Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өнердің шын жанашыры

2855
Өнердің шын жанашыры - e-history.kz

«Өнер саласын реттейтін заңнама талаптарын қайта қараған абзал деп ойлаймын. Репертуарлық саясатқа үлкен мән берген жөн деп айтып жүремін. Хит жасаймын деп жазылған мағынасыз әндерді, салт-дәстүрімізге жат әрекеттерді насихаттайтын каналдарды, бағдарламаларды жапқыза алмай келеміз, соған көңілім алаңдаулы. Фонограммамен жұлдыз боп алғандар қаншама? Мәдениет министрлігі тарапынан фонограмманы реттейтін заңнама шығаруға қол жетпей келе жатқаны ойландырады. Сахна мәдениетін сақтамағандарды жазалайтын заңнама тағы жоқ, халықтан өтірік кешірім сұрап, әнін айтып жүре береді»,-дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, ҚР Үздік мемлекеттік қызметшісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Сәуле Қарабалина бізбен әңгімесінде. Өзі осы кезге дейін елуге тарта әнге сөз жазған адамның өнерді бағалап-бағамдауға қатысты ойы қанша өзекті болғанымен, әл-әзірге жағдай өзгермей келеді.

Кейіпкеріміз  Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қарабалина өнерге, жақсы әнге ықыласы бөлек, поэзияға құштар жан. Тынысы кең жақсы әншіні көрсе де, поэзияға ерекшелеу үнімен келген жас ақынды көрсе де бірдей қуанады, өйткені, шын өнерді, табиғи талантты  таниды. Танығасын да жасы кіші демей, басқа өңірдің адамы демей, нағыз өнерпазға әрдайым құрметі бөлек. 

О баста география-биология мамандығына оқуға түсіп, білім  беру ісіне көп жылын арнап, бірталай қызмет баспалдағынан өткен Сәуле Зайдағалиқызы түбі өнер саласына оралған яғни өзін тапқан адам. Өнердің шын жанашыры. Бір мысал айтайық, Сәуле Зайдағалиқызының БҚО Казталов ауданында белгілі өнерпаз Сағит Садықов құрған халық театрын қалпына келтірудегі, вокалды аспаптар ансамблінің жұмысын жолға қоюдағы еңбегін ел біледі. Бұл елдің тоқсаныншы жылдардың қиындығынан енді-енді есін жиып жатқан кезі еді, аудан халқы «Қожа» деп аталатын әзіл-сықақ театрының өнерін, «Кешкі әуен» концертін үлкен қуанышпен қабыл алды. Жиырма жыл бұрын жабылып қалған театрды қайта түлету үшін оның халықтық деген атағын қорғау керек болғандықтан астанадан арнайы келген мамандар алдында Қалихан Ысқақтың «Мазар» драмасы қойылды. Терең психологизмге құрылған қойылымның шынайылығымен әсер етіп, арнайы мамандар көңілінен шығуы үшін барын салған өнерпаздардың еңбегі де, оған режиссерлік еткен Сәуле Зайдағалиқызының да еңбегі еленді, театр қайта түледі. Сәуле Зайдағалиқызы содан бері де мәдениет саласында үздіксіз қызмет атқарып келеді. Біздің әңгімеміз жеке шығармашылыққа қатысты өрбіді.

 

- Сәуле апай, сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызды қарап шығып, өнерге, соның ішінде ән өнеріне айрықша ықылас танытып, қолдау білдіріп отыратыныңызды байқадық. Жалпы әнге деген құштарлығыңыз бала кезден байқалды ма?

- Иә, өнерді бала кезден сүйіп өстім. Мектепте оқып жүргенде мектеп сахнасына шығып домбыра тартып, ән айтып жүрдім. Өлең кітаптарын көп оқыдым, поэзияға, әдебиетке жақын болдым. 5-6 кластарда республикалық «Қазақстан пионері» газетіне мақалаларым жарияланып тұрды. Қадыр, Мұқағали ағалардың, Фариза, апайдың кітаптарын жастанып жатып оқитынмын. Ия, өнер жанашыры ретінде өнерпаздарды қолдап, олардың жетістігіне қуанып жүретінім рас, өнерпаздарға қолдау өте керек.

 

- Казталов ауданының мәдениет саласына көп еңбек сіңіргеніңізді білеміз, ауылдағы таланттардың үлкен сахнаға шығуына әсер-ықпалыңыз болған шығар? 

- Таланттарды қолдап жүремін. Мысалы, Жалпақтал ауылынан әнші-термеші Ернар Өмірәліні аудан сахнасына бірнеше мәрте әкеліп ән айтқызғанмын, ол кезде  мектепте оқитын, орындыққа отырғанда     аяғы жерге жетпейтін кішкентай бала еді, қазір облыстық филармонияның белді әншісі боп қызмет атқарып жүр. Облыстық Жастар шығармашылығы орталығында жұмыс істеп жүрген әнші Альберт Ғазизжановтың еңбек жолын Казталов мәдениет үйінде бастап, шаруашылық меңгерушісі боп жүрген кезі екен, мен бөлім басшысы болып аудан мәдениетін басқарған жылы оны әншілік қызметке ауыстырғанмын, кейін жоғары оқу орнын бітірді, еңбектеніп, сенімді ақтады. Кеңес Дүйсекеев атындағы республикалық конкурсқа қатысып, бас жүлде алған талант.

 

- Сіздің ата-анаға өте жақын, мейірбан перзент бола алғаныңыз жайында естігеніміз бар. Ақын Қайрат Жұмағалиев ағамыз осы қасиетіңізге риза болып: 

Қарағым, еліңе тән даналықпен,

Құрбыңнан ерекше боп жаралып па ең?!

Адал сүт емген перзент сендей болсын,

Сендей болсын бір перзент ана күткен!-деп ағалық ризашылығын білдірген екен. Ата-анаңыз, өскен ортаңыз  туралы да тоқталып кетсеңіз…

- Өзім Казталов ауданының Әжібай ауылында дүние келдім. Туған ауылымнан мектеп бітірдім, қарапайым отбасында тәрбиелендім.                   Ардақты әкем Зайдағали мен аяулы анам Бақыт жұмысшы болған, отбасында  5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірді, немере, шөбере, жиен, жиеншар сүйген бақытты ата-әже болды. Әкем 2001 жылы  74 жасында, анам 2007 жылы 87 жасында дүниеден озды, ата-ананың орны ешқашан толмайды екен, жүректе сағыныш қалды. Берген тәлім-тәрбиесімен, Аллаға шүкір, ел алдында абыройлы қызмет атқарып жүрмін. Мектептегі ұстаздарымның орны бір төбе, сүйікті мектеп, жаны асыл ұстаздарымнан тәлім алып, өмірге қанат қақтым.

 

- Осыгүні үлкен сахналарда айтылып жүрген біраз әнге сөз жазыпсыз, әнге сөз жазу кез келген ақын үшін оңай дей алмас едік. Әнге мәтін жазуды қашан бастадыңыз, алғашқы өлеңіңіз қайсысы? 

- Мен негізгі мамандығым бойынша ұстазбын, кейін режиссерлік мамандық алдым, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін.  Халық мені ақын деп қабылдайды. Мен ақынмын деп айта алмай жүрмін өзімді. Ақындық қасиет мамандық алу емес, адам бойына әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен берілген Алланың сыйы, табиғи дарын, қасиет деп жатады. Білмеймін, бір тылсымнан ба, ойымда осы тақырыпта өлең жазуың керек деген тілек жүреді. Жазылар өлеңдерімнің тәрбиелік мән болса екен дегенді басты орынға қоямын. 

Әкемнің немере інісі, өңірімізге танымал журналист Қабдығали Жақып ағам өлең жазатын. «Өзіме тартқан қарындасым» деп қамқорлап жүретін. Ағаға қарап өскен қарындаспын. Алғашқы өлеңдерді бауырларыма, кейін достарыма, той-топыр, туған күндерге арнау ретінде бастап жаздым.  Алғашқы өлеңім «Туған жерім» деп аталады, туған жерге арналды. «Әжібайым» деген өлеңіме әнші-сазгер, ауылдас апам Гүлбаршын Қасиетова ән жазып, ауылдың әнұранына айналды. 

Өлеңдеріме жазылған бірқатар әндерге әншілер бейнебаян түсіріп үлгерді, сахнадан шырқалып, өңіріміздің әншілерімен қоса қазақ эстрадасының жұлдыздары да орындап жүр. Белгілі әнші Серікболсын Сайлаубек екі әніме,  Жастар мәдениет сарайының әншісі Назира Хибашева «Оралым» әніме бейнебаян түсірген. 

 

- Еркін Өтегеновтың орындауындағы «Жайығым – құтты мекенім» әнін 2-3 қайтара тыңдадық, көңілден шыққан дүние болды, бұл әннің туу тарихы қалай? Алдымен сіз сөзін жазып, артынша ән шықты ма немесе керісінше ме? Әнді жазған композитор туралы да мағлұмат бере кетсеңіз.

- Рахмет! Бұл әннің тууы расымен ерекше сәт болды, Жайығым туралы өлең жазу туралы ой 2010 жылы келген. Демалыстарымда, жұмыс бабымен де сапарда көп жүрдім. Ұшақпен Оралға ұшып келген адам бірден байқайды, қала орманға оранып тұр, осындай ғажап көрінісін керемет ұнататынмын. Ұшақтан түскен сәттегі ауаның тазалығы ерекше,  кеңсіріңді ашып жібереді ғой, мұндай тазалықты сезінудің өзі көңілге қуаныш ұялатады. 

Бір күні Алматыдан танымал әнші-композитор Мақсат Жәутіков хабарласты, «Мен сіздің өлеңдеріңізді парақшаларыңыздан қарап, оқып жүремін, Жайыққа, Оралға ән арнау арманым еді, сөзін өзіңіз жазып берсеңіз» - деді. Өзінің Ескендір ағаның отбасымен араласатынын және оралдық өнерпаздар Аяна мен Мырзағұлға да ән жазып бергенін айтты.  Бірден ойыма Жайыққа арнауым  келді. Сөйтіп, осы ән жарық көріп, көрермендерге ұнапты. 

Өлеңі бірінші жазылған, әні содан кейін жазылды. Бірінші боп Еркінге тыңдаттым, тыңдаған бойда  оған керемет ұнады, осы әнге ғашық болды десем де болады, «мен өзім орындаймын» деді. Қазір мөлдіретіп орындап жүр, халықтың жүрегінен орын алды десем де қателеспеймін. Әннің өміршең болғаны жақсы ғой. 

Мақсат Жәутіков отбасымен Алматыда тұрады. Жаркентте туып өскен. Бір қызығы, шығармашылық қана емес, туыстық байланыс орнады арамызда. Менің апамның Жаркентке тұрмысқа шыққанына да елу жылға жуықтады,  қазір Әбілхан Қастеевтің туған жері Чежин  ауылында тұрады.  Мақсатпен әпке мен іні боп араласып кеттік, Жаркентке арнап екеуміз «Жазиралы Жәркентім» деп ән жаздық. Ол өзі «Тамшылар» балалар орталығының директоры, әнші, композитор, ән әрлеуші. Әндерін белгілі өнер жұлдыздары Мақпал Жүнісова, Бағдат Самединова, Серікбол Сайлаубек т.б көптеген әншілер орындап жүр. Мақсат алдымен өлеңнің сөзін алады, мәтініне үлкен мән береді, әбден жүрегінен өткізіп барып ән жазатын жақсы қасиеті бар. 

 

- Жаңылсын Хасанова орындайтын «Біз біргеміз», Нартай мен Құралай атты жас әншілер орындайтын «Аяулы анам», Сұлушаш Нұрмағамбетова орындайтын «Достарыма», Еркін Өтегенов орындайтын «Екі жүрек – бір тілек», т.б.  әндер тыңдаушылар тарапынан ықыласқа бөленген екен, яғни сіздің сөзіңізге жазылған әндерді жергілікті әншілер ғана емес, республиканың басқа өңірлерінен де орындайды. Осы кезге дейін қанша әнге сөз жаздыңыз?

- Осы кезге дейін 50-ге тарта әннің сөзін жаздым.

 

- Сіз мәтінін жазған «Жәнібек – көрікті мекенім», «Ауылдың адамдары», «Қорғаным» деген әндердің мазмұны белгілі. Ал енді осы кезге дейін мемлекеттік қызметші туралы ән болмаған сияқты. «Мемлекеттік қызметші» деген өлең жазып, оған ән шығару идеясы қалай келген?

- Мен 40 жылға жуық еңбек еттім, оның жиырма екі жылы мемлекеттік қызметке арналыпты. Алла қосса, келесі жылы зейнеткерлік демалысқа шығамын. Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы болуы керек деп есептеймін. Оның кез келген іс-әрекетінде адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімі  болу керек. Осы өлеңім елге тұтқа болар мемлекеттік қызметшіге арналды. Әр мемлекеттік қызметші антына адал болса екен ойдан туған өлең десе де болады. 

 

- Ғиззат Халесовтың «Мен сені бағалаймын», Оразалы Мақсұтовтың «Өмір-ай», Ербол Ақбасовтың  «Іңкәр жүрек»  деген әндерін жастар орындап,  тыңдап жүр, заманауи әндерге текст жазудың ерекшелігі бар ма? 

- Әлбетте! Жас композиторлардың өздерінің талабы бар. Жастар жаңашылдықты жақсы көреді, бірақ, олардың өлеңдердің мағынасынан  гөрі, ырғағына көп мән беретіні қынжылтады. «Әннің де естісі бар, есері бар» деген қазақ эстрадасындағы әндердің мәтіні мәнсіз, мағынасыз жазылып жүргендері көп. Өнер саласын реттейтін заңнама талаптарын қайта қараған абзал деп ойлаймын. Репертуарлық саясатқа үлкен мән берген жөн деп айтып жүремін. Хит жасаймын деп жазылған мағынасыз әндерді, салт-дәстүрімізге жат әрекеттерді насихаттайтын каналдарды, бағдарламаларды жаптыра алмай келетініне көңілім алаңдаулы.  Фонограммамен жұлдыз боп алғандар қаншама, Мәдениет министрлігі тарапынан фонограмманы реттейтін заңнама шығаруға қол жетпей келе жатқаны ойландырады. Сахна мәдениетін сақтамағандарды жазалайтын заңнама тағы жоқ, халықтан өтірік кешірім сұрап әнін айтып жүре береді.​

 

- Әнші Наркенже Серікбаевамен түскен суреттеріңізді көрдік, оған арнап өлең де жазыпсыз. Өзара таныстықтарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Басқа да танымал өнер иелерімен шығармашылық байланыста шығарсыз?

- Әнші Наркенже Серікбаеваны жақсы танимын. Әлеуметтік желіден өлеңдерін Қазақстанның Халық артисі Мақпал Жүнісова  жіберіп, «мына әншіні танисың ба, әндерін тыңдап көрерсің» деген. Әндерін ютубтан қарап, телефонын тауып алып сөйлесіп таныстым, содан бері араласып келемін. Оралға келген алғашқы сапарында Наурыз мерекесіндегі шараға қатыстырып, киелі сахнада шырқаған әндерімен Ақжайық өңірі халқының ақ батасын алған. Мұхит мен Ғарекең, Ескендір Хасанғалиев, Жұбан мен Қадыр туған қасиетті өлкенің құты дарысын деп тіледім. Наркенже бүгінде республиканы аралап, әр шаңырақтың қуаныштарына ортақтасып, жеке концерттерін беріп жүр. Қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісованың орны ерекше, аңыз адам Бағдат Самединованың «бауырым» дегені қуантады. Өнер жұлдыздары Индира Расылхан, Ардақ Балажанова, Гүлнұр Оразымбетова «маматай» деп араласады. Мен үшін қымбат Данагүл Темірсұлтанова, Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексен, Досымжан Таңатаров, Айгүл Қосанова, Дина Хамзина, Ақбота Керімбекова, Индира Елеубай, Айгүл Үлкенбаева және тағы басқа көптеген өнер жұлдыздарына ақ жол тілеп отырамын, өнерлерін құрметтеймін.

 

- Интернеттен «Өмір сыйы» деген әнді тауып алдық, бұл әннің де сөзі сіздікі ме?

- Иә, менің өлеңім. Қызым Индира Расылханның ұсынысымен INLOVE компаниясына арнап сөзін жазып бергенмін, әнін Индира өзі жазған. INLOVE компаниясының әнұраны.

 

- Өзіңіз өмір бойы мәдениет саласында еңбек етіп келесіз, облыста жас таланттарды қолдау жағы қалай?

- Талантты жастар – ел болашағы. Жас әншілер Максим Ержан, Алинұр Хамзинге, Мөлдір Базарбайға қолдау көрсетілді. Жалпы өңірдің жастарына  қолдау көрсетіледі. Қызметтік пәтермен қамтамасыз етіледі, марапаттаудан кенде қалып жатқан жоқ.

 

- Әңгімеңізге рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?