
Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парад өтті. Бұл еліміздің тарихындағы ең ауқымды әскери шеру ретінде есте қалды. Парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрінен 4 000-нан астам әскери қызметкер қатысты. Сонымен қатар, 200-ден астам заманауи әскери техника мен қару-жарақ, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ көрсетілді.
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылды. Бұл күн Қазақстанның әскери дербестігі мен егемендігінің символы ретінде 2012 жылдан бастап мемлекеттік мереке болып бекітілді. Қарулы Күштеріміз құрлық, әуе және теңіз әскерлерінен тұрады. Содан бері еліміздің әскери қызметшілері Біріккен Ұлттар Ұйымының, Ирак, Ливан, Батыс Сахара және Голан биіктігі сияқты аймақтардағы бітімгершілік миссияларына қатысып, халықаралық қауіпсіздікке үлес қосып келеді.

Астанадағы ең алғашқы әскери парад 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруден басталған-ды. Содан бері елордада бірнеше рет әскери парад ұйымдастырылып, еліміздің әскери әлеуеті мен жауынгерлік рухы паш етіліп келеді. Биылғы парад осы дәстүрдің жалғасы әрі жаңа белесі болды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен бұл реткі парадқа 4 000-нан астам әскери қызметкер, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ қатысты. Шеруге Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жұмылдырылды. Әр шеру құрамында 156 әскери қызметкер сап түзеді. Парад соңында 300 музыканттан тұратын біріккен әскери оркестр дефиле жасап, мерекелік іс-шараны қорытындылады.

Парадта алғаш рет механикаландырылған колонналардың сапын «Бук», «Тор» зенитті-ракета кешендері, «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» дөңгелекті ұрыс машиналары, минаны залалсыздандыратын роботтары бар арнаулы автокөліктер толықтырды. Бұдан бөлек, қауіпті аймақтар арқылы 17 адамға дейінгі жеке құрамды тасымалдауға қабілетті «Урал ВВ» арнайы машинасы да ұсынылды. Сондай-ақ, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындары шығаруды жоспарлап отырған ұрыс машиналары, роботтандырылған қайық және ұшқышсыз басқарылатын ұшу қондырғылары таныстырылды.

Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздары алаңға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және Жеңіс Туының тарихи көшірмесін алып шықты. Бұл Қызыл ту – 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстаг төріне тігілген ұлы жеңістің рәмізі. Бұл – Қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев пен оның қарулас серігі Григорий Булатовтың қолымен тарих бетіне жазылған батырлықтың нақты куәсі.

Қошқарбаевтың сол күнгі қадамы – жауынгер рухының биігі еді. Ол Жеңіс Туын алғашқылардың бірі болып тіккені үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1999 жылдың 7 мамырында Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, оның есімі мәңгілікке ұлттың жадында қалды.

Парадта сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз!», – деді.

Өткен жылы Президенттің Жарлығымен «Айбын» орденінің үш дәрежесіне халқымыздың біртуар перзенттері – Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілген болатын. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсеткен 110 қазақстандық жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған.

Парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық түрінен 4 000-нан астам әскери қызметкер қатысты. Олардың қатарында әйел әскери қызметшілер де болды. Сонымен қатар, парадқа ел өңірінен алты соғыс ардагері келіп қатысты. Мерекеде майдангерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Парадқа құрметті қонақ ретінде халық қаһармандары, соғыс батырларының ұрпақтары мен қазақстандық ғарышкерлер шақырылған. Атап айтқанда, Мұхтар Алтынбаев, Сәт Тоқпақбаев, Бақытжан Ертаев, Қайрат Үмбетов, Азамат Жұмаділов сынды халық қаһармандары, соғыс батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова, Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, сонымен қатар қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов әскери парадты тамашалады.

Астанадағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад – еліміздің әскери қуаты мен жауынгерлік рухының көрінісі ғана емес, тарихымызды ұлықтау мен болашақ ұрпаққа өнеге көрсету. Бұл парад өткен мен бүгіннің, ерлік пен бейбітшіліктің, жауынгерлік рух пен ұлттық бірліктің тоғысы болды.