Абай облысында ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды онкүндік іс-шаралар жалғасуда.
9 тамызда мерейтойдың маңызды ғылыми бөлігі – «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Шәкәрім университетінде алаңында өтті. Конференцияның салтанатты ашылуында Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, түркітанушы ғалым, Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау лебізін білдірді.

Аймақ басшысы Берік Уәли өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан үзінді келтіріп, Абайдың ой-толғамдарының мәңгілік өзектілігін атап өтті. Ол конференцияға келген шетелдік және отандық ғалымдарға ризашылығын білдіріп, бұл жиынның мақсаты – Абайдың рухани мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең талдау екенін айтты.

Іс-шараның басты бөлігінде Абай мұрасын зерделейтін тоғыз бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Соның ішінде: Кенжехан Матыжанов құрастыруымен «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы» және «Абай» баспасынан ақын мерейтойына тарту ретінде Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы, Шәкәрім туралы жаңа деректер қамтылған «Шейіт» жинағы, Ахат Шәкәрімұлының шығармалары топтастырылған «Жалынға малған жүрегін» кітабы, Әсет Медеуханұлының «Халиолла» хикаяты, Даниял Ысқақовтың шығармалар жинағы, AR технологиясы негізінде дайындалған «Қарасөз» кітабы алғаш рет оқырман қауымға ұсынылып отыр. Бұл жарық көрген тоғыз бірдей еңбек – абайтану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихы үшін үлкен олжа. Пленарлық отырыстарда отандық және шетелдік ғалымдар Абай шығармашылығын әр қырынан талдады. Филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай «Шын жүрек – бір жүрек...» атты баяндамасында Абайдың адамгершілік концепциясының терең мәнін ашса, Арап Еспенбетов Абай мен Алаш қозғалысының рухани сабақтастығын көрсетті. Түркиялық профессор Нергиз Бираз Түркияда Абай мұрасын зерттеу тәжірибесіне тоқталды, ал нидерланд ғалымы Роберт Эрмерс «Қара сөздердің» голланд тіліне аударылу барысы туралы қызықты деректер келтірді. Сондай-ақ Ербол Тлешов Абайдың интуитивті танымын, Анар Фазылжанова «Қарасөздерге» жасалған лингвостатистикалық талдауын жан-жақты баяндады.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдауға бағытталған «Абайға құрмет» акциясы жалғасуда. Соның аясында бүгін, Семей қаласында акция аясындағы алғашқы ірі нысанның құрылысы басталды. Бұл Маңғыстау облысының өңірге тартуы ретінде бой көтеретін жаңа Достық үйі. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаев бастаған делегация және қос өңірдің қоғам қайраткерлері қатысты. Жаңа мәдени кешен 75 мың тұрғыны бар «Semey Smart City» шағын ауданында салынбақ. Үш қабатты, көпфункционалды ғимарат этномәдени бірлестіктер мен түрлі қоғамдық ұйымдарды біріктіретін орталыққа айналады. Жобада кітапхана, қолданбалы өнер мұражайы, фотозертхана, көркемөнер және қалпына келтіру шеберханалары, заманауи кинозал және бірнеше конференция залы қарастырылған. Мұндай кешен тек мәдениет пен өнерді дамытуға ғана емес, аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да қызмет етпек.
Іргетас қалану рәсімінде аймақ басшысы Берік Уәли Маңғыстау жұртына алғысын білдіріп, бұл нысанның символикалық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, Достық үйі – Қазақстанның батысы мен шығысын жалғап тұрған берік достықтың айғағы. «Бүгінгі игі іс – қос өңірдің ниеті мен тілегінің бір екенін, ұлттық бірегейлікті дәріптеу жолындағы ынтымақтастығын бүкіл елге танытады. Маңғыстау азаматтарының арнайы келіп, Абай тойында құрылысты бастауы – үлкен мәртебе», – деді ол.

Маңғыстау делегациясының атынан сөз алған мемлекеттік қызмет ардагері, облыстың Құрметті азаматы Даржок Сейбағытов та бұл бастаманың ел болашағына қызмет ететінін атап өтті. Ол мұндай игі істі тек Маңғыстау емес, еліміздің өзге аймақтары да қолдауы тиіс екенін айтты.


Сондай-ақ, Қоғамдық келісім орталығы-облыстық үйінің директоры Надежда Шарова мен Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Айрат Базенов өңір тұрғындары атынан Маңғыстау халқына ризашылығын жеткізді.
«Абайға құрмет» акциясы аясында өзге аймақтар да мерейтойға үлестерін қоспақ. Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы заманауи мектебін, Ақтөбе облысы жекпе-жек орталығын, Павлодар үстел теннисі орталығын, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыру жұмыстарын жоспарлап отыр. Осылайша, Семейде басталған Достық үйінің құрылысы тек мәдени нысанның іргетасы ғана емес, өңірлер арасындағы рухани көпірдің, ел бірлігінің нақты көрінісіне айналады.

Қос іс-шарадан кейін мерейтойлық күннің мазмұнын толықтырған, өзара үйлескен бірқатар мәдени іс-шаралар өтеді. Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалі ұйымдастырылады. ТҮРКСОЙ және Михай Эминеску атындағы Халықаралық поэзия академиясының қолдауымен өтетін бұл әдеби жиында Абай өлеңдері 15 тілге аударылып, арнайы біртомдық пен халықаралық антологияның тұсауы кесіледі. Румыния, Италия, Сербия, Германия, Үндістан, Мексика, Әзербайжан және өзге елдерден келген ақындар ұлы ойшылдың жырларын өз тілдерінде оқып, поэзия арқылы халықтар арасындағы рухани байланыс пен мәдени көпірді айшықталады.
Фестиваль аяқталған соң, Семейдің орталық алаңында «Абайға тарту» атты мерекелік концерт жоспарланған.
Мерейтойлық күннің соңғы іс-шарасы ретінде, Абай ауданындағы Абай саябағында «Телқара» атты күй кеші өтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Айбек Бекбосын жетекшілік еткен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония оркестрі терең философиялық мазмұндағы Абай күйлерін де орындайды. «Телқара» бағдарламасы ұлттық музыканың әуендік байлығын паш етіп қана қоймай, жас ұрпақты төл өнерге баулудың, ұлттық мұраға құрмет сезімін оятудың жарқын үлгісі. Осылайша, конференциядан бастау алған мерейтойлық күн мазмұнды ғылыми талқылаулар мен әсерлі мәдени бағдарламалардың тоғысып, Абайдың мәңгілік рухани мұрасын жаңа қырынан танытады.
Суреттер: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен