Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Күндерек. 23 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында

1857
Күндерек. 23 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында - e-history.kz

23 ақпан айтулы даталар мен тарихи тұлғалардың дүниеге келген күні.  Qazaqstan tarihy порталы солардың кейбіреуіне тоқталып, қызықты даталарды оқырмандар назарына  ұсынады. 

23 ақпанда дүниеге келген танымал тұлғалар

Әбілфайыз Ыдырысұлы ЫДЫРЫСОВ  - журналист-публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бірнеше орден-медаль¬дың иегері, Қазақстан Журналистер Одағының бірнеше дүркін лауреаты. 

Әбілфайыз Ыдырысұлы - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша тәмамдап, журналистік еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып жемісті еңбек етті. Жалындаған шағында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім ме¬ңгерушісі, жауапты хатшы қызметінде газеттің сапалы шығуына өз үлесін қосты. «Қа¬зақстан пионері» газетіне басшылық жасаған тұсы ерекше бір кезең. Ал кейін ұстаздық қызметке біржола ден қойып, өзі білім алған қара шаңырақта аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.

Публицист-жазушы, педагог Ыдырысовтың қаламынан көптеген ғылыми-зерттеу кітаптары, деректі эссе, хикаяттармен қатар “Айжанның ғашығы” (1965), “Берік” (1994), “Аңсаған менің әнімсің” (2000), “Ақсүйек”, “Кер бұзаудың өлімі” (2004) повестері, “Таңшолпан” романы (2005) жарық көрді. Ол 1930 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Егінсай ауылында дүниеге келген. 2019 жылы дүниеден өтті.

Сәдібек Түгел – жазушы, публицист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның еңбек ссіңірген қайраткері. Ол 1955 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факултетінде білім алған. Мамандық бойынша еңбек жолын «Өркен-Расцвет» газетінде аудармашы болып бастады. 1992-1994 жылдары «Ұлан Таңы – Уланские Зори» газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 1994-1998 жылға дейін Алматы қаласында «Қазақстан Теледидары мен Радиосы» корпорациясында жауапты қызметтерді атқарды. 1998 жылдың басында Астананың тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

Сәдібек Түгел ұлттық спортты дамытуда да қажырлы еңбек етті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Спорт Түрлері қауымдастығының вице-президенті, Ұлттық Ат Спорты Федерациясының президенті қызметтерін атқарды. Ақан серінің «Құлагеріне» ескерткіш салу идеясының авторы әрі негізгі ұйымдастырушысы болды. 
Ол 2019 жылғы Қазақстандағы президент сайлауына Ұлы дала қырандары республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысының атынан қатысты.

Бақыт Ғафуұлы Қайырбеков - ақын, сценарист, кинорежиссер, 10 поэтикалық жинақтың және көптеген деректі фильмдердің авторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1970 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет инcтитутында оқыған. 1979–1982 жылдары  Абай атындағы Қазақ педагогика институтында аспирант, 1987–1989 жылдары  КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлер жоғарғы курсының тыңдаушысы болған. «Жазушы» баспасында, «Советский Казахстан сегодня», «Қазақфильм» киностудиясында, көркем және телевизиялық шығармашылық бірлестігінде, Қазақ КСР Мәдениет Министрлігінің репертуар-редакциялық алқасында, «Қазақтелефильмде », Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының баспа орталығында жауапты қызметтер атқарған.

Бақыт Ғафуұлы Асан Қайғы, Бұқар, Ақтамберді жыраулардың, Шәкәрімнің өлеңдерін, С.Мұратбеков, А.Сейдімбеков, Қ.Салғарин, Т.Жұртбаев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, Т.Абдырахманұлы, О.Асқар, Е.Раушановтың шығармаларын орыс тіліне аударған. Тегерандағы (Иран), Дьердегі (Венгрия), Штутгарттегі (Германия) халықаралық кино-фестивальдерге қатысқан. Мәскеуде ТМД елдері I Халықаралық теле-форумының дипломанты болған. Өлеңдерін орыс тілінде жазады. 1953 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 

Ерлан Әбділдаұлы Біләл – театр актері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.  Ол 1993 жылы Қазақ Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр және кино институтын театр-кино актері мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметтерін атқарған.  

Ғұмырын ұлттық өнерге арнаған талант иесінің М.Әуезовтің «Абайында» - Абай, «Қаракөзде» - Сырым, «Еңлік-Кебекте» - Кебек, «Айман-Шолпанда» - Әлібек, «Қилы заманда» - Ұзақ батыр, Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» - Балуан Шолақ, Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» - Қозы, тағы да басқа көптеген рөлдері қазақ тарихына еніп, баға жетпес қазынаға айналды. Ерлан Әбділдаұлы  1971 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дүниеге келген. 

Жұбаныш Жексенұлы Тоқсанбаев – эстрада әншісі, тележүргізуші. Қазақстан Республикасының «Мәдениет» қайраткері. Ол 1975 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Жұбаныш 1991 жылы аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы гуманитарлық, педагогикалық колледжін бітірген. Мектеп оқушысы кезінде Мәскеу қаласында өткен халықаралық балалар байқауына қатысып, өнерін Ресей астанасында паш еткен.  Оңтүстік Қазақстан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі,  «Қазақ әуендері» АҚ қарасты «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінде қызметтер атқарған.

Бауыржан Ербосынұлы Исламхан – қазақстандық футболшы. Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы. Қазақстанның 6 дүркін вице-чемпионы және ел кубогінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 

Бауыржан Тараз футбол академиясының түлегі.  Небәрі 24 жасында Қазақстанның футбол тарихында үлкен жетістіктерге жеткен Бауыржан Исламхан 2016 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік футболшысы атанды. Бауыржан тіпті жасы әлі жиырмаға да ілікпей тұрғанда ұлттық құрамаға шақырылып, жастар құрамасы сапында «Достастық кубогінің үздік ойыншысы» атанған еді. 2016 жылы британдық BT Sport телеканалы Еуропа лигасы Уефадағы Бауыржан Исламханның голы ең әдемі гол деп жариялады. BT Sport сайтында оның голы 86 пайыз дауыс жинаған. Ол 1993 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген.

23 ақпан - әлемде 
23 ақпан – Ресейдің Отан қорғаушылар күні. Кеңес Одағы кезінде бұл мереке Кеңес Армиясының және Әскери-теңіз флотының күні ретінде аталып өтетін.
Әдетте бұл мерекені әскерде немесе түрлі күш құрылымдарында қызмет еткен ер азаматтар, сондай-ақ ардагерлер мен түрлі соғыстарға қатысушылар тойлайды. Алайда халық түсінігінде бұл мереке "нағыз ерлердің" күні деп саналады. 
23 ақпан – Францияның Страсбург қаласында адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың бірінші сессиясы ашылды. Еуропа кеңесі әзірлеген адам құқықтары мен іргелі бостандықтарды қорғау туралы Конвенция бойынша құрылған ECPC бірінші сессиясы ашылды. ECPC құрамына Еуропа Кеңесінің (ЕКПА) Парламенттік Ассамблеясының алты жылдық мандаты бар 46 судья кірді.
Қазіргі уақытта ECPC 47 судьядан тұрады. Олар тоғыз жылдық мерзімге сайланады және қайта сайлана алмайды. Жоғарыда аталған Конвенцияның нормаларын қорғау жөніндегі Жоғарғы Соттың қызметі әлемдік қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды.


Бүгін АҚШ-та тағы бір аспаздық мереке – Банан нанының ұлттық күні аталып өтеді. Банан наны – америкалық тағамның бірі. Алғаш рет банан наны рецепт кітаптарда 1930-шы жылдары пайда болды, ал жалпы ол шамамен 18 ғасырдан бері пісіріліп келеді деген болжам бар (оның дәл қазіргідей болуы екіталай).
Нанды дәріптеу базарда сода мен қопсытқыштың (разрыхлитель) пайда болуымен байланысты. Банан нанының осыншалық танымал болуының екі нұсқасы бар. Бірінде АҚШ-тағы ұлы депрессия кезінде үй шаруасындағы әйелдердің пісіп кеткен банандарды тастағысы келмегені айтылады. Енді бір нұсқада жарнама берушілер қопсытқыш қосылған ұнды сату кезінде банан нанын қолданғаны айтылады. Алайда ол дәмді болмаса, осыншалық танымал болмас еді.  

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?