
Астана көшелерінің тазалауда жол жұмыскерлерінің еңбегі орасан зор. Олар күн сайын таңмен таласа тұрып, жол бойын сыпырып, қоқыс тазалап, қала тұрғындарына экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аталып өтуде. Осы атаулы жыл аясында біз «Астана Тазалық» кәсіпорынының жол жұмысшысы болып қызмет ететін Татьяна Мускиновамен сұхбаттасып, осы кәсіптің қыр-сырына үңілуді жөн көрдік.
- Татьяна Николайқызы, амансыз! Алдымен өзіңізді оқырман қауымға таныстырып өтсеңіз? Қанша жылдан бері осы салада еңбек етіп келесіз?
- Аты-жөнім – Мускинова Татьяна Николайқызы. Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Айнабұлақ ауылында дүниеге келдім. Жаңаарқаны білесіздер, тарихы терең мекен. Бір ғана жылқы мен қымыздың өзі Жаңаарқаны бүкіл Қазақстанға танытып отыр. Өзім қазақы ауылда өскендіктен, әрі қазақша білім алғандықтан, қазақшаға жақсымын. Бұл әрине таңғалатын нәрсе емес. Әрбір қазақстандық қазақ тілін біліп, туған жеріне деген құрметі ерекше болу керек. «Астана Тазалық» мекемесінде, жалпы осы салада жүргеніме 19 жыл болды. 2006 жылы осы кәсіпорынға жұмысқа келдім. Содан бері табан аудармай 20-жылға жуық қызмет атқарып келемін. 10 жылдай жол жұмыскері болдым. Одан кейін 5 жылға жуық көше тазалайтын жұмысшылардың бригадирі болдым. Қазіргі уақытта тазалық мекемесінің шеберімін (мастер).
- Жол жұмысшысының күнделікті жұмысы қандай? Қандай міндеттерді атқарасыз?

- Астанамыз күннен-күнге үлкейіп келеді. Халық саны да өсіп жатыр. Бізге берілген участоктарда көп. Әрі қаламыздың 40 пайыз бөлігінің тазалығы «Астана Тазалық» мекемесінде. Сондықтан жұмыс та көп. Әрі жауапкершілікте көп. Таңғы 4-5 ұйқыдан тұрып, жұмысқа асығамыз. Жұмыс сағат таңғы 6.00-де басталады. Қолымызға құрал-саймандарымызды қызу еңбекке кірісеміз. Алдымен қызметкерлерді участок-участокқа бөлеміз. Бірінші қоқыс жиналады. Біздерден кейін көшелерді сыпырушы екінші бригада келеді. Халық ұйқыдан тұрғанша көшелер мен даңғылдардың тазалығын ретке келтіріп, қалаға көрік бергізім қоямыз (күліп). Біздің жұмыс 2-3 ауысыммен атқарылады.
- Қай маусымда жұмысыңыз қиынырақ болады? Неге?
- Әр маусымның өз қиындығы бар ғой. Дегенмен біз үшін жұмыстың қиындығы емес, қаламыздың тазалығы маңызды. Біз төрт мезгілде де жұмыс атқарып, көшелердің тазалығын ретке келтіреміз. Қыста қар көп болады, күн суық, тіпті аязды күндерде болады. Ол уақыттарда да жұмыс атқарылады. Қыста жол жиектерінің қарын аршимыз, мұзын оямыз, қоқыстарын жинаймыз. Жеңілі жаз айлары. Дегенмен жазда қоқыс өте көп шашылады. Тазалап кеткен жерімізге, қайта келетін сәттеріміз болады.
- Жұмыс барысында қандай қиындықтарға жиі тап боласыз?

- Жұмыс барысында жоғарыда айтқандай бір жинаған көшемізге, қайта келіп жататын кезлеріміз болады. Өйткені халық қоқыстарын тастап, шылым тұқылдарын лақтырып, көшені жылдам ластайды. Біз оны жылдам тездетіп ретке келтіру керекпіз. Тіпті кейбір жастар біздің көзімізше қоқыстарды лақтырады. Ескерту жасасақ, қабыл алмайды. «Сендердің жұмыстарың, тазалауға міндеттісің» деп сазарып тұрады. Сондықтан олармен ашуға келіп, сөз ұқпайтын болса, салғыласып тұрмаймыз. Өз жұмысымызды атқарып, жөнімізге кете береміз. Бірақ қаланың тазалығы тек біздердің ғана жұмысымыз емес қой, ол әрбір қала тұрғынының экологиялық жауапкершілігі ғой. Дана халқымыз «тазалық тәртіптен басталады» деп жатады ғой. Бәрімізде қаламызды таза ұстауға ат салысуымыз керек.
- Қаланың тазалығын сақтау тұрғысында тұрғындардың мәдениеті қалай? Соңғы жылдары өзгеріс бар ма?
- Қаланың тазалығы турасында айту қиын. Шынын айтсақ, қала тұрғындары тазалықты сақтамайды. Көпке топырақ шаша алмаймыз. Бірақ қоқыстың көптігіне қарап, әлі де экологиялық сауаттылықты білетіндер аз ба деп қаласың. Жол жиектерін тазалап келе жатқанда, көліктен қоқысты лақтырып жататындар бар. Темекі тұқылдарын көп шашады. Бутылкалардың қаншама түрін кездестіреміз. Сондықтан әлі де «экологиялық сауатты» дей алмаймыз. Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы болды. Көшенің, ауланың, аймағынның тазалығы туралы билбордтар мен телебағдарлмалардан беріп жатыр. Соның арқасында азда болсын, қала тұрғындарының тазалыққа деген көзқарасы жыл санап өзгеріп келе жатыр. Бұрын қоқысты кез келген жерге тастай салатындар жиі кездессе, қазір көпшілігі қалдықты арнайы орынға (урноға) тастауға үйреніп келеді.
- Адамдардың тазалыққа деген қарым-қатынасын жақсарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Алдымен, бала тәрбиесінен бастау керек. Мектеп жасынан бастап тазалыққа, еңбекке құрметпен қарауды үйреткен жөн. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» сияқты жалпыұлттық акциялар жиі өтіп тұрса. Ақпаратандыру жұмыстары көп жүрілсе. Жастарды тазалыққа шақыратын телебағдарламалар болса. Сол арқылы қоғамды жақсы жаққа шақыруға әбден болады.
- Мекемеңізде, жалпы қоғамда жол жұмысшыларының еңбегі қалай бағаланады? Жұмысшы мамандықтар жылынан не күтесіз?
- Жол жұмысшылары – күннің ыстығында да, аязында да тынымсыз еңбек ететін жандар. Кейде бізді байқамай өтіп кететіндер көп. Бірақ соңғы уақытта қоғамда біздің еңбегімізге деген құрмет артып келе жатыр. Бұл - көңіл қуантады. Еңбек адамына деген шынайы бағалау - тек сөзбен емес, жағдай жасаумен, жалақыны әділ төлеумен және құрметпен қараумен көрінуі керек. Жұмысшы мамандықтар жылынан біз - еңбек адамдарының дауысы естіліп, әлеуметтік мәртебеміз артады деп үміттенеміз. Енді өзіміздің «Астана Тазалық» мекемесі де қызметкерлеріне барынша жағдай жасап келе жатыр. Жұмысшыларға сезонға байланысты жылы киімдер, тұрғын үйлері жоқтарға жатақхана, уақтылы медициналық тексерістер тағы басқа дегендей. Айлықтарымызды да шамалы өсіріп жатыр. Жұмыскерлерді ынталандыру мақсатында шипажайларға жолдамалар да беріледі. Үздік жұмыскерлерге сыйақылар мен алғыс хаттар беріліп тұрады. Өзіме 2020 жылы 3 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені табысталды. Одан бөлек мекеме басшыларынан алғыс хаттарда алдық.

- Жастарға жол жұмысшысы сияқты қарапайым, бірақ маңызды мамандықтар туралы не айтасыз? Кеңесіңіз бар ма?
Бүгінде көп жас тек кеңсе жұмысына ұмтылады. Бірақ елдің іргесін көтеріп тұрған - қарапайым жұмысшылар. Жол жұмысшысы - жай ғана көшелерді қоқыстан тазалау емес, қала тұрғындарына экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, таза әрі жайқалған қала мәдениетін қалыптастыру. Жастарға айтарым - қандай жұмыс істесең де, адал, таза, жауапкершілікпен атқар. Қолмен істеген еңбек - жүрекпен орындалған іспен бірдей. Сондықтан, бұл мамандықтан ұялудың еш қажеті жоқ. Қайта мақтан ететін кәсіби мамандықтардың бірі.
- Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз еселене берсін!