Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун: Алаш қозғалысының теориялық дайындығы ерте қалыптасты

2150
Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун: Алаш қозғалысының теориялық дайындығы ерте қалыптасты - e-history.kz

Биыл – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Осыған орай редакцияның қолдауымен шетелдік ғалымдармен арнайы сұқбат сериясын бастап едік. Бұған дейін ахметтанушы ғалымдар Нергис Бирай (https://e-history.kz/kz/news/show/33604/) және Махамбет Жүсіповпен (https://e-history.kz/kz/news/show/338860) өрбіген әңгімелер назарларыңызға ұсынылды. Ал кезекті жарияланымнан «Алаш идеясының индексі және жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы» жобасы аясында (АР13067966) арнайы жүздескен белгілі алаштанушы ғалым, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласунмен болған сұқбатты оқи аласыздар. Әңгіме арқауы жәдит қозғалысының басталуы мен қанат жаюуы, Түркия мен Батыстағы Алаш тақырыбының зерттелуі мәселелеріне арналды.  

– Гүлжанат ханым, сіз Түркияда Алаш тақырыбын зерттеумен шұғылданатын іргелі ғалымның бірісіз. Жалпы Алаш тақырыбы мұндағы ғылыми қауымдастыққа қаншалықты таныс, қай деңгейде зерттеліп жатыр? 

– Алаш тақырыбы Түркияда қай деңгейде зерттеледі деген сұраққа келместен бұрын Түркияда «Жалпы түркі тарихы» ұғымы барын атап өту керек. Бұл арадағы жалпы түркі тарихы – тек қана қазақ немесе татар, яки өзбек, қырғыздың ғана емес, тұтас түбі бір түркі тектес халықтардың ортақ тарихын зерттейтін дисциплина. Бұл дисциплина жоғары оқу орындарында бакалаврдан бастап, докторантураға дейінгі аралықта тарих пәні аясында жеке оқытылады. Сондай-ақ Қазақстанда ЖАК (жоғарғы аттестациялық комиссия) секілді арнаулы құрылыммен бекітілетініндей аталған пән мұнда тарих ғылымының жеке бір тарауы ретінде нақты анықталған. 

 

– Яғни Алаш тақырыбы осы «Жалпы түрік тарихы» пәні аясында зерттеледі дейсіз ғой. Бұл пән Түркияда қашаннан бері жолға қойылған? 

– Түркияда «Жалпы түркі тарихының» негізін салған ғалым ретінде Зәки Уәлиди Тоғанның есімі айрықша аталады. Бұл ғылым саласында ол кісінің атқарған еңбегі орасан. 1940 жылы жариялаған “Bugünkü Türkili (Türkistan) ve Yakın Tarih” (Бүгінгі Түркіелі (Түркістан) және оның жақын тарихы) атты көлемді еңбегі Түркия ғылыми қауымдастығында өте үлкен жаңалық, резонанс тудырды. Осыдан кейін жалпы түркі халықтарының тарихына деген қызығушылық артты. Сол себепті Зәки Уәлиди Тоғанды біз Түркияда жалпы түркі тарихының негізін салушылардың бірегейі, атасы ретінде атаймыз.

Ал қазақ тарихы – жалпы түркі халықтарының тарихында үлкен қызығушылық туғызатын тақырыптардың бірі. Соның ішінде тәуелсіздік жолындағы Алаш қозғалысы зерттеу нысаны ретінде қай тұрғыдан да маңызды. Түркиядағы тарих ғылымы Алаш қозғалысына түркі халықтарының бір-біріне жалғасқан модернизация және ояну процестерінің бір бөлшегі, тұтас шынжырдың бір үзігі ретінде қарайды.

 

– Олай болса, бұл шынжырдың басы, жәдитшілдік қозғалыстың түп төркіні қайдан тарайды? 

– Егер жалпы түркі әлеміндегі жәдидтік қозғалысты үрдіс, процесс ретінде қарастырсақ, оның әріден өрбігенін аңғарамыз. Мысалы, 1789 жылы Осман Империясында ІІІ Селим патша ортаға шығарған «Низам-ы жедид» деген жаңа бағыт болған. Бұл жаңа дисциплина, жаңа структураның құрылуы еді. Бұл жаңа бағыттың ықпалында тек әскери реформалармен шектеліп қалмай, білім беру мазмұндары толықтырылып, шет тілдерін меңгеру, позитивті ғылымдардың үйретілуі секілді тың арналар қосылды. Одан бөлек, «Низам-ы жедид» әскери формалардың өзгеруінен бастап, әскери саладағы құрылымдық өзгерістерге жол ашты, сондай-ақ қоғамда комплекстік реформаларды қамтыды. 

Одан кейінгі 1808 жылғы ІІ Махмұд кезінде де бұл реформалар әрі қарай жалғасқан. Жалпы кейбір пікірлер мұның бастауын Еуропамен байланыстырса да, жалпы түркі әлемі ауқымынан қарастырсақ, Осман империясының бастаушы рөлін көреміз. Кезінде Осман империясына келіп, Стамбұлда, тағы сол сияқты басқа қалаларда білім алған түркі нәсілді халықтардың өкілдері өз жұртына қайтып барғаннан кейін туған елінің көз алдағы жағдайына сай модернизация жолында, әсіресе, ағартушылық бағытында ізденісте болғанын көреміз. 

 

– «Низам-ы жәдидтен» кейін Осман империясының соңғы кезеңінде «Танзимат» секілді реформалық ұмтылыстар болғанын білеміз. Ал жәдиттік қозғалыс Ресей бұғауындағы түркі ұлыстарында қашан басталып, қалай өрбіді? 

– Түркі әлемінің модернизацияға мойын бұрған келесі бір кезеңін 1850 жылдардан кейінгі Еділ бойы татарларының іс-әрекетінен көреміз. Бұлардың ішінде біз Шаһабуддин Маржани, Абдунасыр Қурсауи, Алимжан Баруди, Ризаэддин Фахреддин сияқты ғалымдардың рөлін, олардың еңбектерін аса жоғары бағалаймыз. Олардың ой-идеясының негізі білім беру, ағартушылық жол арқылы елімізді, халқымызды қайтсек аман сақтап қаламыз деген ұстанымдарынан аңғарылады. 

Одан кейінгі, яғни модернизациядағы үшінші этап, барлығымызға жақсы белгілі – жәдит қозғалысы. Бұл этап Исмаил Гаспринскийдің Бақшасарайда 1883 жылы «Тәржіман» газетін шығаруымен, 1884 жылы жаңа үлгідегі мектептің ашылуымен басталады. Бір-бірімен етене байланысты бұл оқиғаларды біз жәдит қозғалысының, әрекетінің нақты басталуы ретінде қабылдаймыз. «Тәржіман» газеті тек Бақшасарайда ғана емес, Стамбұлға, Каирға, Түркістан өңіріне: қазақ-қырғыздар мен өзбектерге – жалпы түркі әлемінің барлық пұшпағына тараған. Біз негізі идеялардың да осы газетпен бірге тасымалданғанын көреміз. 

Яғни Алаш қозғалысы тұтас түркі жұртының ояну жолындағы жәдиттік қозғалыстың бір бөлшегі, қазақ топырағындағы жалғасы ретінде көрініс тапты.  Қазақ топырағынан әрі қарай бұл қозғалыс өзбектерде де кеңінен өрістеді. Мүнәввар Қари, Махмұд қожа Бехбуди, Фитрат, Шолпан секілді алғабасар зиялылар осы идеяның туын тіктеді. Газет-журнал арқылы ағартушылық жолды насихаттады. Жәдит қозғалысын процесс ретінде қараған кезде біз Алашты да жақсы түсіне аламыз. Әрине, мен тек аузыма ілінген шағын топты ғана атадым. Әйтпесе, бұл – жалпы түркіні толық қамтыған, территориялық ауқымы да анағұрлым кең модернизация. 

Осы ояну, қайта дәуірлеу қозғалысының Османлы империясынан басқаларында, дәлірек айтқанда, Ресей паташалығының қоластына қараған түркі жұртында ортақ мәселеде ұйысқанын байқаймыз. Ол мәселе – еркіндікке қалай қол жеткіземіз деген сұрақтан өрбіген азаттық, тәуелсіздік  идеясы. Яғни жәдиттік көзқарастағы зиялылар еркіндігімізден айрылып қалған тұста бостандыққа қалай қол жеткіземіз, ел-жұртымызды білім, ғылым жөнінен қайтсек биік деңгейге көтереміз, ұлтымыздың сапасын қайтіп арттырамыз және, ең бастысы, дербес ел болу үшін не істеуіміз керек деген көкейкесті сұрақтарға жауап іздеді. Бұл сауалдар барлық отарлық езгідегі түрік нәсілдес ұлттарға тән еді. 

– Сіз Алаш қозғалысын жалпы түрік жұртында қанат жайған жәдиттік қайта ілгерлеу қозғалысымен сабақтастыра айттыңыз. Алаш қозғалысының түркі жұртындағы өзге күрестерден ұқсастығы бола тұра, айырмашылығы да бар шығар, осы арасын ашалап айтып берсеңіз. 

– Ресей боданындағы түркі халықтарында азаттық күресі 1917 жылы көрініс тапқан дедік. Осы жылы біз көптеген түрік халықтарының дербес мемлекет болуға ұмтылғанын көре аламыз. Бұлардың ішінде, мысалы, башқұрттар мен қазақтардың Башқұрт және Алаш мемлекеттері, 1918 жылғы әзірбайжандар құрған Әзірбайжан демократиялық республикасы, Қырымда құрылған Қырым демократиялық республикасы т.б. бар. Әрине, алдында атап өткенімдей, барлығының түп мақсаты дербес мемлекет болу, өз-өзін басқаратын тәуелсіз ел атану, халқының жағдайын жақсарту болғаны анық. Дегенмен Алаш қозғалысын басқаларынан ерекшелейтін бірқанша сипаттары бар.

Біріншіден, қозғалыс тарихының ертеден басталатындығы. Яғни Алаштың бостандық жолындағы күресін 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан бастауға болады. Сол кезден бастап демократиялық күрес көрініс тауып, Алаш қозғалысының инфраструктурасы құрыла бастады. 

Екіншіден, мықты теориялық негізінің қалыптасқандығы. 1911 жылы Барлыбек Сырттанұлының Алаш конституциясын жазуы, 1913 жылы шыға бастаған «Қазақ» газетінде осы жылдан бастап «Алаш» не сөз?», «Алаштың азаматтарына», «Алашқа», «Алаш ұлына», «Алаш балалары» атты үндеу, өлең, мақалалар жарық көрді. Осы секілді әртүрлі еңбектермен бірнеше жыл бойы халыққа Алаш ұғымының түсіндірілуі – мұның барлығы саяси күрестің теориялық дайындығының ертеден қалыптасқандығын, Алаш көсемдерінің халықпен етене тығыз жұмыс істегендігін көрсетеді. Сондықтан Алаш қозғалысы салыстырмалы түрде өзге түркі жұрттарындағы саяси әрекеттерге қарағанда практикалық тұрғыда бір адым алда болды деп айта аламыз. 

Үшіншіден, отарлық қамытқа түскеннен кейін қару ұстап, әскер жинамаған ел үшін қысқа уақытта ұлт қазынасын топтап, Алаш әскерін жасақтай алуы да мемлекеттілік күресте Алаш көсемдерінің теориялық негізден бөлек, әрекет тұрғысынан да батыл және әбжіл қимылдай алған шешімталдығын көрсетеді.

 

– Алаш автономиясының құрылуын кездейсоқ оқиға емес, ертеден ішкі дайындығы бар, теориялық және практикалық даму сатыларынан өткен маңызды құбылыс ретінде бағалайсыз. Ал кейбір отандық тарихшылар Алаш мемлекетінің құрылуын жоққа шығарып, Қазақ мемлекеттілігінің іргетасы 1920 жылы құрылған Қазақ Автономиялы  Кеңестік Социалистік Республикасынан бастау алуы керек дейді. Тарихшы ретінде бұған көзқарасыңыз қандай? 

– 1917 жылғы желтоқсан айындағы қазақ-қырғыз сиезінде Алаш автономиясының құрылуы қазақ тарихындағы, тіпті дүние тарихындағы маңызды этаптардың бірі. Өйткені Алаш автономиясы – қазіргі тәуелсіз қазақ елінің жалпы территориялық жақтан болсын, сондай-ақ идентификациялық жақтан болсын негізінің қаланғандығының бір айғағы, дәлелі. Алдыңғы сөзімде де атап өттім, Алаш мемлекетін басқа біреу қазаққа жаны ашып, қақысы кеткенін ескеріп, ұстатқан жоқ. Оны өзіміздің оқығандар күреспен, ертеден басталған саяси әрекет нәтижесінде қолға келтірді. Мысалы,  Әлихан Бөкейхан 1917 жылға дейін-ақ қазақтың кең байтақ жерін қағазға түсіріп, территориялық межесін анықтады. Желтоқсандағы сиезде осы ұстаным көрініс тапты. Одан кейінгі 1919-1920 жылдардағы Ахмет Байтұрсынұлы, Уәлитхан Танашев, Әлімхан Ермековтердің Ленинмен кездесіп, келіссөз жүргізуде, аталған қайраткерлер де Алаш автономиясының 1917 жылғы сол территориялық межесін берік қорғады, талап етті. Қазақ жерінің тұтастығы осылай қолға келген. Ал жер дегеніміз – мемлекеттіліктің ең басты шарты. Демек қазақ мемлекеттілігінің іргетасы 1920 жылдан емес, 1917 жылдан басталатынына бұл бір дәлел. 

Сондай-ақ Алаш арыстарының әрекетін бағалауда ұлттық идентификация жолындағы қызметі айрықша ескерілуі керек. Яғни біз кімбіз, өзіміздің ұлттығымызды қалай сақтап қаламыз деген миссия күрестерінің өзегі еді. Егер мемлекеттілік тәуелсіздіктен көрініс табатынын ескерсек, онда тәуелсіздіктің тіні осы идентификацияда емес пе! Бұл тұрғыдан Қазақ мемлекетінің бастауы, әрине, Алаш автономиясынан басталады. 

– Алаш арыстардың атын атауға тыйым салынған кеңестік режимде Түркия Алаш тақырыбын айтуға болатын жалғыз ел еді. Одан бергі уақытта қандай нәтижелерге қол жетті? Зерттелу тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз. 

– Қазақстанда Алаш қозғалысын дербестік жолындағы саяси күрес бастауы ретінде бағалау, ал Алаш автономиясын мемлекеттіліктің тұғыры ретінде зерттеу, ғылыми тұжырымдау Кеңес дәуірінің соңғы жылдары мен негізінен тәуелсіздіктен бергі 30 жылдықта жақсы қолға алынды, едәуір нәтижеге де қол жеткізілді. Соған сәйкес Түркияда да бертінгі кезде Алаш тақырыбына қызығушылық ұлғайып, үлкен мән беріліп келе жатыр. Шартты түрде Түркиядағы алаштануды 91 жылға дейінгі және кейінгі деп екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Енді сіздің сұрағыңызға орай Түркиядағы осы екі кезеңде тақырып қалай зерттелді деген сауалға тоқталайын.

Түркияда Алаш қозғалысы, Алаш зиялылары туралы ұғым Зәки Уәлиди Тоғанның еңбектерінен кейін жүйелі және кешенді түрде зерттеле бастады десек болады. Башқұрттың көрнекті мемлекет қайраткері және ғалымы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған Түркияда және Еуропада жалпы түркі халықтарының тарихы бойынша, Алаш тарихына да қатысты өте құнды деректер мен мағлұматтар, естеліктер мен талдаулар жариялаған. Сөзіміздің басында атап өткенімдей, “Bugünkü Türkili (Türkistan) ve Yakın Tarihi” (Бүгінгі Түркіелі (Түркістан) және оның жақын тарихы) атты көлемді кітабы 1940 жылы Ыстамбұлда басылып шықты. Бұл еңбек әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Жалпы түркі тарихына қатысты ең негізгі еңбектердің бірі ретінде үлкен сұранысқа және ерекше маңызға ие. Зәки Уәлиди Тоғанның 1946 жылы жарияланған “Umumi Türk Tarihine Giriş” (Жалпы түркі тарихына кіріспе) кітабы  әлі күнге дейін маңыздылығын жоймаған құнды еңбек. Сондай-ақ Зәки Уәлиди Тоғанның “Hâtıralar” (Естеліктер) атты кітабы 1969 жылы Ыстамбұлда жарық көрді. Бұл кітапта да біздің бірқатар Алаш зиялыларының аттары аталған. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханмен қалай кездескені, Ахмет Байтұрсынұлы туралы, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Аққағаз Досжанова, Халел Досмұхамедұлы тағы басқа Алаш зиялыларының аттары, олар жайлы құнды мәліметтер мен естеліктер қамтылған.

Тағы бір маңызды еңбекӘбдіуақап Оқтайдың 1950 жылы даярлап,  Ыстамбұлда басып шығарған туындысы. Біртуар қайраткер, марқұм Мұстафа Шоқайдың туғанына 60 жыл толуына орай  «Түркістан ұлттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай» (Türkistan Milli Hareketi ve Mustafa Çokay (Merhumun 60. Doğum Yılı Münasebetiyle) атауымен басылым көрді.

Одан кейін 60-70-жылдарға қарай көптеген жаңа кітаптар шыға бастады. Бұлардың ішінде, әсіресе, кезінде Шығыс Түркістанға кетіп, одан Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан сияқты қилы көш жолдарымен 1952 жылы Түркияға қоныстанған қазақ өкілдерінің еңбектері бар. Осы топтардың ішінен шыққан зиялылардың өз тарихын таныстыруға көп еңбек сіңіргенін атап өту керек. Олардың ішінде Түркия қазақтарының белді де белсенді тұлғаларынан марқұм Хасан Оралтайдың есімін айрықша атаймыз. Хасан Оралтайдың Түркияда көптеген кітаптары жарық көрді. 1965 жылы “Büyük Türkçü Mağcan Cumabayoğlu” (Ұлы түрікшіл [тұлға] Мағжан Жұмабай) атты кітабын даярлап, басып шығарды. Сонымен қатар, 1973 жылы “Alaş: Türkistan Türklerinin Milli İstiklal Parolası” (Алаш: Түркістан түркілерінің ұлттық тәуелсіздік құпия сөзі) атты еңбегі тасқа басылды. Міне, осындай еңбкетердің ізін ала Түркияда Алашқа қатысты тағы басқа да құнды еңбектер жарық көрді. Айталық, 1971 жылы жарияланған Міржақып Дулатұлының «Оян қазағы» – сондай кітаптың бірі. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” өлеңдері 1909 жылғы Уфада басылған нұсқасынан 1936 жылы толық көшіріліп алынған. Кейіннен Шекүр Тұран баспаға дайындап, 1971 жылы жариялаған. Тек қазақ қоғамының емес, басқа да түркі халықтарының оянуына өзіндік үлес қосқан Міржақыптың өлеңдері, осылайша Кеңес кезеңінде Түркияда оқылып, кеңінен таралды.

 

1971 жылы Түркияда жарық көрген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабының бірінші және соңғы мұқаба беттері. Сурет сұқбат кейіпкерінен алынды.

 

1968 жылы «Өтүкен» журналында Алаштың 50 жылдығына арнайы мақала жарияланды. Мұстафа Шоқайдың “1917 ж. Естеліктерінен үзінділер” атты құнды еңбегі Анкарада 1988 жылы жарық көрді. Оны Саадет Исхаки Чағатай алғысөзін жазып, басып шығарды. Осы мерзімде Баймырза Хаиттың кітаптары жарық көрді. Яғни кеңестік дәуірде Алаш туралы жалпақ жұртшылық әлі білмеген тұста Түркияда зерттеулер жасалған. Арыстардың атын туған топырағы атай алмаған тұста бұл жақта мерзімді басылымдарда, кітаптарда насихатталған. Осы реттен қарасақ, Түркияда алаштанудың тарихы ертеден басталғанын көреміз. 70-80-жылдарға жеткенде әдебиеттер біршама көбейе бастады. Сондай-ақ осы кезден бастап тек Түркия ғана емес, Батыс елдерінде де Алаш жайлы зерттеулер жазыла бастады. Кеңестер одағы ыдырағанынан кейін Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, 1991 жылы дербес мемлекет атанды. Бұл Қазақстанмен бірге Түркияда да Алаш тақырыбының зерттелуіне, көптеген ғылыми еңбектер мен диисертациялардың жазылуына жол ашты. Мысалы, мен қызмет атқаратын Хажы Байрам университетінде де көптеген магистрлық, докторлық диссертациялар қорғалды, әлі де қорғалып жатыр. Түркияда менің есебім бойынша жеке Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына  арналған төрт, Алаш тақырыбына қатысты оннан астам диссертация бар. Бұлардан бөлек, жекелеген Алаш зиялыларынан қорғалған  диссертациялар тағы бар. Біз осы үрдісті жалғастырып, қазір де дипломдық жұмыс болсын, магистрант, докторанттардың ғылыми диссертацияларында болсын, Алаш зерттеулеріне маңыз беріп, ғылымның осы саласын ары қарай жалғастырып алып кететін магистрант, докторанттарды дайындап келеміз. Мысалы, менің бір докторантым Әлихан Бөкейхан туралы диссертация жазып жатыр. Тағы бір шәкіртім Халел Досмұхамедұлы еңбегін түрік тіліне аударып, зерттеп жүр. Биыл тағы бір шәкіртім Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын түрік тіліне аударып шықты. Бұндай еңбектер алда да жалғасын таба береді деген ойдамыз. 

 

– Сөз арасында Түркиядан бөлек, Батыс жұртында да Алаш туралы зерттеулер жүргізілгенін атап қалдыңыз. Ол қандай еңбектер? Олардың мазмұнына ғалым ретінде нендей баға бересіз?

– Турасын айтсам, Батыстағы Алаш туралы зерттеулерді ауыз толтырарлық деп айта алмаймын. Бірақ жоқ деп ауызды қу шөппен сүртерлік те емес.  Өз басым АҚШ және Еуропадағы ағылшын және француз тілдерінде жазылған Алашқа қатысы бар зерттеулерді толық дерлік қарап шықтым. Сонда байқағаным – батыстағы еңбектердің көпшілігінде өрескел қателер жіберілген. Мен олардың атын атап, түсін түстеп те айта аламын. Бірақ мынаны ескеру керек, кезінде олардың да қолдарында дұрыс мағлұмат, анық ақпарат болған жоқ. Сөйтсе де біздің тарихымызға қызығушылық танытып, ақтаңдақты толтыратын еңбектер жазды. Бұл жөннен олардың еңбегін бағалау, рақмет айту керек. Енді нақты қандай еңбектер жазылғанын айтайын. 

Алаш қозғалысы туралы Батыста жарық көрген алғашқы еңбектердің бірі – 1964 жылы Парижде жарыққа шыққан “La Presse et Le Mouvement National chez les Musulmans de Russie avant 1920” (1920 жылға дейінгі Ресейдегі мұсылмандар арасындағы баспасөз және ұлт-азаттық қозғалыс) деп аталады. Кітаптың авторлары – Александр Беннигсен (Alexandre Bennigsen) және Шанталь Лемерсиер-Келькеджей (Chantal Lemercier-Quelquejay). Бұл еңбекте жалпы Алашқа, әсіресе, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлына қатысты көптеген мағлұматтар бар. Алаш идеясы туралы түсінік беріліп, талдау жасалған, “Қазақ” газетінің қазақ қоғамындағы рөліне үлкен баға берілген. 

Осы еңбекте Ахмет Байтұрсынұлын ақын, жазушы, филолог, публицист, педагог, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атап, оның қазақ тілінің грамматикасын ғылыми түрде жазған алғашқы ғалым ретінде рөліне тоқталады. Өмірбаяны туралы да сөз қозғап, 1873-1937 жылдар арасында өмір сүргенін баяндайды. Кітапта Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Сералин, Мағжан Жұмабай, Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев сияқты зиялылардың өмірбаяны мен шығармашылықтары туралы мағлұмат берілген. Ахмет Байтұрсынұлының "Өз ұлттық тілінде әдебиетінің негізін қалай алған халық қана тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алады" деген сөзін кітаптың кіріспесінің алдына эпиграф ретінде берілуі қуантады. 

Зерттеу еңбегінде Қырым, Кавказ, Түркістан және қазақ баспасөзі жеке-жеке қарастырылған. Басқа басылымдармен бірге “Қазақ” газетіне көп көңіл бөлінген, Ахмет Байтұрсынұлының жазбаларына үлкен мән берілген. Аталған кітап мағлұмат беру жағынан, сондай-ақ, талдау тұрғысынан маңызды еңбектердің бірі. Әсіресе, таралымы және көп оқылуы ретінен айрықша маңызға ие. 

 

– Алаш қозғалысы жабық тақырыпқа айналған тұста авторлар қандай дерек көзін пайдаланған?

– Александр Беннигсен мен Шанталь Лемерсиер-Келькеджейдің бұл зерттеу еңбегімен мұқият танысып шыққаннан кейін мен қос ғалымның Зәки Уәлиди Тоғанның еңбектерiн, Баймырза Хаиттің 1950 жылы Мюнстер университетінде қорғалған “Die nationalen regierungen von Kokand (Choqand) und der Alasch Orda” (Қоқан мен Алашорда ұлттық үкіметтері) деген докторлық диссертациясын, сондай-ақ баспасөз және басқа да еңбектермен танысқанын байқадым. 

 

– Бұдан басқа тағы қандай зерттеулерді атайсыз?

– Алаш туралы, қазақ зиялылары туралы біраз мәлімет беретін, кеңінен таралған тағы бір еңбек Элизабет Бэкон (Elizabeth A. Bacon) жазған, Нью-Йоркта басылған “Central Asians under Russian Rule” (Ресейдің үстемдігі астындағы Орта Азиялықтар) атты кітап. Бэкон мынадай талдау жасайды: Қазақ инженерлері, дәрігерлері және басқа да мамандық иелері батыстық түсініктегі сияқты өздерінің ұлттық болмысын сақтап қалу үшін күресті. Алашорда уақытша республикалық үкімет құрды. Большевиктердің күш жинауымен бірге орыс үстемдігінің жаңа қатері пайда болды, зиялылар осыған қарсы күресті, – дейді. Алаш туралы мағлұмат аз болғанымен, бұл автор еңбектері көп оқылғанын баса айту керек. 

АҚШ-та Орталық Азия бойынша танымал білімпаз, көптеген ғалымдардың ғылыми жетекшісі болған Эдуард А. Оллуорт (Edward Allworth) – “Central Asia 130 Years of Russian Dominance: A Historical Overview” (Орталық Азияда Ресейдің үстемдігіне 130 жыл: тарихи шолу) кітабының авторы. Кітапта Беннигсен мен Лемерсиер-Келькеджейдің еңбектеріндегі мағлұматтар да қолданылған, бұған қоса өз анализдерін ортаға салған. Эдуард А. Оллуорт: “Шортанбай Қанайұлының айналасында құрылған Зар заман тобына Базар мен Мұрат ақын сияқты ақындар кірді. Бұл ақындар орыстарға тікелей қарсылық көрсеткендіктен, кеңестік тарихта олар артта қалған, пантүркист феодалдар ретінде сипатталды. Дәл осындай теңеулер З. Нұралыханұлы, С. Шорманұлы, Д. Иманқұлұлы, әсіресе, Әлихан Бөкейханұлы үшін қолданылды", – деп жазады. 

 

– Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Алаш тақырыбы шет елдік ғалымдардың қызығушылығын арттыра алды ма? 

– Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, Алаш зерттеулеріне мүмкіншілік және қызығушылық шет елдерде де арта түсті. Стивен Сейбол (Steven Sabol), Марта Брилл Олкотт (Martha Brill Olcott), Ян Кэмпбелл (Ian Campbell), Питер Роттиер (Peter Rottier), Джон Глен (John Glenn), Джереми Смит (Jeremy Smith), Арн Хауген (Arne Haugen), Майкл Рывкин (Mychael Rywkin) сияқты ғалымдардың еңбектерінде Алаш туралы біршама мәліметтер берілген. Элен Каррер д'Анкосс (Hélène Carrère d’Encausse), Адеб Халид (Adeeb Khalid) сияқты танымал ғалымдардың еңбектерінде де аталған тақырыптарда аздаған мағлұмат берілген. 

 

– Сіз санамалап өткен осы Батыс ғалымдарының еңбектері мен Түркия зерттеушілерінің еңбектері арасында қандай өзіндік ерекшелік бар?

– Ішінде кейбір кемшіліктер болса да, Батыс ғалымдары жазған бұл кітаптардың құндылығы зор. Біріншіден, бұл еңбектердің біразы, Кеңес Одағында еңбектерін оқу тұрмақ, зиялылардың аттарын атауға болмайтын кезеңде шыққан. Кеңес дәуірінде де, тәуелсіздіктен кейін де осы тақырыптарда жазылған біршама зерттеулер, еңбектер бар. Екіншіден, түрік, ағылшын, француз тілдерінде жазылған еңбектер әлемдегі басқа көптеген мемлекеттерде де кеңінен тарап, оқылады. Үшіншіден, жалпы қазақ тарихына, ұлы тұлғаларға көңіл бөлініп, зерттеулер жүргізілген, аталмыш тақырыптарда ғылыми тұжырымдама мен анализдер жасалған. Жалпы Алаш тақырыбының неғұрлым көп зерттелуі де, сырт көзбен қарағандағы талдаулардың да, кеңес дәуірінде ондаған жылдар бойы жабық тақырып болған бұл тақырыптың әлі де көмескі тұстарының зерттелуіне өзіндік үлес қосары сөзсіз. Отыз жылдық отандық Алаш зерттеулері тәжірибесіне, Қазақстаннан тысқары мемлекеттерде жүргізілген бұл зерттеулер мен жарияланған еңбектердің өзіндік қосар үлесі мол.

Ал Түркиядағы алаштану саласына келсек, Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Түркиядағы зерттеулер де қолдағы бар мағлұматпен, зерттеушінің өзіне мәлім дерекпен жазылды. Бірақ қолдарында бар дүниені аударып болсын, соның әдеби-тілдік жағына үңіліп немесе тарихи маңызын айқындап-ақ Алаш тақырыбындағы зерттеулердің ізін ашты дей аламыз. Ең маңыздысы, кеңестік дәуірдің қылышынан қан тамып, табу мен тыйым, ұмыттыру мен өшіру мақсатты түрде қолға алынған, еңбектерін былай қойғанда, аттарының өзін атауға болмайтын кезеңде Түркияда Алаш қозғалысы және Алаш арыстары жөнінде зерттеліп, жазылып жатты.  Жалпы шет елдегі Алаш жайлы жазылған еңбектер мен зерттеулерді салыстырсақ, Түркиядағы жұмыстар бір бас жоғары деп айтуға болады.

 

– Биыл Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Юнеско арнайы қарар шығарып, Парижде жиын өткізді.  Қазақстанда да алқалы жиын, айтулы шаралар атқарылып жатыр. Ал бауырлас Түрік жұртында Ахмет тұлғасына қатысты қандай оң істер атқарылып отыр? 

– Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл толуына орай  Түркияда да бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Алғашқы шараны Қазақстан елшілігі мен Түрксой бірлесіп, ақпан айында өткізді. Анкара мен Стамбұл қалаларында жалғасған бұл шарадан кейін мамыр, маусым айларында, бертінде 5 қыркүйекте ғылыми басқосулар болды. Қазақстан елшілігінде ғалымның туған күніне орай өткізілген бұл үлкен жиынға Ахмет Байтұрсынұлын жан-жақты таныстырға ғалымдар атсалысып, оның еңбектері, өмірі, күресі, шығармашылығы туралы ғылыми талдау мен талқылаулар жүргізілді. Ғылыми конференциядан тыс, Еуразия жазушылар одағының басылымы «Кардеш калемлер» журналының бір саны тұтас Ахмет Байтұрсынұлына арналды.

Жыл бойы Ахмет Байтұрсынұлын таныту, оның еңбектерін шығару, шығармаларын насихаттау, дәріптеу үшін көптеген еңбектер жасалды. Айталық, профессор Нергис Бирайдың ахметтануға арналған жаңа монографиясы жарық көрді. Ол еңбек 11 қараша Алматыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көпке таныстырылды. Одан басқа тағы бір топ ғалымдар атсалысқан еңбек қазір баспада басылып жатыр. Бұл Ахмет Байтұрсынұлы туралы көлемді еңбек. Онда Ахмет Байтұрсынұлының тілтанушы ретінде сіңірген еңбегі, әдебиеттануға, журналистикаға қосқан үлесі, күрескерлігі, Қазақстан мен әлемге танылуы тағы басқа да әр алуан қырлары жан-жақтылы талданды.         Бұл да біздің Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толған мерейтойына қосқан шағын үлесіміз деп санаймын. 

– Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға тәңір жарылқасын айтамыз. Шығармашылық табыс тілейміз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?