«...Құлдықтан қорынбаған халық шіріп өлсе де – сауап»
(П.Чаадаев)
I
Әлеументану ғылымында «Хомо советикус» деген дербес түсінік бар. Алғаш бұл ұғымды айналымға түсірген автор, көп жылдар эмиграцияда болған философ әрі жазушы Александар Зиновьев еді. Ол 1978 жылы кеңес азаматтығынан біржола айырылып, елден шеттетілді. 1981 жылы әйгілі «Гомо советикус» деген еңбегі жарыққа шықты.
«Советтік адам» немесе «советтік сана», бұл – шынымен-ақ, терең зерделеуге тұратын тақырып. Батыс ғалымдарының дәл осы тақырыпқа тиесілі алуан түрлі еңбектерін парақтай келе совет адамы, айтқандай-ақ, адамзаттан тыс жекелей жаратылыс екен деген түйінге келдім.
«Кеңес адамын» бұрнағы адамзат нәсілінің «Хомо хейдельберг», «Хомо эректус», «Хомо неандертал», «Хомо сапиенс» секілді сандаған салалы түрлерінің біріне еш ойланбастан жатқызуға болады.
Бұл қалай десеңіз, оның антропологиялық түзілімі ғана ғана адамдық пішінді құрағанымен, ой-санасы, моральдық нормалары мүлде басқаша қалыптасқан. Мұның негізгі себебі, оның ой-санасы мен жеке көзқарасын түрлі саяси өтіріктердің тәжірибе алаңы мен зертханасы ретінде ғана пайдалануында болып отыр. Бұған большевиктердің «жаңа адам» жасау бастамасына қатысты жазушы Максим Горькийдің «Ленин бастаған большевиктер Ресей халқына, оның ішінде орыс пролетариатының денесіне ең қатал ғылыми тәжірибе жасады. Тәжірибенің басты мақсаты жаңа адамзатты қайта жасақтау еді» деген секілді жалынды сөздері куә.
Батыста «кеңес адамын» әлеуметтік психология контексінде зерттеген Клаус Менерт пен Йозеф Новактың «homo Sowjeticus» атты ғылыми еңбектері де пайда болды. Ал ағылшын ғалымы, Лид университетінің оқытушысы Ф.Эллис: «...Көп өтіріктер негізінде өте қорқынышты «Homo sovieticus» ұғымы пайда болды. Оның санасы адамнан гөрі партиялық идеялар мен ұрандарды жиі толтырып әрі жиі ауыстырып отыратын ыдысқа көбірек келіңкірейді», – дейді. Сайып келгенде, сандаған авторлар еңбектерінен шығатын тобықтай түйін мынаған келіп саяды:
«Ол бірдеңе туралы айтады. Екіншісі тағы да бірдеңе туралы ойлап отырады. Ал жеме-жемге келгенде кеңес адамы мүлде адам ойына кіріп шықпайтын үшіншісін істейді».
Бұл – батыс зерттеушілерінің кеңес адамына берген әлеуметтік анықтамасы мен мінездемесі. Біздегі әйтеуір қандай жағдайда болсын сөз бен істің бір жерде еш тоқайласпайтын алшақтығына осы анықтама нақты жауап бола алады деген пікірдеміз.
Рас, бұл – біздің де болмысымызға берілген кесім. Қалай десек те ұзақ жылдар бойы «хомо советикус» құрамында болдық. Енді ең әуелі советтік мазмұнды талдамас бұрын, осы танымға тікелей қатысы бар «колония», «деколония», «постколония», «неоколния» ұғымдарын, сондай-ақ этнос пен ұлт ұғымдарының да өзара айырмашылығы мен саяси парқына толыққанды тоқталмай, тақырыптың мәнін ашу қиын.
II
Отарлық – тек тіл мәселесі ғана емес, ең әуелі, ол – ойлау формасы. Ал біздің осы ойлау формамызда көп жарақаттар мен қайшылықтар бар. Ағылшын әлеуметанушысы Бенедикт Андерсон: «Ұлт жадын біреу аса қажырлықпен алып шықпаса, жасанды қауымдастық амнезия (естен айырылу) дертіне қайта шалдығады», – дейді.
Айталық, базбір қаракөздің өз ана тіліне шорқақтығына қарағанда, рушылдық пен жершілдіктің ұлт руханияты мен оның тұтастығына тигізетін зардабы мың есе көп. Ал сіз бен біз аса қатерлі осы отаршылдық рудиментін бар болғаны туысшылдық пен қазақшылдық деп қана қабылдап отырмыз.
Мәселе, метраполияда болған кез келген ұлттың аутентикалық төл мәдениеті түгелдей дерлік өзгеріске ұшырайтынын, сөйтіп амнезия дертіне шалдығып, ауыр соққы алған ұлт санасы отарлықтың ең қауіпті элементінің өзін ата-баба дәстүрі деп жылы қабылдай беретіндігінде болып отыр. Постколониядан кейінгі ахуалдың негізгі трагедиясы да осы. Постколониядан кейін бұл сырқаттардың ыстығы (температурасы) тіптен көтеріліп, небір «сандырақтаулар» мен «ұйқысұраулар» орын алады. Осы кезде этностық ілкі таным мен жалған дәстүршілдік барынша қарқынды дәріптеліп, «бізден артық халық жоқ» іспетті желбуаз ұрандар трендке айналады. Сөйтіп, постколониядан кейінгі амнезия бәрін ұмыттырып, бәрін керісінше көрсетеді.
ОТАРЛЫҚ – ЕҢ ӘУЕЛІ, ОРЫС ТУРАЛЫ ЕМЕС, ОЛ СІЗ БЕН БІЗДІҢ ЖАРАҚАТ САНАМЫЗ, МЕНТАЛЬДЫҚ ЖАНЫМЫЗДЫҢ ҮРЕЙІ МЕН ЕКІЖҮЗДІЛІГІ. Міне, амнезия осының бәрінен жаңылдырып, тазаруға, сауығуға тиіс кеселді өз ішіңнен емес, өзгеден іздетіп сандалтып қояды.
Есесіне ел ішінде би мен батырдың той мен томалағы көбейіп, ру мен жүздің бір-бірінен асып түспек болған ішкі комплексі өзара бәсекеге түседі.
Міне, осы үдерістер негізінде псевдоғылым барынша салтанат құрып, оған қарсы аристофобия үрейі ұйымдасқан түрде кәріне мінеді (Дәл осы аристофобияға қатысты 1927 жылы он сегіз тармақтан тұратын 58-бап деген арнайы заң шығарылылып, ол ізгі жандар мен аристократтарды «халық жауы» есебінде қырмандай қырғаны есіңізде болар).
Мұндай жағдайда шын дерек пен ақылды адамға қоғам тарапынан ешқандай да орын табылмай, аталған жандар түрлі қызметтен шеттетіліп нағыз мүсәпірдің кебін киеді. Қалай десек те бұл жағымсыз жағдайлардың бәрін бір-ақ ауыз сөзбен постколониядан кейінгі ұлттың «ұйқысұрауы» мен «сандырақтауы» десек те болады.
III
Бір елден екінші қауымның қалыс я алда екенін білдіретін жалғыз-ақ өлшем, ол – тәржіма мәселесі. Аударма іс-тәжірибесінде ғана аталған ұлттың мәдениеті мен танымы, ой-өрісі мен ішкі парасаты жайында толыққанды мағлұмат алуға болады.
Отарлық өлшем, оның ішінде авторитарлық билік тек саяси сферада ғана емес, ол кез келген мәтінінің өн бойында да өз патшалығын жүргізе береді.
Жалпы академиктер мен авторитеттердің қаламы тиген кез келген мәтінге пірге бас изеген мүриттей берілу әрекеті де осы авторитарлық дағдыдан шығады. Кім болса ол болсын, ақпарат ескіргенде оның мәні мен мағынасы да қоса ескіріп кететінін естен еш шығаруға болмайды.
Ғылым – не десек те уақыттың мүлкі. Айталық, қазіргі поэзиядағы түрлі тенденциялар мен ондағы өлең өлшемдерін ілгерідегі академик Зәки Ахметовтың методологиясымен талдау қаншалықты ақылға қонымды әрекет дейсіз. Ғылыми деректің негізгі мәні – кез келген мәтін ішіне сызатсыз сіңіп алып, ондағы адам ойлауына бейсана әсер етіп отыратын авторитаризм билігінің әмірін жою. Бұл жағынан келсек, қай кемеңгердің нендей жазбасы болсын ешқашан да сакральды мәнге ие болмауға тиіс (Төрт кітапты төбеден түсті деп ұлықтауымыз дін атаулыны қандай деградацияға әкеліп тіреп отырғанын тағы бір ойланғанымыз жөн). Сакральды мәтіннің оқырман үшін ең қауіпті зардабы сөйлемге конструктивті әрі бейтарап қарау қатынасын толығымен жойып не нәрсеге болсын сын көзбен қарау қағидасын бұзады.
«Абай мен Ахмет айтты, ендеше сөз бітті» деген пышақкесті үкім ешбір ғылым мен оның диалектикалық даму табиғатына сай келмейді.
...Біздің бұл бөлімде тәржіма жайлы сөз қозғап отырғандағы мақсатымыз жақында «Әдебиет» порталында жас ақын Файзолла Төлтайдың осы аударма саласына қатысты «Қиянат үстіне құрылған тәрбие жайлы деконструкциялық оқу» деген тамаша мақаласы жарыққа шықты. Бұл жердегі басты мәселе Файзолла Төлтай жазған (la cigale) цикада – «әйел» шегіртке хақында емес, тәржіманың көзге көрінбей, санаға сезілмей тұрған тағы бір белдеуінің бар екендігі. Әрине, мақалада көтерілген мәселенің бәрі де дұрыс. Сол белдеудегі біз айтпақ болған дүние мынау еді. Ең басты мәселе түпнұсқа сүрлеуінен ауытқыған тәржіма авторларының өзара айырмашылығы емес, бұдан да маңызды мәселе (la cigale) цикада ұрғашы шегірткесінің ана тіліміздегі дербес атауының болмауы дер едік. Есесіне төл атаудың жоқтығынан аударма мүлде басқаша сипат алып, басқа бағдарға түсіп кеткен (Енді әншейінде қазақ тілі әлемнің ең бай, ең жауһар тілі деп кеуде соғып жүретін шіркіндер бұған не деп бәтуа айтар екен).
Демек, бұл аудармадан гөрі тіл аямыздың тым тар екенін, сол тілден түзілетін мәдени кеңістігіміздің де әлсіз екенінің нақты көрсеткіші емес пе? Кемшілікті мойындау – кісіліктің ісі. Біз бұл жерде зоология, оның ішінде жәндіктердің жынысы мен тіршілігін зерттейтін энтомология ғылымындағы алуан түрлі түсініктер мен атаулардың әлі күнге дейін әдеби тіл айналымына түспегенін айтып сөз шығындамай-ақ қоялық.
Бұл бір аударма барысында ғана ашылған шындығымыз болса, әлі де сақал- мұртына ұстара тимеген тәржіма саласындағы тоқсан тоғыз білместігіміз турасында не айтуымызға болады.
Тілде дербес атауды білдіретін сөз жоқ болса, демек ол туралы ұғым да жоқ деген сөз. Біздің бүгінгі тіл аямыз бен мәдени өреміз кімдерден қалыс, оны оңалту үшін не істеуіміз керектігін көрсететін бір ғана ұлы тәжірибе болса, ол тәржіма деп отырғанымыздың себебі де осы.
ӘЛЕМ ҮШІН «ХОМО СОВЕТИКУС» ҰҒЫМЫ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК АТАУ БОЛСА, ОЛ БІЗ ҮШІН САНАМЫЗ БЕН БОЛМЫСЫМЫЗДЫ ТҰМШАЛАҒАН ТОЗАҚ ПЕН ТҮРМЕ БОЛУҒА ТИІС.
Ең әуелі, бізге осы тозақтан тезірек құтылу қажет. Тәржіманы тек орыс тілінен жасау бұл дөңгелек дүниеге орыстың көзімен ғана қарау құлдығын да көрсетеді. Бұл не десек те «хомо советикус» жетегінде мұрынын тескен тайлақтай болып мәңгілік жүре береміз деген қатерлі ұйғарымға жақын. Осы орайда орыс идеологиясының патшалық әм советтік манипуляциясы мен экспанциясында түзілген байырғы қазақ мәтіндеріне де басқа ракруста қарап, жаңа сана қабатында тәпсірлеудің мезеті туды. Бұл, керек десеңіз Абайға да бас шұлғып ессіз еміне бермей, абайлап қарау көзарасы мен иммунитетінің керек екендігін көрсетеді. Қандай еңбекті болсын өз түпнұсқасынан тәжімалап, біздегі жоқ түсініктер мен атауларға жедел есім иелендіріп, ғылыми айналымға түсіру – өркениет көшіне ілесудің ең шешуші жолы.
Кешегі колониялық мәтіндер мен бүгінгі постколониялық «сандырақтаулар» мен «ұйқысұраулар» мазмұнынан ұлтты сауықтырудың төте жолы да осы талпыныстар деп түсінеміз.
Жалғасы бар…