Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ эстрадасының тарихы

1939
Қазақ эстрадасының тарихы - e-history.kz

Сурет: Queen-Time.Ru

Қазақстан – әлемдік өркениеттің бір бөлігі ретінде адамзат дамуының ортақ сатыларынан өтіп келе жатыр. Адамзат баласының жер бетіндегі өзге тіршілік иелерінен өзгешелігі де, артықшылығы – рухани әлемінің болуы. Адамзат баласы өнер жаратады, оны таратады, сақтайды. Адамзат қоғамында өнер қай дәуірлерде туып қалыптасқандығы туралы әлемдік өнертанушылар ежелгі дәуірлерден жеткен заттай артефактілер арқылы болжам жасай алады. Үңгірлердің қабырғаларында, тастардың бетінде ежелгі адамдардың салған суреттеріне, олардағы сюжеттерге, археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған көне саз аспаптарына қарап, сонау қауымдық құрылыс кезінің өзінде өнер түрлері болды деуге негіз бар. 

Ежелгі адамдар түрлі көңіл-күйге байланысты билегені, ән салғаны, саз аспаптарында ойнағаны анық. Осыған қарап, адамзат баласында ән айту дәстүрінің өзі де тым ертеде болғанын аңғаруға мүмкіндік бар. Сондықтан да отандық эстрада жанрының туып, қалыптасуы жөніндегі зерттеулерді жалпыұлттық дәстүрлі және жалпыадамзаттық музыкалық мәдениеттің дамуы аясында қоса қарастырудың маңызы зор және бұл да біздің мәдени тарихымыздың бір саласы болып табылады.

Әлемдік тарихта сол елдің музыкалық мәдениетін мемлекет тарихымен біртұтастықта алып қарастырады. Сондықтан да Қазақстан Республикасындағы эстрада жанрының туып қалыптасуын әлемдік музыка тарихы мен ұлттық музыка тарихы арасындағы өзара үндестік деп бағалаймыз. Эстрада жанрының жаңа заманға сай дамуына әр дәуірдің сұранысы, мемлекеттің көзқарасы, төменнен жасалатын ұсыныстар мен биліктің бастамалары әсер ететіні белгілі. Қазақстандық эстраданың бүгінгі жай-күйіне барлау жасап, болашақ перспективаларын айқындауда бұл үлкен маңызға ие. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында: «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?! Сондықтан Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс», - деп атап көрсеткен болатын. 

Қазақстандық өнер ұжымдары мен өнерпаздар қатарында еңбек етіп жатқан эстрадалық әншілер, топтардың туып-қалыптасуы, бүгінгі күнгі шығармашылығы туралы зерттеу жұмысында отандық және шетелдік музыкатанушы ғалымдардың еңбектеріне жүгініп ой-тұжырымдар жасауға тура келеді. Себебі, бұл тақырыпты арнайы жүйелей зерттеп жүрген мамандар мен әуесқой тарихшылар біздің елімізде де, таяу және алыс шетелдерде де баршылық.

Жалпы эстрада жанрының туып, қалыптасуы туралы сөз болғанда әлемдік үрдісті негізге аламыз. Музыка өнері жалпы әлемде біртұтас бірлікте. «Қазіргі күні әлемдік осы заманғы музыка мәдениеті барша көрініс, болмысымен барынша жылдам даму кезеңін бастан өткеруде. Бұл үдерісте индустиралдық қауымдастық аясындағы ақпараттық технологияларды дамыту басты рөлге ие болып отыр» - деп атап көрсеткен екен, отандық белгілі өнертанушы Иоаннис Кайсиди. Бұл – қазіргі эстрада жанрының, оның ішінде қазақ эстрадасының да дамуына қатысты пікір екені даусыз.

Ең әуелі қазақ топырағындағы эстрадалық топтар, олардың құрамы, шығармашылығы туралы айтар болсақ, ойымызға не оралады? Бұл сұраққа жауап беру – қазақ эстрадасының тарихынан хабары бар адамға аса қиын болмауы да мүмкін. Осы тұрғыда бір ескерерлігі: отандық эстраданы «қазақ» және «қазақстандық» деп шартты түрде екіге бөлуге тура келеді. Мұнда қазақ және қазақстандық деп бөліп атауымыздың мәні: өнер ұжымдарының көрермендік ортасына және Қазақстан Республикасының әр кезеңдегі демографиялық, саяси-әлеуметтік, тарихи факторлық жағдайларына байланысты. Себебі, музыка бәрімізге ортақ дегенімізбен, отандық эстрадалық ұжымдардың репертурарына, ерекшеліктеріне байланысты олардың таза қазақ тілді, орыс тілді, қазақ-орыс тілді тыңдармандар қауымы барлығын ескергендік болып табылады. Демек, музыкалық өнім өндіруші мен оны орындаушы тұтынушы болып табылатын тыңдармандарға арнап өз өнімін ұсынады. Осыған орай ол өнім мен тұтынушысы бірыңғай қазақ тілді тыңдарман, көрермен немесе орыс тілді тыңдарман көрермен болуы мүмкін. 

Қазақстандағы этнофольклорық бағыттағы ансамбльдерді құрамы жағынан екі үлкен топқа бөлуге болады. Олар: - моноэтностық аспаптардан құралған ансамбльдер. Мұнда тек қана қазақтың ұлттық аспаптарынан құралған камералық құрамдар қолданылады; - полиэтностық аспаптардан құралған ансамбльдер. Олардың құрамында қазақ, еуропалық классикалық және джаз аспаптары бар аралас құрамды ансамбльдер. 

«Өнерде шекара жоқ» дегенімізбен, Қазақстан Республикасы аумағындағы кейбір тұрғындар «Муз-Арт» сияқты қазақ тілді мега топ туралы хабары мүлде жоқ немесе өте аз білуі мүмкін. Керісінше, орыс тілді қауымның арасында беделді де белгілі топтарды қазіргі қазақ тілді орта тани бермеуі мүмкін. Алайда өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін Қазақстанда орыс тілі болық үстем болған себепті, өнер ұжымдары, оның ішінде эстрадалық топтар да осы сұраныс пен талапты ескеруге тиіс еді. Орыс тілді ортаға бағытталған өнер ұжымдары үшін мүмкіндік мол еді. Себебі, 280 миллиондық орыс тілді Кеңес Одағының қалың тыңдарман, көрермендеріне танылу мүмкіндігі бар еді. Бірақ бұған қарап, ұлттық этноерекшелікті топтардың мүмкіндігі төмен болды деуге болмайды. Олар ұлттық республиканы құраушы ұлттың музыкалық дәстүрін негізге ала отырып, орыс тілінде де шырқауға тиіс еді. Мұны Өзбекстандық «Ялла», Қазақстандық «Дос-Мұқасан» т.б. мегатоптардың репертуарынан аңғаруға болады.

Жалпы қазақ эстрадасын әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінсіз елестету мүмкін емес. «Дос-Мұқасан» ансамблі – тек Қазақстанға ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы елдерге, одан өзге дүние жүзіне әйгілі болған өнер ұжымы. «Дос-Мұқасан» эстрадалық вокальді ансамблі 1967 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық иниститутының (қазіргі Қазақ мемлекеттік ұлттық техникалық университетінің) жанынан құрылғаны тарихқа аян. Ансамбльдің аты оны ұйымдастырушылардың (Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов) есімдерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан алынған болатын. «Дос-Мұқасан»ансамблінің осы аталған алғашқы құрамына кейіннен М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайыновтар қосылған екен. 2022 жылы отандық кинотеатрларда көрсетілген «Дос-Мұқасан» фильмінде ансамбльдің құрылу тарихы мен өрлеу жолы, мүшелердің бүгінгі өмірдегі тыныс-тіршілігі, олардың арасындағы достық қарым-қатынас жақсы бейнеленген.

Қазақ эстрадасының аңызы - «Дос-Мұқасан» ансамблі, сурет: Ана тілі газетінен 

Аталған фильмде бір топ жастардың ішінен өнер жолын таңдап алып, ансамбльдің көркемдік жетекшілігін 1972 жылдан бергі кезеңде композитор Мұрат Құсайынов елу жыл бойы атқарып келе жатыр. Ансамбль құрамы 1975 және 1985 жылы жаңарған болатын. 1997 жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Әуен» музыка студиясынан «Той жыры» деген атпен ансамбльдің 1967-1975 жылдары орындаған танымал, таңдаулы әндерінің үнтаспа альбомы шығарылған болатын. Ансамбль Қазақстанның ірі қалаларында өзінің мерекелік концерттерін де берген болатын. Аға буыннан өзге, кейінгі жас толқындар да «Дос-Мұқасан» ансамбльінің әндерін сүйіп тыңдайды.

«Дос-Мұқасан» тобының репертауарын электронды музыкалық аспаптардың сүйемелдеуі арқылы орындалатын қазақтың халық әндері мен халық композиторларының әндері, қазіргі қазақ композиторларының әндері, ансамбль мүшелерінің өз әндері мен бұрынғы кеңестік республикалардың, сондай-ақ өзге шет мемлекеттердің композиторлары мен халық әндері құрады. Атап айтқанда қазақтың халық әні «Ахау бикем», «Он алты қыз», «Құдаша», «Аулың сенің Іргелі», халық композиторлары Естай Беркімбайұлының «Ақ сиса», Ақан серінің «Маңмаңгер», Мариям Жагорқызының «Дударай» әндері, қазақ композиторлары Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені», Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол», «Алатау», Ғазиза Жұбанованың «Жыр жазамын жүрегімнен», Сыдық Мұхамеджановтың «Шофер келді, қырманға», ансамбль мүшесі Мейіржан Молдабековтің «Қайдасың?», Досым Сүлеевтің «Күт мені», «Той жыры», Мұрат Құсайыновтың «Туған жер», «Қуанышым менің», поляктің халық әні «Сұлу қыз» т.б. туындылар қаншама буын ұрпақтың рухани қазынасына айналып, елу жылдан астам уақыт бойы шырқалып келеді. Аталған туындыларды «Дос-Мұқасан» ансамблі дәстүрлі фольклорлық туындыдан эстрадалық музыка мәнеріне сай қалыптап, өңдеп, әр кезеңнің өз сұранысына сай сипат беріп орындап келе жатыр. Топтың орынадуындағы «Ты моя мечта», «Құдаша», «Куә бол», «Бәрінен де сен сұлу», «Той жыры», «Бақытқа барар жолда», «Әпитөк», «Күт мені», «Ғашықтар әні», «Сағындым сені», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Бойжеткен», «Ләйлім-шырақ», «Қуанышым менің», «Аулың сенің Іргелі», «Шофер келеді қырманға», «Су тасушы қыз», «Арал», «Қайдасың?», Дударай», «Сұлу қыз», «Назқоңыр», «Туған жер», «Он алты қыз», «Алматы түні», «Қарлығаш», «Жанарым», «Алатау», «Ақ сиса», «Ахау бикем» қатарлы әндер қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалар.

Бұл репертуарлар турасында ансамбль жетекшісі Досым Сүлеев: «Дос-Мұқасан» ансамблінің табысы өз шығармашылығында қазақтың ұлттық әуенінің қаймағын бұзбай сақтай алуында болды. Ұжым Батыс музыкасына еліктеп кеткен жоқ. Қандай заманға сәйкес жаңа ізденістерге барсақ та, өнердің ұлттық сипатын сақтауға аса маңызды мән бердік. Сондықтан халық әндерін уақыт талабына сай өңдеп, жаңаша тұрғыдан ұсына білу – біздің табыстарымыздың басты кілті», - деп атап көрсеткен екен.

«Дос-Мұқасан» тобының құрамында әр кезеңде мына музыканттар еңбек етіп, өз шығармашылықтарын, өнерін паш етті: Досым Сүлеев (клавиатурашы, саксофонист, ансамбль жетекшісі), Мұрат Құсайынов (жеке гитарист, солист), Қамит Санбаев (ритм гитаристі, солист), Александр Литвинов (барабаншы), Мейірбек Молдабеков (ритм гитаристі, солист), Сағаділда Хасенов (бас гитарист), Юрий Лим (барабаншы), Құрманай Омарова (солист), Дариға Тұрсынова (солист), Усмадияр Мақанов (солист), Шәріп Омаров (бас гитарист), Бақытжан Жұмаділов (солист, өнерпаз), Тасхан Нарбаева (солист), Алтынбек Үмбетов (домбырашы), Нұртас Құсайынов (солист), Николай Буктуков (иллюзионист, сауықшы), Ұлықпан Сыдықов (ақын), Елшібек Жақашев (дыбыс инженері), Тұрсын Омарұлы Салибаев (куратор).

Өзінің халыққа шығармашылық қызметі барысында «Дос-Мұқасан» – көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегер, лауреаты, жеңімпазы атанды. Атап айтқанда бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалінің (Ташкент, 1971), кәсіби орындаушылар байқауының (Минск, 1973), жылы Берлинде, 1985 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің халықаралық фестивальдерінің, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974) болған екен.

«Дос-Мұқасан» ансамблі қазақстандық эстрада ұжымдарының ішіндегі ең алғашқыларының бірі болумен қатар, ең көрнекті әрі халықтың ықылас-ниеті суымастан елу бес жылдай уақыт бойы өнер көрсетіп келе жатқан нағыз таланттар шоғыры. «Дос-Мұқасанның» алғашқы құрамында болған музыканттар мен әншілердің біразы өмірден өтті. Қазіргі күні «Дос-Мұқасан» тобының жетпістің ортасына келген аға буын мен олардан жасы кіші, алпыстың ішіндегі мүшелері ретро-концерттерде халық алдына шығып өнер көрсетіп жүр. «Дос-Мұқасан» әлі де болса қазақ музыка өнерінің биігінде болып, ұлт, ел руханияты жолында еңбек ете берері сөзсіз.

Қазақ эстрадасының алғаш сонау алпысыншы жылдары соңында ұйымдастырылған көрнекті де бірегей ұжымдарының бірі – «Гүлдер» ансамблі. «Гүлдер» республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблі алғаш Қазақстанның Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның ұйымдастыруымен 1969 жылы Алматы қаласында құрылды. «Гүлдер» ансамблінің атағы тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағына тегіс мәлім болды. Сонымен қатар, ансамбль шетелдерге гастрольдерге шығып, сәтті өнер көрсетті. Соның бірі Кубаның астанасы Гавана қаласында өткен студент жастардың 11-фестивалі болды. Осы әлемдік үлкен іс-шараға Кеңес Одағынан барып қатысқан «Гүлдер» ансамблі үздік деп танылды. Бұдан кейін де «Гүлдер» ансамблі халықаралық, әлемдік көптеген байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі оралып жүрді. «Гүлдер» ансамблінің құрылуы мен әлемге танымал болуына танымал музыкатанушы, әнші, қайраткер тұлға Гүлжиһан Қалиқызының еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн болмақ: «Гүлжиһан Ғалиқызы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен сыйлас болды. Гүлжиһанның әкесі Қали, Дінмұхамед Ахметұлының әкесі Ахмет, Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда Жетісу өңірінің көпестері болғандықтан, ертеден сауда-саттық жөнінде байланыста болса, бертін ол кісілердің балалары да бір-бірімен сыйлас жандар бола білді. ГүлжиҺан Ғалиқызы Димаш Ахметұлымен ақылдасып, 1965 жылы сол кісінің қолдауымен Республикалық эстрада-цирк студиясын ашты. Қаржы жағын Мәскеуге барып қаржы министрі арқылы шешті. Жер-жерден өнерлі жастарды ертіп әкеліп, студияға оқуға түсірді», -деп атап көрсетілген екен, Г.Қалиеваның өмірі мен шығармашылығы туралы жинақта.

«Гүлдер» ансамблі өзінің құрылып, қызмет ету кезеңінде бұрынғы Кеңес Одағының он бес республикасымен қатар, Бельгия, Грекия, Франция, Германия, Малайзия, Сингапур, Шри-Ланка, Бирма, Монғолия, Чехословакия, Польша елдерінде өнер көрсету құрметіне ие болды. Ансамбль өзінің репертуарын эстрадалық әндермен қатар, эстрадалық билермен де толықтырып, көрермендердің ықыласына бөленді. Ансамбль құрамында әр жылдары Қазақстанның танымал әншілері Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Қаламқас Рахимова, Айжан Нұрмағамбетова, Бақтияр Тайлақбаев, Жеңіс Сейдоллаұлы, Мәдина Ералиева, Мәдина Садуақасова, Бейбіт Қорған т.б. еңбек етті. «Гүлдер» тобы қазіргі күні өзінің шығармашылық жолын жалғастыруда.

Қазақстандық эстрада әлемінде «Яшлык» тобының өзіндік орны бар. «Яшлык» тобын құрушылар – еліміздегі ұйғыр ұлты өкілдері болды. «Яшлык» тобының алғашқы құрамын «Дос-Мұқасан» тобының белді мүшесі болған Мұрат Ахмадиев сонау 1974 жылы құрған болатын. Оған Қазақстандағы ұйғыр театры негіз болды. «Яшлык» тобы бұдан соң 1990 жылдары қайтадан жаңғыртылып, белсенді шығармашылыққа көшті. Оның құрамында кейінгі толқын болушы Дильшад Ахмадиев, Ядыкар Шамиев, Бақтияр Хасановтар болды. Топ қазақстандықтарға кеңінен танымал болып осы заманғы бойз-бэнд ретінде көрініс тапты. «Яшлык» тобының орындауындағы «Нигара», «Черноглазая», т.б. әндер көрермендердің көңілінен шығып, ТМД аумағында атағы кеңінен танылды. «Яшлык» тобы ұйғыр, орыс, қазақ тілдерінде репертуарын құрды. Топ музыканттары әлемнің көптеген елдерінде табысты өнер көрсетті. 1997 жылы «Яшлык» тобының толыққанды жеке концерті Алматы қаласындағы «Республика сарайында» аншлагпен өткен болатын. 

2000 жылдар басында топ продюссер Әділ Жамбакиевпен жұмыс істеді. Олар «До свидания» атты трек жазып оған клип түсірді. Бұл ән көрермендердің жақсы қабылдаған туындысына айналды. Түрлі жағдайларға байланысты «Яшлык» тобында да ауыс-түйістер орын алды. Топтан бірінші кеткен мүше – Ядыкар Шаймиев болды. Дильшад Ахмадиев пен Бақтияр Хасанов біраз уақыт бірге жұмыс істеуді жалғастырғанымен, олар да топты тастап, жеке шығармашылықпен шұғылданып кетті. Ядыкар Шаймиев диджей болып музыка әлемінде өзінің кәсібін жалғастырды. Дильшад Ахмадиев әр түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен шұғылданады. Дегенмен, тарап кетті деп айтылғанымен, топ ауық-ауық толық құрамда жианылып, концерттер беріп тұрады. «Яшлык» тобы бүгіндері жаңа буын алмасуды бастан өткеруде.

Тәуелсіздік алдында, 1980 жылдары Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласы отандық эстраданың ядросына айналғанына тарих куә. Осы жылдары Алматыда «А-Студио» атты жаңа эстрадалық топтың құрылуы қазақстандық көрермендер үшін үлкен жаңалық болды. «А-Студио» тобы тек Қазақстанда ғана емес, Кеңес Одағына, таяу және алыс шетелдерге кеңінен танымал болды. «А-Студия» тобының орындауындағы «Джулия» әні ерекше танымал болды. Бұл әнді ұнатқан соң, Кеңес Одағының Халық әртісі, Ресейдің аса танымал эстарда әншісі Алла Пугачева аталған топқа қосылып ән шырқағысы келетінін білдіріп, толық құрам мүшесіне айналды. Осылайша «А-Студио» тобы Қазақстан-Ресейлік музыкалық топқа айналды. Поп-музыкалық жанрда өнер  көрсеткен бұл топтың негізін қалаған – танымал композитор әрі дирижер Тасқын Оқапов болды. Таланатты сазгер, музыкант Тасқын Оқапов бастабында «Арай» атты вокальды-инструментальды ансамбль құрған болатын. «Арай» вокальды-инструментальды ансамблінің құрамында Байғали Серкебаев, Болат Сыздықов, Владимир Миклошич және Роза Рымбаева болған еді. Бұл топқа 1982 жылы талантты әнші, сазгер Батырхан Шүкенов қосылды. Кейінірек, яғни 1987 жылы топ құрамы жаңартылып, Наджиб Вильданов қосылды. Бұл кезде аталған ансамбльдің атауы «Алма-Ата» деп аталған екен. Бұдан соң «Алма-Ата студио» болып, отандық эстрадалық әндер орындау нарығында өзіндік орнын қалыптастырды. «Алма-Ата» атауы кейіннен қысқартылды. «Алма-Ата студио» тобының орындауындағы «Джулия» әні ерекше танымал болды. Бұл әнге Кеңес Одағының Халық әртісі, аса танымал эстарда әншісі Алла Пугачева аталған топқа қосылып ән шырқағысы келетінін білдірді. Алла Пугачеваның «Театр песни» атты театр-студиясымен тандем құру арқылы, совет эсрадасының примадоннасы бұл топтың толық құрам мүшесіне айналды. Кейінірек «А-Студио» тобы Қазақстан-Ресейлік поп тобы аталды. Топтың вокалисі ретінде 2000 жылға дейін Батырхан Шүкенов қызмет етті. Қазақ және кеңес эстрадасының көрнекті тұлғасы болған Батырхан Шүкеновтің шығармашылық жолы осы «А-Студиомен» тікелей байланысты болып табылады. Тарихи деректер бойынша 1982 жылы консерваторияның студенті Батырхан Шүкенов Алматыда сол кезде атағы алысқа кеткен Байғали Серкебаев, Владимир Миклошив пен Болат Сыздықов қатарлы музыканттармен танысып, осы таныстықтың нәтижесінде ол аталған жігіттер құрған топқа саксофоншы етіп алады. Осы топта өзін тамаша қырынан көрсеткен Батырхан Шүкенов ел есінде қалған инструменталдық джаз композицияларын орындайды. Ол1983 жылы Бүкілодақтық эстрада әртістері байқауының лауреаты атанып, Кеңес Одағына танымал болады. Осы топтың құрамында он үш жыл өнер көрсетіп, шығармашылық шыңына жеткен Батырхан Шүкенов кейіннен топтан шығып, жеке орындаушылық, шығармашылықпен айналысты.

Батырхан Шүкенов «А-Студио» тобынан кеткеннен соң мұнда Полина Гриффитс, одан кейін Кэти Топурия аталған қызметте болды. Қазақстандық сазгер, әнші Еркеш Шәкеевтің шығармашылығы «А-Студиомен» байланысты. «А-Студио» тобының 1989 жылдан бергі гитарисі әрі әншісі, композиторы болған Бағлан Садвакасов 2006 жылы 2 тамызда Мәскеу қаласында көлік апатынан қаза тапты. «А-Студио» тобы әсіресе, посткеңестік тыңдарман, көрермендер арасында аса беделді эстрадалық ұжымдардың қатарында болып келе жатыр. 2012 жылы топтың 25 жылдық мерейтойына орай Мәскеудің «Кремль сарайында» мерекелік үлкен концерт өткізілген болатын. Топтың құрамында әр жылдары Байғали Серкебаев (клавишті аспаптар, вокал), Владимир Миклошич (бас гитара), Кети Топурия (вокал), (Наджиб Вильданов (вокал, 1987-1989), Батырхан Шүкенов (вокал, саксофон (1987-2000, 2012), Болат Сыздықов (гитара, 1987-1989), Сағынай Абдуллин (соқпалылар, (1987-1990), Бағлан Садвақасов (гитара, 1989-2006), Полина Гриффис (вокал, 2001-2004, 2007), Темірлан Садвакасов (гитара, 2006-2007), Федор Досумов (гитара, 2007-2012) және Евгений дальский (ұрмалы, бас барабан), Сергей Кумин (акустикалық гитаралар), Андрей Косинский (клавиштылар, бэк-вокал) қатарлы музыканттар өнер көрсетті. «А-Студио» тобы қазіргі күні де өнер көрсетіп, ретро-фестивальдерге, өзге де өнер мерекелеріне қатысып, көрермендеріні ықыласына бөленіп келе жатыр.

Бұдан кейін «Үркер», «АБК», «Л Дуеті» т.б. эстрадалық ұжымдар Қазақстан эстрадасы сахнасында сәтті өнер көрсетті. Отандық эстрада өнері көші бұдан кейін де жаңа арнамен алға баса түсті. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?