
Ғасырларға созылған тарих бойы қазақ сарбаздарының аты алыстарға тарап, олардың соғыс өнеріндегі ерекше шеберлігі, әсіресе ат үстіндегі жауынгерлік қабілеті мен мергендігі аңызға айналған.
Қазақтың көшпелі өмір салты, үнемі ат үстінде жүріп, садақ, найза және мылтықты еркін меңгеруі олардың жауынгерлік қабілетін шыңдай түсті. Қазақ батырларының садақ тартудағы асқан шеберлігі ортағасырлық деректерде жиі айтылады. Хандар мен батырлар ұрыста нысананы көздеп атуды ерте жастан үйренген. Қазақтың жауынгерлік өнері XVIII ғасырдағы жоңғарларға қарсы күресте, XIX ғасырдағы Ресей отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістерде айқын көрінді.
XX ғасырдағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да қазақ халқы өздерінің жауынгерлік дәстүрін жоғары деңгейде көрсетті.
Қазақ мергендерінің ерекше сабырлығы мен көзінің өткірлігі туралы аңыз-әңгімелер ел арасында көп тараған. Бүгінгі мақаламыздың да кейіпкері сондай атақты қазақ мергендігінің көрнекті өкілі туралы болмақ.
Суреттегі күліп тұрған бұл кісі – Екінші Дүниежүзілік соғыстың ең таңдаулы мергені, атақты снайпер, 1077-інші (кейіннен 30-ыншы гвардиялық) атқыштар полкінің, 8-інші гвардиялық атқыштар дивизиясының, Калинин майданының жауынгері, гвардия аға сержанты Төлеуғали Насырханұлы Әбдібеков (1916-23.02.1944). Қолында СВТ-40 винтовкасы.
Тарихи фотосурет туралы РФ goskatalog.ru сайтынан, оның ішінде «Орталық майдан, 1942-1943 жж., Совет құрлық әскерлері» санаты бойынша табылды. Түсірілген уақыты: 1942 жыл. Авторы Владимир Гребнев. Қазақстан ФБ сегментінде алғаш рет жарияланып отыр.
Фотосуретте қазақтың әйгілі снайпері Төлеуғали Әбдібеков табиғи ортада, әскери міндетін атқару кезі бейнеленген. Ол арнайы маскировкамен жабдықталған әскери дулыға киіп, жасырын түрде жерге жатып, алға бағытталған винтовкамен нысананы көздеп жатыр. Оның жүзінен батылдық пен сенімділік сезіледі, сондай-ақ күлімсіреген келбеті жауынгердің рухы биік екенін көрсетеді. Қоршаған ортада өсімдіктер мен бұталар көп, бұл оның жақсы жасырынғанын және снайперлік міндетін орындауға дайын екендігін білдіреді.
Бұл – тарихи портреттік сурет батырдың майдан даласындағы ерлік әрекеттерін көрсететін құнды құжат.
Фотосуреттегі Төлеуғали Әбдібеков қолындағы қаруы – СВТ-40 (орысша ғылыми атауы «Самозарядная винтовка Токарева образца 1940 года») винтовкасы. Бұл қарудың сипаттамасына үңілейік.
Атауынан белгілі болып тұрғандай, Совет Одағында 1940 жылы қару құрастырушы Фёдор Васильевич Токарев жасаған. Атақты Калашников автоматы пайда болғанға (1947) дейін соғыста осы винтовканы көп қолданған. Жартылай автоматты винтовка, 7,62×54 мм патрондарымен оқталады. Бір басқанда бір оқ атады, алыс қашықтықтағы жекелей көздеп ататын қару ретінде қолданылады. Тиімді ату қашықтығы: 500-800 метрге дейін, снайперлік нұсқасында оптикалық көздеуішпен 800 метрге дейін тиімді.
Винтовканың оқ-дәрісі 10 патрондық алмалы-салмалы магазинмен жабдықталған. Жалпы ұзындығы: шамамен 1226 мм. Салмағы: шамамен 3,85-4 кг (оқсыз). Винтовканың құрылысы күрделі, техникалық қызмет көрсету мен тазалауды жиі қажет етеді.
Фотода қарудың оптикалық көздеуіші анық көрінеді, бұл оның снайперлік мақсатта қолданылғанын дәлелдейді. Винтовканың алдыңғы бөлігі өсімдіктер арасынан анық байқалады, ал снайпердің ұстанымы қаруды тұрақты әрі сенімді ұстап тұрғанын көрсетеді. СВТ-40 қаруы соғыс жылдары Совет армиясының таңдаулы мергендерінің арасында кең таралған еді. Соның біреуін даңқты мерген Төлеуғали Әбдібеков мығым ұстап, кезекті «жемін аулауға» дайын отыр.
Енді басынан бастайық.
Совет армиясының даңқты мергені Төлеуғали Әбдібековтің есімі майдан даласында аңызға айналып, жаулары оны қорқынышпен «Қара ажал» деп атап кеткен. Оның майдандағы ерлігі үш мәрте Совет Одағының Батыры атағына лайық болса да, сол кездегі саясаттың салдарынан атақ берілмей қалған еді.
Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысының Жарма ауданында Әбдібек Насырханның отбасында дүниеге келген. Бұл кезеңде ел ішін азамат соғысы шарпып, ауылдар мен даланы қызылдар, ақтар мен қарақшылар кезіп, елді аштық пен қиындыққа ұшыратқан еді. Әбден күйзелген қазақ даласында ауру-сырқау көбейіп, халықтың біразы туған жерінен босып кетуге мәжбүр болған.
Насырхан ата туған жерін тастамай, аңшылықпен айналысады. Ұлы Төлеуғалиді де жастайынан мергендікке баулып, қиыншылыққа шыдауға, олжасын сабырмен аңдуға үйретеді. Осылайша Төлеуғалидың аты бала кезінен-ақ мерген әрі шебер ізкесуші ретінде айналаға жайылады.
1932 жылы туыстарының шақыруымен Төлеуғали оңтүстік Қазақстанға көшіп барып, «Пахта-Арал» совхозында мақта өсіруші болып жұмыс істейді. «Пахта-Арал» совхозында стахановшы ретінде 12 рет сыйлыққа ие болған екен.
Осы жерден әскерге шақырылып, Қиыр Шығыста, Хабаров өлкесінде әскери борышын өтейді. Әскери қызметте ерекше қабілетімен көзге түсіп, нысанаға дәл тигізу жарыстарында үнемі үздік шығады. Әскерден оралған соң бұрынғы жұмысын жалғастырады.
1941 жылы Совет-герман соғысы басталып, 1942 жылдың мамыр айында Төлеуғали бастаған бір топ жас жігіттер Калинин майданына аттанып, Панфилов атындағы даңқты дивизияға түседі.

Командирлердің шешімімен Төлеуғалиға оптикалық көздегіші бар мергендік винтовка беріліп: «Сен енді адамдарға емес, олардан әлдеқайда қауіпті әрі айлалы жауларға қарсы соғысасың», – дейді. Төлеуғали: «Менің қолым мықты, көзім қырандай өткір, жауым соны біліп жүрсін», – деп жауап берген екен.
Майдандағы алғашқы қиын күндерден бастап-ақ ол асқан мергендігімен ерекшеленеді. Бірде стратегиялық маңызды биіктік үшін бір апта бойы кескілескен ұрыс жүріп жатады. Осы ұрыста Төлеуғали 19 жау әскерінің көзін жояды. Немістер қарсы шабуылға шығып, 25 сарбаз тура Төлеуғали жасырынған окопқа қарай беттейді. Жалғыз қалғанына қарамастан, батырдың қолы қалтырамады. Ол бірінен соң бірін дәлдеп атып, 25 сарбаздың 23-ін өлтіреді. Қалған екеуі ғана әрең қашып құтылады.
Жалғыз өзі бүтін бір взводты жойған мерген дереу келесі биіктікке шайқасып жатқан жолдастарына көмекке ұмтылады. Онда тағы да 12 жауды өлтіреді. Осылайша бір күннің ішінде Төлеуғали 35 фашистті жер жастандырады. Бұл ерлік туралы хабар бүкіл Калинин майданына жайылып, оның даңқын одан әрі арттыра түседі.
Тағы бір мысал. Холм қаласы үшін болған шайқаста бірінші күні-ақ 17 жауды, екінші күні бүлінген танктің ішінен 58 жауды жойып, үшінші күні қарсы шабуылға шыққан немістерге төтеп беріп, тағы 29 фашистті өлтіреді.
3-нші екпінді армияның Әскери кеңесі Төлеуғалиға арнайы құттықтау телеграммасын жібереді: «Қымбатты жолдас Әбдібеков Төлеуғали! Великие Луки түбіндегі шайқастарда 87 немісті жойып, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіңді дәлелдедің. Неміс басқыншыларын жою жолындағы ұлы ісіңе бұдан әрі де сәттілік тілейміз!»
1942 жылдың қыркүйегіне дейін ол 102 немісті, қазан айында 125 немісті, ал жылдың соңында 219 немісті өлтірген болатын. Жинақтап айтар болсақ, майдандағы алғашқы 6 айдың ішінде 227 жау әскерінің көзін жойды.
Оның даңқы бүкіл Совет Одағына тарады. Туған ауылынан келген хатта совхоз директоры: «Сенің ерлігіңді радиодан тыңдап, сенімен мақтанамыз. Жауды аяусыз жой, гвардиялық есебіңді үздіксіз арттыра бер!» – деп жазған еді.
«Комсомольская правда» газетінің арнаулы тілшісі С.Крушинский 1942 жылғы 20 қараша күнгі «Гвардияшылар намысы» атты репортажында Калинин майданындағы Панфилов атындағы гвардиялық дивизияның мергендері арасындағы бір оқиғаны баяндайды. Бұл шағын оқиға арқылы автор жауынгерлердің моральдық, рухани сапасын, намыс пен жауапкершілік сезімін алға шығарып, жауынгерлердің бойындағы жауынгерлік міндетке адалдықты көрсеткен.
Майдан шебіне жақын жерде гвардияшыларға жаңа снайперлік винтовкаларды табыстау рәсімі өтеді. Винтовка табыстау кезінде үздік мерген Төлеуғали Әбдібеков сөз алып, өзінің жолдасы, жауынгер Н.-нің соңғы кездері снайперлік міндетін лайықты орындамай жүргенін сынға алады.
Н.Әбдібековтің соңғы кездері ешбір жауды жоймағанын, тіпті шайқас алаңында ұйықтап қалғанын айтып, оған жаңа винтовканы бермеу керек екенін айтады. Бұл ұсыныс қабылданып, жауынгер Н.-ға жаңа винтовка берілмейді.
Автор Әбдібековтің бұл әрекетін оның жауапкершілігі мен әскери намысының жоғары екенін дәлелдейтін эпизод ретінде келтіреді.
«Төлеуғали Әбдібековтің сөздерін бәрі құрметпен қабылдайтын, себебі ол – Панфилов атындағы гвардиялық дивизияның ең үздік снайпері еді. Оның жауға қарсы дәл атқан 208 оғы гвардиялықтардың мақтанышы болатын. Әбдібековтің мергендігін келесі мысалдан-ақ байқауға болады. Бірде оқу-жаттығу кезінде көздеу нысанасы қойылды. Әбдібеков оған бір қарап:
— Бұл нысана мен үшін тым үлкен. Міне, нысананың үстінде торғай отыр, мен үшін нағыз нысана осы, – деді.
Ол атты. Нысананың үстінен торғайдың қауырсындары ұшты», – деп жазады С.Крушинский.
Мақалада Т. Әбдібеков бейнесі Панфилов дивизиясының ең үздік мергені, жауынгерлік жауапкершілігі өте жоғары, намысты жауынгер, оның 208 дұшпанды жойған ерлігі дивизия мақтанышы ретінде дәріптеледі. Оның «нысана тым үлкен, мен торғайды атамын» деген сөзі арқылы автор Әбдібековтің асқан мергендігін, батылдығын көрсетеді.
Тіпті өзіне де жаңа винтовканы алудан бас тартып, ескі винтовкасымен қалғанды жөн көреді. Бұл әрекеті арқылы да намыс пен жауынгерлік рухтың қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.
Ресейлік «Тунгус» фильміндегі тиінді дәлдеп атып түсіретін мергеннің (Т. Байсақалов) эпизоды шынымен де қазақтың әйгілі мергені Төлеуғали Әбдібековтің жоғарыда аталған әйгілі ерлігіне өте ұқсас. Екі жағдайда да батырлар нысананы кәдімгі жаттығу нысанасынан тым үлкен санап, оның орнына шағын, қозғалыстағы кішкентай тірі нысананы (торғай, тиін) дәл көздеп, атып түсіреді.
Шындығында «Тунгус» фильміндегі бас кейіпкердің бейнесі совет снайпері Семен Номоконовтың өмірінен алынған. Сыртқы келбеті мен ерекше мергендік қабілетінің арқасында майдандастары оны «Тунгус» («Орман адамы») деп атап кеткен. Ол ұрыста ерекше тактикаларды қолданып, жауды сескендірген.
Соғыс туралы көркем фильмде оны медициналық-санитарлық батальонға бөліп, снайпер қыздардың жанында жүреді. Осы бөлімде 500 қадам қашықтықтан винтовкамен қалта сағатына дәл тигізетін солдат бар екенін естіген генерал Пипченко өз бөлімшесінде «Тунгусқа» сынақ тапсыртады: 500 қадам жерден шағын ет қалбырына дәл тигізу қажет. «Тунгус» лезде-ақ атады, бірақ әлгі қалбырға тимейді. Генерал мен офицерлер қатты қапаланады. Олар: «Сен қайда аттың?» – деп сұрайды. Сонда Тунгус: «Орманға аттым. Тиінге. Көзінен дәл тигіздім», – деп қуақылана жауап береді. Тунгус қалбыр тұрған жерге ары қарай жүгіріп барып, дәл басына оқ тиген тиінді әкеледі. Осылайша Тунгус-Миша Кононов тәжірибесіз қыздарға снайперлік өнерден нұсқаушы болады да, майдан даласындағы жорығын жалғастырады.
Мерген Семен Номоконов Совет армиясының Солтүстік-Батыс майданының 3-нші екпінді армиясының құрамында соғысқан. Оның соғыста жаудың 368 сарбазы мен офицерінің көзін жойғаны туралы деректер баршылық.
1944 жылдың 23 қаңтарында Төлеуғалидің жақын досы Григорий Постольников ерлікпен қаза табады. Оның өлімін ауыр қабылдаған Төлеуғали досының бейіті басында тұрып былай ант береді: «Құрметті досым, мен – сенің қазақ бауырың Төлеуғали, сенің кегіңді жаудан еселеп қайтарамын. Қазірдің өзінде 393 жауды өлтірдім, бұл есепті екі-үш есе арттыруға ант етемін».
1944 жылғы қыстағы шабуыл кезінде мерген ауыр сырқаттанып жүрсе де, ұрыс алаңынан кетпеді. 23 ақпанда кезекті неміс снайперімен болған жекпе-жекте жау оны бірінші болып атып жаралайды. Өлімші болып жараланған Төлеуғали соңғы оқпен дұшпанын да өлтіріп үлгереді. Бұл оның 397-нші және соңғы құрбаны еді...
Төлеуғали Әбдібеков Совет-герман соғысы кезіндегі ең атақты мергендердің қатарында алдыңғы орындарды алады. Совет армиясы мергендерінің ресми емес рейтингінде ол 5-нші орында тұр.
Совет армиясының ең атақты мергендері (ЖИ көмегімен жасалған кесте):
№ | Есімі
| Жойған жау саны | Ұлты |
1 | Михаил Сурков (тобымен) | 702 | орыс |
2 | Иван Сидоренко | +500 | орыс |
3 | Николай Ильин | 494 | орыс |
4 | Иван Кульбертинов | 487 | якут |
5 | Төлеуғали Әбдібеков | 397 | қазақ |
6 | Фёдор Охлопков | 429 | якут |
7 | Василий Голосов | 422 | орыс |
8 | Степан Петренко | 422 | украин |
9 | Людмила Павличенко | 309 | украин |
10 | Василий Зайцев | 242 | орыс |
Бұл адамдардың бәрі де совет армиясының тарихында ерекше құрметтеледі. Бірақ олардың арасында Төлеуғали Әбдібековтің орны бөлек, себебі оның ерлігі Қазақстан мен жалпы түркі халықтарының мақтанышына айналды.
1944 жылдың 23 ақпанында Төлеуғали Әбдібеков алған жарақатынан госпитальда қайтыс болып, Калинин облысында жерленді. Оның ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы және Ленин ордендерімен марапатталған. Бірақ ағасы Кемелбайдың (жазушы Айгүл Кемелбаеваның атасы) репрессияға ұшырағаны үшін ол Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, атақ берілмеді...
Шындық жолынан жаңылмаған Төлеуғали өзінің анкетасында ағасы Кемелбайдың «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшырағанын жасырмай жазғанына ғана бола, қандай ерлік көрсеткеніне қарамастан, тиесілі жоғары награданы бұйыртпаған.
Жауынгерлік ерлігі үшін, атап айтқанда, 395 жау солдаты мен офицерінің көзін жойғаны және 32 снайперді тәрбиелеп шығарғаны үшін қайтыс болғаннан кейін Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ берілмеді.
Өз халқын сүйген батыр жауынгер Төлеуғали Әбдібеков өмірінің соңына дейін панфиловшы-гвардияшы атын мақтан тұтты. Ол өзінің гвардиялық туын сүйіп: «Мен гвардияшымын. Осы ту астында жеңіске жеткенше соңғы демім қалғанша шайқасамын», – деген еді.
Төлеуғали Әбдібековтің жауынгерлік қаруы №2916 ТВ винтовка деп аталған. Бұл винтовка – қарапайым қару емес, совет жауынгерлерінің қайтпас қайсарлығының, ерлігі мен батырлығының символы ретінде тарихқа енген ерекше жәдігер.
Бұл қарудың толық атауы – №2916 ТВ (Төлеуғали винтовкасы). Ол әйгілі советтік Мосин винтовкасының оптикалық көздегіші бар арнайы снайперлік моделі (7,62 мм) болатын. Дәл осы винтовкамен Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның үздік мергені Төлеуғали Әбдібеков жаумен шайқасып, жеке өзі 397 фашистің көзін жойған. Осы қарумен жасалған ерліктер туралы әңгімелер бүкіл майдан даласында аңызға айналып, неміс әскерлері арасында «қара ажал» деген қорқынышты атау алған.
Мүлт кетпес мергеннің қайғылы қазасынан кейін осы даңқты қару ең жақын әрі үздік шәкірті – гвардия жауынгері Аширали Османалиевке тапсырылды. Османалиев ұстазының ісін абыроймен жалғастырып, осы винтовкамен тағы 128 жауды жойды.
Кейіннен, 1944 жылы 8-нші гвардиялық дивизияның құрылғанына үш жыл толуына орай арнайы делегация Қазақстанға келіп, №2916 ТВ винтовкасын және оның «жауынгерлік төлқұжатын» Қазақ ССР-іне тапсырды. Қазір бұл тарихи жәдігер Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы тұр.
Әбдібековтің ерлігі – Отанға деген шексіз махаббаттың, нағыз жауынгерлік рух пен патриотизмнің нақты дәлелі. Оның есімі халық жадында сақталып, кейінгі ұрпақ үшін батырлықтың өлшеміне айналды.
Бүгінгі ұрпақ Төлеуғали Әбдібековті толық тани бермеуі мүмкін, бірақ оның ерлігі мәңгілік үлгі болып қалатыны сөзсіз. Батырдың өмір жолы мен ерліктерін жастарға таныту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Оның ерлігі қазақ халқының қайсар рухын, жауынгерлік намысын танытқандықтан, ұрпақ үшін тағылымы мол.

Қорыта айтқанда, Төлеуғали Әбдібековтің тарихи ерлігі – соғыс даласында өшпес із қалдырған батырлықтың шынайы көрінісі. Оның ерлігі біз үшін өткеннен өнеге алып, ертеңгі күнге батылдықпен қадам басуға үндейді. Қазақ халқының осындай батыр ұлдарының өмірі мен ерліктерін есте сақтау арқылы ғана біз болашақ ұрпақтың бойында шынайы патриоттық сезімді қалыптастыра аламыз.