Абайдың 180 жылдығы – ұлт руханиятының ұлы мерекесі

10.08.2025
3323
Абайдың 180 жылдығы – ұлт руханиятының ұлы мерекесі - e-history.kz

Бүгін, 10 тамыз – қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл хакімнің туғанына 180 жыл толып отыр. Ел тарихындағы бұл мерейтой – ұлттық сананы жаңғыртудың, рухани құндылықтарды дәріптеудің айрықша белесі.

Абайдың мерейтойы Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдерде де жоғары деңгейде аталып өтуде. Семейде бастау алған онкүндік мерекелік шаралар аясында әдеби-мәдени кештер, ғылыми конференциялар, көрмелер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып жатыр. Облыс орталығы мен аудандарда Абай оқулары, жас ақындар айтысы, өнерпаздар байқаулары өткізіліп, ұлы ойшылдың шығармалары кеңінен насихатталуда.

Салтанатты жиындарға еліміздің зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар, шетелдік әдебиет зерттеушілері қатысып, Абай мұрасының маңызы мен қазіргі замандағы өзектілігін талқылауда.

Ұлы ақынның мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау жолдады. Президенттің құттықтау хаты Семейде өткен басты мерекелік жиында оқылды.

«Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!
Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын», – деп бастады өз сөзін Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін атап өтіп, оның ойларының бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймағанын ерекше айтты:

«Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз құттықтауында Абайдың рухани мұрасы тек қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін баға жетпес қазына екенін баса айтты:

«Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар, Абай туған өңірдің қазақ мәдениетіндегі орнын ерекше атап өтті:

«Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді», – деп атап өтті.

Семейдегі онкүндік аясында хакім мұрасын жаңаша қырынан танытуға арналған көптеген іс-шаралар өтуде. «Абай әлемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар Абайдың философиялық, әдеби және ағартушылық қырларын талқылауда. Театр сахналарында ұлы ақынның шығармалары негізінде қойылған жаңа спектакльдер көрермен назарына ұсынылды.

Мұражайларда сирек қолжазбалар мен жәдігерлер көрмесі ашылып, Абайдың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты құнды экспонаттар жұртшылыққа таныстырылды.

Мерейтой барысында Абайдың туған жерінде мәдени нысандар жаңартылып, жаңа ескерткіштер бой көтеруде. Ұлы ақынның өсиеттері мен қара сөздерінен үзінділер қоғамдық орындарда, білім беру мекемелерінде насихатталуда.

Президент құттықтауын аяқтай келе, әрбір қазақстандықты Абай мұрасына адал болуға шақырды:

«Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!»

Абайдың 180 жылдығы – бұл тек тарихи дата емес, қазақ халқының рухани түлеуінің, жаңа ұрпаққа үлгі боларлық құндылықтардың мерекесі. Хакімнің сөзі мен ойы – уақыт сынынан өткен мәңгілік шамшырақ, ал оны тану мен таныту – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз