Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясы жолға шықты

8930
«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясы жолға шықты - e-history.kz

Бүгін Көкшетауда «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық тарихи-мәдени экспедициясы автосапарға аттанды. Ауқымды шара Мысыр елін билеген мәмлүктердің қолбасшысы, қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, қазақтың ұлы хандарының бірі, мемлекет қайраткері, дипломат және қолбасшы Абылай ханның 310 жылдығына, алаш қайраткері, қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналып отыр. Автокеруенді Ақмола облысы әкімдігі және «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруда. Шараның ақпараттық қолдаушылары – «Qazcontent» АҚ, «Хабар-24» телеарнасы және  Qazaqstan tarihy интернет-жобасы. 

Сапарды ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты - Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолия мемлекеттері арасын байланыстыратын экспедиция жасау арқылы, жоғарыдағы мемлекеттерде тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол елдердегі тарихи жәдігерліктермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу болып табылады. Ресей Федерациясы мен Моңғолия Республикасында тұратын этникалық қазақтармен рухани байланыс орнату, пікір алмасу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұраларын насихаттау назарда ұсталынады. Сондай-ақ қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларды дәріптеп, олардың қайраткерлік, елдік істерін дәріптеу. 

Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Алин Алмас Аянұлы: 

- Тарихы терең, үш жүздің басын қосқан Абылай хан жеріне, қасиетті Бурабай өлкесіне, сал-серілер мекеніне қош келіпсіздер! Бүгін облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Мыржықпаевтың қолдауымен үлкен жоба іске асып, жолға аттанып отыр. Сол кісінің атынан ақжол тілеуге рұқсат етіңіздер! Биыл Мысыр елін билеген, мәмлүктердің қолбасшысы, қыпшақ даласының ұлы перзенті сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы. Қазақтың ұлы хандарының бірі, қайраткер Абылай ханның атынан «Қара жол» болып, осындай үлкен даңғыл экспедиция бастау алып жатыр. Тағы да биыл Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығы, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы республика көлемінде кеңінен аталып өтуде. Атаулы даталардың аясында «Отандастар» қоры, Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық мәдени-рухани экспедициясы аттанғалы отыр. Экспедицияның мақсаты – Қазақстан, Ресей және Моңғолия мемлекеттерінде тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау. Көшпелілер өркениетінің мұрасы мен сол жердегі тарихи жәдігерлермен танысу, қазіргі дәуірдегі қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарын, тарихи негіздерін дәріптеу болып табылады. Бұл – халықаралық экспедиция елімізде тұңғыш рет өткен Абылай хан «Қара жол» экспедициясының жалғасы. Сапар Қазақстан, Ресей және Моңғолия аумағында, шамамен 9 мың шақырым жерді қамтиды. Көкшетау(Бурабай), Астана, Павлодар, Бийск, Горно-Алтай, Қошаған, Баян-Өлгий, Қошағаш, Ховд,  Баянхонгор, Хархорин, Номғон, Уланбатор, Налайхан, Улан-Удэ, Иркутск, Красноярск, Новосібір, Омбы, Көкшетау бағыты бойынша 20-дан астам барады. Астанамыздың 25 жылдық мерейтойы да құтты болсын. Экспедиция мүшелеріне ақ жол тілейміз! Сәт сапар болсын!     

 «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» автосапары құрамында елімізге белгілі ғалымдар, жазушылар, этнограф-тарихшылар мен өнер және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдерінен жасақталған 22 адам бар. Екі аптаға жуық сапар шегетін топ мүшелері 10 000-ға жуық шақырымды еңсеріп, еліміздің солтүстік өңірлерімен Ресей мен Моңғолия мемлекеттерінің тарихи елдімекендерін шарлап шығады. 

Шараның ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, түркітанушы ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы тарихи мәніне тоқталып өтті.

–Құрметті жерлестер, бауырлар! Бүгін, міне, «Абылай ханның қара жолы» деген 5-ші экспедиция кліміздің дәстүрлі хандық дәуірінің астанасы болған Бурабай бөктерінен, Абылай хан алаңынан жолға шыққалы тұр. Бұл экспедициямыздың аты «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» деп аталады. Олай аталуы кездейсоқ емес. Мұнда үлкен тарихи, этно-мәдени, саяси мағына бар. Өйткені біздің Абылай ханның кезінде өмір сүрген қазақ мемлекеті – ол сонау орта ғасырлардағы Түркі қағанатының, Алтын Орданың жалғасы. Түркі қағанатының, Ғұн империясының, Шыңғыс хан империясының орталығы – қазіргі Моңғолия. Моңғолияның орталығы Өтүкен қойнауы – біздің бабаларымыздың ежелден мәңгілік ел қылуға ұмтылған киелі құтты мекені, қара орны, түпкі қаны. Сол жерге кетіп бара жатырмыз. Күлтегін бабамыздың айтқан «Түркі халқы Өтүкен қойнауында отырса елде мұң жоқ»,-деген киелі қонысы. Аз халықты көп қылдым, кедей халықты бай қылдым, ел құрдым, мемлекет құрдым, қара терімді ағыздым, қызыл қанымды жүгірттім түркі халқы сен үшін деген тұсқа кетіп бара жатырмыз. Сол түркі халқы сол ел кезінде көк байрағы көкте желбіреген, бөрі басты байрағын ту еткен сол бабаларымыздың алтын тақта отырған жеріне кетіп бара жатырмыз. Ол жерде шығыста Қытайдан, батыста Римнен, арабтан, парсыдан елшілер келетін. Орда сарайлар салдырған. Сол жерден 13 ғасырда біздің бабаларымыз ірге көтерген. Біз сол киелі мекенге кетіп бара жатырмыз. Бұл сапар тарихта қалады. Арқа мен Үтікенің арасын жалғаған бұл тарихи сапар біздің тәуелсіз еліміздің тарихнамасында, жаңа тарихында, тарихы сананы қалыптастыру үдерісінде қалатын өте үлкен тарихи сапар,-дейді ғалым Т. Зәкенұлы

Экспедиция қатысушыларының саяхаты Ақмола облысының тарихи жерлері Бурабайдағы Абылай хан алаңы, «Ботай» археологиялық кешені мен «Бозоқ» тарихи-мәдени ескерткішінен бастау алады. Мұнан кейін экспедиция Павлодар облысында болып, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, жергілікті тарихшы ғалымдар, өлкетанушылармен кездесу ұйымдастырады. Ресей Федерациясындағы қазақтар көп қоныстанған Қошағаш, Новосібір, Омбы шаһарларында болып, қазақ диаспораларымен кездеседі. Аталған қалалардың  тарихи орындарына саяхат жасайды. Сондай-ақ Моңғолиядағы Баян-Улгий, Уланбатор қалаларындағы қазақтармен кездесу ұйымдастырып, ұлы түркі мемлекетінің тарихи ескерткіштері Білге қаған, Құтлық қаған, Күлтегін, Тоныкөк кешендеріне баруды жоспарлап отыр. Одан әрі экспедиция қатысушылары Алтай мен Саян тауларындағы сақ-ғұн, көне түрік кезеңдеріндегі тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарға саяхат жасайды.   Жоспар бойынша автокеруен 20 шілдеде Көкшетау қаласында аяқталады. 

Мұратқажы Ыдырысұлы, экспедиция жетешісі: 

– Бұл Халықаралық экспедиция елімізде тұңғыш рет өткен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы. Авто керуен «Абылай ханның қара жолын жаңарту» (2018), «Бетпақдала. Абылай ханның қара жолы»(2020), «Абылай ханның жорық жолдары, Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» (2021) тақырыптарымен еліміздің оңтүстік, шығыс, өңірлерінде Мемлекет тарихы институтымен бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедицияға Ақмола облысы әкімдігі қолдау білдіріп, «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қоры демеушілік жасады. Биыл сол экспедициямыз халықаралық масштабта сапарға аттанып, қазақ даласынан шыққан тарихи тұлғаларымыз Сұлтан Бейбарыс, Абылай хан, Мағжан Жұмабаев және тағы басқа қайраткерлерді дәріптеуді мақсат етіп отыр. Үш жүздің басын қосқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы зор еңбегін паш етіп, оның халықаралық істердегі беделін насихаттауды мақсат етіп отыр. Шынында Абылай хан өз заманында көршілес Ресеймен ғана емес оңтүстігі мен шығысында жатқан Бұқар хандығы мен Шың империясымен де жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан да үш мемлекетті қамтитын экспедиция жасау арқылы, Қазақстан, Ресей Федерациясы және Моңғолияда  тұратын халықтардың біртұтас мәдениетін насихаттау, көшпелілер өркениетінің мұрасымен танысу,  қазақ-орыс, қазақ-моңғол халықтарының өзара достық, бауырластық байланыстарының тарихи негіздерін дәріптеу біздің басты мақсатымыз болып табылады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?