Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бірінші жалпықазақ съезі

4273
Бірінші жалпықазақ съезі - e-history.kz

1917 жылдың 26 шілдесі – қазақ тарихындағы айтулы күндердің бірі. Осы күні Орынбор қаласында алты күнге ұласқан жиын Бірінші жалпықазақ съезі қорытындыланып, тарихи шешімдер қабылданған болатын. Қазақ қауымы ортасында біршама жыл бойы айтылып, жазылып, талқыланып келген көптеген мәселелер осы жиында нақты талқыланып, жүйеленген. Ең бастысы – елдің ертеңі үшін алаңдайтын ұлт зиялыларының басын қосқан «Алаш» партиясы құрылды. 

Бірінші жалпықазақ съезіне Ресей империясына қарайтын қазақтар көптеп шоғырланған барлық дерлік өңірлерден делегаттар келіп қатысқан. Атап айтқанда Ақмола, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Семей, Ферғана, Бөкей ордасынан өкілдер келген.

Съездің төрағасы Халел Досмұхамедұлы, хатшылары болып Ахмет Байтұрсынұлы, Әлмұхамед Көтібаров, Міржақып Дулатұлы, Асылбек Сейітовтер сайланған. 

І Жалпықазақ съезі ХХ ғасыр басында қазақ ұлтының саяси-әлеуметтік тұрғыда жаңа белеске көтерілгенінің айқын куәсі болды. Патшалық Ресейдің боданы, бұратана аталған қазақ халқын биік аңсар-мұратқа бастау – сол заманда қалыптасқан ұлт зиялыларының мызғымас мақсаты болды және «Алаш» партиясын құру сәтіне дейін де біршама жолдардан өтті. 

Съезге қатысушылар жаңа ұлттық партиясын құратынын мәлімдей келе, оның атын қою мәселесінде «алаш» атауына бірауыздан келіседі. «Ұранымыз: «Алаш!», керегеміз – ағаш» деп келген алаш баласының ұлттық партиясын «Алаш» деп атауды ұйғарады. 

«Қазақ» газетінде ұлттық партия құру мәселесіне 1913-1917 жылдар арасында әлсін-әлсін тоқталып отырғанын көреміз. Атап айтқанда Міржақып Дулатұлы былай деп жазады: «Ресейде неше түрлі партия бар. Бірақ ешқайсысының бағдарламасы қазақ ұлтының мұрат-мүддесіне сай келмейді». Дегенмен «Толғағы жеткен кезде төңкеріс болады» дегендей, жаңа ұлттық партия құру мәселесі біртіндеп пісіп-жетіліп келе жатты.

1905 жылғы Бірінші орыс төңкерісі, одан кейінгі Бірінші дүниежүзілік соғыс, қазақ-қырғыз жерінде өткен 1916 жылғы маусым көтерілісі – бодан ұлттың біртіндеп оянуына еріксіз әсер етті. Қазақ халқынан шыққан көзі ашық, көкірегі ояу оқыған адамдар ұлтты бірлікке шақырып, білім-ғылымға үндеді. Осы кезеңде «Қазақ» газеті сияқты ұлт тіліндегі алғашқы басылымдар жарық көре бастауы да қазақтардың бойында ұлттық сананың оянуына, біртұтас идея, айқын мақсат жолында бас біріктіруге әсерін тигізді. «Қазақ» газеті және басқа да қазақ тілді басылым беттерінде ұлт болашағы мәселелері жиі әрі өткір талқылана бастайды. Атап айтқанда 1913 жылы Райымжан Мәрсеков, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалиндер бастама көтеріп, қазақ халқының мүддесін қорғайтын партия құру керектігі туралы мәселе көтерген. Алайда сол тұстағы саяси оқиғалар мен өзге де факторларға байланысты ұлттық партия құру мүмкіндігі бола қоймапты. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде түсіндірме ретінде мынадай ой тастайды: «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген қазақтың сөзі бар. Сенің әрбір қадамыңды, әр сөзіңді аңдып отырған билік бар. Жарайды, сендер жалпықазақ съезін шақырасыңдар, онда саясат туралы сөз болмай қоймайды. Соның бәрі биліктің құлағына жетсе, сендердің әрқайсыңды жүргізбейді. Сондықтан бұл әңгімені қоя тұрыңдар. Уақыты келгенде көрерміз». Бұл – уақыттың сынынан өткен тәжірибелі саясаткерлердің сөзі болатын. «Қарқаралы петициясы» мен өзге де билікке үн қатулардың жазылуы, «Оян қазақ!», бірнеше автордың «Насихат Қазақия» атты кітабы жарық көруі, дербес қазақ әліпбиін жасауға ұмтылыс жасалуы, азғана болса да елдік мүдде үшін атсалсысуға әзір ұлттық буржуазия қалыптаса бастауы т.б. алғышарттарды патша билігі қалт жібермей бақылап отырды. Белсенді ұлт зиялыларының сыртынан тыңшы салып, түрмеге де қамап отырды. Осындай жағдайларджы ескере отырып, ұлт көшбасшылары партия құруды кешеуілдетіп келген болатын.

Ал 1917 жыл – Патшалық Ресей тағының шегесі босап, кетеуі кете бастаған кез болатын. Міне осы бір ұрымтал сәтті тиімді пайдаланған қазақтың ұлт зиялылары І жалпықазақ съезін шақырды.

Съез өкілдері уақытты тиімді пайдалана отырып, қазақ қоғамындағы ең өзекті деген мәселелерді көтеріп, олар жөнінде нақты шешімдер қабылдаған. Съездің күн тәртібіндегі он төрт мәселе мыналар болатын: мемлекеттік құрылыс; қазақ автономиясы. жер; халық милициясы; земство; оқу; сот; дін; әйелдер туралы; бүкілресейлік құрылтай жиналысы; бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі; қазақ саяси партиясы; Жетісу оқиғасы; Киевте өтетін бүкілресейлік федералистер съезіне өкіл жіберу; Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына өкіл жіберу.

Съезд күн тәртібіндегі осы он төрт мәселені анықтап алғаннан кейін арнайы қаулы қабылдаған. Ең басты мәселе – мемлекеттік құрылым болды. Мұнда кейбір өкілдер, атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Қазақ Республикасы толық тәуелсіздігін жариялау керек деген талап қойған. Ресейдегі бұлғақты жағдайларды пайдаланып тәуелсіз мемлекет жариялау қажет деген бұл ойды біршама өкілдер қолдағанымен, нақты саяси-экономикалық, әскери әлеуметтік жағдаймен санаспаушылық деп бағалаған ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан қазақ халқы Федеративтік Ресей құрамында болуы тиіс деп көрген. Осыған орай қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай автономия алуы тиіс делінді. Әлихан Бөкейханның бұл ұстанымы – сол кездің өзінде қазақ даласында үлкен шоғырға айналып қана қоймай, патша билігінің үздіксіз қолдау, қамқорлығын көріп отырған Еуропалық Ресейден келгендер мен орыс казактарының күш-қуатын есепке алғандығы еді. «Қазақ жерінде қоныс аударушы орыс шаруалары мен орыс казактарының саны басым әрі олардың қолында қару бар. Және билік те солардың жағында. Біз әуелі оларды ішке тартып, «біз сендерді ешқайда қумаймыз, сендерге жаулығымыз жоқ, бірігіп мемлекет құрайық, бірлесіп әрекет етейік» деп оларға түсіндірейік. Сосын барып, тәуелсіздікті жариялайық», - деп атап көрсетеді ұлт көшбасшысы.

Съезде мұқият талқыланған мәселенің бірі – жер болған. Жерге қатысты 14 тармақтан тұратын шешім қабылданған екен.

ХІХ ғасырдағы түрлі ережелер мен ХХ ғасыр басындағы Столыпиннің аграрлық саясатының салдарынан қазақ даласында қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып съезд өкілдері қаулыда: «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша қазақ жері ешкімге берілмесін», - деп атап көрсетті. Осыған орай қазақтардың пайдалануынан алынып қойылған жерлерді оның ақы иесі болушы байырғы ұлтқа кері қайтару талабы да ескерілді. «Жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын», - деген ұсыныс білдіріліп, бұл мәселені Бүкілресейлік құрылтай жиналысында талқылау жөн деген пікірге келген. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде сексен бір адамның аты-жөні жазылған тізімді бекіткен. Бір атап өтерлігі – депутаттыққа кандидаттар арасында Г.Н.Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты өзге ұлт өкілдері де болғанын атап өткен жөн. 

Жер және оны меншіктеніп игеру – ең маңызды мәселе деп білген қазақ зиялылары қаулыда бірнеше ұстанымды шегелей атап көрсетеді: «Бірінші ұстаным: қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді! Екінші ұстаным: жерінің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек! Үшінші ұстаным: Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Төртінші ұстаным: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек». Бұл аталған, яғни Алаш зиялылары баса мән берген ұстанымдар күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Қазіргі қазақ халқы агротехникалық ғылымды, техниканы меңгеріп, мол астық пен көкөніс алып отырғаны – Алаш арыстарының асыл арманы орындалғаны босла керек. Екінші, үшінші ұстаным туралы да осылай айтуға негіз бар. Ал төртінші ұстаным жөнінде қазіргі күні де кірбіңді жағдайлар бар екенін жасыруға болмайды. Дегенмен, көш жүре түзелер деген сенім бар.

Алғашқы қазақ съезі Қазақ автономиясы шығыстық Жапонияның үлгісімен дами отырып, ұлттық-демократтық мемлекет құрады деп сенді. Мұндай демократиялық мемлекеттің сот жүйесі тәуелсіз болуы тиіс деді.  Сот басшылыққа алатын заң тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделуге тиіс екендігі атап көрсетілді. «Әйел мәселесі», «Дін мәселесі» т.б. мәселелерге қатысты шешім қабылдауда съезд өкілдері әлемдік демократиялық үрдістерге жүгінгенін аңғарамыз. 

Съезде халық милициясын құру, білім беру мәселелеріне де баса маңыз береді. «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын. Жалпы міндетті бастауыш оқу аса қажет. Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде болсын. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бәрі де «Қазақ» емлесімен жазылсын», - делінген қаулыда. Қазақ мемлекеттілігінің іргетасын берік қалау жолындағы үлкен қадам болған Бірінші жалпықазақ съезі ұлт зиялыларының басын біріктіріп, оларды ортақ мүдде жолында бірлесе қимылдауға жігерлендірді. Нәтижесінде «Алаш партиясы құрылып, тарих сахнасына шыққан бұл саяси құрылым азғана уақыт ішінде қазақ халқының өмірінде өшпес із қалдырып үлгерді. 1920 жылғы Қазақ Автономиялы Кеңестік Республикасы құрылғанда, қазақтар мекендеген ұланбайтақ жерлерді аталған республиканың құрамына енгізуде «Алаш» зиялыларының орасан еңбек сіңіргені белгілі. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның, әлемдегі жер көлемі үлкен тоғыз мемлекеттің бірі болып отырған мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз еткен ұлттық кадрлардың басын қосуға алғышарт болған сол бір ұлы жиынның маңызын әрқашан ескере білсек дұрыс болмақ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?