығып кететін «қазақ Том Сойері» туралы кітап еді.

Бұл фильм түсіретін материал екенін түсінді. Сюжет Абдолла Қарсақбаевты өзінің шынайылығымен, динамизмімен, юморымен және оптимизмімен баурап алды. Тарихи «жылымық» атмосферасына сай келді, 1960 жылдары кеңестік идеология адамға, оның проблемалары мен ұмтылыстарына бет бұрды.

Сценарий жазылып, бекітілді, актерлердің көпшілігі іріктелді. Бірақ бір нәрсе жетіспеді – бас кейіпкер. Абдолла Қарсақбаев тыныштықты жоғалтып, көмекшілерімен бірге қаланың барлық мектептерінен, төңіректегі ауылдардан Қожаны іздейді. Және оны кездейсоқ кездестіреді. «Әріптестеріммен түскі асқа кетіп бара жатқанымда, Комсомольская мен 8-Марта қиылысында, №33 мектептің қасында құрдастарымен төбелесіп жатқан жыртық көйлек  баланың көзіне түсіп қалды» -дейді режиссер. Баланың аты Нұрлан Сегізбаев (кейін Нұрлан Санжар) болатын.

«Ол мені тауып алғанына қуанғаны соншалық... Осыдан кейін ерекше бір нәрсе басталды, бұл ертегі әлемі болатын», - деді бұл оқиға туралы Нұрлан Санжар.

Оның айтуынша, Абдулла Қарсақбаев бала актерлерден қалаған нәтижеге мейірімді қарым-қатынасы арқылы қол жеткізген: «Ол бізбен бірге ойнады, біз осы ойынға тартылдық».

Кейін жас кезінде режиссермен бірге ойнаған актриса Гүлнәр Дусматова Абдолла Қарсақбаевтың ерекше адамгершілігі мен асқан кәсібилігін атап өтті.

«Ол кезде мен үшін Станиславскийдің жүйесін түсіндіру мағынасыз болды, ол маған бәрін көрсетті, сол сәттерде оның бойында жеңілдік пен мейірімділік пайда болды. Менің ойымша, ол дарынды режиссер ғана емес, актер де болды», - деді актриса сұхбатында.

1963 жылы түсірілген фильм өте сәтті болды. Фильмнің премьерасы бір жылдан кейін Мәскеуде өтіп, 1967 жылы фильм Канн кинофестивалінде арнайы дипломмен марапатталып, осы беделді кинофорумда жүлде алған тұңғыш қазақ фильмі болды.

Абдолла Қарсақбаев бүкіл өмірін «Қазақфильмге» арнап, сегіз толықметражды фильм түсірді. «Менің атым Қожа» фильмімен қатар режиссердің балаларға арналған ең танымал фильмдерінің бірі «Алпамыс мектепке барады» (1976) болды.

Абдолла Қарсақбаев 1983 жылдың күзінде дүниеден озды – ол сол кездегі Коммунистік даңғылы мен Мәметова көшелерінің қиылысындағы Жастар театрына жақын жерде отырған орындықта қайтыс болды. Режиссер жас көрермендерге арналған театрдың жанында серуендегенді ұнататын, балаларға арналған тақырып оған шабыт беретін.

Осылайша 1926 жылы 2 қазан Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында жарық дүние есігін ашып,  1983 жылы 2 қыркүйекте дүниеден озды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?