Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Альфия Байбулсинова: «Сталиндік саясат құрбандарының тағдыры тұтас зерттелуі тиіс»

2628
Альфия Байбулсинова: «Сталиндік саясат құрбандарының тағдыры тұтас зерттелуі тиіс» - e-history.kz

Сурет: ғаламтордан

Тарих ғылымы ұлттың жүріп өткен жолдарын зерделеп, деректермен, дәлелдермен, құжаттармен анықтап, айғақтай отырып, түйін жасап, сол арқылы ұлт ертеңін бағдарлай білетін ғылым. Ұлттың өсу, өркендеу немесе күйреу жолындағы шындық бұрмаланбауы тиіс, тек қана ақиқат биігінен зерделенсе ғана ол аса құнды болмақ. Өйткені тарих арқылы халықтың ұлттық санасы қалыптасады.  Келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну де осыған байланысты. 

Соңғы кездері ұлт тарихына қатысты көптеген ақтаңдақтар ашылып жатыр. Соның ең маңыздылары өткен жиырмасыншы ғасыр басындағы қуғын-сүргін құрбандарына қатысты, тоталитарлық жүйенің кейбір «жабулы» жағдайларына қатысты деректер. Алматы мен Нұр-сұлтаннан шалғай жатқан Батыс Қазақстан облысында да бұған қатысты жұмыстар қарқын ала бастады. Осы бағыттағы ғылыми-ізденіс жұмыстары жөнінде толығырақ білу мақсатында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Байбулсинова Альфия Сабырғалиқызымен сұхбаттасқан едік.

– Альфия Сабырғалиқызы, сіз өткен жолы баспасөз бетінде Батыс Қазақстан облысында қуғын-сүргін құрбандарының саяси лагері болғаны туралы айтып сұхбат бердіңіз, бұл үлкен зерттеу жұмыстардың басы деуге бола ма? Өздеріңіз қолға алған өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс тобы аталған бағыттағы жұмыстары туралы айтып беріңізші.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл жердегі басты міндет – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару болмақ.

Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі тапсырмасына орай, жергілікті жерде өңірлік жұмыс топтарын құру және жұмысын ұйымдастыру бойынша жобалық офистер құрылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссиясы қызметін сүйемелдеу жөніндегі Жобалық офистің БҚО бойынша өңірлік комиссиясы жұмыс тобы 2021, 2022 жыл бойынша жоспарланған іс-шараларды толықтай орындап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр.

Қазіргі кезде 7 жұмыс тобы (жетекшілер Қ.Қабжан, Б.Боранбаева, Е.Хайдаров, А.Курумбаев, А.Батырханов, Ж.Набиуллин, А.Байбулсинова) ҚР Орталық мемлекеттік архиві, ҚР Президентік архиві, БҚО мемлекеттік архиві, БҚО Ішкі істер департаменті архиві, Алматы қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві, РФ ҚКМ «Памят народа» ашық сайты және басқа да дерек көздерімен жұмыс істеп, 400-ден астам архив қорлары оның ішінде шамамен 2000-ға жуық істі қарап, ақпараттар сараптады. 

Альфия Байбулсинова

 

Аталған басты бағыттар бойынша жұмыстардың бірі – Батыс Қазақстан облысы бойынша ГУЛАГ жүйесіндегі жазалау лагерлері мен НКВД конторларын анықтау жұмыстары.

Батыс Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарының саяси лагері болғаны туралы табылған ақпараттар, жүргізілген жұмыстар туралы бұған дейінде сұхбат берген болатынбыз. Негізінен, ХХ ғасырдың 20-50 жылдары болған саяси тұтқындар лагерлері мен НКВД канторлары туралы мағлұматтар табу өте қиын. Өйткені бұл аса құпия сақталатындықтан құқық қорғау органдары оны барынша жасыруға тырысады, ал кейбір маңызды құжаттар әскери құпияға сәйкес жойылған. Дегенменде, басты мағлұматтарды  ХХ ғасырдың 20-50 жылдары, әсіресе 1937-1938 жылдары және 40-50 жылдардағы саяси тұтқындардың өздерінің жеке істерінен алып жатырмыз. Құжаттарда (жеке қылмыстық істерде) айыпталушы немесе сотталушының тұтқындалған уақытынан бастап жазасын өтеген мекемелері–  уақытша изоляторлар, түрмелер, еңбекпен түзету лагерлері, концлагерлер, арнайы поселениелер (спец поселение) туралы деректер берілген. Дәлірек айтқанда, НКВД (УНКВД) тұтқындардың «қозғалысы» (конвоймен аттандырылған, көшірілген, басқа жаққа аударылған т.б. жағдайда) бойынша өзара ақпарат алмасып отырған, сонымен қатар, тұтқынмен бірге оның құжаттарыда (дело по обвинению) көшіп жүрген. Онда іске қатысты көп құжаттармен бірге тұтқындардың жағдайы, қандай шешім болса да НКВД Үштігінің үкімі орындалғаны туралы анықтама, әрі қарайғы өмірінің соңына дейінгі ақпараттар тіркелген. Сол ақпараттардан Батыс Қазақстан облысында жұмыс жасаған саяси тұтқындар лагерлерінің желісі туралы, сонымен қатар, облыстың әр аудандарындағы жергілікті тұрғындардан ауыл-аймақтардағы НКВД конторалары мен түрме, лагерьлердің орны,ату жазасы үкімі орындалған орындар, атылған адамдар жерленген қорымдар туралы ақпарттар жинастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Сол лагерльлердің орындары анықталды ма? Олар қай жерлерде орналасқан және онда қанша адам ұсталған? Құжаттық деректер толық па?

– Қазіргі кезде ГУЛАГ жүйесінде қызмет істеген Батыс Қазақстан облысындағы лагерлер желілерінің 3 бағыты анықталды. Оларда 2 мыңнан – 5 мыңға дейін тұтқындар ұсталған. Олар Каменлаг, Безымянлаг және Салават лагер, АЛЖИР-дің Оралдағы бөлімшесі.

Бұлардан басқа 2 үлкен маңызды лагерь желісі жұмыс істеген: олар Түркістан лагері және Ортаазиялық лагер (Туркестанский лагерь, Среднеазиатский лагерь). Бірақ бұл бұрынғы орган қызметкерлерінің ауызша деректері ғана. Нақты құжаттар әлі табылған жоқ, дәлелді деректер қарастырылып жатыр. 

Батыс Қазақстан облысы бойынша НКВД айыптау және жазалау үкімі орындалған орындар:

  • Орал қаласы бойынша ИТК №12 бөлімшелері қалалық түрменің жанында ағаш барактарда орналасса, ал оның далалық стандары Ветелкиде, Бортауда және Плодоовощнойда болған;
  • Облыс бойынша Казталов ауданының Шильная Балька;
  • Зеленов ауданының Дарьинское, Шапово, Янайкино поселкелерінде;
  • Ақжайық ауданының Бударино, Кожехарово поселкелерінде;
  • ШыңғырлауауданыныңАщысайсовхозында;
  • Бөрлі ауданының Бөрлі поселкесінде; 
  • Бөкей орда ауданындағы Сайхын ауылында;
  • Чапаев (қазіргі Ақжайық ауданы) ауданында Прорва лагерінің филиалы болған;
  • Теректі ауданының Федоровка поселкесінде осындай процестер өткізіліп, үкім сол жерлерде орындалып отырылған. 

Жалпы, өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс тобы аталған бағыттағы жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құжаттық деректер мен жергілікті халық арасында экспедициялық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесі бойынша мағлұматтар зерттеліп, үлкен жұмыстың нәтижесі ретінде ортақ құжаттар мен материалдар жинағында жариялайтын болады. 

 

– Бұл тақырып  сізге несімен қызық болды? Бүгінгі күн үшін маңыздылығы қандай? Осы жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз. 

- Батыс Қазақстан облысы бойынша ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы тоталитарлық саясатқа қарсы күрескен азаттық қозғалыс жетекшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тағдыры туралы өңірлік жұмыс тобының анықтаған мағлұматтары жан-жақты, әрі өте қызықты.

Өйткені, Кеңес өкіметінің ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы аласапыран кезеңінде текті әулеттің тұяғы бола тұра, «қауіпті элемент», «халық жауының жары», баласы, ұрпағы болғаны үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған түрмелер мен лагерлерде азап шеккендер саны қаншама? Жалпы, бұған дейінгі мағлұматтар бойынша 1921-1954 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам ең ауыр жаза – ату жазасына кесілген. Осындай ауыр айыптан айыға алмай кеткен, тұтастай бір отбасылар саны мен олардың тарихы күні бүгінге дейін беймәлім. Сталиндік саясаттың қасірет зардабын шеккен қазақтың зиялылар отбасының тағдыры күні бүгінге дейін аса маңызды мәселелердің қатарына жатады. 

 

Архивте отырасыз ба, өте құнды дерлік қандай мәлімет таптыңыз? Жалпы сізді таңғалдырған деректер болды ма?

– Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобы 2021 жыл бойы көптеген архив қорларын ақтарып, маңызды, құнды тарихи құжаттарды анықтады. Солардың қатарында бізді таң қалдырған Арон Қаратаевтың тарихи отбасылық 2 суреті табылды. Табылған 2 суреттің бірінде –Арон Қаратаевтың өзі түсірілген. Екінші суретте отбасы – отағасы А.Қаратаевтың өзі, жұбайы Хұсни-Жамал Нұралыханова, қызы Шахзада мен кішкентай ұлы Сұлтан (Сұлтан-Хұни) бар. (Ш.Шонанованың тұтқын анкетасында Шахзаданың «1903 жылы 5 сәуірде дүниеге келгені, әкесі бай-жартылай феодал (аты жазылмаған), ал  анасы Қаратаева Хұсни-Жамал, інісі Қаратаев Сұлтан-Хұни» –деп жазылған. Мына кітапта: История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов/под общей редакцией М.Н.Сдыкова. –Т-1.,Уральск, 2012.  346-347 бб).

 

– Тарихи сурет деп отырсыз, оқырманға бұл қызық болады деп ойлаймыз, Арон Қаратаев кім болған, сол заманда қоғамдық-саяси ролі болған адам ба? Егер сондай болса бұл кісі туралы неге айтылмайды әлде архив деректері ғылыми айналымға түспей жатыр ма?

– Тарихи дейтін себебіміз, отбасының отағасы Қаратаев Арон – белгілі қоғам қайраткері, әскери комиссар, ХХ ғасырдың 20 жылдары бай-жартылай феодал деген айып тағылып, жер аударылған қазақ зиялыларының бірі. Сонымен бірге, белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі. Бір қызығы, 1918-1985 жылдардағы Қазақстан тарихы жазылған «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» атты  Бес томдық жинағының 4 томында (Алматы; Атамұра, 2010. 752 б.)  қаншама жылдарын мемлекеттілікті сақтап қалу жолында күрескен әскери комиссардың қоғамдық-саяси рөлі туралы Кеңес өкіметі тұсындағы адал қызметіне қарамастан, ол туралы бір ауыз сөз берілмеген. Сонымен бірге, Алашорда ұйыммен байланыста болған, алашорданы қолдағаны, сол  үшін айып тағылғаны қарамастан «Алаш.Алашорда. Энциклопедиясындада» (Алматы: Арыс баспасы, 2009 ж.-544 б.) ешқандай мағлұматтар айтылмайды. 

Арон Қаратаевтың жұбайы да осал жан болмаған. Хұсни-Жамал Жәңгірханның немересі, әкесі Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыханов. Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы (Нұралыханова) өткен ғасырдың аяқ шенінде қазақ қыздарына арнап 1883 жылы Бөкей ордасында тұңғыш қазақ қыздарының мектебін ашқан, талай талантты шәкірттерді тәрбиелеген ағартушы ұстаз. Хұсни-Жамалдың алдынан білім алған шәкірттер қатарында қазақтың қайраткер қыздары – Алма Оразбаева (қоғам қайраткері), Рәзия Меңдешова (Сейітқали Меңдешевтің жұбайы), Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) болған. Хұсни-Жамалдың әкесі Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыханов 1851 жылы ағартушы, этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, 1және 2-ші  теңіз округінің правителі болған Мақаш Бекмұхамедовтермен  бірге Орынбор Неплюев корпусында оқыған. Оқуын аяқтап елге келгеннен кейін 1887 жылы Жаңақалада өз қаражатына мешіт салдырып, «Дала уәлаяты» газетінің Бөкей Ордасындағы тілшісі болған. Оның ұлдарының бірі – Сәлімгерей Нұралыханов Алаш қозғалысының көрнекті өкілі болса, екінші ұлы Сейіткерей Нұралыханов кеңес өкіметін орнатуға араласқан. Ал қызы Хұсни-Жамал жастайынан қоғамдық салада белсенді рөл атқарған, кейін  Арон Қаратаевқа тұрмысқа шыққан.

Сталиндік жендеттердің қуғын-сүргін тұзағына түсіп, күйеуі ұсталып, қызы Шахзада атылған кезде қартайған Хұсни-Жамал жұрттың көзіне түрткі болып, ол жүрген жерде тумалары милициядан қорқып үйіне кіргізе алмаса, ал таныстар сырт айналып кеткен. Кейін аштықтан далада қаңғып дүниеден өткен.

«Шахзададай қайратты да білімді қыздың анасы Хұсни-Жамал көшеде қаңғып қалып, 1945 жылы Алматыда көз жұмды. Аштан өлді деген де сөз бар. Оралда да қуғын-сүргінге ұшырап жатқан төрелеріне кете алмай, Алматыны қимай жүргені, бәлкім Шахзадасынан бір хабар болып қалар деген ана көкірегінің үміті болар» деп ( Сарсембина Б. «Қаратаевтар қасіреті» мақаласында жазған. sarsenbin@hotbox.ru),( https://lib.kaznmu.kz/s-rsembina-b-arataevtar-asireti-b/) (Сәрсембина Б., Қаратаевтар қасіреті / Б. Сәрсембина//Жас алаш.- 2010.- №48.-17маусым.-4б.)

Ал Арон Қаратаев туралы БҚО мемлекеттік архивіндегі №992  қорда «бай, кулактар» деген айыппен жер аударылуына қатысты құжаттарда сақталған. 

Отбасының тірегі, мемлекеттік қайраткер Арон Ахметұлы Қаратаев туралы БҚО Полиция департаменті архивінде П-4290 айыптау ісі сақталған. Айыпталушының жеке іс-парағында Арон Қаратаевтың 1874 жылы бай отбасында дүниеге келгені және руы «Төре» деп жазылған. БҚО Жымпиты ауданының  №24 ауылынан 1928 жылы тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласы маңы) деген жерге 5 жылға (1929 жылдың 2 ақпанынан бастап) жер аударылған (ПД архивінде КазЦИК-тің 1928 жылғы 27 тамыздағы декретіне сәйкес Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Талды-Бұлақ» деген жерге жер аударылғаны жазылған.). 

Арон Қаратаевтың ісі бойынша оған Алашордашылармен байланысты, олармен ымаралас болды деген айып тағылып, осы іске қатысты бірнеше адам да қоса тергеуге алынған. 1993 жылы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жарлыққа» сәйкес, ешбір қылмыстық құрамы жоқ деп танылып, заңды түрде ақталған. 

Бұл суреттің кейіпкерлері туралы мақала дайындалып,  «Сарғайған істе сақталған сурет» тақырыбында «Егемен Қазақстан» газетінің 2022 жылғы 28 наурыздағы санында жарияланған болатын. Осы зерттеудің толық нұсқасын аталған газеттен оқып танысуға болады.

Міне, осындай белгілі, текті әулеттен тараған талай қазақтың отбасылары ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Кеңестік сталиндік қуғын-сүргіннің қасабынан құтыла алмай, өкінішті күйде, тарих сахнасынан жоғалып кете барды. Бұл біз зерттеген қатпарлы тарихтың тек бір мысалы  ғана, әлі қаншама тағдыры тәлкекке ұшыраған  жәудіреген көздердің иелері өз зерттеушілерін күтіп тұр.

Архив құжаттарын қарап отырып, тағы бір кездестірген таңқаларлық жағдай ол дәрігер, қоғам қайраткері Мәжит Шомбаловтың ісіндегі жағдайлар. БҚО Полиция департаменті архивінде 8 томнан тұратын №3606 М.Шомбаловты (Чумбалов) айыптау ісі сақталған. Істегі тұтқын анкетасында «Чумбалов Мажит Мухамбетжанович, 1873 ж.т. БҚО, Казталов ауданы тумасы, қазақ. Алашорда жетекшілерімен, кеңес үкіметіне қарсы топтармен сыбайлас болғаны үшін»  айып тағылғаны көрсетіледі. Енді құжаттардағы оған қосымша жамала берген айыптар да  көп-ақ. Бірақ оның ішінде бір қызығы, дәрігер М.Шомбалов   Саратовқа конференция барған сапарында сол кездегі өзі куә болған мынадай жайтты баяндаған екен. Бірде Жаңақала жақта ауылда советтер жиналыс өткізеді. Сол жиналыста ауылдағы көшеге И.Сталиннің есімін беру мәселесі қаралады. Далада ұзыннан екі қатар болып жайғасқан көпшілік қауым ұзақ айтысып келісімге келе алмай у-шу болады. Сол кезде ат үстінде сыртынан   қарап   тұрған осы ауылдың  бір адамы шыдамай кетіп: «Ау, халайық неге айтысып у-шу болып отырсыңдар. Біздің ауылда екі көше бар. Соның біреуіне И.Сталиннің атын, ал екіншісіне Троцкийдің есімін берейік» – деп айқайлайды. Сол жерде лезде большевик белсенділер оны «Сталинмен Троцкийді салыстырды» деп тұтқындап, кейін «өкіметке қарсы, қауіпті адам» деп 10 жылға соттап жіберген.  Осы оқиғаны Саратовтағы конференцияда айтқаны үшін дәрігер М.Шомбалов та өкіметке қарсы деп түрмеге қамалған. Мінекей, жазықсыз жандарға жабылған кеңестік саясаттың құйтырқылығында шек жоқ. Біз қарастырып отырған архив деректерінде айта берсе мұндай жәйттар өте көп, таң қалмасқа шара жоқ.  

 

– Ендігі сұрақ Батыс Алашордаға қатысты болсын, көпшілікке белгілі деректерден басқа бұл салада қандай мәселелерге назар аударылмай жатыр?

– Көрнекті тарихшы ғалым Манаш Қозыбаев кезінде «Тарихын тәңіріндей таныған ел тектілігін жоғалтпайды» деген болатын. Әрбір халық трагедиясына қатысты саяси қайраткерлердің сын сағаттағы позициясы, тарих алдындағы жауапкершілікті мойындарына алып, ұлт мүддесін байсалды, демократиялық жолмен шешуге ұмтылысы жаңаша ойлайтындардың, яғни ұлттық зиялы қауымның пісіп-жетілгенін білдіреді.  Оның бір көрінісі ХХ ғасырдың басындағы Алаш орда қайраткерлерінің әрекеті дәл осы тұрғыдан қарастырылып, қазіргі зерттеушілер тарапынан шынайы бағаланып, дәлелді зерделенуі абзал деп санаймын. Алаш Орданың бір қанаты – Күн Батыс Алашорда.

– Жаһанша Досмұхамбетұлы туралы зерттеуде  облыс тарихшыларының белсенділігі қалай?

– Қазіргі кезде жастардың тарихты тануға деген екпіні қуантады.

Дегенмен тың деректер табу үшін өте көп іздену керек. Алаш қайраткерлері туралы көптеген жаңа, тың ақпараттар жарияланып жатыр. Ізденуші ғалымдар бұрын белгісіз немесе құпия болған деректерді тауып  жарыққа шығаруда. Оған қоса сол қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының, немесе жазықсыз жапа шеккен қарапайым адамдардың бүгінгі ұрпақтарының, куәгерлердің естеліктері тұлғатанушы, алаштанушы  және өлкетанушыларға  мол дерек қорын құрайтындығы даусыз. Сол ізденіс жұмыстарының ішінде алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамбетұлы туралы жан-жақты зерттеу жүргізілуде. Осы мәселеге қатысты өзіміз қарастырып зерттеген құжаттардан, дәлірек айтқанда құпия істердің ішінде Батыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедовтың жеке оққағары болған Мұстафа Валиев туралы мәліметтер табылды.  БҚО Полиция Департаменті архивінде аса құпия істердің арасында №П-3037 номерлі Мұстафа Валиевтің ісіндегі 1938 жылы 8 шілдеде жазылған тұтқын анкетасында «Валиев Мустафа, 1887 жылы Сасықкөл ауыл советі, Жымпиты ауданы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Тұрғылықты жері: БҚО, Жымпиты ауданы Ақраб колхозы, қатардағы колхозшы. Әлеуметтік жағдай: байдың баласы, алашордашы. Хан Досмухамедовтың оққағары, әскери қорғаушы («Телехранитель Хана Досмухамедова)» деп жазылған (ПД архиві, П-3037 іс, 5 бет және оның артқы беті). 

Енді «Хан» деп тұрғаны қай Досмұхамедов? Бұл жөнінде сол Алаш Орда өкіметінің билігі кезеңінің куәгері қазақ зиялысы, мемлекеттік қайраткер Бақытжан Қаратаевтың «Алаш Орда тарихының қысқаша очерктері» атты күнделік жазбаларында ІХ бөлімінің атауы «Жанша Досмухамедов – хан» деп жазылған. Күнделікте «Досмұхамедовтер әскери өкіметтен большевиктермен күреске қырғыздарды (қазақтарды-А.Б.) дайындау үшін өздерінің орталығы Жымпитыға кетті және онда Орал облысының Жымпиты ауылында 1918 жылдың 18 мамырында қырғыздар съезін шақырды [1, Каратаев Б.Б.Краткий очерк истории Алаш Орды //мына кітапта История Западного отделения Алаш-Орды. Сборник документов и материалов. Под. общей  редакцией М.Н.Сдыкова. Т.1.,2012. -388 б]. ...1918 жылдың 18-24 мамыры аралығында өткен осы съезден кейін қырғыздар (қазақтар-А.Б.)  негізі бұл атақты  ресми түрде таңбаса да, Жанша Досмұхамедовты «хан» деп атай бастады. Ал Жанша Досмұхамедов өзін  «Хан» деп атағанына риза болып, соны мақтан тұтатын» –  деп жазады. [бұл да сонда, 390 б]. Ендеше, аталған дерекке сүйенетін болсақ, «хан» атағын иеленген Батыс Алаш Орданың жетекшісі – Жанша Досмұхамедов болып шығады.   Онымен бірге аталған Жымпитыдағы қазақ съезінде «Орал уәлаяты» уақытша өкіметі құрылып, оның төрағасы болып Жанша Досмұхамедов, ал өкімет мүшелігіне Халел Досмұхамедов, Иса Көпжасаров, Жанғожа Мергенов, молла (қазірет) Сағидолла Ізтілеуов пен Салық Омаровтар сайланып, «Орал уалаяты»  5 уездке бөлінеді: бұрынғы Оралдың орнына Шыңғырлау, Ілбішіннің орнына Жымпиты, Гурьевтің орнына Темір және жаңадан Ойыл құрылады  [ПД архиві, П-3037  Мұстафа Валиев ісіндегі айыптау хаттамаларынан].

Бұған дейін Батыс Алашорданың жеке әскери жасақтары болғаны, олардың саны 2 мың адамға дейін жеткені туралы деректер кездескен. 

Сонымен қатар алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы «Алашорда әскері» атты кітабында «Қызылдар мен ақтардың арасында қақтығыс күшейіп, Батыс Қазақстан аумағына жақындады. Осы кезде елді аман алып қалу мақсатында Алашорданың батыс бөлімінің 1918 жылдың мамырында Жымпиты ауылында өткен төртінші облыстық съезінде арнайы қаулы қабылдады. ...Бұл ретте «ұлттық милиция» атауымен алаш әскери бөлімдерін қалыптастырған, Орал мен Орынбор казактарының, Самара («Комуч») үкіметімен одақтық қатынасқа түскен, солардан қару-жарық, киім-кешек, қаржы алған Батыс бөлімінің төрағасы  Ж.Досмұхамедов Ақ әскердің тұрақты құрамына кірмей, жеке саясат жүргізді. Алаштық әскери бөлімшелер «ұлттық милиция» ретінде негізінен жергілікті халықтың қорғанысын қамтамасыз етті» – деп жазған болатын (Алашорда әскері. – Астана, 2019. 24 бетте). Сонымен бірге автор «Өкінішке орай, біз Алашорданың Батыс бөлімінің әскери бөлімдері жайлы құжаттарды өзге архивтерден де таба алмадық. Сол себептен де жеке құрам, құрылымы мен полктар қолбасшылары жайлы материалдар, өкінішке орай, әлі табылмады» – деген қорытынды жасаған. Ал күні бүгінгі біздің ізденістеріміз осы мәселелерді қамтитын деректер қорын анықтап, Батыс Алашорда әскерінің басшысы Жаһанша Досмұхамедовтың әскери жасақтарын дайындаған юнкерлер мектебі, жеке құрамдар мен белсенді әскерилер Валиев Мұстафа (П-3037 іс), Сарығожин(Саргужиев) Әміре (П-2520), Аблаев Айтқали (П-1220 іс), Оспанов Әлмұхамед (П-2471 іс), Искалиев Коба (П-2462 іс), Жәнібеков Дәулетқали, Меңдіқұлов Ниязғали істері (П-3406 іс), Жәңгіров Ғұмар (П-2461 іс), Бостанов Алтынсары (П-2471 іс), Хайдаров Хамит (П-2471 іс), Есенжанов Жасұлан (П-2793 іс), Кусепкалиев Каюм (№2463 іс), Досмұхамедов Ғаббас (П-2917 іс) істері және  Байниязов Махмуд, Асанов Қалдыбай, Асанов Дүйсенбай, Бұрабаев Ғабдолла, Ибрашев Қазмұқаш және басқаларының жеке істерін тауып, зерттеп жатырмыз. Сондықтан алаш арысы Жаһанша Досмұхамедовке тікелей қатысы бар аталған есімдер туралы әлі де жан-жақты зерттеуді қолға алса, ХХ ғасырдың  басындағы қоғамдық-саяси жағдайлар  мен  алаштануға қосылған зор үлес болар еді. 

 

–  Альфия Сабырғалиқызы, сіздің тарихқа қызыққаныңыз қашаннан басталды?

–  Біз  – қазіргі біздің замандастарымыз бақытты балалық шақты бастан өткерген ұрпақпыз. Бұлай дейтін себебіміз, кеңестік кезеңде ауылдың қарапайым мектебінде білім алып, осында өсіп-өндік,  осы ауылда қазақи тәрбиемен қатар, ұлттық дәстүр, ұлттық мәдениет және өткен тарихты танудың, оларды құрметтеудің  алғашқы фундаменті қалыптасты. Ең бастысы ол кездерде Отанға шексіз құрмет, ұлттық рух, шежірені, өзіңнің руыңды тану деген қағидаттарды білу парыз болатын. 

Біздің балалық шағымызда ауылда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек ерлері, тыл қайраткерлері, еңбек озаттары деген өз заманының қаһармандары көп еді. Кішкентай ғана ауылда небір түрлі шаралар ұйымдастырылып, олармен жиі-жиі кездесулер өтетін, олардың бастан кешкен оқиғалары, ауылдың тарихы мен белсенділері туралы аңыз-әңгімелер, осы өңірден шыққан тұлғалар туралы мағлұматтар бізді қатты қызықтыратын. Біз оқыған Ораз Исаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Қыдыров Салекеш ағай 5 сыныптан 11  сыныпқа дейін тарихтан сабақ берді. Ағайдың әрбір сөзі ұлағатқа толы әрі мірдің оғындай болатын, сабақта отырған оқушылар қозғалмастан ұйып тыңдап отырушы едік. Алдымен ауылдық жердің қазақи, тарихи ерекшелігі, екіншіден, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымыздың арқасы шығар, сол кездегі  қатарлас жастардан мектеп бітіргеннен кейін бірнеше кәсіби тарихшы мамандар қалыптасып шықты (Қуаншалиев Нұрымғали, Рахмалиева Ләззат, Абдулова Бақыт, Сейілханова Айгул, Буланаев Елен т.б.). 1995 жылы аталған мектепті бітірісімен қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚУ тарих факультетіне оқуға түсіп, содан күні бүгінге дейін тарихшы мамандығына біржола бел шеше кірістім. 

 

– Жуырда «Алаш автономиясы құрылды, жоқ құрылмады» деген дау шықты. Бұған тарихшы ретінде не айтар едіңіз?

Соңғы кездегі «Алаш партиясы құрылған жоқ», «Алаш автономиясы болған жоқ» деген пікірлерге қатысты зерттеушілер арасындағы айтыстардың көбейгені көңілімізді түсіріп жібергені рас. Шынында да Алаш автономиясы 1917 жылы 12 желтоқсанда (1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ жалпықазақ съезінде) құрылып – 1920 жылы тамыз айына дейін аз уақыт болса да  үш жылдай қызмет етті. «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашасындағы санында Алаш партиясының бағдарламасының жобасы жарияланған. 1917 жылғы желтоқсандағы қазақ съезінің қаулысымен құрылған өкімет өзінің өкімет мүшелерін тағайындап қана қойған жоқ, олар мемлекеттіліктің негізгі белгілері – басшысы (А.Бөкейханов), орталығы, территориясы, милициясы, яғни әскері, салық жүйесі-ұлттық қор т.б. бекітілді. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

Ал 1920 жылы тамыздан бастап бұған дейінгі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын таратып, кеңестік жүйеге ауысты, Алашорда таратылды.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары өздері пір тұтқан Алаш идеясына адалдығын сақтап, ұлтты оятып, рухын көтерудің, ұлтты ұйыстырудың бірден-бір жолы деп таныды. 

 

– Сол кездегі қазақ ішіндегі ахуал мен біздің бүгінгі тірлігіміздің арасында онша айырмашылық жоқ сияқты. Арада бір ғасыр өтсе де алауыздық азаймай тұр. Бірақ интеллигенцияның ролі болды, қазір зиялы бар ма? Азаматтық пікіріңіз.

– Қазіргі зайырлы қоғам орнатып жатқан тұста ұлттық зиялы қауым ел арасында жарықшақ, сызат түсіретін әркеттерден сақ болған дұрыс деп ойлаймын. Мемлекет басшысы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа \ Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады» деген еді.  Міне, қанша ғасыр өтсе де өткеннен сабақ алу, тарихи тәжірибеге сүйену, болашақта ел мүддесі жолындағы даңқты бабаларымыздың тәжірибесі мен ұстанымдарын қолдану арқылы ертеңгі жарқын өмірге деген нық сенімде болғанымыз абзал!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?