Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Астана Опера» XI театр маусымын ашты

1122
«Астана Опера» XI театр маусымын ашты - e-history.kz

Жаңа маусым «Абай» операсымен ашылды. «Астана Опера» театры осыдан 5 жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған еді. «Астана Опера» театрының бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев журналистерге сұхбат беру барысында жаңа маусымды «Абайдан» бастаудың себебін түсіндірді.

- «Астана Операның» XI театр маусымының ашылуын қандай көңіл-күймен қарсы алып тұрсыз?

- Біздің театрдың жаңа маусымы ұлттық классикалық шедевр, біздің ұлы классиктер Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашылуы заңдылық деп есептеймін. Бұл көп қырлы өнер туындысы. Өте қызықты оқиғасы, керемет музыкасы, адамды баурап әкететін сюжетінен бөлек,  он тоғызыншы ғасырдағы қазақ тұрмысын барынша шынайы көрсететін шығарма ретінде озық дүние. Үшінші актіде қазақ даласында өтетін той көрінісі керемет салт-дәстүр  ретінде көрсетіледі. Бұл өте әдемі. Шын мәнінде бүгін бізде мереке. Өнердің, опера театрының мерекесі. Бұл жаңа кезеңнің көрінісі, өнердің мерекесі деуге болады, театр күні кеше ашылғанына қарамастан, өте жақсы жетістіктері көп, көрерменмен өзара ынтымағы көрінеді.

 Мен өзім бұл 11 маусым дегенді былай түсінемін – маған кішкене кезімде анам айтатын, «4-класқа барасың, сол кезде есеп беретін боласың» дейтін. Бұл да сондай нәрсе ғой, біздің есеп беруіміз секілді. Алғашқы кезден бастап біз өзімізге жауапкершілікпен қарауды үйрендік. Жаңа маусымның «Абаймен басталуына» келсек, театрдың алдына қойған мақсаты – ұлттық өнерді қолдау. «Абай» операсы біздің ең бір алдыңғы қатардағы өнер туындымыз. Біз оны шетелде де көрсеттік, ол әруақытта көрермен ықыласына, қолдауына ие. Бұл символикалық жағынан да зор мағыналы, төлқұжатымыз саналады, сонымен  бірге біздің жанымыздың өлшемі, жан қуатымыздың жоғары деңгейі іспеттес. Ғажайып музыкасы, жоғары нотасы бар. Бұдан әрі қарай да өте қызықты премьералар болатыны анық, бірақ, «Абай» әруақытта басты орында. Біз Абайды оқыған сайын ең бір таза асыл ойларға, қуат көзіне оралып отырамыз. Бізге керегі осы жол екенін анық түсінеміз.

- Дәл қазіргі уақытта маңызды деген жұмыстарға үлкен дайындықтар жүріп жатқан шығар?

- Ағымдағы жұмыстар бар, олардың бәрі өңдеуде. Ылғи да үздіксіз еңбекті қажет ететін жұмыстар тек менің емес, жалпы ұжымның міндетінде тұрады. Солистердің сабағы, оркестрдің дайындық жұмыстары толастамайды. 14 қазанда Бетховеннің V симфониясына дирижерлік етемін. Классикалық музыкалар ішіндегі ең танымал шығарманы Астана Опера оркестрі арқылы, оркестрдің мүмкіндігін, шеберлігін көрсете отырып, анық жарқыратып танытуға болады деп есептеймін. Кез-келген спектакльде оркестр оның жүрегі, қозғаушы қуаты іспеттес. Тамыр соғысын бере алады. Біз сахнада өнер көрсетеміз.Танымал дарын иесі Әли Бейсенбаев Шопенді ойнайтын болады. Бұл өте әдемі қойылым болмақ. Әли Бейсенбаев та үлкен жұлдыз. Пианистік мектептің тұңғыш жүлдесін алған өнерпаз. 

 

- Сіздердің репертуарларыңыз негізінен классикалық дүниелерден тұрады, солай ма?

- Біз Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазысымен» өткен маусымды жапқан едік, алда да классикалық репертуарды жалғастырамыз. Біздің театрымыз классикалық бағыттағы театр. Классика әрқашанда үздік үлгі болып қала береді. Біз келешектің игілігі үшін үшін Россиниді, Чайковскийді ойнаймыз, кейінгіге осыны бергіміз келеді. Алдағы уақытта қаншама жұмыстар тұр, олардың көпшілігі XX  ғасырда керемет композиторлар жазып қалдырған ғажайып туындыларға қатысты. Театр музей емес, ол әруақытта өсіп, өркендеуге тиіс жанды өнер. Айталық, Абайға келсек, әркімнің өз Абайы бар, жас кездегі Абайың басқа, есейгенде танитын Абайың бөлек, Абай -  мәңгілік. 

- Мысалы, мен алғашқы үлкен полотноларды берген кезде оны басқаша орындаған болсам, ал уақыт өткенде оған мүлдем басқа жағынан келесің, оның жанды мәтін екенін түсіне бересің. Адам есейген сайын оның ойлау көкжиегі, толғанысы да өзгереді. Мұның бәрі әуен, әуез, үндесім арқылы беріледі. Мысалы, жыл сайын 14 ақпанда «Ромео-Джульетта» қойылады, оған да халықтың ықыласы суыған емес. Классиканың сиқыры мен мәні сонда. Театрдың басты парызы да сонда, классиканы ұсына отырып жаңа ойлар айту.

- Соңғы жылдары көрерменнің қабылдауы қалай, өзгеріс байқала ма?

- Көрерменннің қойылымдарды –бұрынғыдан жақсырақ түсіне бастағанын байқаймын. Тіпті қол соғуға болмайды десе де бұны құп көремін. Себебі бұл эмоция, өнерге деген ілтипат. 

 

Жарқыраған еңбек

Бұдан әрі «Астана Опера» өнерсүйер жұртшылық асыға күткен жаңа маусымын залға лық толы жиналған көрермендердің зор қошеметімен ашты. 

Әйгілі баритон Жанат Шыбықбаев басты партияны вокалдық және актерлік жағынан  керемет алып шықты. Ал Абайдың шәкірті Айдардың ролін танымал тенор Мейір Байнеш орындады. Ол өз кейіпкерінің эмоционалдық жағдайын ашып көрсетіп, оның ішкі уайымын жеткізе білді. Тамаша сопрано Айгүл Ниязова Ажардың рөлінде актерлік шеберлігін көрсетті. Қарлығаштың партиясын Татьяна Вицинская шебер орындады. Көкбайдың рөлінде сахнаға дарынды әртіс Ержан Саипов шықты. Болат Есімханов Сырттанның, Талғат Ғалеев Жиреншенің бейнелерін сомдады. Әзім – Бейімбет Таңарықов, Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес –  Хайдар Мұстапин. 

Екі жастың тыйым салынған махаббат хикаясы залда отырғандардың көбін тәнті етіп, таңдай қақтырды. Ғашықтардың романтикалық сезімдері мәңгілік адами құндылықтар тұжырымдамасымен тығыз байланысқан. Қорытынды сахнада тыңдармандар көз жастарына ерік беріп, әртістердің шеберліктеріне тік тұрып қол шапалақтады.

– Бізге әрдайым «Абай» операсының бір ғана пайымдамасы бар секілді көрінетін, алайда «Астана Операның» қойылымы олай емес екенін көрсетті. Тыңдармандарға Қазақстанның тәуелсіз опера өнері рухындағы интерпретация ұсынылды. Ең алдымен, оркестрдің әуелеген керемет үнін атап өткім келеді, бұл маэстро Алан Бөрібаевтың еңбегі екені сөзсіз. Қоюшы дирижер партитура мәтінімен көп әрі тыңғылықты жұмыс істеген, сондықтан композиторлардың ұлттық фольклордың үнін, Абайдың төлтума әуенін өзіне сіңірген кемеңгер музыкасы шын мәнісінде әсер етті, онда терең драматургия көрініс тапқан. Менің ойымша, қойылымның жоғары деңгейі жарқын кейіпкерлер шоғыры мен ұлттық жауһарға деген жаңа көзқарастың арқасында көрініп тұр, «Абай» операсы әлемдік классиканың мәңгі өшпес туындыларымен сөзсіз бір қатарда тұра алады, – деді Талғат Ибраев есімді көрермен спектакль аяқталғаннан кейін әсерлерімен бөлісе отырып. 

Хормен жұмысты театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов жүзеге асырды. Қоюшы балетмейстерлер – Тұрсынбек Нұрқалиев, Ғалия Бөрібаева, қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов, сценограф – заманымыздың көрнекті суретші- сценографы Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов.

Осынау ғажайып өнер туындысына, театрдың бас дирижері әрі спектакльдің қоюшы дирижері Алан Бөрібаевтың жоғары кәсіби жұмысына және барлық әртістердің тамаша орындауы патша көңіл көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды, бұл туралы өз кезегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да айтып өтті.

Спектакль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?