Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Есіл-Нұра арасындағы Мортық қалашығы

1832
Есіл-Нұра арасындағы Мортық қалашығы - e-history.kz

Сарыарқаның негізгі су артериялары Есіл –Нұра өзендері арасындағы алқап қазақ  өркениетінің алтын бесігі.  Бұл алқаптағы ортағасырлық қалалар туралы алғаш жазған академик Ә.Х.Марғұлан.  Академиктің «Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане» мақаласында  Нұра бассейніндегі жеті қалашықтың ішінде Мартык атауы кездеседі: «В 1949 году при обследовании долины низовьев р.Нура,  ... выявлено семь поселений, расположенных друг от друга в 15-20 км (шесть на правом берегу реки). Одно поселение со следами караван-сарая находилось в усальбе колхоза  Оркендеу, другое – на Мартыке, третье –в Уялах, четвертое – на территории колхоза им. Тельмана, два возле гор Карт, и наконец, сравнительно крупный холм в устье р.Нуры, на ее левом берегу. Нами он отождествлен с древним Ботагаем» (Маргулан, 1978,  с.26).   Бұл жазбадағы «Мартык»  біз  әңгімелеп отырған   «Мортық» болуы керек деп есептейміз,  мақалада  ескерткіш туралы  басқа  мәлімет, орналасуы, сипаттамасы жоқ.

Сол себепті Мортық қалашығы  Ақмола облысының  жер-су атауларын зерттеуге  бағытталған экспедициялық зерттеулер кезінде,  2020 жылы шілде  айында қайта анықталды және алғаш сипаттамасы жасалды деп айта аламыз.

 

Мортық қалашығының анықталуы

Біз Ақмола облысының  жер-су атауларымен жұмыс барысында алдымен этимологияға, яғни атаудың қайдан шыққанына,  мағынасына  көңіл бөлдік.  Егер жалпы Қазақстан  бойынша алсақ, Мортық атауы бір-бірінен алыс бірнеше аймақта кездеседі және көне заманның  обалары мен қорымдарына қатысты қолданылады.  «Мортық»  сөзінің түпкі мағынасын түсіну үшін Бұқар жырау мұрасы ішінде мына бір толғауды ескеру керек: 

Ай не болар күннен соң,
Күн не болар айдан соң ?!
Хандар киген қамқа тон,
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай,
Мортық болар бүлген соң ! 

(Артықбаев, 2019. 113-115 бб.).

Ескеретін мәселе Бұқар жырау бұл толғауда кең сарайға байланысты «құлаған», «қираған»  деген сөздерді қолданбайды, бүліншілікке ұшыраған ескі жұртты, қорымға   айналған құрылысты айтып отыр Мортық сөзінің түбірі «mort» үндіеуропалық тайпалар ұлы даладан батысқа және оңтүстікке әлі көшпей тұрған уақытта, яғни б.э.д. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда қолданылған. Оның түбірі праиндоеуралық mer- «өлу» (қара.: русск. мор, морг, лит. mirtis «өлім», латыш.: meris, готск. maurþr «өлтіру», көне неміс тіл.: mord «өлтіру»,  ағылш.: murder «өлтіру», көне ирланд тіл.:  marb «мәйіт», лат. mortuus «өлген адам», көне грек тіл.: βροτός «өлетіні хақ», армянск.: մարդ (mard) «адам», авеста тіл.: marǝta- «өлетіні хақ»). Сонымен бірге Еуропада «mortyк» өлімді, кесірді білдіретін символ есебінде белсенді қолданыста жүрген ұғым екені белгілі (https://www.google.com/search?q=mortyk&tbm).

Қазақ тіліндегі «морт», «морт сынды», «мерт», «мерт болды» сөздерінің тарихы да сол ерте кезеңге барады, яғни біздің тамырымызда арийлік (ариан) қан тамшыларымен бірге сол замандағы сөздік қор да сақталған. Осы мортық сөзімен егіз қозыдай бірге жүретін шортық (shortyk), қортық (kortyk)  т.б. сөздер де ежелгі ортақ тіл қорынан екені анық.

Мортық атауының мағынасын анықтаған соң, ескерткішті табу және сиапттау жұмыстары жүргізілді. 

 

Мортық қалашығының орналасуы

Мортықты Нұра бассейініндегі  қалаларға шартты түрде, Есіл-Нұра қос өзен өркениеті контексі тұрғысынан  ғана қосуға болады. Шын мәнінде Мортық қалашығы  географиялық жағынан  Есіл өзенінің сол  жағалауында,  Қараменді батыр (бұрыңғы Семеновка) ауылына қарама-қарсы орналасқан орналасқан. Қараменді жағынан қарасаңыз Есілдің ар жағындағы Мортық ауылы көрініп тұрады.  Мортық ауылы мен Есілдің арасын жайылма  қара сулар бөліп тұр. Егер автобиль жолымен жүрсеңіз  Астанадан Қараменді ауылына дейін 50 км, одан әрі Есілден өтіп  Жаңа Есіл ауылы  арқылы 15 км жүрген соң  шағын ғана Мортық ауылына келесіз (сурет 1).  Совет кезеңінде Мортық Новоишимка совхозының (қазіргі уақытта Жаңа Есіл ауылдық округі) бөлімшесі болған. Мортыққа Қорғалжын трассасы арқылы да жетуге болады, ол үшін сіз Ақмол (бұрыңғы Малиновка) ауылынан  оңға қарай бұрыласыз.  Егер сіз салт атпен тіке  жүрсеңіз ортағасырлық  Мортық қалашығы  ежелгі Қараөткел (қазіргі Астана) қаласына өте жақын екеніне көзіңіз жетер еді. 

 

Мортық қалашығының сипаттамасы

Мортық қалашығы ауылдың Есіл өзені жағына, Есілден шыққан қара сулардан пайда болған Мортық көлінің жағасында орналасқан.  Бүнгі күні қалашық аумағы түгел  зиратқа айналған,  сыртынан  төрт бұрышты  шаршы формасында  қоршалған. Жергілікті  ауылдың адамдары  зираттың Мортық қалашығы орналасқан бөлігін  «Ескі бейіт» деп атайды(сурет 2). Қалашықтың солтүстік-батыс мұртына жақын ХХ ғасыр басына дейін жұмыс жасаған «Сейтен мешіті» аталатын мешіттің орны жатыр. 

Қалашық оңтүстіктен солтүстікке қарай созыла орналасқан, оңтүстікт жағы сәл жоғары.  Қалашықты қоршай  биік   қорған және  оның сыртында терең ордың ізі бар (сурет 3,5).  

Қорғанның қазіргі биіктігі  1-1,5 метр, ордың тереңдігі әр жерде әр түрлі, орташа деңгейі 1 метр шамасында. Жергілікті адамдар (65-70 жас аралығында) өздерінің бала кезінде бекініс қабырғаларының   жоғарғы жағындағы саман кірпіштері көрініп тұрғанын, оның жапсарларындағы  қуыстарға қарлығаштардың ұя салғанын айтады. Қазіргі уақытта саман кірпіштер көрінбейді, қарлығаштар да ұя салуды қойған. Қалашықты  тік төрт бұрышты деп сипаттағанмен,  қорғанның оңтүстік жағына қарай батыс іргенің ішке кіріп кеткенін көреміз. Қалашықтың қорғанының батыс және шығыс іргелерінің ұзындығы 100 метрдей, ал ені солтүстік жағында  35, ортасында  45, оңтүстік  басында 25 метрдей. 

Қалашықтың солтүстік жағында кесене, не орда сияқты құрылыстың  қирандылары жатыр,  жалпы  сұлбасына қарағанда үш камералы, күмбезі батыс жағында орналасқан  ғимаратқа ұқсайды. Ауданы 8х8 метр. Бұл құрылыстың сыртында жеке ор қазылғаны  шығыс жағынан жақсы көрінеді. Кесененің, не орданың кіре берісі шығыс  қабырғасында орналасқан.

Кесененің шығыс қабырғасындағы  ор арықпен жағасқан, арық бүкіл қалашықтың ортасымен оңтүстікке қарай бағытталған және қалашыққа оңтүстік-батыс бұрыштағы  кіре беріспен жалғасады (сурет 6). 

Қалашықтың оңтүстік іргесіне таяу қос терек өскен, мүмкін бұл ол жерде ертеде бұлақ болғанын көқрсетеді. Жалпы қалашықтың оңтүстік- батыс бұрышы  түсініксіз. Бұл жер қалашықтың негізгі  кіре берісіне, яғни   қақпасына ұқсайды, бірақ  Күйгенжардағы  Әз Тәуке ханның жазғы ордасы сияқты қалашықтың кіре берісіне ХХ ғасырда бейіттер түскен себепті өзінің тарихи бейнесін жоғалтыңқыраған. Қалашықтың ішінде бірнеше жерде  үй-жайдың іргетасына ұқсас үйінділер бар, бірақ нақты сипаттау өте қиын. Жалпы солтүстік жағындағы негізгі  ғимарат құлаған соң қалашық іші зиратқа айналып кеткен деуге болады (сурет 4).

Сыртқы қоршаудың батыс жағында  арыққа ұқсас шұңқыр жерді көріуге болады, оның не үшін қазылғанын анықтау қиын. Мортық қалашығының оңтүстік іргесінің  сыртында, көлге қарай егіншілік іздері байқалады. 

***

Сонымен қорыта келе біз Есіл-Нұра арасындағы Мортық қонысы Қазақстанның ортағасырлық тарихына қатысты ескерткіш деп есептейміз; 

Бұл қоныстың Мортық атануына екі себеп бар деген пікірдеміз: біріншіден, табиғаты адам тіршілігіне, мал мен егіншілікке өте ығайлы  Есілдің сол жағалауындағы аймақта ерте көшпелілер кезеңінде қоныс болғаны анық. Қазақ жерінде  Мортық атауы алдымен ерте көшпелілер өркениетінің материалдық белгілеріне, жерлеу орындарына  қатысты қолданылды деп жорамал жасауымызға болады. Екіншіден,  ерте көшпелілер қонысының үстінен Қазақ хандығы ләуірінде үлкен  ғимарат (орда, кесене) көтерілген. Қалашықтың  бекініс жүйесі, арық  бұл жерде жаугершілік  күшейген ХVІ- ХVІІ ғасырларда саяси орталықтардың бірі болғанын көрсетеді. 

Мортық қалашығы орналасқан жердің табиғи көркемдігі, ескерткіштің жақсы сақталуы бұл жерде болашақта аспан астындағы музей ұйымдастыруға мүмкіндік береді деген пікірдеміз.

 

Әдебиет:

Артыкбаев Ж.О. Бұқар жырау: ғұмыр белестері. Астана: «Алтын кітап», 2019. 148 б.

Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане//Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата, 1978. 214 с. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?