Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың оқыған қыздары

2039
Қазақтың оқыған қыздары - e-history.kz

Сурет: qazaqadebieti.kz

Өткен ғасырдың басында қазақ қыздарының арасында оқығандары көп емес еді. Бірақ, барының өзі елге хал-қадерінше қызмет етуді өздеріне парыз санаған. Қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған ғалым, «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Жаңа мектеп» секілді басылымдарда жұмыс істеген  Назипа Құлжанова, қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, дәрігер, ғалым-зерттеуші болған Гүлсім Асфендиярова,  «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына мақала жазған Аққағаз Досжанова...  Олардың арасында жауапты қызмет атқарғандары да болған.  Мысалы, оралдық Шахзада Қаратаева. Ол туралы Батыс Қазақстан облысының мұрағатында сақталған мәліметте Шонанованың 1922-1926 жылдары Орал губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші қызметін атқарғаны туралы айтылған. Жалпы сол заманда қыздар қандай бағытта білім алған, олар туралы мағлұматымыз неге аз, осы жөнінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Досмұханқызы Сүлейменовадан сұраған едік. 

-   Дәметкен апай, сіз «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы» тақырыбын зерттеген ғалымсыз, осы Батыс Қазақстан өлкесінен шыққан оқыған қыздар туралы зерттеліп жүр ме? Олардың арасында батыс алашордашылар қатарында болғандары бар ма?

-   Батыс алашордашылар қатарында болан қыздар туралы мәліметтер менде жоқ. «Батыс Қазақстан өлкесінен шыққан арулар» деген кітап шықты, бірақ ол жиырмасыншы ғасыр басындағы емес, бүгінгі таңда жетістікке жеткен қыздар жөнінде. Білетінім – Халел Досмұхамедовтың әйелі Сағира апай. Сағира апай біздің Жымпитының қызы, 1906 жылы Халел Досмұхамедовпен бас қосып, оқу жағдайымен Санкт-Петербургке барады. Оны дәлелдейтін Х. Досмұхамедовтің императорға жазған: «Мен үйлендім, Сағира 18 жаста, сондықтан бізге бөлме беруіңізді және менің әйелім ретінде оған прописка беруіңізді сұраймын» деген хаты бар. Халел оқуын бітіргенше Сағира апай оның қасында болған. Мен Халелдің қызы Қарашаш апаймен көз тірісінде жақсы араластым, сұхбаттастым. Сол кезде Қараша апайдың анасы туралы: «Біздің анамыз оқыған, білімді болды, әкеміздің жұмыстарының барлығына өз ой-пікірін қосып отырды, бала тәрбиесіне де жіті қарады. Шын мәнінде көзі ашық, көкірегі ояу адам болды. Әкеміз «халық жауы» болып ұсталып, артынан қайтыс болып кеткен кезде де балаларын қорғап, барынша адал қызмет етіп, әкеміздің мұрасын сақтап қалуға тырысты» дегені бар. Сағираның руы Қарақұнан Тана. Оның ішінде  Сүйіндік. Жаһанша Досмұхамедов Халелге кейде: «Менің апамды алып отырсың, маған жездесің» деп ойнайды екен. Өйткені Жаһанша да осы рудан болған. Халелдің руы Беріш. Бірақ, екеуінің де фамилиясы бірдей, әкелері дос, пікірлес адамдар болған, өмірде аралас-құралас болып жүрген. Халелдің әкесі кезінде «Менің Халелім оқып жатыр, олай болса Жаһаншаны да берейік» деп, олар бір-бірін  бата тойына шақырысқан дейді.

-   Өткенде бір сөйлескенімізде Шахзада Шонанова туралы айтып едіңіз. Ол өзі Ордада сабақ берген Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханованың қызы екен.  Яғни Хұсни-Жамалдың өзі білімді адам болған, Әмина Мәметова да Хұсни-Жамалдың алдынан білім алған. Шахзада Сырым ауданында туып, Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскенімен, әкесі үстем тап өкілі болғандықтан, қудаланып,  оқудан шығарылыпты. Осындай тағдырды қайталаған басқа қыздар туралы да айтып өтсеңіз.

-   Енді Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы туралы негізгі құжаттық материал Орал қаласында өлкетану мұражайында бар. Хұсни-Жамалдың өзі хан тұқымынан болып келеді. Өзі жас кезде оқып, өте жақсы білім алған. Өзінің қаражатына Ордада мектеп ашқан. Сол өз қаражатына ашқан мектепте қыздарды оқытқан. Бұл жөнінде Орал облысының энциклопедиясында суреттері мен мәліметтері берілген. Осы Хұсни-Жамалдың мектебінде өзінің алғашқы білім алып, оқуын бастаған қызардың бірі - Бақытжан Қаратаевтың інісі Ырым Қаратаевтың туған қызы Шахзада Шонанова. Екіншісі - Әмина Сүлейменова. Енді біреуі осы мектепте оқыған, біздің қазақ АКСР-нің тұңғыш басшысы болған Сейітқали Меңдешовтің әйелі Разия Меңдешова. Бұлар осы мектепте оқыған. Содан кейін Оралдағы қыздар училищесінде оқуды жалғастырған. 

Оралдағы қыздар училищесі 1918 жылдың, егер шатыспасам, қаңтар-ақпан айына дейін білім берген, содан кейін жабылып қалған. Себебі елде саяси жағдай шиеленісіп, аумал-төкпелі уақыт басталып кетеді. Енді бұл училищеде білім алып, өздерінің білім жолын анық аяқтаған Шахзада Шонанова мен Әмина Сүлейменова дедік қой, мысалы Шахзада Шонанова жөнінде құжаттық материалдары бар. Разия Меңдешова жөнінде материалдарды Алжир лагерінен алдым. Кейін жолдасы тұтқындалған кезде бұл кісіні де тұтқындайды, бес жыл Алжир лагерінде отырып, сентябрь айында лагерьден шыққан. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Оған дейінгі құжаттарында ол кісі туралы: «неграмотная» делінген. Шын мәнісінде ол оқыған, сауатты адам болған. 

-   Тұңғыш қыздар училищесі Ордада ашылған екен (кей деректе қазақ  даласында қыз балаларға арналған тұңғыш білім ордасы Ырғызда ашылған дейді), бұл жерде олар қандай мамандық алған? 

-   Жалпы Жәңгір хан қазақ тарихында, соның ішінде батыс өлкеде реформатор болған хан аталады. Кіші жүздің реформаторы. Өзі білімді, оқыған, соған байланысты хандық құрған Бөкей Ордасында тұңғыш мектепті 1841 жылы ашқан осы Жәңгір хан болатын. Қыздардың училищесі де осы Бөкей Ордасында ашылған. Бөкейде қазақ қыздары училищесі ашылғаны туралы, онда кімдер білім алғаны жөнінде кеңірек мағлұмат Бөкей ордасы музейінде бар. Ырғызда да қазақ қыздарының училищесі болған. Ал енді сол заманда қыздар қандай мамандық алды дейтін болсақ, негізгі мамандық - сауат ашу болған. Сауаты ашылған қыздар міндетті түрде қыз балаларды оқуға атсалысқаны жөнінде мәліметтер бар.

-   Жаңа заман орнағанда қыздарды оқыту ішінара ғана жүргізілген бе әлде бүкіл қыз міндетті оқуға тартылған ба? Орысша білім алған ба?

-   Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ қыздарының ішінде алғашқы болып оқуға тартылғандардың аты-жөнін толық айта алмаймын. Дей тұрғанмен, жиырмасыншы ғасырдың басында орыс тілінде оқыған қыздардың болғандығы туралы мәліметтер тарихта бар. 

-   Біз енді журналист қыздарды білеміз ғой, Ләзиза Серғазина, Сара Есова, Шолпан Имамбаева, Алма Оразбаева... Сол заманда қазақ мектептеріне арнап оқулық жазған педагог, ғалым ғана емес, журналист ретінде де  «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Жаңа мектеп» секілді басылымдарға мақала жазған  Назипа Құлжанова, Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған, қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, дәрігер, ғалым-зерттеуші болған Гүлсім Асфендиярова,  «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына мақала жазған Аққағаз Досжанова, Германияда оқыған Гүлайым Балғынбаева, Ғайнижамал Дулатова, «Айқапқа» жазып отырған Мәриям Сейдалина, одан басқа Сақыпжамал Тілеубайқызы, Жаңыл Қадырбаева, Гүлшаһара Досымбекова сияқты оқыған қазақ қыздары аз болмаған екен. бірақ неге олардың аты соңғы кезде ғана атала бастады? Неге олардың насихаты кем?

-   Олар неге зерттелмей жатыр деген тақырып мені де алаңдатады. Біз Алаш тақырыбының өзін кеш зерттеп жатырмыз. Әлі көптеген құжаттық деректер қолымызға тимей жатыр. Алаш азаматтарымен бірге жүрген, жан-жары болған, оқыған қазақ қыздары туралы зерттеу материалдары аз. Ол әлі тарихи айналымға түспей жатқаны да рас, сондықтан бұл алда тұрған үлкен көкейтесті мәселе деп ойлаймын. 

-   Әңгімеңізге рахмет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?