Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жаркент абақтысы

1070
Жаркент абақтысы - e-history.kz

Сурет: nazarmedia.kz

Жаркент өңірінің тарихындағы қасіретті кезеңдерді еске түсіретін, ел үшін еңіреп атқан қонған айтулы азаматтардың басына қара бұлт үйірілген жылдардың бір белгісі болып Жаркенттегі ескі абақты тұр. Алматы шаһарынан шыға сап жүйткіген сүйріктей жүйрік ақбоз бір кідірместен Жалғас бауыр ұстаған тізгін тура сол көне ғимараттың алдына келгенде бірақ тартылған.

Үлкен темір қақпадан енгенде жуан-жуан қоңыр бөренелерден қиюластырып жасалған алып ғимарат кірген бетте-ақ көзге бірден шалынады. Өйткені одан алып, одан сұсты, одан ескі дүние жоқ еді. Үңірейген есік-терезелері апанның ауызындай ырсиып тұр. Оның заманында қаһарлы үрей ордасы болғанына дау жоқ. Еріксіз үрейіңді ұшырататындай кейіпке түсіпті. Шатыры жоқ, бәлкім ескіріп тозған, бәлкім ұрланған. Әйтпесе шатырының өзі айбат шақырғандай, әсемдік салтанат құрғандай болған жаратылысын бағамдағандаймыз. Түрменің төрт тарабы да ертеректе көк кірпішті дуалмен қоршалған. Әбден тозған, тозғындаған, азапты кейіпке енген ғимараттың арса-арсасы шығып тұрса да, бір құпиясын ішке бүккен қазыналы аралдай әлі күнге дейін мызғымастан тұрғаны таңырқатады. 

Бұл ескі түрменің тарихындағы деректер де әр түрлі. Қай жылы, қашан салынғаны туралы нақты мәлімет тайға таңба басқандай анықтап бере алмайды. «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің меңгерушісі Әбдімұрат Әбдіқадырұлы Раев түрменің құрылысы қаладағы Уәлібай мешітінен де ертерек басталғанын айтады. «Біздегі көпке әйгілі Уәлібай мешітінің құрылысы 1887 басталып, 1892 жылы салынып бітіпті. Ал бұл түрме одан оншақты жыл бұрын тұрғызылған көрінеді. Ол кезде түрме патшалық Ресей әскерінің казармасы ретінде салынған екен», – деді ол. 

 Ал Жаркенттегі игі жақсыларды сөйлеткен «Хабар 24» арнасының тілшісі Ш. Қалиденнің хабарлауынша, «тергеу абақтысы Жаркент уезі құрылған 1901 жылы салынды» деп тұжырымдап отыр. Міне, осындай екіұшты деректер ғимараттың қай жылы салынғанын тап басып көрсетіп бере алмайды. 

Алғашқы көрген сәтте біз тарихи орынды түгел шолып үлгермесек те, қайта айналып бір соғарымызды ойлап, ертесінде түс ауа мұнда тағы келдік. Бұл жолғы келуіміз – ескі түрменің қазіргі қалдығын, сыртқы және ішкі көрінісін асықпай жүріп барлау, көзбен шолу, сол арқылы әкесінің тағдыркешті ғұмырын баяндаған Дүйсен ... ақсақалдың әңгімесін тыңдау болатын. 

Екінші рет келісімізде Дүйсен қария жол бастады. Атышулы түрме оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып, ағаш бөренеден салыныпты. Дәл ортасы екі қабатты етіп жасалыпты. Кірер жағы күншығысқа қараған. Түрменің ұзындығы шамамен 100 метрдей. Ортадағы екі қабатты бөлігінің өзгешелігі сол, үстіңгісі бірінші қабаттан сыртқа екі метрдей шығыңқы болып салынуында әрі еңселі көрінеді. Бірінші қабатында ғимаратқа кіретін есік және оның екі жағында екі терезе орналасқан. Олардың аралары өзара бөлінген. Бөлінген тұстарында бөренелердің бұрыштары шығып тұр. Ал екінші қабатта үлкен үш терезе үңірейіп, төбесі аңғал-саңғал күйде ашық. Төбесінде шатыры жоқ, көлденен жатқан белағаштарымен тұр. Терезелердің аралары да бөлінген. Бас-аяғы бірдей жуан бөренелердің қиюласып жасаған жұмыс аса шеберлікпен істеліпті. Қиюласып өрілген бөренелердің түсі қоңыр. Бұған Ұзынқара тауының теріскейіндегі Тянь-Шань қарағайын пайдаланған деседі.

 Көрер көзге түрменің екі қабатты келбетімен ерекше көрінгенімен, оған қанаттас жатқан екі жағындағы ұзын бөлігі қарапайым үлгіде жасалған. Онда аса күрделі механизмдер жоқ, үлкен-кішілі терезелер арасы бөлінген. Бөліктері көрер көзге суық көрінді.

Ақсақалдың айтуына қарағанда, ертеректе түрменің екі бұрышында қарауыл мұнарасы да болған екен. Алдыңғы жақтағы мына бір үйде түрме қызметкерлері тұрыпты. Үш бөлмелі. Үйдің алдында қақпа мен сырттан келетіндерден сәлем-сауқатын қабылдайтын орын және монша орналасқан. Одан кейінгісі түрме. Есігі осы жақтан. Екінші есік түрменің дәліз арқылы сыртқа шығады. Оған қарсы бетте тамақ жасайтын асхана бөлек тұр. 

Біз осы түрме мен асхана ғимаратының жабайы шөп басқан арасын басып өтіп, түрменің ішін қарау үшін артқы бөлігіне жеттім. 

Түрменің ортасында ұзын дәліз, оның екі жағы бөренелі бөлмелермен бөлініпті. Тек қарағайдан қиып тұрып, қиюластырып отырып салғанына қарағанда бұған бірде-бір шеге қағылмаған. Дәліздің төбелері де ашық. Ұзын дәліз солтүстік жақтағы есікпен жалғасыпты. Ол сырттағы шайхана мен тамақ жасайтын шағын кірпіш үймен байланыстыратын тәрізді. Асхананың да есік-терезесінен жұрнақ та жоқ, ашық-шашық.

Өз дәуіріндегі сұсты орынның кейінгі кезеңдерде қатты, аясуз тоналғаны аңдалады. Тура осы бетінде едендері қопарылып, қабырғалары сөгіл­ген дәліздің екі жағында алты-жеті терезенің орны тұр. Үңірейген терезе, бұзылған қабыр­ға, қопарылып алынған еденді кө­зіміз көргенде ғимарат қатты тоналғанын байқадым. Қабыр­ғаларға жіңішке дірәнкілер қағылып сылаған екен. Оның орны қалыпты. Лай батпақтың бірі жоқ. Бөлінген бөлмелерден бөренелердің үңірейген тесік­терінің орындары тұр. 

Бір қызығы, түрменің батыс жағындағы екінші қабат түрменің шығыс келбетімен мүлде ұқсамайды. Мұнда алты кішкене терезе төбеге жақын қойылыпты. Екі терезе арқылы бөлінген. Ал бірінші қабатта үлкен үш терезе қалдырған. Түрменің бұл жағы да екі жағындағы бөліктен сыртқа шығынқы болып жасалып көтерілген. Түрме мен қоршалған кірпіш қоршаудың ортасында шағын футбол алаңына үлкендеу бос жер жатыр. 

Заманнан бері келе жатқан ­түрме мен оның қызметкерлері тұрған үйі ғана ағаш бөренеден салынған болса, монша мен асхана және қоршалған қоршауы кірпіштен қаланған.

Жаркент түрмесі салынғаннан бастап мұнда қазақтың елім деген, жерім деген небір асыл азаматтары жазықсыз жапа шегіпті. Мұрағат деректеріне қарағанда қазақ тарихының ХХ ғасырдағы зобалаңдарында, нәубет жылдарында, 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалыс, 1920 жылдардан бастап совет үкіметінің қылышпен, мылтықпен орнауы, 1927 жылдардағы ұлттық буржуазияны ірітіп, бай-бағландарды қуғындауы, 1931 жылғы ашаршылық кезеңіндегі халықтық қарсылықтар мен 1937 жылдардағы сталиндік репрессия зардабынан түрме табалдырығын тоздырмаған бүтін отбасы жоқ. Әрбір шаңырақта қайғы-қасіреттің табы бар, сақталған. Бұл түрмеде тек хадықсыздар мен нақақ жапа шеккендер ғана отырды деген ойдан аулақпыз, түрме болған соң, ел арасындағы ұры-қары, баукеспелер мен алаяқтардың болуы заңдылық және олардың да түрмеде олармен бірге отыруы әбден мүмкін нәрсе.

Сонымен бұл абақтыда кімдер азапталды десеңші, дұрысы кімдер азапталмады десеңші... Көп жұрттың білетіні – революционер Тоқаш Бокиннің түрмеге қамалғаны ғана. 

Біздің досымыз, ғажап мұрағатшы, мықты зерттеуші Елдос Тоқтарбай: «Бұл түрмеде Семейден Түркістанға қарай кетіп бара жатқанда біртуар тұлғамыз Мұхамеджан Тынышбаев отырған болатын. Дәл осы түрмеге біздің игі жақсыларымыз бірі Омаров Әшім те қамалған.  Сонымен бірге Жетісу өңіріндегі білім ағарту мәселесін ұйымдастырған Шамай Шынасылов есімді азамат екі ай жазасын өтеген екен. Әубәкір Жайшыбайұлы, Тоқаш Бокин деген азаматтардың бәрі қамалған болатын», – дейді.

Атасы мен әкелерінің отырып, түрмеде теперіш көргенін жырдай етіп айтатын ұрпақтары қаншама. Соның бірі Әбдімұрат Раев: «Бабамыз сол тұста ғұмыр кешкен екен. Ауқатты әрі батыр адам болған. Ол кісі әулетімен мекен еткен әжептеуір үлкен аумақ әлі күнге дейін ел аузында «Райдың сайы» деп аталады Отаршылдарға қарсы шыққаны үшін бабамызды осы абақтыға қамап, кейіннен ату жазасына кескен», деп қамығады.  

Заманында ауқатты болып, дәурені жүріп тұрған аталары жайлы деректерді сөйлеткен тарихшы Мұхаметқали Туғанбаев Жаркент түрмесінен босатылғандай жайын сөз етті: «...Кейін ауылдастары 40 адам келіп, бұл Нұрғазы атамды ақтап алады да түрмеден босатады. Ал Сәрәпи атамды «Сібірге барғанша өліп қалады» деп түрмеден босатқан екен».

ХХ ғасырдың бас кезінде халқымыз отаршылдықтың қатты да темір құрсауынан бұлқынып шығу үшін жанталасты. Бұрқ еткен бұлқақтың бірі де ірісі Жетісу аймағындағы Қарқара көтерілісі болатын. 

Көтерілістің басталуы, шиеленісуі мен шарықтау шегі тарих оқулықтарынан белгілі. Ал соңында аяусыз басып жанышталғанына да оқығанбыз. Патша жендеттері 1916 жылы 23 шілдеде Жәмеңке және Ұзақ бастаған 16 адамды тұтқындап, 10 солдат айдаушымен Қарақол түрмесіне әкеледі. Бірнеше күн өткен соң, Қарқара абақтысына 65 кісі қамап, оның ішінен Серікбайды, Әбдіқалықты, Алдабергенді Жаркент түрмесіне 3 солдатпен әкетеді. Міне, осы үш қазақ азаматының кейінгі тағдыры тарих ғылымдарының кандидаты Тұрлығазы Медеуовтің зерттеуінде толық сипатталған.

«1916 жылдың жазынан басталған Қарқара көтерілісінің үлкен тармақтары Сүмбе, Үлкен Ақсу, Қалжат, Кетпен, Үлкен Дихан, Шарын, т.б. ауылдарда 1917 жылдың ақпан айына дейін жалғасқан. Мысалы, «Тохния Ғожамниязов деген ұйғыр жігіті басқарған Үлкен Ақсудағы көтерілісте олар 14 тамызда болыс кеңсесіне басып кіріп, қара жұмысқа кететін кедей ұйғырлардың тізімін болыстан тартып алып, тізімді жыртып, болыс кеңсесін өртеп жіберген. Оны 10 серігімен бірге Қарқара түрмесіне қамаған. Түрмеде ол Қарқара көтерілісшілерінің басшылары Серікпай Қанаев, Әбдіқалық Байсүгіров, Алдаберген Қойшыбеков деген қазақтармен бірге отырған. 

Одан алып шығып, Жаркент түрмесіне апара жатып, жолда Қайқы асуындағы «Жалманды» деген жерде патша жендеттері 11 ұйғыр, 3 қазақты атып өлтірген. Осы атыс кезінде Алдаберген Қойшыбаев деген қазақ жараланып, Мансур Ақун Насыров деген ұйғыр жігіті тірі қалған. 

Сол қырғынның куәгері Алдаберген Қойшыбаевтың айтуы бойынша «Жалманды» жерінде жау қолынан атылған қазақтар: Серікпай Қанаев, Әбдіхалық Байсүгіров; ұйғырлар: Тоқнияз Ғожамниязов, ағалы-інілі Жарулла, Алахун Сасықовтар, Кемахун Адилов, Муса Изизов, ағалы-інілі Илак, Ала Яхияровтар, Аюп Абдуллаев, Зиям Исламбакиев, Тохнияз Аманниязов, Мансурахун Насыров сияқты жауынгерлер болған. 

Жалпы Түркістан өлкесі бойынша 1917 жылдың 1 ақпанына дейінгі мәліметтерге қарағанда мыңдаған көтерілісшілер сотқа тартылып, 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылған. Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам атамекендерін тастап, көшуге мәжбүр болған. Жетісуда қазақ пен қырғыздардың 100-ге жуық елді мекені патша жазалаушыларының шабуылына ұшыраған», – деп жазады Т. Медеуов.

Белгілі журналист Жексен Алпартегі әйгілі Ұзақ батырдың шөбересі Жанәбілмен жүздесіп, оның әңгімесін жазып алған. «1930 жылдары атамыз Ұзақ батырдың жеті баласының отбасымен Жаркенттің қызыл қоңыр абақтысына қамапты. 

Айыптары байдың, зомагердің тұқымдары деп, Ұзақтың балалары – Оман, Дәуленхан, Тәліпті әйелдерімен және де жақындарын Жаркентке қамаған» деген екен. 

«Батырдың балаларын түрменің бастығы құтқарыпты. Ол Дәуленханды танып: «Ел Қытайға қашып жатыр. Мұндағылардың бәрі өледі. Сен де өлесің. Қытайға қаш. Мен сендерге көмектесемін. Осы маңда диірмен бар. Сол жердің басына апарамын. Диірменнен азын-аулақ азық алып, қашыңдар» деген. Соның көмегімен біздің әкелеріміз қашып, өздері отырған Мыңжылқыға келген. Дәуленхан бастаған 28 жан шекарадан өткен. Бұл әңгімені мені тәрбиелеп өсірген Ұлбай шешем айтқан еді. Ол кісі атақты Жәмеңкенің Сүлеймен деген баласының қызы» депті Жанәбіл аға. 

Жаркент мешіті, nazarmedia.kz

Жаркент өңірінде кезінде аты шығып, кейін мүлде ескерусіз қалған тұлғаның бірі – Жұмағұл Көшкінбайұлы. Ауыл молдасынан қара танып, хат біліп, сауаты ашылған Жұмағұл дінге жүйрік болады. Суанның игі жақсылары атын атап, әрқайсыс өзіне тартып, еліне молда, имам қылғысы келгендердің қолына түспейтін қат адамға айналыпты. Алдымен Бұрхан ауылында үш жыл, Шежін ауылында үш жыл имам және мұғалім болып, кейін оны Жаркент уездік дін мекемесі шақырып, қазы, муфти деген атақ беріп, имам мәзім, мутауалилерді сайлап, жұмысын қадағалап отырумен қоса ислам дінінің халық арасында дұрыс жүргізілуіне басшылық еткен екен. Міне, осындай белгілі тұлғаның түрмедегі кереметі аңыздай болып ел арасына тараған. Билікке заңсыз келген совет үкіметінің орнаған алғашқы шағында-ақ қожа молда, дін адамдарына тиісе бастағаны тарихтан аян. Би, болыс, бай, кулактар мен қожа, молда, төрелерді құрту керек деген заң шығып, оларды ұстап қамай бастады. Осылардың арасында Жұмағұл Көкшебайұлын да молда деген атпен ұстап, Жаркент түрмесіне бес жылға тыққан.

Жұмағұл молда жайлы қызықты деректі суыртпақтаған Қабди Жайшибеков пен Сатыбай Мырзахметовтер оқиғаны былай өрбітеді: 

«Жұмағұл молда жатқан бесінші камераға түнде құлып салып, кілтін алып кеткен милиционер ертесінде ертемен келсе, құлпы ашылып жерде жатады. 

Молда қашып кеткен шығар деп ішке кірсе, молда тып-тыныш ұйықтап жатады. Молданы оятып: «Құлыпты кім ашты?» – деп сұраса, молда: «Білмеймін, мен далаға шыққаным жоқ», – дейді. 

Аң-таң болған милиционер кешке тағы да есікті құлыптап, мұқият тексеріп, сілкілеп қарайды. Құлып толық салынған. Кеше шала жабылған шығар, бүгін ашыла қоймас, деп ойлап, кілтін алып үйіне кетеді. 

Ертемен келсе, құлып тағы да ашылып жерде жатады. Милиционер бастығына болған жағдайды айтса, ол ашуланып: «Өтірік айтасың, кешке өзім барып құлып саламын», – деп жібереді. 

Кеш батқаннан кейін түрме бастығы Самойлов деген орыс өзі барып, құлыпты мықтап салып, ертемен түрмеге келіп қараса, құлып ашылып жерде жатады. 

Самойлов таң қалады да, тағы екі күн құлыпты өзі салып көреді. Күнде ертемен келсе, құлпы ашылып жерде жатады. 

Самойлов: «Бұл молда қасиетті адам екен, бұл кісінің есігіне құлып салудың қажеті жоқ, бірақ қашып кететін шығар, бақылап көрейік» деп түнімен күзет қойып қаратады. Бірақ молда қашпайды. 

Самойлов: «бұл кісі қашпайтын сенімді адам екен» деп, қамаудағы жұмыс істейтін адамдарға бастық етіп қояды. Күнде ертемен қамаудағыларды жұмысқа алып барып, жұмыс істетіп, кешке қайтып алып келіп тұрады. Сонымен белгіленген мерзімді уақыты толып, түрмеден аман-есен босап шығып үйіне келеді».

Түрмеден босап шығу ілуде бір болатын сирек оқиға. Алланың ақ жолында жүргендерге бір мұғжиза болатыны анық. Ал қамалған ел-жұрттың бәрі молда не имам емес қой. Қарасазда ұстаздық қызмет атқарған Жалғас Келдібекова апай: «Менің естияр кезім. 1923 жылы дүниеге келгенмін. Құжатта 1924 жылы деп жазылған. 1930 жылдары елге ауыр тиді. Алғашында байларды тәркілеу басталып, кейін олардың малын тартып алды. Елде ашаршылық жайлап, қиналған жұрт Қытайға ауды. Оларды шекараға жеткізбей ұстап, Жаркенттің түрмесіне қамады. Іздеп барғандар қайтпады. Ағасын іздеген інісі мен туысы да сол жақта қалды. Жоғалғандарды іздеуге мұндағылардың шамасы болған жоқ. Ашаршылық кезі. Ол жылдарды қалай ұмытайын. Ел басына түскен тауқымет зұлмат болды. Кейін заманның тыныш кезінде Жаркенттегі түрмеде өлген әкелерімді іздеуге барғым келді. Бірақ ол кезде түрме болды ма, білмедім» деп естелік қалдырыпты

Жаркент тұрғыны Әбдібек Сәдуақасұлының да айтары көп. «Әкемнің әкесі Бәубек Жаркент өңіріне танымал болыс болған екен. 1930 жылдары ұсталып, осы түрмеге отырыпты. Кейін Қарағандыға айдалып, сол жақта өлді деген хабар келген. Атамыз үш әйел алыпты. Талай дау-дамайға төрелік айтыпты. Бір жылдары атамыз бес жыл шешілмеген келген қыз дауын шешіп беріпті. Дау шешілгеннен кейін атамызға 12 қыз берген. Ол 12 қызды ауылға әкеліп, Мамай деген атаның ұрпақтарына таратқан. Ол атаның жағыз ұлын да үйлендіріпті деген әңгіме айтылады. Әсілі жақсылық ешқашан да ұмытылмайды», – дейді арыстың ұрпағы.

Алаштың басқа да айтулы ардақтылары абақтыда адам төзгісіз ауыр азаптауларды бастан кешірген. Ұлт қайраткерлерінің сағын сындыру әрекеттері арнайы дайындалған оқшаулау орындарында жүргізіліпті. Жаркент өңірі жайлы тарихи деректерді жинақтап кітап шығарған Молот Солтанаев ағамыз түрмеде ату жазасы да орындалғанын айтады. нықтады. 

«Кукаркин деген орыс жазушысы Ленинградта тұратын. Соның «Кучер» деген повесін аударып шықтым. Кучер деген бұл – Константин Устинович Черненко. Баяғы Брежнев қайтыс болғаннан кейін КПСС орталық комитеттің бас хатшысы болған. Сол осы жерде жендет ролін атқарған. Яғни ату жазасын орындаған», – дейді Молот аға.

Жендеттер өлім жазасына кесілгендерді жер асты туннелімен Өсек өзенінің бойына апарған. Жер асты туннелі болғанын біздің жолбасшымыз Дүйсен ақсақал да растап отыр. Ол кісі қолының ұшымен нұсқап, өсек өзенінің жарқабағын көрсетті. 

Жарқабақ бұл түрмеден 500-600 метрдей жерде ғана екен. Түрме дуалының сырты қалың жыныс, ну ағаш болыпты. Қаша алған ептілері осы осы қалың ағашты паналап, жан сақтаса, мұнда ебедейсіз қимылымен ұсталып қалатындары дерек ату жазасына бұйырылып отырыпты. 

Көнекөз қарияның әңгімесіне сенсек, кезінде абақтының астынан сол жарға қарай апаратын жерасты жолының кеңдігі бір арба сыятындай. Өлім жазасына кесілген тұтқындарды сол жолменен апарып, ататын көрінеді. Ал мүрделерін арса-арса жарлардың арасына тастап, бетін жардың құлағалы тұрған топырағымен бүркей салады. Бұл да сол жұрт аузындағы әңгіме болғанымен, осыған қатысты айтылған небір келеңсіздіктер де баршылық.

Мәселен, өткен ғасырдың сексен-тоқсаныншы жылдары дәл сол жарқабақтың түбінен аумағы әжептәуір бассейн жасалып, ыстық күнде салқындағысы келгендер шолп-шолп шомылып, мәре-сәре боп жататын. Жағажайында жанына рахат іздейтіндердің қарасы да көп болған. Алайда жыл сайын жазғы маусымда түрлі себеппен адамдар сонда суға кетіп, көз жұматын. «Әй, бұл тегін емес, адам қаны көп төгілген жер ғой...» дейтін сонда ырымшыл халық. Көнекөз қариялардың айтып отырғанын да аңдамау мүмкін емес еді. Өйткені, мұндай қорқынышты құбылыс тоқтамай, қайта-қайта қайталана берген соң ба, ақыры жергілікті билік әлгі жұрт шомылып жүрген бассейінді жауап тастаған. 

Жаркент тұрғыны Серік Жұмәділов болса, бассейін табанынан адам сүйектерінің табылғанын айтады. «Кезінде осы жерден үлкен бассейн ашты. Сонда трактормен қазып жатқанда адамдардың сүйектері бірнеше жерден шықты. Кейін бұл бассейнді іске қосқанда 15-тен аса адам өмірден өтті. Кейін үлкен кісілер айты мына жерде болмайды. Мына жерде адамды атқан. Қаны бар. Қаншама адамды атқан. Кейін бассейнді тоқтатты», – дейді С. Жұмаділов. 

Расында алғаш патша әскерінің казармасы болған, кейіннен түрмеге айналған бұл ғимаратта қаншама қан төгілген. Түрме болған соң бұнда қорлық көрсету, азаптау, тіпті ату да орын алатыны заңды ғой. Сондықтан болса керек, Жаркентте осы ескі абақтымен байланыстырылатын жантүршігерлік әңгімелер жұртшылық арасында жетіп-артылады.

Жалпы, Ұлы Жібек жолының бойына қоныс тепкен ежелгі Жаркент шаһарының шежіресі тым тереңнен бастау алатыны көпшілікке мәлім. ХІХ ғасырдың соңына таман ешбір шегесіз тұрғызылып, ерекше сәулетімен елді тамсандырған Уәлібай мешіті, ұшар басы көкке шаншылған орыс шіркеуі, ауызекі тілде «ТуркВО» аталып кеткен қызыл кірпішті барак іспетті ғимараттар шағын ауданы, Совет үкіметі алғаш орнағандағы «Ревком» үйі, бүгінде көркемсурет галереясына айналған ағаштан қиюластырып қаланған нысан, советтік кезеңде кинотеатр болған татар мешіті, ұзақ жылдар бойы педучилищенің оқу корпусы ретінде пайдаланылған аумағы ат шаптырым еңселі үйлер, қаланың қақ ортасындағы есік-терезесі шығыстық стильмен жасалған екі қабатты қоныс... Тізбелей берсең, толып жатыр. Осылардың ішіндегі ең сұстысы, үрейлі орда – Жаркент түрмесі.

Міне, осы сыртқы ұсқынымен сескентіп, бір көргенде-ақ бірден селк еткізер көне ғимараттың талай-талай сұмдық сырды бүгіп тұрғанына еш күмәніміз болмасы хақ. 

Түрменің ішіне бүккен сырын ашамыз деп жазушы-журналистер сан мәрте қалам тербеді. Көркем әдебиетке әр түрлі жанрындағы еңбектерге арқау болды.

Білетіндер осы түрмені салуға ұйытқы болған орыс көпесінің өзі кейіннен істі болып, осында қамалған деген де әңгімені айтады. 

 Кейінірек жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлының «Жау жағадан алғанда» атты романына там-тұмдап болса да осы түрме туралы деректерді кіріктірген. 

Тағы бір жаркенттік қаламгер Тұрсынғазы Әлпейісовтың «Жоңғардың соңғы қашқыны» деген кітабына арқау болыпты. Ал белгілі журналист, зерттеуші Серік Әбікенұлы жетісулық банды аталған батыр бабалар жайлы толғауында түрме туралы мәліметтерді, сондай-ақ жеке тақырыпта «Жаркент түрмесі» атты мақаласын жариялаған. Бұлар, әрине, көркем-публицистикалық шығармада кейіптелген көріністер. Ал шын мәніндегі нақты деректерді әзірге кездестіре алмадық.

Қазір Жаркент түрмесінің жай-күйі сын көтермейді. Отыз жылдан бері иесіз тұр, қараусыз қалған. Ішіне кіруге кісінің жүрегі дауаламайды. Ресми түрде мемлекеттік қорғауға алынғанбағаны және бар. Бұл жайында Жаркент аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Толқын Көшербаева: «Қазіргі уақытта ешқандай мүмкіндік жоқ. Тіркеуге ала алмай жатырмыз. Өзіміздің әділет басқармасында иесіз объект ретінде тұр. Алматы облыстық мәдениет және архивтер басқармасына содан кейін тарихи мәдени мұра орталығына ұсыныстардың барлығы жолданды. Алдағы уақытта бұл ұсыныстар қолдау тауып жатқан кезде онда бұл мұражай ретінде пайдалануға берілетін болады», – деп жауап қатты. 

Көне ғимарат 1980 жылға дейін Панфилов педагогикалық училищесінің жатақханасы қызметін атқарыпты. Содан бергі 40 жылдан астам уақытта қараусыз қалғандықтан, тоз-тозы шыққан. Уақыт өткен сайын күн жеп, жел тоздырып, өзінен өзі құрып, тозып бара жатқаны өлкетанушыларды қынжылтып отыр. Ғимарат жаркент кентінің батысындағы ең шеткі «Желтоқсан көтерілісінің» батыры Ербол Сыпатаевтың атындағы көшеде орналасқан. Жергілікті тұрғындар тарихи нысанды қалпына келтіріп, Орынбордағы деректер негізінде мұражай ашу керек деп есептейді. 

Екінші Дүниежүзілік соғыстың сұрапыл күндерінде неміс-фашист басқыншылары Беларуссияның Хатынь деген деревнясын тып-типыл етіп талқандап, тұрғындардан тірі пенде қалдырмай қырып тастаған екен. Кейін беларусьтар бұл жерді сол қираған қалпында қалдырып, аспан астындағы қаралы музей ретінде сақтап қойыпты. Ал өзіміздің елорда маңындағы «Алжир» лагері де осы тақылеттес мұражайға айналған. Қарағандыдағы атышулы лагерь де тарихи туризм үшін таптырмас орынға ие.

Өмір толқынында талай-талай тауқыметті тағдырға куә болған Жаркенттегі осынау қасіретті ғимаратты да тарихи қалпына келтіріп, бүгінгі ұрпақ өткеннен тағылым алып, тәуба ететін орынға айналдырғанда дұрыс болар еді.

Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,

Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.

Бір жаманы – сонда да үй салмаған,

Бір жақсысы – абақты тұрғызбаған, –

деп арда ақын Қадыр Мырза Әли жырлағандай, мұқым тарихында түрме болмаған қазақ даласындағы Жаркент абақтысының сыр-сипаты, міне, осындай.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?